008

Асқар АҚАЕВ: «КСРО-ны сақтап қалу керек еді…»

Асқар Ақаев – Қырғызстанның алғашқы президенті. Орынтағында 15 жыл бойы отырған ол 2005 жылы тағынан тайған.  Қырғызстанда көтеріліс болып, халық алаңға шыққанда бас сауғалаған Ақаев Ресейге қашады және әлі күнге дейін осы елде тұрып жатыр. «Азаттық радиосының» АҚШ-тағы редакциясына сұхбат берген Ақаевтың сөзінен аңғарғанымыз КСРО-ның құлағанына өкінетін сияқты.


Akaev1_pic1– Сіз 2011 жылғы дағдарысты дәл болжаған адамсыз. Ендеше енді екі жылдан Ресей экономикасын не күтіп тұр?

– Екі жылдан кейін Ресей экономикасы қазіргіден де жақсы жағдайда болады. Иә, биылғы жыл ауыр болады. Бірақ, одан кейін өрлеу басталуы мүмкін.

– Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығыстар жалғасын тапқан жағдайда бұл Ресей экономикасына қаншалықты әсер етеді?

– Ресей Украинаның оңтүстік-шығысындағы әскери қақтығыстарға араласып жатқан жоқ.

Өз тарапымнан Батыстың санкциялары Кремльге қалай әсер етерін зерттедім. Ресейдің ресурстары, бірінші кезекте адами ресурстары ғаламат, ал табиғи ресурстары тіпті сарқылмас. Сондықтан да ресейліктер күш біріктіріп, бүгінгі проблемаларды шешеріне сенімдімін. Бұған күмәнім жоқ.

–  Ресейдің болмысын сипаттайтын үш ресейлік саясаткерді атай аласыз ба?

– Үшеуін ғана ма? Жарайды. Бірінші кезекте, бұл, бірге істеген – Михаил Горбачев, одан кейін Борис Ельцин және Владимир Путин.

Меніңше, Путин – қазіргі Ресейдің ішкі және сыртқы саясатын ең жоғары деңгейде айшықтап отырған бірден-бір тұлға.

– 2005 жылы отаныңызды тастап кетуге мәжбүр болғанда неліктен Ресейді таңдадыңыз? Айталық, Қазақстанға немесе Батыс елдерінің біріне кеткіңіз келмеді ме?

– Менде бұдан басқа таңдау болған жоқ. Себебі, Ресей – менің екінші отаным. Өмірімнің ең қызықты сәттерін осы елде өткіздім. Өмір көрдім, тәжірибе жинадым.

Менің Ресейім – бұл орыс ғылымының, орыс мәдениетінің және қолданбалы математиканың әлемі.

D79EA12D-7216-4BC3-AA69-591F1D7DD40E_cx0_cy5_cw0_mw1024_mh1024_s– Сіздің орныңызға келген Құрманбек Бакиев елден қашқанда саяси баспана ретінде Белоруссияны таңдады. Сіздің оған деген көзқарасыңыз өзгерді ме?  

– Жоқ. Өзгерген жоқ. Мұның саяси және басқа да себептері бар. Ол Белоруське бекер кеткен жоқ. Лукашенконың өзі Бакиевті рухтас, саясаттағы ұстанымдары бір, билікке деген көзқарастары ұқсас адам ретінде атаған. Оның Белорусьті таңдағаны да содан.

– Қырғызстанда Ресей президенті Путиннің рейтингі өте жоғары екен. Мұны немен түсіндірер едіңіз?
– Бұл – заңдылық әрі әділетті рейтинг дер едім. Себебі, Владимир Владимирұлы – мықты, тәжірибелі саясаткер.  Оны жоғары бағалаған жерлестерімді жақсы түсінемін.

Путин Ресейдің егемендігін ерекше қорғайды, қырғыздар өз кезегінде өз президентінен Қырғызстан мүддесін дәл Путин сияқты қорғауын қалайды. Сосын қазіргі Қырғызстан экономикасы ауыр халде. Көпшілік «елдің дамуына Ресей ықпал етеді» деген сенімде.

Путиннің Қырғызстандағы рейтингісінің жоғары болуына бір жағынан осы жағдай ықпал етіп отыр.

– Украина, Белорусь, Молдовада әрі кетсе екі таңдау бар. Ол – Еуроодақ немесе Ресей. Ал Қырғызстанда қалай? Азия құрлығында орналасқан мемлекет ретінде сіздерге Қытай да қызығушылық танытуы мүмкін ғой?

– Мен украиндықтарды жақсы білемін. Балтық елдерін қоспағанда, қазіргі Украинаның бағыты халықтың емес, саяси элитаның таңдауы.

1991 жылғы референдумда КСРО халқының көп бөлігі Кеңес Одағын сақтап қалуға дауыс берді. Яғни, Ресейдің жағына қарай таңдау жасады.

Қырғызстанның алдында мұндай таңдау тұрған жоқ. Біздің тарихымыз екі ұлы держава – Ресей және Қытаймен тығыз байланысты.

Жалпы соңғы 200 жылда біз Ресеймен бірге болдық. Атаке Баатыр деген атақты әмірші болған. Міне, сол Баатыр Екатерина патшайымға Ресейдің құрамына қосылу үшін өзінің елшілерін жібереді. Ол тұстары қырғыз билігі әр тұстан анталаған жаудың шабуылдарынан әбден әлсіреген болатын. 2015 жылы Екатерина патшайымның Баатыр әмірші жіберген елшілерді барша салтанатпен қабылдағанына 230 жыл толды. Ол тұстары Ресей орыс-түрік соғысымен басы қатып, Орта Азияға көңіл аударатын жағдайда емес-тұғын. Алайда 80 жыл өткесін Қырғызстан өз еркімен, қайталап айтайын, өз еркімен Ресей империясының құрамына қосылады.

– Сарапшылар сізді және Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичті жиі салыстырады. Екеуіңіз де әзіргі күні Ресейде тұрасыздар…

KMO_063026_00115_1_t210_232116– Менің білуімше, Янукович алаңға шыққан халыққа «оқ атыңдар!» деген бұйрық берген жоқ. Майданды ұйымдастырған азаматтар отқа май тамызу үшін өздері оқ атты. Януковичтің ең басты қателігі, билікті қолдан бере салған меморандумға қол қойып қойды.

Ал менімен оны салыстырмаңыздар! Арамызда ешқандай ұқсастық жоқ. Екеуміз екі әлемнің адамымыз. Мен – ғылымның, ғылыми ортаның адамымын. Янукович шенеуніктер әулетінен шыққан.

–  Қырымды аннекциялап, Украинаның шығысына басып кіргеннен кейін сіздің Ресейге қатысты көзқарасыңыз өзгерді ме?

– Өзгерсе де оң бағытқа қарай өзгерді. Түсіндіре кетейін. Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуалға президент Порошенко бастаған қазіргі Украина билігінің өзі кінәлі. Олар өз халқына қарсы соғыс ашты.

– Ал Қырым ше?

– Қырым дейсіз бе? Қырым – Ресейдікі. Әлемдік тарихты, Ресей мемлекетінің тарихын жақсы білетін адам сізге осылай айтады. Қырым – ұлы Екатерина патшаның жобасы. Демек, Ресейдің жобасы.

Хрущевтің Қырымды Украина құрамына қосу туралы шешімі КСРО-ның Конституциясына сай жасалған жоқ.

Егер әзір Уинстон Черчилль мен Рузвельт тіріліп келсе, олар Қырымның орысқа тиесілі екендігін айтар еді. Черчилль сонымен қатар Севастопольді орыс қаласы деп атаған.

–  Сіз президент кезіңізде америкалық әскери күштерді Қырғызстан территориясында орналастыруға келісім бердіңіз. Бірақ кейін, АҚШ-ты «қырғыз жерінде революция жасады» деп айыптадыңыз. Қырғызстан мен Америка Құрама Штаттарының қазіргі қарым-қатынасына қандай баға бересіз?

– 2001 жылы НАТО-ның әуе күштерін орналастыруға келісім бердім және бұл дұрыс шешім болды. АҚШ ол тұстары халықаралық антитеррористік коалицияның басында тұрды.

Ол кез Қырғызстанға Ауғанстан территориясындағы лаңкестерден қауіп төніп тұрған кез еді…

Шыны керек, ол тұстары біз бәріміз де Американың ниеті адал деп ойлайтынбыз. АҚШ-тың Орта Азия елдерінде демократиялық құндылықтарды орнатпақ ұмтылысына сенетін едік. Бірақ, бүгінгі заманда күллі әлем демократияның «америкалық үлгісі» қандай болатынын және оның арты қандай трагедияға алып келетінін өз көзімен көрді.

Айталық, Иракты алайық. Бұл елдің ішкі-сыртқы саясатына Америка араласқан соң хаос басталды. Қазіргі Ирак жер бетінен жоғалудың алдында тұр. Уақыт өте келе Ливия, Сирия, Ауғанстан да әлем картасынан өшеді.

Американдықтар демократиямен айналысқан барлық аймақтарда атыс-шабыс, көтеріліс болады, хаос басталады. «Түрлі түсті революция» болған мемлекет өркениет көшінен қалып, бірнеше ғасырға кері шегінеді.

Украинаны алып қарайық. Қазір бұл елде азаматтық соғыс жүріп жатыр. Бір кездері, бұл ел КСРО-ның ең қуатты елдерінің бірі еді. Оның ғылыми-техникалық потенциалына күллі әлем қызығатын. Қазіргі жағдайы қалай?

Грузиядағы ахуал да сондай. Өз басым Қырғызстан мен АҚШ-тың арасындағы жағдай жақсара түседі деп ойламаймын.

– «Орыс тілін – туған тілім» деп айта алар ма едіңіз?
– Әрине. Мен – ғылымның адамымын. Ғылым туралы ойлағанда орысша ойлаймын. Рас, қырғызша да ойлаймын. Қырғызстан президенті болғанда мен орыс тілін насихаттадым, орыс тілі ресми тіл ретінде бекітілді. Иә, ұлтшылдар тарапынан сынға ұшырағаным рас.

Ресейде білім алып жатқан қырғыз жастары осындай шешім қабылдағаным үшін талай рет алғыс айтқан. Олар орыс тілін жақсы біледі. Орыс тілін біле отыра, кез келген жағдайда, кез келген салада бәсекеге түсе аларын жақсы түсінеді.

– Отаныңызға оралатын ойыңыз бар ма? Қырғыз билігімен осы туралы сөйлестіңіз бе?
– Сөйлестім. Бірақ, елге қайтқанның өзінде қырғыз билігі менің қауіпсіздігіме кепілдік бере аларына сенбеймін. Қырғызстан осыдан он жыл бұрын құқықтық мемлекет деген атауынан айырылған. Осы уақыттың аралығында билікке келген Бакиев, Отунбаева, Атамбаев – барлығы да революцияның көшбасшылары. 2005 жылғы мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырған да осы үшеуі.

– Сіздің президент құрдастарыңыз көп. Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко 20 жылдан аса билік құрып келеді. Бұрынғы президент ретінде айталық, Лукашенкоға қандай кеңес берер едіңіз?

– Лукашенко кеңеске мұқтаж емес. Ол – көреген президент. Егер ұзақ билік құрған президенттерді халқы сүйетін болса және орнында қалғанын қалайтын болса, оларға кетудің не қажеті бар?

Аударған, Думан Танабасов

Пікірлер

пікір