008

Ардақ  Нұрғазы: Мен саған ғашық емеспін

1999 жылы «Батыстан бұлт шықса, Шығыстан жел тұрады» атты романның алғашқы нұсқасын аяқтағанмын. Шығарманың 13 тарауы 2000 — 2002 жылдары Қытайдағы «Тарбағатай» журналының бірнеше санында жарық көрді. Роман толықтай постмодернистік эстетиканың ұстанымы негізінде жазылған. Бір текті уақыттағы көп түрлі кеңістікті әйгілеу, ықпалдастық пен ашықтықты қамтамасыз ету, уақыт болмысында заман мен адам писхологиясындағы иірімдердің негізін анықтау көзге ұсталған болатын.

Шығыс Түркістанның күрделі мәдени, тарихи, саяси географиясының ішкі қайшылықтары мен оның көрінісін ұстап қалуды мақсат еткен едім. Қоғам мен адамның рухани тұрақсыздығының (жындануының) себебі бір арнада жататыны белгілі. Шығарма Құлжа – Орталық Азияның тарихында өзіндік орыны бар осы қалада өмір сүрген жастардың басынан кешкен тарихи оқиғаларды негізгі желі ете отырып жазылды. Арада жиырма жылдай уақыт өткенде қарап отырсам, әлгіндей қоғамдық тұрақсыздық – жындану факторы Бүгінгі Шығыс Түркістанға ғана емес, одан да үлкен кеңістікте көрініс бере бастағандай сезіледі.

Төменде оқырман назарына романның жалпы эстетикалық ерекшелігін көрсететін бір үзігін (A,B) ұсынып отырмын.

Автор.

 

 

A

 Құлжада Балқашқа еріп «Қытай базарды» екі айналып шыққанда Мұраттың ойына кенеттен «нұрлы болашақ» деген сөз сап ете түсті. Ол ары ойланды, бері ойланды. Сонда да осы сөздің кімнің аузынан шыққанын есіне түсіре алмады. Әйтеуір көз алдынан нұрлы шуақ төгілген, гүлдей жайнаған әлдекімнің жүзі елестеп өтті де, ой-санасын астаң-кестең етіп қойды. Ол сонда да көз алдында елбеңдеген бейнеден жанарын тайдырмай, кірпік қақпастан қарады да тұрды. Өзіне өзі күбірлеп:

–       Мынауың сайтан емес, маймыл ғой, –деді.

–       Кім саған сайтан деп тұр, бұл маймыл, – деді қасында тұраған Балқаш.

Мұрат қадала қарап тұрған маймылдардан көзін тайдырып, қасында тұрған жолдасына жүзін бұрды.

–       Дұрыс айтасың, бұл маймыл емес, бірақ, менің айтайын дегенім…

Балқаш пен Мұрат көше кезіп әбден шаршап, қаланың орталық алаңында жаңа тұрғызылған бұтхананың қасына келгенде олардың жолын алаңда маймыл ойнатқан біреу кесті. Әуелде зыр жүгіріп жүрген маймылдарды қоралап тамашалап тұрған жұрт ол екеуінің назарын бұра қоймаған еді. Кенеттен «шарт!» еткен бишік даусы ғана олардың миын зырқ еткізді. Оған маймыл ойнатқан қытайдың ақыру аралас зекірген, тіпті, маршқа ұқсас бұйрықты дауыс оларды қол бұлғап шақырғандай тартты. Ол дауыс ұрсып жатқандай естілетін еді. Екеуі кінәлі адамдай бастарын төмен салбыратып, маймылдарды тамашалап тұрған адамдардың қатарына үнсіз қосыла кетті. Қоршаған жұрттың ортасында мойнындағы темір шығырықтан байланған, қушиған арық, қызыл бөксе үш маймыл қатар түзеп тік тұр. Иілген артқы тірсектері дір-дір етіп, қолдарын шығырыққа байлаулы жіптен алмастан айналасына жалтақ-жалтақ қарайды. Маймылдың мойынындағы шығырыққа байланған жуан арқанның бір ұшы қамшы ұстаған, селеу мұрты тікірейген адамның қолында жүр. Қамшы әр рет «шарт!» еткенде маймылдар «шақ!» еткен дауыс шығарып, тоңқалаң асып, секіріп, иесін айналып безек қағады. Бір қолымен жер тіреп, енді бір қолымен алқымынан алған арқаннан ұстап қолды-аяққа тұрмай жүгірген маймылға иесі әлденені айтып ақырды, қамшымен тиер-тимес етіп тартып жіберді. Жыландай ысқырған қамшыдан шиыршық атқан маймыл «баж» етіп жылаған сәбидей дауыс шығарып, безек қақты. Қалған екі маймыл да «шақ-шақ» етіп, қызыл көздерін үміт пен үрей аралас жыпылықтатып, көтерілген бишіктен көз алмай селк-селк етеді. Шырқырап келіп қосылған қандасының жанұшырған даусынан олар да тым-тырақай қашып, ұлардай шулап кетті. Қалған екі маймылға да қамшы тиді. Зыр жүгірген маймылдың біреуі атылып барып қамшы үйірген қожайынының бас киімін қағып түсірді. Өзінше қарсылық көрсеткені. Оған иесі ренжи қоған жоқ. Қайта, одан ары көңілдене түсті. Түсініксіз тілде міңгірлеп, қамшысын шарт  еткізіп қойып, жерде жатқан бас киімін қолына алды. Айнала жұрт қызыққа тоймай,  езуін жия алмай тұр.  Әсіресе балалар қарық. Үлкендер кедергі болмаса, олар тіптен асыр салған маймылдардың қатарына барып қосыла кеткісі бар. Шартылдаған қамшы үні құлақтарының құрышын қандырып, қызықтыра түскендей. Әжесінің қасында тұрған кішкентай қыз бала қолына ұстаған тәттісін өзіне жақын келген маймылдардың біреуіне лақтырып жіберді. Әжесі оған «тыныш тұр, ол сен берген тамақты жемейді» деді. «Ол неге жемейді?» деп сұрады қызықтаған бала  әжесінен. Әжесі оған «ол банан берсең де жемейді, өйткені, ол панда емес, бамбук та жемейді. Оларға қожайын тәтті мен банан жеуді үйретпеген, қамшы жеуді ғана үйреткен» деді. Шарт еткен қамшы дауысынан соң, маймылдар тағы да қатарға тұра қалды. Шетте тұрған маймылдың бірі жапақ-жапақ етіп, екі қолымен бетін басып, әлдекімнен тілек тілегендей бетін сипады. Тағы бір маймыл көтерілген қамшыға бір, қырма сақалды еркектің мойнында отырып, қолын аспанға шошайтқан баланың саусақтарына бір қарайды. Үшінші маймыл мелшиіп, қыбырсыз тұр. Бірде оның көзі Мұраттың көзімен түйілісе кетті. Мұрат селт етіп, шошып қалды. Ол қыбырсыз тұрған маймылдың жанарында секеңдеп, маймылдармен бірге шолтаңдап жүрген өзін көрді. Маймылдар үшеу емес, төртеу, тіпті одан да көп сияқты. Олардың санын білу мүмкін еместей. Мұрат ары қарады, бері қарады. Олардың арасынан Балқашты көре алмады.  Ал өзі арқанмен қосақталып маталған маймылы бар, адамы бар үлкен топтың ортасында жүр.  Құлағына шарт-шұрт еткен үн естіледі. Алайда, ол бала кезінде ойнайтын қуаныштан атқан торсылдақтың даусы емес. Дегенмен, оның бойында қорқыныш та, қорлану да, зәбірлену де, тіпті, ойлану да, зәредей қарсылық та жоқ. Қайта құлақтан кіріп бойды алған тәтті әуеннің құшағында оса тиген қамшының ырғағында бар пейілімен, құшырлана билеп жүрген сияқты. Ол қамшы тиген сайын биді табанын шоққа қарып алған адамдай қарғып-шоршып билейді. Мұрат табанының удай ашып тұрғанын сезді. Ол маймылдардың неліктен бір жерде тоқтай алмай, безек қағатынын енді түсінді. Оның маймылдарға ұқсап секіріп, шоршып, тоңқалаң асқысы, табанын жерге тигізбей жүгіріп кеткісі келді. Мұрат қасында тұрған Балқашқа тағы қарады.

–       Маған неге қарай береді?

–       Кім?

–       Ана, маймыл.

–Ол саған қарап тұрған жоқ. Бәрімізге қарап тұр.

–       Ол бізді танып тұр.

–       Кімді танып тұр?

–       Ол жаны ашып, бізге қарап тұр.

–       Оның неге бізге жаны ашиды?

–       Білмеймін.

–       Менің де жаным ашып тұр.

–       Кімге жаның ашып тұр?

– Білмеймін, мүмкін, өзіме жаным ашып тұрған шығар.

–       Менің шоршығым, секіргім, тоңқалаң асқым келеді, – деді Балқаш аузын досының құлағына жақындатып, сыбырға жақын дауыспен, — бетім емес, табаным оттай қызып барады.

Мұраттың өңі қуқыл тартып өзгеріп кетті. Өзегіне өрт кеткендей болған ол досына әлденені айта қойғысы келді. Бірақ, тамағын кенеп, жұтынып, қанша тырысса да үн шығара алмады. Тек түкіруге ғана әзер шамасы келді. Ол «мүмкін, тіл-аузым байланып қалған шығар» деп ойлады. Мойнындағы темір шығырық қысып, қылқындырып әкетіп бара жатқандай сезілді. Әл-дәрмені кетіп, демі үзіліп кетердей тынысы тарыла берді.

–       Рахаттанып тұрсың ғой, — деді Балқаш досының тершіген маңдайына қарап, — жүзің бал-бұл жанып тұр.

—      Көңілім біртүрлі болып тұр, — деді Мұрат.

—      Неге?

—      Мына маймыл неге маған қарай береді?

—      Ол танып тұр.

—      Ол мені танып тұрған сияқты.

—      Ол інісін, болмаса әкесін көргендей әсерленіп тұрған сияқты. Байқадың ба, алақанын жайып, бетін сылап, дұға қылып, бізге бата беріп тұр.

—      Ол неге маған қарап қалшияды? — деді Мұрат.

—      Ол екеуімізді «қайдан көрдім» деп тұр ғой деймін.

—      Оның көзінен бірдеңе байқадың ба? Мен оның жанарынан таныс біреуді көрген сияқтымын. Серік, немесе Құмар ма, әлде Ақтан мұғалім бе, олар онда неғылып жүр, мен тағы біреулерді көрген сияқтымын.

—      Сен өзіңді көрдің, солай ма?

—               Дәл айттың, ой тоба, сен оны қалай біліп қойдың, мен де аналармен бірге жүрмін…..   ана маймыл қамшы тиіп зыр жүгірген сайын неге маған тесіле қарай береді? Ол неге жүгіре береді? Ой тоба,  мен бе, мен түс көріп тұрған шығармын.

—      Жоқ, бәріміз түс көріп тұрмыз. Біз маймылмен түсімізде жолықтық ау деймін.

—      Мен өңімде де көргенмін. Мойнындағы шығыршықтан байланған арқаны бар маймыл екеуміз тастақты, тар, қараңғы көшені  бойлап жанұшыра зытқанбыз. Әлі есімде, онда менің де мойнымда темір шығырыққа байлаулы арқан бар болатын. Мен оны шынында танып тұрмын. Мені оята көрме. Менің ұйқыдан оянғым келмейді. Менің маймыл сияқты болғым келмейді, менің оянғым келмейді, Балқаш, түсіндің бе, мені оята көрме.

—      Алаңсыз бол, сені оятпаймын, — деген Балқаш досының иығына қолын қойып, басу айтқан болды, — біз не істесек те оянбайық.

—      Мені оята көрме…

Мұрат осы әлетте өзінің оянбайтынына сене алмады. Қамшыдан безектеп жүрген маймыл түсімнен сүйреп шығарады-ау деп састы. Өйткені ол университеттің моншасынан шыққан сәтте босағадан көрген екі адамды қарсыда, маймылдарды тамашалап тұрған жұрттың ішінен көріп қалды. Олар сол күнгі бейнесінен бір мысқал өзгермепті. Қара түсті кәстөм-шалбар киіп, қара көзілдірік таққан. Қысқа шаштарын жылтыратып артқа қайыра тарап алыпты. Екеуі де сидиған арық, бір-бірінен айырғысыз, тіпті, бір адам ба деп қалатындайсың. Екеуі де тастамайтын сағыздарын қазір де тынымсыз шайнап, тамаша көрген жұрттың арасында тұр.

Маймыл ойнатушы екі маймылды айрылмастай етіп қосақтады да, үшінші маймылды жібінен босатып, оған мыс табақ ұстатты. Өзі қамшысын тастап, мыс табақтан біреуін көтеріп, айнала тұрған жұрттың алдына барып ыждағатпен қол қусырып, күлімсірей тұрып, «сапарға шыққанда досқа сүйенеміз. Аз болса, аз, көп болса, көп демейміз» деп мыс табағын көлденең тартып, ақша сұрауға кірісті. Жібін шұбатқан маймыл да тірсектері дірілдеп, жалтақ-жалтақ қарап қойып, мыс табақты төбесіне көтеріп, қожайынына ұқсап аралай бастады. Жұрт  табаққа бес-он тиыннан ақша тастады. Жомарттығы ұстағандар, тіпті, бірнеше сом ақша да салды. Ақша шығарғысы келмегендер ойын аяқталды деп жылыстап кете бастады. Жеті-сегіз жастардағы ер баланы қолынан жетектеген көзілдірікті қартаң еркек «көшенің ойыны деген осы, көрейік деп тұрып алып едің, енді кетейік» деп баласын ертіп, кері бұрыла бастады. Жиылған жұрттың тарай бастағанын көрген маймыл ойнатушы азғантай кесек ақша түскен мыс табақты жере қоя салып, жерде жатқан қамшыны қайтадан қолын алып, бірнеше мәрте ысқырта сермеп жіберіп, «халайық, тарамаңыздар, маймылдар сіздерге жаңа өнерлерін көрсетеді, соны тамашалаңыздар, тарамаңыздар», — деп дауыстады. Табақ көтерген маймылды жібінен ұстап өзіне тартып, әлдене деп ақырып, бірнеше қамшы шықпыртып жіберді. «Қараңдар, ағайындар, көріңіздер» деді маймыл ойнатушы жарқын дауыспен. Маймыл орнында тұрып секіріп, тоңқалаң аса бастады. Жұрт бұл көрініске қайта жиналды.

Мұрат алдына келіп өзіне табақ тосып тұрған адамды тани кетті. Ол әлгінде сағыз шайнап тұрған адамның біреуі еді. Қара көзілдірігін алмаса да Мұратқа тесіле қарап тұрғаны аңғарылады. Жүзінде күлкі де, күңірену де жоқ. Бейне мәйіттің өңі сияқты сұп-сұры. Мұрат шалбарының қалтасына қол жүгіртіп, тиын-тебен іздеді. Бірақ, оның саусақтары қалай қарманса да ештеңені іліктіре алған жоқ. Мыс табаққа қасында тұрған Балқаш әбден тозып, түте-түтесі шыққан елу тиындық ақшаны салғанан кейін ғана ол тыныштала қалды. Қара көзілдірікті табаққа түскен ақшаға көз қырын да салған жоқ. Ол, тіпті, Мұратқа емес, әлдебір алысқа қарап тұрған адам сияқты көрінеді. Енді ол табағын көтеріп келесі адамға қарай жылжыды.

—      Мен оны танып тұрмын, — деді Мұрат демін ішіне тартып күбірлеп.

—      Кімді айтасың, қытайды ма, маймылды ма? — деп Балқаш оған қарап қойды.

—      Ана мыс табақ көтергенді.

—      Ол маймыл ғой.

—      Жоқ, ол тіпті де маймыл емес, адам. Әлгінде қарсы жағымызда тұрған, біреуіне ақша бердік, енді біреуі қайда кетті, олар біздің ізімізбен жүр.

—      Сен не деп тұрсың, — деді Балқаш, досының бетіне қарап, — мен жаңа ғана адамға емес, маймылға елу тиын бердім.

—      Енді біреуі қайда, тапшы.

—      Қалған екі маймылды әлгінде қара киген екі адам жетектеп кетті. Оны қайтейін деп едің? Маймылын біреулер алып кеткенін мына байқұс байқаған да жоқ.

Алаңның қақ ортасында баяғы заманнан қалған мешіт тұратын. Оның маңдайшасындағы жазу әлдеқашан өшіп қалған. Соңғы бірнеше жылда мешіттің төбесіндегі жарты ай мен күмбез жоғалды. Азан шақыратын мұнарасы бір күні құлатылды да, кесектері жол таптағыш машинамен ұсатылды, сол орында цемент қосылып, бұтхананың алдындағы алаңға тұрғызылған мүсіннің тағаны етіп қайта құйылды. Сонымен мешіт бір күнде бұтхана болып шыға келді. Алаңға естіліп тұратын баяғыдағы азанның даусы өшіп қалғанымен, бұтханаға сонау Ыми тауынан  әкелінген он екі тонна тұратын алып қоңырау орнатылды. Енді айналаны сол даңғараның үні діріл қақтырып тұратын болды. Қаланың тарам-тарам жолдары түйісетін алаңда содан бастап алып мүсін менмұндалап тұратын болды. Ол мүсінде айдар-шашы желбіреген шүршіт қарсы алдына қабағын қарс түйіп, айбарлана қарап тұр.

Ойын біткен соң, жұрт тарай бастады. Жібін шұбатып тоңқалаң асқан маймыл да, мыс табақ көтерген адам да жоқ болып кетті. Әлгі жез қоңырау үш мәрте соғылған соң, әлде кімдер бұтханадан қызыл бояумен сырланған, айдаһардың, жолбарыстың суреті салынған ағаш табытты қаумалай көтеріп, мүсіннің алдына әкеліп қойды да, өздері қайтадан бұтханаға кіріп, көрінбей кетті. Қоңырау тағы да үш мәрте соғылды. Балқаш әлгі өзінен өзі қатуланып тұрған мүсінге қарап тұр. Оған мүсіндегі шүршіт қатуланып тұрғандай емес, ыржия күліп тұрғандай сезілді. Мүсіннің ұзын айдарына байланған екі маймыл тоғайда сайран салып жүрген көп маймылды елестетті. Маймылдар бірде қарғып мүсіннің иығына шығады, бірде төбесіне отырып алады. Бір маймыл әлде кім лақтырған бананның біреуін алып өрмелеп барады. Мүсіннің төбесінде отырған маймыл қолтығын қасып, бит қарап отыр, айналасына, төменде құжынап жатқан жұртқа бей-жай ғана қарап қояды. Балқаш жай басып, анадайда табыт ағаштың қасында тұрған Мұраттың қасына барды. Мұрат ағаш табытқа зер сала қарап, сипап тұр. Қасына келген Балқашқа:

—      Мынау сом ағаштан жасалыпты, — деді.

—      Әлгіндегі маймылдар осында жүр, — деді Балқаш.

—      Қайдағы маймыл?

—      Әлгінде біреулер алып кеткен маймылдарды айтамын, оларды мүсінге байлап кетіпті.

—      Мына табыт қандай берік. Жасалғанына жүз елу, тіпті, одан да көп уақыт болған шығар. Оған біреу «мен жатамын» деп сонау ішкі қытайдан сүйретіп келіпті, бірақ, өзі жатпапты.

—      Сонда жүз елу жылдан бері бұл табытағаш бос тұрған ба?

—      Мүмкін, бос тұрған шығар, әлде біреу жатты ма екен?

—      Меніңше, мұндай табытағашқа бір адам емес, бір халық, тіпті, бірнеше халық та сыйып кетеді. Өйткені, ол мәңгілік тозбайтын, шағылмайтын етіп жасалады. Оған біреулер «өзім жатамын» деп алып, соңынан өзге  халықты тұтас салып жібереді.

—      Ол неліктен мәңгілік тозбайтын, шағылмайтын етіп жасалады екен деші? — деді Мұрат ағаш табытты сипап тұрып.

—      Өйткені, ол — табытағаш, өмірде екі нәрсе ғана мәңгілік болады, оның бірі — дарағашы, енді бірі — осы табытағаш.   Олар тозбайды, содан да оған бәрі сияды.

Мұрат назарын өзіне қарап тұрған адамға аударды. Табытағаштың аржағында әлгінде көрінбей кеткен қара көзілдірікті адам қарап тұр. Үнсіз, тек сағыз шайнауын ғана тоқтатқан. Бет пішіні қураған жапыраққа, тозған тамның реңіне ұқсайды. Өңінде өңменіңнен өтер сыз бар. Мұрат одан көзін тайдырып, табытағашты қайтадан мейірлене сипады. Табытағаштан тараған ызғар саусақтарын сорып, жүрегіне құйылғандай болды. Табытағаш бұлқынып жатыр.

—      Мұнда кім жатқанын білесіз бе? — деді әлгі адам жай дауыспен, табытағашты ол да сипады. Үні Мұратқа ерекше таныс сезілді, — мұнда менің досым жатыр.

—      Солай ма?

—      Иә, ол сіздің де досыңыз.

—      Менің бе?

—      Иә, сіздің.

—      Сонда қалай…

—      Айтпағыңыз, қашан өлді дейсіз ғой…

—      Иә…

—      Ол өлген жоқ, тірі, өлмейді де, сіз білуге тиіссіз.

—      Кім өлмеуге тиіс?

—      Досыңызды айтамын, ол өлмеуге тиіс, солай емес пе?

—      Солай ғой, бірақ…

—      Оны көргіңіз келе ме?

Мұрат табытағаштың бетінің еппен кейін ысырылғанын байқады. Ол табытағаштың ішіне үңілді. Табытағашта көзі жұмулы жатқан адам Мұрат үңілгенде кенет көзін ашып, оған жымия қарады. Мұрат табытта жатқан адамды бірден тани қойды. Ол әлгінде маймыл ойнатып жүрген еркек еді.

—      Не деп күбірлеп тұрсың? — деді Балқаш Мұраттың бетіне қарап.

—      Мынау тұтас ағаштан ойыла салыпты.

—      Оны әлгінде айттың ғой.

—      Мен өзімді моншада тұрғандай сезініп тұрмын.

—      Өйткені, жаңбыр жауып тұр. Дүние деген үлкен монша, оған адамдар жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді, — деді Балқаш досының құлағына сыбырлап.

Алаң сол баяғысындай құжынаған адамға толып, үнсіз мүлгіп тұр. Мұрат та мүлгуде. Оның қасында тұрған Балқаш қана айналасына жалтақтап, қарай береді…

 

B

Балқаш оқуын тоқтатып, естелігінің бетін жапты. Оның қасында, жер бетінен үш саржан төменде, дискотекада отырған қыз-жігіттер бір сәт үнсіз қалып еді. Балқаш оқуын тоқтатқан соң, қайтадан шайтандай шулап, сөйлеп кетті. Олар дәмханада отырса, немесе сыныпқа оқытушы кешігіп келсе, осылай шулайтын. Олар Балқашқа шығармаң үшін тартып жібер десіп, бірнеше тостаған шарапты артығымен жұтқызды. Отырғандардың ішінде Серік, Еділ, Мұрат өздерінің шығармадан ойып орын алатынын білетін. Олар Балқаштың бұрын да шығармаларында жазылған, бірақ, бүгінгідей жуасып қаламыз деп ойламаған еді. Десе де, оған бола Балқашқа өкпе артқандар болған жоқ. Билеп жүргенде Сәуле ғана Балқашқа өзін Құмардан бөлек жазуын айтты.

—      Неге? — деді Балқаш қызды шыр көбелек айналдырып тұрып, — Құмарды жақсы көрмейсің бе?

—      Жақсы көрмеймін, тіпті, оны иттің етінен жек көремін, мен онымен бірге болуды қаламаймын.

—      Бірақ, жалған жазуға болмайды, біріңнен-бірің айрыла алмайтындарыңды осындағы жұрттың бәрі біледі ғой?

—      Солай да шығар, бірақ, біз бір-бірімізді өлердей жек көреміз.

—      Ол сенің жеккөретініңді біле ме?

—      Неге білмейді?! Әбден біледі, мен білмей тұрып, ол бәрін біліп болған, ол бәрімізді ақымақ санайды, бірің қалмай оқудан қуыласыңдар, сонда мен бәріңнің соңыңнан кетемін, басқалар сияқты дарбазадан зәмбілде жатып шықпаймын, қайта, көрпе-жастығымды  арқалап өз аяғыммен кетемін дейді, оның есуастанғанына көп болды, ол өзін жындылармен оқып жүрмін деп біледі.

—      Оныкі дұрыс шығар.

—      Егер, оны жазсаң, мені оған қосушы болма.

—      Мен ешқашан жынды мен сауды айырып жазған емеспін.

—      Ендеше оны сауға айналдырып жібер, одан соң мені қосып қоярсың.

—      Оған келмейді, егер, мен солай деп жазсам, Құмардың саған қарамай қоюы әбден мүмкін.

—      Онда мен де оған қарамай қоямын, тіпті жақсы емес пе, біз содан айрылысып кетер едік, онсыз да сан айрылысып, сан рет қосылып жүр емеспіз бе?

—      Құмар оған көнбейді.

—      Неге?

—      Құмар қайта бас қосудан қорқады, ол қазірге дейін бір жүрген қызбен екінші рет қайтып жүріп көрген жоқ.

Жігіттің құшағында үгіліп кетердей тебіренетін қыпша бел Сәуленің жұртты жұтындырар жері қиылған қасы мен қатпары қалың қарақат көздері ұялаған қабағында. Екі жылдың алдында университет қақпасынан кірер-кірместен Сәуле Құмармен танысты. Ол бірінші курстың студенттерін қарсы алу сауық кеші еді. Олар алаңда, ашық аспан астында өткен кеште кездесті. Арада екі сағаттан кейін бірін-бірі сүйіп қалғандарына өздері де таң-тамаша қалғандай, араларынан қыл өтпейтін ғашықтар болып шыға келді. Жаңа қыздарды тұңғыш биге тартушы ретінде Құмар биге Сәулені шақырғанда оның әлденені күтіп атқалақтаған жүрегі дүрсілдеп, шу асаудай бұлқынды. Сыланып-таранып шыққан оның аққұба бетінің ұшына қызыл алау жүгіріп, еріндеріндегі далабы оттай жайнап, қадала қараған жандарға алыстан тамсандырып, аңсататын еді. Жігіттің еппен ұстаған жұмсақ алақанына ессіз асылған саусақтары қарысып қайыру бермей, жансызданып қалған. Бірақ, қыздың онысын елеген Құмар жоқ. Қызды көне танысындай көріп сыр ақтарды. Университетке келгеніне қуанатындығын, мұндағы оқытушылардың ешкімді жатсынбайтынын, сұлу қыздардың қашанда жолы болатындығын, көңіл көтеру үшін бұл ортаның жұмақ екенін, айнала толы бау-бақша, сейілдеуге болатын, тіпті, тастай қараңғы түнде қыдыруға да ешкім бөгет болмайтынын айтып, қызды сөзімен айрандай ұйытты. Музыка аяқталғанда Құмардың сөзі аяқталмай қалды. Содан Сәуле енді танысып, әлі үйір болмаған курстастарынан гөрі жаңа танысқан жігіттің қасында қалуды жөн санады. Кең алаңда, сеңдей соғылысқан жұрт арасында билеуге жаңа әуен күтіп тұрғанда олар осынау дүниеде өздерінің бар екенін шын сезінді. Айнала толы адам болса да жапан түзде екеуі ғана тұрғандай дел-сал күй кешті. Музыка оларды елжіретіп балбыраған күйге түсірді. Екеуінің жүрегінде сырғыған сазды ырғақ былайғы дүниенің уда-шу айғайын, құлақ құрышын қандырған музыканы бір шетке ысырып тастады. Құмар қызға жақындай түсіп бірдеңелер айтты. Сәуле олардың бірде-бірін толық ұққан жоқ. Әйтседе, бұл сөздер оған өте түсінікті еді. Сол күннен бастап Сәуле көзін жұмса болды, құлағының түбіндегі майда шаштарын жігіттің ыстық демі ұрып тұрғандай әсер етеді. Сондай кезде оның көз алдында көбелектер ойнай бастайды. Махаббат, міне, осылайша оған студент деген атпен бірге келді. Содан кейінгі жұмада курстастары оның жатақханаға жәй оралатынын білді. Одан жоғары курста оқитын жігітпен кездесіп жүргенін түсінді. Дегенмен, курстастарының бұл біліп қоюы бастамасы ғана еді. Келесі жылы тағы да студенттерді қарсы алу кешінде ол Құмармен тағы биледі. Олар былтырғыдай әсерлі сезімге тұншықпаса да бірін-бірі жақсы түсінетіндерін аңғарды. Университетке келген екі жылда Құмар өзінің сегіз қызбен жүргенін Сәулеге бұрын-ақ айтып берген. Бүгін олар Сәуленің осы жылы бес жігітпен жүргенін сөз етті. Құмар бәрі дұрыс болса, Сәуленің өзіне сөзсіз оза алатынына еш күмән келтірмейтінін де айтты.

—      Дегенмен, алда жүруіңе саған әлі мүмкіндік бар, — деді Сәуле жігіттің жүзіне күлімдей қарап, —   бүгін кешке-ақ жаңа қыздармен танысасың.

—      Біреу бола ма, әлде екеу болар ма екен?

—      Былтыр маған не деп едің, есіңде бар ма? Бұл университет жұмақ, қор қыздары түгел осында келеді, жігіт біткен «сен тұр, мен атайын» деген серілер деп көпіргенсің, бұларың шылғый өтірік екен, соларыңды жаңа келгендерге тағы айтпақсың ба?

—      Мен саған солай деп пе едім?! Не айтқаным есімде қалмапты, бірақ, мұны айтқаның жақсы болды, бұлардың бәрі мәңгілік тақырыптар, жазушылар таба алмай жүр, бұларды сен, болмаса өзім, Балқашқа айтып қойғанымыз жөн, жазушы болмақ қой, бұл жағын ол жақсы біледі, бір білсе, қадірін сол біледі.

—      Бірақ, ол айтқандарың түгелдей өтірік дедім ғой.

—      Сөзде өтірік болмайды, ауыздан шыққан екен, онда шындық сөзсіз болғаны, ең кемінде мен саған біздің мұнда махаббаттың арзан екенін, көп жапа шекпейтініңді айтыппын ғой, жаңа келгендер де махаббаттқа қарық болсын.

—      Бұларың маған қажет емес.

—      Екеумізге қажет болмағанымен, жаңа келгендерге қажет, бұларды оларға әйтеуір біреудің  айтуы керек қой.

—      Өзгелерді қойшы, өзің туралы айтпайсың ба?

—      Бірақ, бүгін түн өзгелерге өзімізді арнайтын түн, есіңнен шығып кетпесін, «халық үшін қызмет етемін» деген сөз бар, махаббатқа адал болмасақ та, уақытқа адал болуымыз керек қой.

—      Менің ешкімге адал болғым келмейді, алайда біреу мен үшін қиылып тұрса, ол да теріс болмас еді, бірақ, сен маған қызмет етуден бас тартып тұр емессің бе?

—      Мен саған адал-ақ қызмет етер едім, бірақ, бұларды саған былтыр айтып тастағанмын.

—      Ендеше соларды қайталап айт.

—      Бұл мүмкін емес, сен олардың жалған екенін біліп қойдың, оны сенбейтін адамның естуіне болмайды.

—      Онда мен нені естісем болады?

—      Оны мен қайдан білейін, мүмкін, келер жылы осы уақытта өзің айтарсың, жүрген жігіттерің маған ұқсап, онға жеткенде не естігеніңді өзің де білетін боласың.

—      Егер, мынау уда-шу айқайдан оңаша кетейікші десең, мен қарсы болмас едім.

—      Бірақ, ол жақта мен іздеген жас қыздар жоқ, оларсыз мен ештеңе істей алмаймын, бүгін түн сөзсіз олардың бір-екеуімен танысуым керек, әне, анау қыз әлдекімді күтіп тұрғанға ұқсайды, өңі әдемі екен, кешір, әңгімеміз осымен аяқталсын, қалғанын кейін айтысармыз, менің ана жаққа баруым керек.

Олар музыка аяқталмай жатып биді тоқтатты да, Құмар қалың адамның арасына сайтандай сүңгіп жоқ болды. Жұрт билеп жатыр. Сәуле бір мезет қай жаққа беттерін білмей, орнында тұрып қалды. Ол жан-жағына жалтақтап, билемей сыртта қарап тұрғандардың арасынан өзіне таныс іздей бастады. Бірақ, ешкімді кезіктіре алмады. Жаңа келгендер болмаса, өзгелер әлдеқашан екі-екіден жұптасып, бұл арадан тайып тұрғаны белгілі.

—      Ақымақ! — деді Сәуле өкпесін жасыра алмай, Құмар кеткен жаққа бір қарап қойып, — олай болса, көп өтпей-ақ шынымен мен сенен асып түсермін.

Музыка толастап, билеп жүргендер алаңнан шегінгенде, Сәуле де солармен бірге алаң шетіне барып тұрды. Оған таныстары сонда да кездесе қоймады. Оның ақ жібектен тігілген, сүйріктей сүйкімді бойына құп жарасқан, етегі жер сызған көйлегі билеп жүрсе де, болмаса қарауытқан ағаш арасындағы орындықтарда біреумен отырса да әдемі көрінуге тиіс. Ендеше, бүгінгі түні билегені жетті, енді билемейді. Осымен доғарып, бұл ортадан аулақ әкетсе, ол кімге болса да ренжімес еді. Дегенмен, жалғыз кетуіне болмайды, оқу орнының ішінде ағаш арасын қуалаған тарам-тарам жолдар бар, мынадай айлы кеште, жұлдыз жамыраған түнде мәуелі ағаш арасында жалғыз жүру дегенің азап. Сәуле бұл жолдармен түнде жалғыз жүріп көрген емес. Жалғыз қалуға әсте болмайды. Көлеңкең болса да, бірдеменің серік болғаны жөн, бірақ, түнде ағаш арасында көлеңкең ес болмайды. Жұрт билеп жатыр. Құмар да Сәуленің алдынан бірнеше мәрте өтті. Ол құшағына алған қыз уылжып, айналасына шаттана шалқып қарайды, мағынасыз күле береді. Құмар бар назарын құшағындағы қызға аударған, өзінен сәл аласалау оған бірдеңені тынбай айтып жүр.

—      Кешіріңіз, сізбен билеуге бола ма? — деп әлдекім Сәуленің қарсы алдына келіп тұра қалды.

Күндіздей жарқыраған шырақ нұрының астында Сәуле өзіне жасқанбай қараған жігітті көрді. Киген киімі Сәулеге бірден ұнаған жоқ. Содан-ақ ол  қарсысында тұрған адамның бұл ортаға жаңа келген адам екенін сезе қойды. Жігіттің әсерлі әрі жағымды даусы оны өзіне тартты.

—      Билесек, билейік, — деді Сәуле.

Олар биге қосылып, топтың ортасына еніп кете берді. Жігіттің аяқ алысы өзіне қарағанда жатық екенін аңғарды. Екеуінің бойлары да шамалас. Жанарлары түйісе берді. Сәуле өзіне кірпік қақпастан қараған жанардан бұрынғы таныстарын іздеді. Сәуле жігіттердің өзінен сәл-пәл биік келуіне, өзіне аңсаулы жанармен қараған қара, қоңыр, шегір көздердің біріне қарағысы келсе, біріне қарамауға, өзгенің өзіне еміне қараған қарасын байқамағандай елеусіз қалдыруға үйренген еді. Бұл жолы олай істеуіне болмады.

—      Сізді бұрын көрмеген екенмін, — деді жігіт.

—      Мен де сені көрмеген сияқтымын, — деді Сәуле.

—      Мені көрмейтін жөніңіз бар, мен университетке енді келіп тұрмын ғой.

—      Сен бірінші курстансың ба?

—      Иә, жаңа студентпін, химия, болмаса физика оқитын шығармын, әдебиет болса да бола береді.

—      Сонда не, қандай мамандық оқитыныңды өзің де білмейсің бе?

—      Мені математика мамандығына қабылдапты, олар маған келгенде жаңылып қалған, мені сөзсіз басқа мамандыққа ауыстыратын болады.

—      Неге?

—      Орта мектепте мұғалім сабағыма 4 пен 5 деп баға қойғанда, тек математика сабағыма ғана 2 деген баға қойған. Мен жоғары оқу орнының сынағынан да дәл сол 2 деген баға алдым.

—      Олар сені математика мамандығына қабылдап па?

—      Олар мені бірінші етіп қабылдаған түрі бар, журналдан оқытушы атымды бірінші болып шақырды.

—      Мамандық ауыстыру туралы талап етсең болады.

—      Олар маған «математикадан жоғары баға алып көрмедім» деп өтініш жаз, содан кейін мамандығыңды алмастырамыз дейді.

—      Онда жазбайсың ба?

—      Жынды болмасам, неге жазамын?! 2 деген баға алу қылмыс емес қой, олар сол қылмысты маған арқала дейді.

—      Онда мамандығыңды ауыстыра алмайсың.

—      Қай күні ауыстырғанша оқи беремін, олар бәрібір мені ауыстырады.

—      Олар сені ауыстырмай-ақ университеттен қуып жібереді.

—      Неге?

—      Себебі, сен сынақта сүріне бересің ғой.

—      Олар менің бұл мамандықта 2-ден жоғары баға алып көрмегенімді біліп тұрса, неге қуады?

—      Унверситетте 2 деген баға қойылмайтыны сияқты, 5 деген баға да қойылмайды, бірақ, жұрттың бәрі 3 алып, алшаңдай басады, ал сен 2 аласың ғой, олар сені екіленбей-ақ қуып жібереді.

—      Мен бәрібір өтініш жазбаймын.

—      Онда оқытушыға өзіңнің 3 алатыныңды білдіруің керек.

—      Бірақ, мен өзімнің 3 ала алмайтынымды жақсы білемін.

—      Алайда, оны оқытушы білмейді ғой, мұнда кімнің болса да 3 деген баға алуына болады, олар саған да сол бағаны бере салады.

—      Бұнысы жақсы екен, мен осындай оқу орнын жақсы көремін.

—      Қалайда 3 деген баға аламын деуің керек.

—      Мен әсте 4 аламын демеймін, 3 аламын.

—      Онда 3 аласың.

Сәуле билеп жүрген жігітті бақытты санады. Ол зерек, зеректігімен қоймай, алғыр екен. Өмірде жаңа бір есікті ашқан кезде кездесетін сөзсіз білуге тиісті теореманы тез-ақ біліп алды. Билегенде алғашқы қадамын қалай сәтті алса, бұл қадамын да сондай жатық басты. Сәуле жігітті ұнатып қалғанын аңғарды. Сол сәтте музыка толастады да, олар алаңның шетіне барып тұрды.

—      Атыңды сұрамаппын ғой? — деді Сәуле қасында тұрған жігітке бұрылып әлденені есіне салғандай.

—      Еділ, сіздің атыңыз?

—      Сәуле.

—      Атыңыз әдемі екен.

—      Рахмет,

—      Анау сіздің жігітіңіз бе? — деді Еділ алаңның қарсы жағын иегімен нұсқап.

Сәуле қарсы жақтан Құмарды көрді. Ол әлгіндегі қызбен тұр. Олар өте тату, бірін-бірі ежелден білетін адамдар сияқты, мына би кеші де тіпті бір солар үшін өткізіліп жатқандай. Екеуінің музыканың басталуын сабырсыздана күтіп тұрғаны байқалады.

—      Ол менің жігітім емес.

—      Мен жігітіңіз бе деп қалып едім, — деді Еділ.

Музыка басталды да, жігіт Сәулені тағы биге шақырды.

—      Ол жігіт әлгінде сізбен бірге еді, енді мен ұнатып қалған қызды айналдырып әкетті.

—      Сен де ол қызды ұнатып қалып па едің?

—      Солай сияқты еді, бірақ, білмеймін, сіздің көзіңіз кімді болса да үйіріп әкетеді екен.

—      Бұл сөзіңе рахмет айтады деп дәмеленбей-ақ қой, бірақ, мен оның қызы емеспін.

—      Кешіріңіз, — деді Еділ, — сіз қате ойлап қалдыңыз, мен қызғанышқа бой алдыратын жан емеспін, қызғаныш деген жақсы ғой, бірақ, жаңа махаббат одан да жақсы, мен сізді сүйіп қалдым десем, сіз не дер едіңіз?

—      Мен ештеңе демеймін.

—      Солай де.

—      Мен де сені сүйетін шығармын.

—      Онда мынау ортадан кетейік.

—      Менің кеткім келіп тұрғанымды қайдан біліп қойдың?

—      Оны білу оңай, — деді Еділ Сәулеге күлімсірей қарап, — ғашықтар қашанда оңашалануды қажет етіп тұрады.

—      Бұның бәрін қайдан біліп жүрсің…

Олар биді тоқтатып, жұрт арасынан сытылып шықты да, қарауытқан баққа қарай беттеді. Сәуле жігіттің өзін қыпша белінен қаусыра құшақтап алуына кет әрі деген жоқ. Олар беттеген ағаш арасында орындықтар бар еді. Бұны Еділ білмегенімен, Сәуле білетін.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *