008

Қазақ хандығы һәм имандылық иірімдері

асылхан имам (1)Асылхан қажы ТҮСІПБЕК,

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҺӘМ ИМАНДЫЛЫҚ ИІРІМДЕРІ

Біз, қазақ халқы табиғатынан имандылыққа, ақындыққа, даналық ойға жақын жұртпыз. Бабаларымыз текті, сөзі келісті, пікірі кесімді, парасатты болған. Жау шапса батырларымыз ерлік көрсетсе, дауға ақындарымыз дайын болған. Ал, арағайындық қызметті, яғни екі елді табыстырып, мәміле жасасуға дана билеріміз белсенділік танытып отырған.

XV ғасырда, яғни Алтын орданың ыдырау тұсында өмір сүрген Асан Қайғы бабамыздың отты жырлары мен өсиетті өлеңдері имандылыққа негізделген. Оның шын аты – Хасан Сәбитұлы. Тарихи деректерде жазылғандай, бабамыз Қазақ хандығының негізін салушылар деп саналатын Керей мен Жәнібек хандардың ақылшы биі болғаны белгілі. Мұны қазіргі тілмен түсіндірсек, жоғары лауазымды тұлғаның кеңесшісі деуге болады. Асан Қайғы жырлары арқылы халықты бірлік пен берекеге ұйытып, Қазақ хандығының іргетасын қалауға мол үлес қосқан. Халқымыздың рухани қалыптасу жолында да белсенділік танытты. Сол кездегі оқиғаларға талдау жасап қана қоймай, оның салдары қандай болмақ, істі неден бастау керек деген сұрақтарға жауап іздеген, тұжырым жасаған. Шоқан Уәлиханов Асан атамызды: «Көшпенді қазақ, қоғам ұлысының философы», – деп сипаттаған. Асан Қайғының толғаулары Отанды сүюге, ізгі амал жасауға, жамандықтан сақтанып, бақытты өмір сүруге үндейді. Мәселен, мына бір толғауында жырау бабамыз өткінші дүниелік істерге бола ұрысып, таласпауға шақырады.

Өлең-жырдағы негізгі ой мен тұжырым былай түйінделген:

«Өлетұғын тай үшін,

Көшетұғын сай үшін,

Желке терің құрысып,

Әркімменен ұрыспа.

Ашу деген дұспан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің

Түбі терең қуысқа!..»

Расында да кейде болмашы нәрсе үшін адам баласы пенделікке ұрынады, дүниелік істерге таласып, абыройсыздыққа душар болады. Ал Асан Қайғы бәріне парасат биігінен қарауға үндейді.

Атақты жырауларымыздың бірі – Шалкиіз Тіленшіұлы жас кезінен киелі сөздің шебері, ақындық қырымен танылған. Ол мұсылманша білім алған. Сондықтан да толғауларында мұсылмандық мұратты басты орынға қойған. Қазақта: «Басқа пәле – тілден», – деген тауып айтылған асыл сөз бар. Адам баласы тіліне сақ болмаса, күнәні де тілінен табады екен. Сөз бен тілге байланысты Шалкиіз жырау былай деп жырлаған:

«Жапалақ ұшпас жасыл тау,

Жақсылардың өзі өлсе де сөзі сау.

Ойлап тұрсам жаманның,

Жалаңдаған өз басына тілі жау».

Бағзы кітаптарда Лұқман хәкім туралы мынадай оқиға баяндалған. Бір кісі одан малдың ең тәтті жерін алып кел деп бұйырыпты. Лұқман қойды сойып, тілін әкеліпті. Енді ең ащы жерін әкеліңіз десе, тағы да сол тілді алып келген екен. Сонда себебін сұрап: «Сіз неге қайта-қайта бір нәрсені әкеле бердіңіз», – десе, ол: «Жақсылық та, жамандық та – тілден, тіл байқап сөйлемесе, тас жарады, тас жармаса – бас жарады», – деп жауап беріпті.

Ел қорғау, Отанды аялау, бейбітшілікті сақтау – мұсылманның асыл міндеті. Бұл қасиеттер жырауларымыздың толғауларынан тыс қалсын ба?! Көрнекті ақын-жырау Доспамбет (қазақ тілінің ерекшеліктеріне сай Дұсмұхаммед сөзі Доспамбет деп өзгеріске ұшыраған болар, мәселен Мұхаммед сөзі қазақ даласында Мұхамбет, Махамбет, т.б. деп аталып кеткен) ел қорғауды мұсылмандық әрі перзенттік парыз деп санаған. Ол Қырым, Ноғайлы, Қазан хандықтары арасындағы шайқастарда қолбасшы болған. Бір өлеңінде: «Осы жолда шаһид болсам, яғни жанымды берсем өкінбен», – деуі тегін емес, сірә.

Доспамбет жырау:

«…Бүгін, соңды өкінбен,

Өкінбестей болғанмын,

Ер Мамайдың алдында

Шаһид кешсем, өкінбен!..» деп ерлікті насихаттаған. Бұл өлең де қазақ даласындағы ер-жігіттерге жігер сыйлаған.

XVII ғасырдың көрнекті жырауы Жиембет ақын ер-жүрек батырлығымен де, ұшқыр ақындығымен де көзге түскен. Кейбір кітаптарда Жиембет жырау 1620 жылы Есім ханның ойраттарға қарсы соғысында Кіші жүз қолын басқарғаны туралы жазылған. Ол Есім ханның есіне өткенді салып, Құдайдан қорқуға шақырып, тәубешіл болуға үндеп отырған. Өзі де жырларында бір Аллаға сыйынып, құлшылық пен тіршілікті ұштастыра үйлесімді өмір сүруді уағыздаған. Бұл жағдай ақынның мына бір өлеңінде айқын көрініс тапқан:

«…Бастап келген өзге емес,

Жиембет сынды биің-ді.

Малын салып алдына,

Әр саладан құйылды,

Он екі ата Байұлы

Бір тәңірге сыйынды».

Абылай ханның тұлғалық бейнесін тұңғыш сипаттаған, қоғам қайраткері Бұқар жырау ханның ақылшысы, яғни кеңесшісі болған. Бұқар Қалқаманұлы халықты имандылыққа шақырған. «Тілек» деп аталатын өлеңінде шариғатты біліп, ұстануға, рухани тұрғыдан өсіп, өнегелі өмір сүруді уағыздаған.

Бұқар бабамыз:

«Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа

…Бесінші тілек тілеңіз

Бес уақытты бес намаз,

Береуі қаза қалмасқа», – деп жырлайды.

Ақын адамгершілікті насихаттап, кеңпейіл мінезді болуға шақырған. Алланың ақ жолында жүріп, шариғатқа бекем болудың маңыздылығын түсіндірген. Бір өлеңінде:

«Алла деген ар болмас,

Ақтың жолы тар болмас,

Тар пейілді кеңімес,

Кең пейілді кемімес», – дейді.

Расында да адам баласы кеңпейілді болған сайын, оның адамгершілігі артады. Халқымызда: «Кең болсаң, кем болмайсың», – деген сөз бар. Көркем мінез – мұсылманға тән сипат.

Қазақ халқы қашан да бірлікті басты орынға қоя білген. Ел арасында «бірлігі күшті ел озады», «бірлік болмай, тірлік болмас», «жұмыла көтерген жүк жеңіл», «көппен көрген ұлы той» деген қанатты сөздер кең тараған. Асыл діннен бастау алған бұл мақалдар қазақ даласында жиі айтылып келді. Қазір де маңызын жойған жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін жамағатпен бірге болуға шақырған. Алла Елшісі: «…Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деген өсиет қалдырған. Алла Тағала қасиетті Құранда «Әли Имран» сүресінде: «…Бөлінбеңдер», – деп әмір еткен.

Исламды ұстанған бабаларымыз да бірлікті қашан да өлең-жырға қосқан.

17 жасынан шайқасқа қатысып, қазақ жерін қалмақтардан қорғаған белді батыр әрі жырау Ақтамберді Сарыұлының өсиет өлеңдері де пайғамбарлар сөзімен үндесіп жатыр.

Мақаланың қорытындысын Ақтамберді жыраудың өлеңімен өрбітсек:

«Балаларыма өсиет:

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айырылма,

Бірлікте бар қасиет.

 

Татулық болар береке,

Қылмасын жұрт келеке.

Араз болсаң алты ауыз,

Еліңе кірген әреке».

Алла Тағала елімізді аман, жерімізді тыныш еткей. Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ісіміз берекелі болғай. Әмин!

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *