008

Талғар ауданының әкімі халық алдында есеп берді

Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Райхан Садықова өткен апта соңында Белбұлақ ауылдық округінің тұрғындары алдында өзінің 2015 жылға арналған есеп беру жиналысын өткізді. Мектеп залында өткен жиынға ауыл тұрғындары, ұстаздар мен дәрігерлер және әкімшілік қызметкерлері қатысты.

талгарТалғар – Алматының шығыс қапталына орналасқан, халқы жыл санап өсіп келе жатқан аудан. Мұнда биыл шешілген мәселе келер жылы қайта туындауы мүмкін. Өйткені, алыс аймақтардан қоныс аударғандардың көбі Алматының айналасына қоныстануды көксейді. Сондықтан да ауданның әлеуметтік жағдайын шешу біліктілікті, тынымсыз еңбекті қажет ететіні түсінікті. Аудан әкімі Райхан Садықованың жылдық есебіне қарағанда, ауданда жан-жақтылы өсім барлығы байқалады. Әрине, шешілмеген, қордаланған, кезегін күткен түйткілді істер де көп. Райхан Садықова ханым аудан басшысы болғалы бері нақты істер қолға алынып, ауданның жұмыспен қамтылуы, өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуы жеделдегенін де айтушылар бар. Сыни пікірлерін жеткізіп, «Неге бір жылда бәрін шешіп тастамайсыңдар?!» деп дүрсе қоя беретіндер де кездеседі. Ең бастысы, ауданды газдандыру, таза сумен қамтамасыз ету, балабақшамен, мектеппен қамту, жұмыс орындарын ашу ісін жетілдіру, халық денсаулығын оңалту бағытында емханаларды жаңарту және салу, т.б. жаңалықтар көңіл көншітерліктей. Бұл жөнінде ауыл ақсақалдары айтып отыр. Ауданның дамуына түрткі болатын негізгі жұмыс ауыл әкімдерінің қолында. Олардың іскерліктері, ұйымдастырушылық қабілеттері әрі тиісті құжаттама уақтылы өткізіп, қажетті қаржы бөлгізуге ұмтылыстары – ауыл халқының жағдайын жасаудың бірден-бір тетігі. Мұны да естен шығармаған жөн.

 «Ел үшін қызмет етеміз»

Есеп беру жиынын Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Салтанат Сайранова жүргізіп, өзінің баяндамасын оқыды. Ауыл әкімі бір жылда атқарылған істер туралы егжей-тегжейлі тоқталып, «ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келеді» деп, ондағы жұмыссыздықтың қысқарып, әлеуметтік нысандар жаңарып, емхана, жол, жарық, газдандыру мәселелері шешілу үстінде екенін, алда тағы да атқаратын жұмыс көп екенін айтты. Ауыл әкімі биылдан бастап жергілікті баж салығының кейбір түрлері әкімдіктің құзырына берілгенін, жергілікті өзін-өзі басқару бойынша кейбір тендерлер өткізіліп, өздері тікелей бақылауға ала алатынын жеткізді.

«Біздің елдің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл ғана болды. Аз уақыт ішінде бірталай белестерді бағындырдық. Мұны ауыл тұрғындары да біліп отыр. Қазір әлемде дағдарыс болып жатыр. Еліміз де бұл дағдарыстан шет қала алмайды. Бірлік бар жерде, тірлік бар. Халықтың еңбексүйгіштігі, ынтымағы бәрімізді алға жетелейді. Біз ел үшін қызмет етеміз», – деді ауыл әкімі өз сөзінің түйінінде.

райхан

Аудан әкімі Райхан Садықова

 «Аудан дамып келеді»

Бұдан соң сөз алған аудан әкімі Райхан Нұрмұрзақызы өткен бір жыл ішіндегі ауданда атқарылған істер туралы мәлімет берді. Әкімнің есебіне сүйенсек, 2015 жылыдң 10 айында бюджетке  10643,2 млн. теңге түсімдер жиналып, жоспар 114,0 пайызға артығымен орындалған. Өнеркәсіп саласында 18382,4 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 106,4 пайызды құраған. Бір жыл ішінде 3 жаңа өндіріс ошағы іске қосылған. Олар: Қайнар ауылдық округінде балық шаруашылығына қажетті азық өнімдерін өндіретін«Аква Альянс» және темір қондырғыларын шығаратын «KZ future technic» жауапкершілігі шектелген серіктестігімен Белбұлақ ауылдық округінде жарықтандыру тауарларын шығаратын «Жеміс» ӨК. Осы өндіріс орындарында 117 жаңа жұмыс орындары құрылған.

Ауыл шаруашылығы бойынша дәнді дақылдар, көкөніс, бақша дақылдары артығымен өндіріліп, шөп, пішендеме, сүрлем, сабан дайындау ісі де 100 пайыз жоспардағыдай іске асқан. Ең бастысы, не ексең де өнетін Талғар ауданында 41 жылыжай жұмыс бастап, 300,0 тонна өнім алынған. Әкімнің есебіне қарағанда ет, сүт, жүн өнімдері де артып, елдің ырысы еселене түскен. Ауыл шаруашылығы саласын субсидияландыру, егістік жерлерді тыңайту, тамшылатып, жаңбырлатып суаратын алқаптарды молайту ісі де қолға алынып, аграрлық саланың даму қарқыны жеделдеп келеді. «Асылтұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтары көбейіп, шетелден сүтті және етті бағыттағы мал бастарын сатып алуға құжаттар рәсімдеп жатқан шаруалар да артып келеді», – дейді әкім өз баяндамасында.

Талғар ауданы ауыл шаруашылығына қолайлы болғандықтан, аудан халқының басым бөлігі осы салада қызмет етеді. Егінмен, мал өсірумен және құс өсірумен айналысатын шаруалардың саны көбейіп отырғанын жеткізген әкім, бұл салаға көмек беру тоқтамайтынын да баса айтты.

«Сонымен қатар, ауданда 2 мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді («Байсерке Агро» ЖШС, «Нұрбеков»ШҚ).  Бүгінгі күнге олармен бордақыланған 413 ірі қара малы сатылып, 400 бас бордақылануда. «348 басқа арналған фермерлік шаруашылық құру» тапсырмасы бойынша 2 шаруашылық («Лисунов», «Арын») 17,2 млн. теңгеге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 90 бас ірі қара малын сатып алған, оның 85 аналық мал. Нәтижесінде тапсырма 24,4% орындалған. Сондай-ақ, 2 шаруашылықтың ( «Отби» ЖШС, «Алтынбек» ШҚ ) 32,7 млн. теңгеге 173 ірі қара малын сатып алуға өтініштері қаралуда», – дейді аудан әкімі.

Алматының іргесіндегі ауданның жан саны жыл санап өскендіктен, әлеуметтік проблемалар да көбейе түскені жасырын емес. Мектеп, жол, жарық мәселелері әлі де болса бар.

Бесағаш ауылында 600 орындық, Ақдала ауылында 300 орындық жаңа мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Ауданның №18, 33, 34, 15 орта мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауданның барлық мектептері Интернет жүйесіне қосылған, 12 мектепте интерактивті тақта қойылған, 8 мектептің қашықтықтан оқытуға мүмкіндігі бар. Мектебі жоқ 25 елді мекеннен 2017 оқушы 14 мектепке тасымалданып оқытылады. Мектебі жоқ ауылдардың жағдайын оңды шешу бір жылдың еншісіне жазылмағанын, алдағы уақытта шешімін табар шаруалар шашетектен екенін айтқан әкім, балабақшамен қамтамасыз етудің көрсеткіші 75,8 пайызды құрап отырғанын да жасырмады. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу алдағы уақыттың еншісінде екенін айтқан аудан әкімі бұдан соң халықтың сұрағына жауап берді.

DSC_1183

Есеп беру жиынына ауыл тұрғыгндары қатысты

«Ұстаздарды сыйлаймын»

Ауыл тұрғындарының сұрағы негізінен халықтың денсаулығы, газдандыру желісін тартудың қымбаттығы және мектеп мұғалімдері мен дәрігерлердің әкімшілік жұмысына жегіліп, көп уақытын босқа өткізетіндігі сөз болды.

Белбұлақ ауылдық округіне таза ауыз су былтыр ғана келді. Оның өзінде су жазда екі айдай тоқтап қалған болатын. Таза су келмес бұрын ауылдың тұрғындары көктем мен күзде лай су ішуге мәжбүр болды. Соның салдарынан ауыл тұрғындары арасында бүйрек пен өтіне тас байланып, ауырып-сырқайтындар көп. Ауыл тұрғынының бұл сұрағына аудан әкімі:

Белбұлақ ауылдық округіне газды «Тәуекел» ЖШС өз ақшаларына тартып отыр. Олар негізгі және қосалқы құбырды да өз қаржыларына тартып, одан кеткен шығынды ауыл тұрғындарынан жинап отыр. Біз солай келіскенбіз. Мемлекеттің қаржы бөлуін күтсек, тағы 4-5 жыл уақыт керек. Одан гөрі осы қаржыны тауып, үйлеріне газ кіргізген әлдеқайда тиімді.

– Қазір Белбұлақ ауылдық округіне қарасты Талдыбұлақ, Бірлік, Белбұлақ ауылдарында емхана жұмыс істейді. Талдыбұлақ пен Бірліктің медицина орталықтары жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Тіпті сол орталықтардағы кейбір медициналық жабдықтар аудандық аурухананың өзінде жоқ. Ауыл халқы сол жерге уақтылы барып емделсе, нақты диагноз қоюға шамалары жетеді. Емдеу ісін жүргізуге қабілетті дәрігерлер де бар, – деді.

DSC_1178

Аудан әкімі Р. Садықова есеп беріп тұр

Тағы бір ауыл тұрғыны «Талғар ауданында газды үйге кіргізу құны анағұрлым арзан, бізде неге қымбат?» – деген сауал тастады. Оның айтуынша, Талғар ауданында газды үйге кіргізу 90-135 мың теңге аралығында болса, Белбұлақ ауылдық округінде бір отбасыға 281 мың теңгені құрайды. «Мұндай айырмашылық қайдан шықты? Біздің ауыл халқы талғарлықтардан бай ма? Мен Бірлік ауылындағы біраз отбасын араладым, көбі газды үйіне кіргізуге қаржы таппай отыр», – деді ауыл тұрғыны.

