008

Гүлнәр Меңдіқұлова: «Оралмандар кеудесін қақпай жүрсін!»

Гүлнәр Меңдіқұлова – Қытайдағы, Еуропадағы, Түркиядағы қазақтар тақырыбына қалам тартқан тарихшының бірі.  Бірақ, мұнысымен танымал емес. Даулы мәлімдемелерімен және кейбір тарихшылардың айтуынша дәйексіз тұжырымдарымен аты шыққан адам. «Қара жорға қазақтың биі емес» деп мәлімдеген  де осы кісі. «Караван» газетіне сұхбат берген Гүлнәр Меңдіқұлова бұл жолы да оралман тақырыбына «тиісе» кетіпті.

image118792

Гүлнәр Меңдіқұлова

Мақала авторы тарихшының мақтауын келістірген екен.«Қара жорға» қазаққа жат!» деген Гүлнәр Меңдіқұлованың сөзі осы бір биді қазақ мәдениетінің символына айналдыруға тырысқандардың төбесінен жай түсірді» депті автор. «Мұндай мәлімдеме жасау үшін сөзсіз кемел білім мен кесек мінез керек» деп қосып қойыпты тағы да. Сосын сұхбатын жасапты.

Байқағанымыз, сұхбатты жүргізіп отырған журналистке тарихшының айтқаны майдай жаққан болуы керек, іші-бауырына кіріп кете жаздапты. Тіпті, арасында отқа май құйып, арандатып жібергенін де байқайсың. Бірақ, орыс басылымдарынан бұдан өзге не күтуге болады?

Сонымен, сұхбатта не делінген? Тарихшының «өткір» айтқан тұстарын төменнен оқи аласыз. 

– Гүлнәр Малбағарқызы, бұдан біраз жыл бұрын сіз «Қара жорға» қазақтың биі емес!» деп мәлімдегеніңізді білеміз. Бұған не себеп болды?  

– «Қара жорғаны» бізге қытайдың қазақтары алып келді және озбырлы түрде қазақ мәдениетіне сіңістіре бастады. Бидің музыкасы бір сарынды, қимыл-қозғалысы бір қалыпты…

Бабаларымызда жауынгердің рухын паш ететін әскери салт-дәстүрлік билер болған. Олар бірсарынды, бірқалыпты емес және «Қара жорғаға» түк қатысы жоқ.

maxresdefault (1)– Бұл биді сопылар ойлап тапқан дейді, осы рас па?
–  Бұлай демес едім. Бірақ, «Қара жорғаның» адамды трансқа түсіретін ерекшелігі бар. Себебі, мұндағы қимыл-қозғалыс медитацияға жақын және адамның психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.

 Қазақстанда бұл би алғаш рет 1932 жылы «Айман- Шолпан» спектаклінде орындалған. Алайда Қытайдан тарихи отанына көшіп келген қазақтар бізге моңғол биін алып келді. Бұл би Қытай мен Моңғолиядағы қазақтар арасында кең таралған.

Мұның бәрін көріп, біліп отырған адам ретінде үнсіз қала алмадым.

– Биге қатысты қандай да бір тарихи деректер бар ма?

– Жоқ, бірде-бір жерде қазақ жігіттерінің «мас адамша қозғалып» билегенін кездестіргем жоқ. Біздің, көшпелілердің табиғаты мұндай «мас» қимыл-қозғалыспен үйлеспейді. 

Мұндай мәлімдеме жасаудан қорықпайсыз ба?

– Қазақ мәдениетінде мұндай бидің жоқ екенін біле тұра неге қорқамын? Мені қолдайтындар көп. Себебі, адамдар бұл бидің өздеріне жат екенін сезеді. Сізге, Эйфель мұнарасын қазақ салды десе сенбейсіз ғой, солай емес пе? Бұл да сол сияқты.

Шетелдегі қазақ диаспорасын, жалпы оралмандар тақырыбын зерттеуге не себеп болды?

 90 жылдары қазақтар тарихи отанына орала бастады. Бұл тақырыпты көтеру маңызды болатын.

 Келмесін демейміз, келсін. Бірақ кім, қалай оралып жатыр? Бұрынғы тұрған жерінде қалай өмір сүрді?  Неге көшіп келгісі келді? Болашақта не ойлағаны бар? Мұның бәрі оралмандардың бейімделуіне көмектесетін мәселелер болатын.

22315– Қазақтардың Отанына оралуының басқа да себептері бар дейді…

– Нені айтып отырғаныңызды түсініп отырмын. Кейбір сауатсыз ғалымдар: «Қандастар қазақ санын көбейту үшін көшіп келіп жатыр» дейді. Бірақ, 2015 жылға дейінгі деректі қарасақ 24 жылда Қазақстанға 956 мың қазақ көшіп келген. Тіпті миллионға да жетпейді. Сондықтан бұл арада санды ойнатқан дұрыс емес.

– Жергілікті халық оралмандарды жақтыра бермейтін жағдай қалыптасты (журналист мұны қайдан алып отыр?авт. ).  «Оларға жер, баспана, жәрдемақы беріледі, сонда біз тоқалдан тудық па?» деген әңгімелер айтылады. Осы негативтен арылудың жолы бар ма?

Екі жақпен де жұмыс істеу керек. Біріншіден, оралмандар өзін тәртіпті ұстауы тиіс. Кеудесін қақпауы керек және осында тұрып келе жатқан адамдармен жағаласпауы қажет. Әйтпесе, шынымен де осында келе сала ауыздары көпіріп: «Мен тарихи отаныма оралдым» дейді.

Оралдың екен, ел қатарлы өмір сүр. Жұмыс істе. Осындағы тұрғындардың асына таласпа.

05Бір жағдайға куәмін, осыдан үш жыл бұрын Моңғолиядан келген «оралманка» Көкшетаудағы мектеп директорының атына үсті-үстіне арыз жазады. Әлгі директор мектепке еңбегі сіңген адам еді. Ақыры, әлгі әйелдің арызына сенген жергілікті билік директорды орнынан алып тастайды. 
Мені осындай жағдай таң қалдырады.

Осы оралмандарға жұмыс істеуге кім кедергі келтіріп отыр? Сосын олар бір жаман тенденцияны қалыптастырып алды. Бірнәрсе бола  қалса Президентке жазады. Бұдан жергілікті билік те қорқып қалған…

– Жалпы, оралмандарға осы ортаға сіңісуге не кедергі келтіріп отыр?
–  Бастапқыда бұл орыс тілі еді. Бірақ, қазір жағдай өзгерді. Қазақтілді аудитория өсті, үлкейді. Оралмандарды қолдау орталықтары ашылды. Анығында, бір уақытта қазақстандық қоғамның қандастарға деген ниеті түзу еді, бірақ олар «қылық» шығара бастағасын оралманға деген көзқарас та күрт өзгерді.

Сұхбатының соңын тарихшы: «біз барлығымыз қазақстандықпыз» деп аяқтапты.

Айтпақшы, бір жылдары Гүлнәр Меңдіқұлова Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ғылым бөлімін басқарған. Бұл кісі бұлай айтса, басқалары не дейді?

Байқаймыз, орыс басылымдары қандастарға қарсы ақпараттық шабуылды бастап жіберген сияқты. Әйтпесе журналисте, тарихшы да қоса сынайтындай қандастар не бүлдіріп қойды?!..

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ

Пікірлер

пікір