008

«Қазақша үйренемін» деген қай шенеунік уәдесінде тұрды?

«Қазақша үйренуге сөз беремін». «Жиын-шарларда қазақша сөйлейтін боламын». Ақышев, Сүлейменов одан берідегі Әбілқасымова сияқтылардың берген уәдесі бұл. Күлкілі.

Қазақша сөйлеуге, қазақша үйренуге уəде бергенінің өзі күлкілі.


Осы күнге дейін керек етпеген қазақ тілі енді есіне түсіпті олардың. Осы уақытқа дейін керек етпеген қазақ тілін енді ғана үйренбек екен.

Жарайды, Мәсімов болса бір жөн. Тоқаев болса да түсінейік. “Миымды ауыстырыңдар, әйтпесе қазақ тілін үйрене алмаймын” деген Ыдырысовты да түсінуге тырысайық. Сағадиевті де осы санатқа қосайық. 

Тәуелсіздік тұсында ер жеткен ілгерідегі Ақышев, Сүлейменов пен Әбілқасымованың тіл білмеуін кешіруге бола ма, бірақ? 

Құдай біледі, үйренбейді. Осы кеткені кеткен. Алда-жалда мемлекеттік тілдің мəртебесі шын көтеріліп жағдай өзгермесе өмір бойы осылай өтеді. 

«Қазақша сөйлейтін боламын» дегені біздіңше, міндетсіну. «Сіздер сұрағаннан кейін, мен үйреніп көрейін» деген түрі.

Бұлардың қазақша сөйлегенінен, қазақша үйренгенінен келіп-кетері жоқ бізге. Өзі үшін үйренбейді өйткені.

«Бұл менің тілім, оны білмеуім ұят, сөйлемеуім, тіпті, сорақы» деген түсінік болса, айтқызбай-ақ əлдеқашан үйренер еді, игерер еді.

Туған тілімен қайта қауышқандардың түсінігінде төңкеріс болады, негізінде. Өмірге қайта келгенде күй кешеді. Ондай көрген жоқпыз, өкініштісі…  

Шенеуніктер үшін уəделердің ішіндегі ең жеңілі — қазақша үйрену. Орындалмайтын уәде  – бұл.

Сағынтаев үкіметіндегі бірнеше министрден бастап өңірдегі əкімдердің бірқатары мемлекеттік тілді меңгерем деп уəде берген. Орындады ма уәдесін? Ұмытып кетті.

«Сен неге тіл білмейсің?» деп ешкім кеңірдектен алмайды, ешкім жұмыстан қумайды өйткені. Қазақ тілін білмейтіндер үшін біздің елде барынша кеңшілік жасалған.  

 Досаевтың немесе Ақышевтың қазақша сөйлегенін естіп пе едік, айталық? Естігенбіз, бірақ бұл қазақша емес. Соның сықпыты ғана.

«Салеметсіздер ме!», «Руксат етиниздер!»,  «Куттыктаймын!» немесе «бәріне түсінікті болу үшін…» деу аса қиын да емес.

«Қазақпен қазақтың қазақша сөйлесуі» алдымен биліктен басталуы керек еді.

Назарбаевтың сөзі жоғарыда жүргендерге қатысы жоқ па әлде? 

Сағынтаев үкіметі Назарбаевтың кешегі сөзін нақты қаперге алды деп сенейік. 

Думан БЫҚАЙ

Пікірлер

пікір