– Талғар ауданын газдандыру үшін «ҚазТрансГаз»  акционерлік қоғамы арнайы қаржы бөлген. Олар бірнеше ауылды газдандырып болған соң, жалғасты қаржы бөлуден бас тартты. Талғардағы әр көшеге сол компанияның көмегімен газ құбырлары тегін жүргізілді. Сондықтан Талғарда газ тарту арзан. Ал Белбұлақ ауылдық округіне газды «Тәуекел» ЖШС өз ақшаларына тартып отыр. Олар негізгі және қосалқы құбырды да өз қаржыларына тартып, одан кеткен шығынды ауыл тұрғындарынан жинап отыр. Біз солай келіскенбіз. Мемлекеттің қаржы бөлуін күтсек, тағы 4-5 жыл уақыт керек. Одан гөрі осы қаржыны тауып, үйлеріне газ кіргізген әлдеқайда тиімді. Менің білуімше, халық осы бағаға да ризашылық білдіріп отыр. Көмір мен токқа қарағанда әлдеқайда үнемді, – дейді Райхан Нұрмұрзақызы.

Ауылдың тағы бір тұрғыны ұстаздар мен дәрігерлердің әкімшілік жұмысына жегіліп, қыс-жаз демей ауыл аралап жүретінін айтты. Оларға сол еңбектері үшін төленетін қаржы да шамалы екеніне күйініп, «Әкімшілік ұстаздар мен дәрігерлерді қолбала қылмау керек. Олар өз істерін алаңсыз атқаруға тиіс» деген пікір білдірді.

Аудан әкімі бұл сұраққа өзінің де бір кездері ұстаздық қызмет атқарғанын, олардың мұң-мұқтажын үнемі тыңдап, барлық шарт-жағдай жасауға тапсырма беретінін айта келіп: «Біз оларды құрметтесек – елді құрметтегеніміз. Сондықтан, ұстаздар мен дәрігерлерге айтар алғысымыз шексіз», – деді аудан әкімі.

Бірлік ауылындағы зираттыққа арнайы бөлінген 20 гектар жердің екі адамға жалға беріліп кеткенін ауыл тұрғындарынан естіген аудан әкімі бұл істен хабардар екенін айтты. «Бұл іс бойынша сотқа шағым түсіргелі отырмыз. Олар аудан әкімінің қаулысы бойынша бөлінген жерді ала алмайды. Біз 20 гектарды кері қайтарып аламыз. Оны сатқан адамдар жазаланады!» деп кесімді сөзін айтқан әкім бұл іс бойынша нақты тапсырмалар берді.

 «Елбасыға, облыс әкіміне рахмет айтыңыздар!»

Мақсат есімді Бірлік ауылының тұрғыны әкімге қарата бірталай сыни пікірін ортаға салды. Ол Бірліктегі жекеменшікке өтіп кеткен балабақшаның кері қайтарылмағанын, су каналының да ауыл тұрғындарының игілігіне жарамай тұрғанын, аудан әкімінің қабылдауына кіру қиын екенін айта бастап еді, аудан әкімі:

«Сенің бұлай сөйлеуге қандай құқың бар? Үнемі жиын кезінде пайда боласың да, орынсыз сұрақтар қойып, шу шығарасың. Естуімше, ешқайда жұмыс істемейді екенсің. Арыз-шағым айтуды үйренгенше, оқып, диплом алмадың ба? Халыққа қызмет етіп, ауылдың дамуына үлес қоспадың ба?» деп, тыйып тастады. Аудан әкімінің бұл сөзін залда отырған әкімшілік қызметкерлері қоштап, шапалақ соқты.

Жиынның қорытынды сөзінде әкім өзінің қызуқандылыққа салынғаны үшін кешірім сұрап, орынсыз пікірден гөрі, бірігіп жұмыс істеу пайдалы екенін жеткізді.

«Мен осындай есеп беру кезінде біздің жұмысты емес, өзімізді мақтап, мадақ айтатындарға: «Мені емес, Елбасы мен облыс әкімін мақтаңдар. Сол кісілерге рахмет айтыңдар! Бізге барлық қаржыны бөліп, жағдайымызды жасап отырған кісілерді ұмытпауымыз керек. Біз Елбасының командасында қызмет еткенімізге бақыттымыз!» – деді.

Т. ӨСКЕНБАЙ.

P.S. «Қала мен Дала» газеті алдағы уақытта Талғар ауданы туралы көлемді мақалалар даярлау үстінде. Біз ауыл тұрғындары мен әкімшілік қызметкерлерінің пікірлерін ортақ ұсынып, нақты мәліметтер беруге ұмтыламыз. Алматыдай алып шаһардың іргесіндегі ауданның тіршілігі елді де бейжай қалдырмас деген ойдамыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *