008

Қазақстаннан кеткім келеді…

Әңгімені осылай бастауға тура келді. Өйткені елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-рухани өмір кез келген адамды шаршатты. Ашығы солай. Қарап тұрып, қарадай қаның қараяды. Журналиспіз, жазып-сызып жүрміз дейміз. Бірақ содан не пайда? Тыңдаушысы жоқ қоғамнан, бұйығы тірліктен шаршадым. Тіпті жазғың да келмейді. Кейде халықты тонап байыған, бойында не кісілігі, не кішілігі жоқ, білімсіз, біліксіздердің алшаңдап жүргенін көрсем, Қазақстаннан кеткім келеді…

Қазақстанда неге қазақтарда ғана баспана жоқ? Жалдамалы пәтерде, жатақханаларда неге бірыңғай қазақтар ғана тұрады? Не үшін жалпы қазақ кедей? Осы сауалдардың жауабын көп іздедім. Бірақ таппадым. Неге екенін сол сәтте Қазақстаннан кеткім келді.

Кеше бір досыма осы ойымды айтып едім, «қайда барасың?» деді. Рас-ау, қайда барам? Жауабын бүгін таптым.

Адам құқы сақталған, кісінің қадірін білетін, адамның еңбегін бағалайтын елге кеткім келеді. «Ондай мемлекет бар ма?»  дедім өзіме өзім сұрақ қойып. Бар екен. Заңы зайырлы, адамдарының жүзінен шуақ шашқан, бір-біріне күліп амандасатын елдер көп екен. Ал біз өз-өзімізден шаршап жүрміз. Неге? Қоғамда неге шаршау, ашу-ыза басым? Кімге өкпеліміз? Кімге ызаланамыз?

Осындай кезде Қазақстаннан кетіп, жұрты жұмақ, елі ерекше бір мемлекеттің қақпасын қаққым келеді.

– Ресейге тартып кетсеңші, – дейді досым әзілдеп. Астарында шындық бар. Мәскеуді көргем жоқ.

– Ресейге байлап тастаса да қалмаспын, – дедім.

– Онда Қытай, Жапон, Корей сияқты елге көш, – дейді жанашыр көңілмен.

– Не қайыр? – дедім өзіне қарап. Оның да Қазақстаннан кеткісі келіп жүр екен.

– Еуропаға кетсек қайтеді? – деп шырт түкірді.

– Түкірме – дедім, – Еуропаға бару үшін үлкен мәдениет керек! (Тауып айтқан сөзім осы болды-ау деймін).

– Еуропаң көп қой, нақты қай елге?

– Білмеймін!

– Маған Америка ұнап жүр.

– Неге?

– Білмеймін!..

«Отан», «Ана тіл», «Астана», «Алматы» дейміз. Бірақ соншама сүйген отаныңның қадірін басқалар көріп, байлығын басқалар жеп жатса, қалай ғана шетелге кеткің келмейді, ә?! Байлары шіріген, кедейі қара сумен жанын бағып отырған елден қалай ғана шаршамайсың?! Шенеуніктері шетелде тұратын, бала-шағасы бай елдерде өмір сүретін, өзі қазақ жерінің байлығын сорып отырған мемлекеттен қалай ғана безбейсің! Қысқасы, Қазақстаннан кеткім келіп жүр, айып етпеңіздерші!..

Жарас ШӨКЕ

Пікірлер

пікір