008

ТРАЙБАЛИЗМ ТРАГЕДИЯСЫ (толық нұсқа)

Елдегі рушылдық, жершілдік кландардың қаруына айналды

Редакцияға Едіге Ақжолдин есімді оқырманнан хат келіп түсті. Зейнеткер ақсақал бүгінгі жоғары биліктің іс-әрекетін ойласа, түн ұйқысының төрт бөлінетінін жеткізіп, әсіресе, елде трайбализм дертінің ушығып тұрғанын ашына жазыпты. Автор өз мақаласында белгілі бір рулардың және ірі қызмет атқаратын шенді-шекпенділердің есім-сойларын анық көрсетіп, ірі кландар арасындағы талас-тартыстың түп қайнары  – рушылдық, жершілдік деген байлам жасапты. Мақаланы қысқартып жариялап отырмыз. Егер қарсы тараптың айтар уәжі болса, мәрхабат!


 

Мен үмітінен үрейі мол зейнеткер адаммын. Уақыт озған сайын қуанышыңнан өкінішің ұлғая береді екен. Елдің ертеңі не болар екен деп бас қатырсам болды, жүрегім шанши береді. Неше түрлі өсек-аяңға толы ақпаратты оқып, тыңдап отырып, өзімше долбар жасаймын да, өз ойымнан өзім шошимын. Неге дейсіздер ғой?

Айтайын неге үрейленетінімді. Бұрын бізде жалпақ жұрттың қарасы мен төресіне ортақ ар-ұят деген ұғым бар еді. Бүгін сол ұғымды белінен баса жаншып тастап, кері кетіп бара жатқанымызды байқадым. Байқадым да, күдігімді иісі қазақпен бөлісуді ниет еттім.

 

 «Көкелердің» құдіреті

Қазір біздің жүйеде руластық, жерлестік дерті асқынып тұр. Күні кеше көптің бірі боп жүрген әлдебір бозөкпе аяқ астынан белгілі бір қызметке, мансапқа ие болып, дүрдиіп шыға келеді. Ондай біліксіз, білімсіз басшыдан оңар сала болсын ба? Сонысына қарамай, бір қызметтен бір қызметке ауысып, ай санап өсіп, жыл санап көтеріліп кете береді. Соңынан естиміз. Мұны кім құлағынан сүйреп жүр десеңіз, әлдебір жоғары қызметте «көкелері» бар болып шығады. Тірегі бардың тілін кім алмасын?! «Көкесіне» сенген «атқамінер» айналасын бір шыбықпен айдап, өзіне ұнамайтындарды қиша сыпырып, маңына кілең «ләппай, тақсыр» дейтіндер мен жағымпаздарды жинайды. Ендігі оның жаңа ермегі – болашақта аяғынан шалуы мүмкін қарсыластарын тұқырту. Қарын тойған, сөзі де өзіне тән ортада өтімді болғасын, «іргесін кеңейтіп», үстемдігін арттыруға бар күшін салуға кіріседі. Міне, солардың ең басты ойыны – өзге рудың өзі секілді болашақтан үмітті, білімді-білікті азаматтарын аттан құлатып, биік белеске шығармау үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды.

Әр жерден бір төбе көрсетіп, төрдің төбесінде отырған өзге рудың, басқа жүздің «бөгделерін» аластауға барын салады. Өзектесіне өкпесі болса да, өкпеден түймейді. Ортақ мүдде үшін астыртын жалғасады. Ниет пен тілек табысады. Мақсат пен мүдде қабысады. Бөтендерді ысыру, қамату науқаны басталып кетеді. Бұл сұмдық құбыжықтың аты – трайбализм!

Көпшілікке осы құбыжықтың мағынасын дәл жеткізу үшін энциклопедиядағы орысша түсінігін келтірейін:

 

 – форма общественно-политической племенной обособленности, выражающаяся в формировании органов государственной власти на основе родо-племенных связей.

Трайбализм препятствует существованию демократических институтов и наносит ущерб равноправию граждан. Трайбализм приводит к усилению межплеменной вражды, нередко выливающейся в гражданские войны».

Сонымен, трайбализм деген сойқан тірлігіңіз бүкіл мемлекеттік билікті бір ғана рудың уысына қыстыра салатын жүгенсіздік екен…

Билігі өскен сайын өктемдігін күшейте түсетіндердің бір ғана кландық түрмен бірігіп кетуі озбырлықтың ғаламат қасіретінен де тайындырмайды. Тамыр-таныстықтан гөрі рулық туыстық ретпен қан-жындары араласып кеткен жоғары лауазым иелері ештеңеден жасқанбайды. Әрі ешкімнен сескенбейді. Сол себепті де жоны жұмырлана дөңгеленген, жұдырықтай жұмылған топ бар анау билік басында. Ол топ – өз ішіндегілерді ғана оздырар, өзгелерді тоздырар клан. Иә, кәдімгі клан!

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевты «таразының басын тең ұстайды», «қандай да бір руға көп басымдық бере қоймайды» деуші еді. Күні кешеге дейін солай болып келген-ді. Бірақ соңғы уақытта жағдай өзгерді.

Қазір биліктегі басым топ – дулаттар. Басымдығын сезгендер қолынан келген соң қонышынан басуға дағдыланып алған әбден. Жолындағысын опырып-жапырып, белден басып өте шығады.

 

Жабылған облыстардың жазығы не?

Осы мақаланы жазуға түрткі болған бір себепті айтайын. Жазушы Софы Сматаев бауырымның «Жас Алашта» жарияланған (2.12.2014 жыл) «Айтылмай келген сөз» деген мақаласындағы ақ жүрегімен ақтарылған мына жолдарды оқып, қатты тебіренгем: «Сонау бір жылдары әлдекімнің әлдебір жікшілдікке ұрынған жетесіз тапсырмасын орындау үшін бе (ол арасын ашып айта алмаймын), бірақ тапжылтпас тегеурінімен Орта жүз тұтас орналасқан Семей, Көкшетау, Жезқазған, Арқалық облыстары жойылып кетіп еді. Сол өңірлердің бүгінде құлдыраудың шегіне жетіп отырғанын баршамыз білеміз. Ал мынау Қарағанды арғындарына қарсы басталған қасақы шабуыл сондай зымиян есептің әдейі ойластырылған әрекетімен күрмеле қалуы мүмкін-ау демеске лажым жоқ…».

Әдейі жасалды ма, әлде кездейсоқтықтың кесірі тиді ме – ажырата алмаймын. Бірақ ұлтымыздың рухани көсемдері шыққан қасиетті, киелі мекендерді құлдыратуға ұшыратуды қылмыстай көрмеуге шарам жоқ. Абай, Шәкәрім, Мұхтардай рухани көсемдеріміздің кіндік қаны тамған Семейді қазағымның даналары – Ахметті, Міржақыпты дүниеге әкелген тарихи Торғайды, өнер жұлдыздары Біржан, Ақан, Ыбырайды берген Көкшетауды, ұлт көсемдері Әлихан, Әлімхан туған Жезқазғанды жауып тастағанда тапқан пайдамыз не? Қаржы-қаражатты үнемдейміз деген сылтау болғанын білемін. Ал сол «үнемдеудің» нәтижесі қандай? Арқалық та, Жезқазған да, Семей де Софы інім жазғандай, құлдыраудың ең шегіне жетіп отыр. Азып-тозып кеткен халқының арыз-талабына құлақ асар билік байқалмайды. Өздері әуелде осылай боларын қасақана ойластырса, әрине, әлгі қарапайым жұрттың өксігіне бола саусағын да қимылдатпайды. Сондықтан да ұлтының ұранына айналған ұлыларын ұмыттырып, өздерін ғана мақтаудан, дәріптеуден биліктегілер алдарына жан салмайды.

 

Саусағыңызды бүгіп, санай беріңіз…

collage_photocat

Жоғарыда Қазақстандағы биліктің бір ғана топтың (дулаттардың) қолына шоғырланғанын айттым. Оны енді өзімше дәлелдеп көрейін. Саусағыңызды бүгіп, санай беріңіз!

Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәми, үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшысы Өмірзақ Шүкеев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев, Асқар Мырзахметовтың інісі, ҚР Кәсіпкерлері ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «Оппозиция» атанып жүрген Жармахан Тұяқбай, «Ұлттық банктің» төрағасы Қайрат Келімбетов – дулат. Шеттерінен майлы жіліктің басын ұстап отыр. Бұлардың қолындағы байлықты есептесеңіз, тұтас Қазақстанның экономикасының шоғырланғанын білер едіңіз. Мұның сыртында бұл топқа Т.Құлыбаевтың қолбаласына айналған үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімовті, кедендегі былық-шылықтан бір өзі «құрғақ» шыққан Қозы-Көрпеш Кәрбозовты қосуға болады. Министрлер мен әкімдерді, депутаттарды есепке алып отырғаным жоқ.

Оспанов, Нұрқаділов, Сәрсенбаев…

c_48904d598caced8a46876044ac74d387Мән берер болсақ, билікті бір ғана рудың қолына беріп қоюдың салдары ауыр болмақ. Аяқ-қолымызды әлден-ақ шырмап қойған құрсауымен заңсыздықтың қақпасын ашып тастағанына не демекпіз? Шыр ете алмас әлсіздігімізді, көз қадай алмас көнбістігімізді бүркене береміз бе? Керек десеңіз, билікке масаттанған топ Орта жүз бен Кіші жүзді ғана емес, Ұлы жүздің де өзге руларын ығыстыра бастағанын көріп-біліп жүрсіздер. Орта жүздің арғын, найман, керейінен бүгінгі тізгін тартқан біреуін тауып бере аласыздар ма? Ешкім жоқ. Кіші жүздің А.Мусин, Б.Рысқалиев, Н.Балғымбаев, М.Тәжин сынды беткеұстарларын бездіріп жіберіппіз.

Кешегі «халқым» десе, қабырғасы қайысқан Еркін Әуелбеков, Сыздық Әбішев, Марат Оспанов, Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбайұлы сынды асыл азаматтардың күмәнді қазасы ойлантпай ма? Ұлт мүддесі үшін қызмет еткен Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әблязов туған жердің түтінін аңсап, түңіліп жүргеніне неге мән бермейміз? Істі болған іскер азаматтар кімдердің тепкісінен қамаққа түсті? Ашынған жерде ашығын айтатын Алаш жұрты екеніміз қайда?! Әлде ұлт болып қалыптаса алмай, ұсақталып кеттік пе? Біздегі мемлекеттік құрылым неге рулық-тайпалық билікке ғана негізделген?

Өзіміздің берекесіздігімізден ұялмаймыз. Мақтанудан жерінбейміз. Аузымызбен орақ орғанда «елімізді 30 озық елдің» қатарына тіркей саламыз. Мұнымен кімді алдамақпыз? Әрине, өзіміздіөзіміз алдап келеміз.

Бүкіл қазақтың он пайызына жетпейтін дулаттар биліктің негізгі тұтқаларына ие. Қалған тоқсан пайызы тысқарыда. Өздерін алалаған билікке өкпелі. Апыр-ау, тіпті анау тоталитарлық дейтін Кеңестік дәуірдің өзінде билік басында жүзаралық, руаралық тепе-теңдік бұлжымай сақталмайтын ба еді. Мүлтіксіз қадағаланушы еді ғой. Тіпті сол үрдістен де айырылып қалуға қалай жол бергенбіз?

 

Ахметов, Әбдішев, Ермегияев… Келесі кім?

c_da216d02e6e9f2a05df3b8ca5c04f9c5Мен кейде мемлекет басшысын қатты аяймын. Төңірегіндегі «тонның ішкі бауындай» болып жүргендер арамдықтарын басшыға көзбояу етіп өткізетін тәрізді. Әйтпесе, ол үнемі алданып қала бермес еді ғой.

«Кімде-кім өз қызметін асыра пайдаланып, мемлекетімізге, халқымызға зиян келтірер болса, кім екеніне қарамастан қатаң әрі әділ жазалануы керек» деді жақында Президент. Мемлекет басшысының осы сөзін іске асыратын, жаны да, ары да таза үзеңгілестері төңірегінде бар ма екен қазіргі кезде?..

Жақында «Жас Алаш» газетінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің президентке және басқа да лауазымды тұлғаларға жазған ашық хаты жарияланды. Түсінген адамға бұл хат – нағыз бомба! Ол – шындықтың шырылдаған даусы! Ол – трайбализмнің есерлене есіректенуінің көрінісін айғақтау! Бұл жанайқайға жасамаған қылмысты қолдан «жасатып», жазықсыз жандарды қаматып тастаған қаржы полициясы басшыларының теріс әрекеттері себеп болған. Мұндайға дер кезінде тосқауыл қойылмаса, М.Күшімбаев сияқты ақты қаралаушылар барымызды жоқ етуі мүмкін. Тазамызды былғап, адалдарымызды шетінен қараламақ. Қ.Қожамжаров пен оның орынбасары А.Шпекбаевтың қаһарынан ықпаған қарағандылық адал қызметкерлерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Пәле-жалаға ұрынып кетпей, аман-есен жүріңдер, азаматтарым!

«Адалдыққа басайық, жемқорлыққа қарсы күрес ашайық» дейтін таза ниеттегі Серік Ахметов бастаған Арқаның азаматтарына жала жауып тастау – шектен шыққандық. Онсыз да жұмыссыз сенделген, қымбатшылықтан тарыққан, теңгесі құлдырап құнсызданған қара халық жаралы жанын қайда қоярын білмей аласұрып жүр. Халықтың жүйкесіне ши жүгірте беруге болмайды!

Трайбализм дертіне шалдыққан топ басқарған айыптау органының заңбұзушылығы, күдіктілер мен куәгерлерге һәм жәбірленушілерге қысым жасалғаны Қарағандыда өтіп жатқан сот барысында айғақталды. Осыдан кейін мұның Серік Ахметов, Бауыржан Әбдішев, Талғат Ермегияев секілді арлы азаматтарға қарсы әдейі ұйымдастырылған әлдебір кландық топтың қастандық әрекеті екеніне көзіміз жете бастады. Бұған Т.Ермегияевтің жеке жүргізушісі Саят Нәдірбаевтың бас прокурор Асхат Дауылбаевқа жазған арызы қосымша дәйек. Біздегі тергеу амалдарының мұншалықты сорақы деңгейде өтетініне қарап, жағаңды ұстайсың!.. «Президентке ғана сенемін!» деп араша сұраған С. Нәдірбаевты қуғындау әлі жалғасып отқанына қарап, біздегі әділдіктің деңгейін біле беріңіз.

Арғындарға қарсы жасалып жатқан қудалау науқанына дәлел көп. Иісі арғын дей ме, бар қазаққа ортақ тұңғыш ғарышкер-батырымыз Тоқтар Әубәкіровтің өзін шеттетті. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа шабуыл күшейді. Кәсіпкер Болат Әбіловті шетелге кетуге мәжбүрледі, Нұрлан Смағұловты түртпектеу толастар емес.

Абылайды ұмыту, Тәттімбетті көзге ілмеу, Тәшеновты елемеу…

Арғындарға қарсы жасалып жатқан қудалау науқанына дәлел көп. Иісі арғын дей ме, бар қазаққа ортақ тұңғыш ғарышкер-батырымыз Тоқтар Әубәкіровтің өзін шеттетті. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа шабуыл күшейді. Кәсіпкер Болат Әбіловті шетелге кетуге мәжбүрледі, Нұрлан Смағұловты түртпектеу толастар емес.

Ал енді ұлт көсемі Абылайды елемеу, қазақ күй өнерінің саңлағы, дәулескер күйші Тәттімбеттің 200 жылдығын жылы жауып қою – тарихқа, ұлттық құндылықтарымызға жасалған қастандық. Ата-бабаның терімен суарылып, қанымен тазарып, азат етілген киелі жерін Ресейге бергізбей, басын бәйгеге тігіп сақтап қалған Жұмабек Тәшеновтің 100 жылдық мерейтойын дұрыстап атап өтуге болатын еді ғой. Оны айтасыз, қазақтың арғы-бергі тарихын қопара жазған қаламгер Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы тойланбауы – ұлтсыздануымыздың айғағы.

Батырымыз, академик жазушымыз Мәлік Ғабдуллиннің мерейтойы ескерілмеді дейін десем, ЮНЕСКО-ның тізіміне енген хәкім Абайдың 170 жылдығын жетім қыздың тойындай етіп ауданда өткізгені есіме түсіп, тілімді тістей қоямын.

Жә, күдік-күмәнді, өкпені осымен доғарайын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, руаралық араздықты қоздыратын, тұтас халқымызды қақ жарып қана қоймай, бөлектеп-бөлшектеп, қиян-кескі шиеленіске ұшырататын төбеміздегі оқшау топтың тезірек тәубасына келуін қадағалайық. Әйтпесе, трайбализмнің ушығуынан анау Руанда, Сомали, Либериядағыдай азамат соғысы бізде де тұтанып кету қаупі бар. Трайбализмнің тамырына балта шабылғанда ғана ел игілігі топқа емес, көпке қызмет етеді.

Едіге АҚЖОЛДИН

 

 

4 пікір

  1. Бекен

    Билікте отырған басқа да Рудың азаматтарын осылай саусағыңды бүгіп санап шығуға болады. Маңыздысы қай рудың адамы отырғаны емес, білімді білікті азаматтың отырғаны. Менің ойымша автордың бұл мақаласы арандатушылық, халық арасына іріткі салу. Бөлінгенді бөрі жейді — деген атам қазақ.

  2. Жандарбек

    Мынау деген нағыз арандату, ел арасына іріткі салу. Қазақтың ең қауіпті жауы өз ішінен шыққан іріткі салушылар.

  3. көкбөрі

    Кім болса ол болсын билік басында әйтеуір біреу отырары хақ. Біарқ ол адам таза болу керек.ҚТ ДТ бұрыннан бар, әлі де жалғаса береді. Мәселе онда емес. Мәселе ел қамын ойлайтын ар-ожданы таза азаматта. Қазақ елінің, жерінің байлығы өзіне жетеді, осыны ұқсатуда. Дәл қазір қарап тұрсаң, қазақтың ұрланбаған, шашылмаған нәрсесі қалмады. Ей, биліктегі адамдар, адам аттарыңды сақтап қалыңдаршы. Елді тонамаңдаршы. Миллиардтаған қаржыны адам баласы қол, бел күшімен азғана уақыт ішінде табуы мүмкін бе? Мүмкін емес қой! Сонда бұл ұрлық болмағанда не болады. Жай адамның қолы бұған жете алмайды. Демек ұрылар — қолында билік тізгіні бар адамдар. Мұны бәрі біледі. Сондықтан, бір мезгіл ұятты да ойлаңдар!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *