008

Атыраудағы рейдерлік: ірі компаниясынан бір күнде айырылған кәсіпкермен сұхбат

 

 

ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың,

ҚР Бас Прокуроры Ж. Қ. Асановтың,

ҚР Жоғарғы Сот Төрағасы Қ. А. Мәмидің назарына

 

«Атырауда рейдерліктің жаңа түрі пайда болыпты, белгілі кәсіпкердің дүние-мүлкін түк қалдырмай тартып алыпты»  деген әңгімені естігенбіз. Бастабында ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті болар деген топшылауымыз сәйкес келмеді. Бұл оқиға мүлдем басқа бағытта өрбіген болып шықты…

«AsiaCreditBank» берген несиемізді кешіктірді деп, құны миллиард теңгеге бағаланған «Тұз» компаниясын сот арқылы тартып алып, басқа бір кәсіпкерге арзан бағаға сатып жіберіпті. Бұл туралы «Тұз» ЖШС-ның директоры, белгілі кәсіпкер Әбірбек Тоқтыбаевтың өзі айтты.

«Банк мені алдап соқты. Түгімді қалдырмай тартып алғанымен қоймай, қылаяғы зейнетақымды да бергізбей отыр», – деп шағынды кәсіпкер. Оның сөзіне қарағанда, банктен алдымен 290 миллион теңге, кейін тағы 150 миллион теңге кредит алған. Осы кезде оның компаниясының барлық жылжымайтын мүлкін, екі зауытын, компанияға тиесілі темір жол және авто жолын, мемлекеттен 20 жылға жалға алған 164 гектар кен өндіретін жерімен қоса, Алматыдағы үйін және компанияның 100 пайыз негізгі жарғылық акциясын кепілге қойдырған. Ақыр аяғында кредитті уақтылы қайтармады деген сылтаумен сот арқылы компанияны түгелдей тартып алып, компания қожайындарын далада қалдырған. «Бұрын-соңды мұндай заңсыздықты естімеппін. Мен елімізде әділдік бар, заң бар деп жүрдім. Миллиардтаған теңгеге бағаланған компаниямды бір күнде небары 61 миллион теңгеге сатып жіберді» деп күйінеді кәсіпкер. Оның сөзінше, осы оқиға кезінде бірнеше рет инсулт алып, емханаға түскен. Біз кәсіпкердің газет тілшісіне берген сұхбатын қаз-қалпында, оқиғаны хронологиялық тәртіппен барынша ықшамдап ұсынып отырмыз.

«Атырауды» таза сумен қамтығым келді

– «Тұз» ЖШС компаниясын қашан құрдыңыз? Бизнестің бұл саласына қалай келдіңіз?

– 2001 жылы «Тұз» ЖШС компаниясын құрып, Атыраудағы Индер ауданынан жаңа жұмыс орнын бастадық. Бірден жұмысқа қызу кірісіп, бір жылдың ішінде жүйелі жұмыс істейтін жағдайға жеттік. 2003 жылы «Тұз» ЖШС компаниясын қайта тіркеуден өткізіп, компанияны толықтай өз меншігіме алдым. Менің 55 пайыз, әйелімнің 45 пайыз үлесі болды.

– Компания жұмысын жандандыру үшін қандай шараларды қолға алдыңыз?

–  Ең алдымен компанияның өндірістік базасын қайта құрып, заманауи техникалық жабдықтарды шетелден алдырып, жыл сайын кем-кетігін толтырдық. Бұған қыруар қаржы кетті. 2005 жылы ас тұзын шығарып, республикалық форумдарға, түрлі шараларға белсене қатыстық. Компаниямыздың аты әйгіленіп, шығарған өнімдеріміз сұранысқа ие бола бастады. Әртүрлі байқаулардан алған алғыс хаттарымыз, грамоталар, жүлделі орындардың бәрін тізбелемей-ақ қояйын, осы жылдар ішінде облыста салығын уақтылы төлеп, облыс және аудан әкімдігінің әлеуметтік салаларға арналған бағдарламалары мен шараларына да белсене қатыстық. Жергілікті әкімдікпен келісе отырып, «Индер» өзеніндегі алаңы 164 гектарды құрайтын кен орнындағы тұз қорын өндіруге құқық алып, мемлекеттік келісімшарт жасадық. Адамда арман түгеген бе? Компанияны бұдан да кеңейтіп, өнімді жұмыс істеудің түрлі жолын да қарастыра бастадық. 2010 жылы тұз өндірген аумақтың орнында қалатын тұзды суды қайнатып, қайта өңдеу арқылы таза су өндіру идеясы туды. Бұл компанияға емес, ең алдымен халыққа пайдалы болар еді. Атырауда таза ауыз су тапшылығын жоятын ірі жоба жасап, жан-жақты әзірлендік.


 

БАНК БІЗДІ АЛДАП СОҚТЫ

– Осы жоба үшін «AsiaCreditBank»-тен несие алдыңыз ба?

– Иә, дәл осы жобаны жүзеге асыру үшін 2011 жылы«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында «AsiaCreditBank» арқылы кредит алуды жоспарлап, сол жылы 8 айда (тамыз) 290 300 000 (230 миллион 300 мың) теңгені 5 жылға несиеге алдым. Сол қаржының және компанияның негізгі капиталының көмегімен 2013 жылы жылдық қуаты 30 000 тонналық натрий гипохлоритін өндіретін зауытты іске қостық. Бұл жоба толық жүзеге асса, жоғарыда айтқанымдай, облыс ауыз су жетіспеушілігінен толық құтылар еді.

2013 жылы 9 айда «AsiaCreditBank»-тен тағы да 150 000 000 (150 миллион) теңге қосымша несие алуға бардым. Оған дейін несиемізді график бойынша кешіктірмей төлегенімізге қарамастан, ұзақ ойланды. Ақыры компанияның барлық дүние-мүлкін қайта бағалатыңыз, содан кейін береміз деді. Екі жыл бұрын бағалатып, банктен несие алғанымды айтсам да, олар көнбеді. Ақыры айтқандарын орындап, қайта бағалаттым.

– Банкке кепілге компанияңызды ғана қойдыңыз ба?

– Жоқ, соңғы несиені алар кезде банктің араны ашылды. Кепілге қоятын компанияның бірнеше миллион долларлық зауыттары, көптеген жылжымайтын мүліктері, 15 км темір жол тұйықтары, мемлекеттен жалға алған 164 гектар кен орнын пайдалану құқын, өндірістік база ғимараттары жоғарыдағы соманы алуға жеткіліксіз деп ұйғарды. Олар менен Алматыдағы жеке үйім мен құрылтайшылардың (мен және әйелім) «Тұз» ЖШС-дағы жарғылық капиталымызды кепілге қоюымызды талап етті. Мен үшін жаңа іске қосылған зауытымды өнімді жүргізу керек болды. Олардың талаптарын орындап, несиені алдым. Былайша айтқанда, банк бізді алдап соқты.

Банк маған 6 бөлікке беріп, 119 миллион теңге берді де, соңғы 31 миллион теңгені кешіктіріп, әртүрлі сылтау айтып, бермей қойды. 2014 жылы сәуірдің 1-і күні кесте бойынша несиемді төлеп, банкке қайта кірдім. Оларға 31 миллион теңгені бермесеңдер, маған несиемді жаңа жылдың басынан бастап төлеуге мүмкіндік беріңдер деп өтініш айтып едім, ауызша келісті. «Сізге жаңа график ұсынамыз» деген уәделеріне сеніп, түсірген өтінішіме мөр бастырып алдым да, жаңа жылды күттім.

 

СОТ ОРЫНДАУШЫДАН СОТ ОРЫНДАУШЫҒА ДЕЙІН…

– Жаңа график беру туралы өтінішіңіз өзіңізде бар ма?

– Бар.

– Банкпен арадағы сотыңыз қашан басталды?

– 2014 жылдың 26 желтоқсанында маған соттан шақырту келді. Банк 9 ай бойы несиесін төлемей жүр деп көрсетіпті. Банкпен арамыздағы ию-қию сот осы кезден басталды. Міне, екі жарым жылға жуықтады.

– Сот отырысы қашан басталды?

– 2015 жылдың 9 қаңтарында банк экономикалық сотқа жүгінді, олар мұны қалалық сот қарайды деп шешім шығарды. 2015 жылы ақпан айында сот менің компанияма бұғау (арест) салды. Онымен қоймай, олар менің зейнетақымды да бергізбей тастады.

2015 жылдың 6 мамырында қалалық сот 370 000 500 (370 миллион бес жүз теңге) банкке және мемлекеттік кіріс үшін 11 700 000 (11 миллион 700 мың) теңге төлейсің деген шешім шығарды. Жалпы, 381 700 000 теңге төлеуім керек болды. Мен соттан мұндай соманы бірден төлей алмайтынымды айтып, несиені қайта құрылымдау үшін арыз бердім. Оларға 3 жыл уақыт ішінде төлеп боламын дедім. Бірақ бұған банк көнбей, бір жолда төлеуімді талап етті. 2015 жылы маусым айында банк жеке сот орындаушысы Бекмұхаметовке жүгініп, өздерінің ақшасын өндіртіп беруді жоспарлады. Жеке сот орындаушысы шақырған соң, барып, мән-жайды түсіндірдім. 2017 жылдың маусымына дейін барлық қарызымды төлеп боламын дедім. Банк оның ұсынысына келіспей, сот құжатын одан қайтарып алды.

Содан келесі сот орындаушысы Салтанат Шайыховаға берді. Ол менің компаниямның жеке есепшотынан 2015 жылдың қазанынан дейін 2 600 000 теңге банкке несие төлеу үшін өндіріп берді. Ол да белгісіз себептермен құжаттарды банкке қайтарып берді де, кері қайтты.

Банк енді үшінші Шоқанбаев деген жеке сот орындаушысын шақырды. Ол 2016 жылдың маусымына дейін 6 600 000 теңге банкке өндіріп берді. Мен оның үстінен сот орындаушының іс-әрекеті дұрыс емес деп сотқа арыз бердім. Ол да кетті.

Осы жылдың маусым айында банк төртінші жеке сот орындаушысы Ажмуханбетов Мейрамбекті шақырды. Ол бірден менің барлық дүние-мүлкім мен компаниямды бағалатып, аукционмен сатамыз деген шешім қабылдады. 8 тамызда менің компанияма мүлдем құлып салып, жұмыс істетуін біржола тоқтатты. Мен тағы да оның үстінен шағым түсірдім. 29 тамызда менің шағымым негізінде Ажмуханбетовтың істі орындауы қате деген шешім шықты. Олар апеляциялық коллегияға арыз беріп еді, олар да Ажмуханбетовтың сотты орындауында заң бұзушылықтар бар деп, алдыңғы шешімді күшінде қалдырды.

Банк олардың бұл шешіміне қарамастан, істі келесі жеке сот орындаушысы Еркін Сұлтанғалиевке берді. Бұл 5-ші сот орындаушысы еді. Мен алдыңғы сот орындаушысының іс-әрекеті қате деген сот шешіміне қарамастан, келесі бір сот орындаушысының істі жүргізе бастағанына таңырқадым. Оның үстінен де сотқа шағым түсірдім. Ол да банкке компания есепшотынан 40 миллион теңге өндіріп берді. Бұрынғы өндіріп алған теңгелерді қосқанда несие үшін 49 миллион 500 мың теңгені сот орындаушылары арқылы төледім. Бұл сот құжаттарының ешқайсысында көрсетілмеген. Олар ештеңе төлеген жоқ деп отыр. Компания мен банк арасындағы әртүрлі құжаттарды сен компания иесі емессің деп көрсетпейді.

Сұлтанғалиев 2016 жылдың желтоқсанның 8-інде менің компаниямның негізгі жарғылық капиталын небары 61500 000 теңгеге сатып жіберді. Сенесіз бе? Бар-жоғы осы сомаға.  Мен оның үстінен арыз түсіріп ем, қалалық сот менікін дұрыс деп, ал апелляциялық инстанция Сұлтанғалиевтің іс-әрекетін дұрыс деп шешім шығарды. Меніңше, апеляциялық сот компанияның сатылымға заңсыз шығарғандығын «заңдастыру» үшін осындай шешімге келді.

Заң бойынша, сот орындаушысының қателік жібергенін дәлелдеп, сот менің шағымымды қуаттап шешім шығарған соң, келесі сот процесстеріне дейін жеке сот орындаушылары жұмысқа кіріспеуі керек еді. Олар апеляциялық соттың шешімін күтпестен, өз істерін ары қарай жалғастыра берді.  Бір сот орындаушысын жеңсек, екіншісіне, оны жеңсек келесісіне беріп жібереді. Біз бірінен соң бірінің үстінен арыз түсіріп, уақыт өлтіреміз. Олар осыны пайдаланып, өздерінің заңсыз әрекеттерін «заңдастырып» алады.

 

КОМПАНИЯМДЫ ТИЫН-ТЕБЕНГЕ САТЫП ЖІБЕРДІ

Сонда қазір «Тұз» компаниясын басқа бір заңды тұлға сатып алды ма?

– «Каспиан сервис» деген компания сатып алды. Ол 2013-16 жылдар аралығында ешқандай салық төлемеген, былайша айтқанда пайда да,таппаған, зиян да тартпаған «қағаз жүзіндегі» компания екен.

– Банк неге негізгі капиталды арзанға бағалады?

– 2016 жылы мен өз компаниям мен оның мүлкін қайта бағалатқанмын. Олар 1 059 869 000 (1 миллиард 59 миллион 869 мың) теңгеге бағалаған. Ал банк болса оны сатар кезде 51 894 000 (51 миллион 894 мың) теңгеге сатылымға шығарады да, 61 миллион 500 мың теңгеге сатып жіберді. Мына бір деректі айта кетейін, 2013 жылы қосымша 150 миллион теңге несие алар кезімде компанияның мүлкін қайта бағалатқанмын. Ол кезде доллар бағамы 180 теңге еді. Компания құнын анықтаушылар 80 миллион теңгеге бағалаған. Арада төрт жыл өткен соң банк 51 миллион теңгеге сатылымға шығарып отыр.

– Банк неге бірден негізгі жарғылық капиталды сатылымға шығарып отыр?

– Бұл әрекеттері де заңға сай емес. Мен олардың үстінен компанияға тиесілі жылжымайтын мүлікті, 15 км темір жол тұйығын, 15 км автожолды сатпай тұрып, бірден «Тұз» ЖШС-ның негізгі құқын сатқандарының заңсыз екендіктерін айтып, шағым түсірдім. Шын мәнінде, банк алдындағы қарызды толықтай жабуға жылжымайтын мүліктің жартысы да жетер еді. Қалалық сот менің шағымымды қанағаттандырғанымен, апелляциялық сот олардікін заңды деп тапты. Түсініксіз жайттар өте көп.

 

БІР КОМПАНИЯНЫҢ ЕКІ ИЕСІ БАРМЫЗ

– Сатып алған компания иесін танушы ма едіңіз?

– Талай жылдан бері танитынмын. Араласып, аға-бауыр болып жүрген Саятхан Әмір деген жігіт еді. 2016 жылдың орта шенінде ол маған келіп, компанияңызды 2,5 миллион долларға сатыңыз. 1,3 миллионмен несиеңізді төлейсіз, қалған ақша өзіңізде қалады деп ұсыныс жасаған. Мен келіспегенмін. Ақыры сол жігіт сатып алды.

– Қазір компания толықтай сол азаматтың қолына өтті ме?

– Солай деуге болады. Бірақ заңсыздық өте көп. Себебі, «Тұздың» барлық құжаттары, бухгалтерлік есеп, ондаған жылдық кіріс-шығыс құжаттары, мөр менің қолымда. Оған барлық құжатты берсін деген соттың шешімі жоқ. Соған қарамастан, өзін «Тұздың» иесі ретінде тіркетіп алыпты. Ол қандай заң тармағына сүйеніп тіркетіп алғанын түсіне алар емеспін. Қазір бір компанияның екі иесі бармыз. Оның да, менің де қолымда мөр бар…

Соттың соңын күтпестен Саятхан Әмір бір машина бандитсымақ жігіттерді бастап келіп, біздің қарауылдар мен жұмысшыларды машинаға күштеп тиеп, Индерге апарып тастапты. «Егер қайта келсеңдер, аяқ-қолдарыңды шағамын» деп доқ көрсеткен. Содан бері біз өз мекемеміздің ауласына кіре алмайтын болдық. Естуімізше, олар компанияға тиесілі мүліктерді, техникалық құрылғыларды шетінен сатып жатқан көрінеді.

Мен соңғы рет сотқа банктің компанияның жарғылық капиталын сатылымға шығарғандары және оны сатқандары заңсыз деп шағым түсірсем, Саятхан Әмір «Тұздың» иесі менмін, Әбірбек Тоқтыбаевтың сотқа беруге құқы жоқ, ол банкпен өзінің несиесі бойынша соттассын деп арыз беріпті. Біздің сот оның шағымын орынды деп тауыпты. Біресе олардікі, біресе біздікі дұрыс деп, екі ортада бізді сандалтып қойды.

– Бұған дейін сот барысы кезінде компанияңды бізге бермесең, банктен жеңілесің дегендей келіссөз яки қорқытып-үркіту болды ма?

– Жоқ, бәрін «заң аясында» тартып алды.

 

АЛМАТЫДАҒЫ ҮЙІМДІ ДЕ САТПАҚШЫ

– Сот әлі жалғасып жатыр ма?

– Банк Сұлтанғалиевтің атқаратын жұмысы бітті деп, тағы бір  жеке сот орындаушысын жалдапты. Банк менің ондаған миллион долларлық құны бар компаниямды тартып алғанымен тынбай, кепілге қойған Алматыдағы үйімді де сатылымға шығарды. Менің соңғы мүлкім осы еді. Банктің есебі бойынша, мен оларға әлі 78 миллион теңге қарыз екенмін.

23 мамыр тағы да сот болады. Мен бұл істің ақырына жетпей қоймаймын. Өйткені, құлап жатқан компанияны орнынан тұрғызып, осы күнге жеткіздім. Оны өркендету, дамыту үшін несие алдым. Ал олар бір күнде менің барлық мүлкімді тартып алып, далаға тастамақшы.

– Егер сотта жеңілсеңіз, әділет таппасаңыз не істейсіз?

– Мен осыған дейін әділеттің бар екеніне, заңның жұмыс істейтініне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлікпен айналысқан азаматтардың тірлігіне орынсыз қол сұқпаңдар деп үнемі айтатын сөзін тыңдар құлақ барына сеніп келдім. Әлі де сенемін. Соңына дейін күресемін. Сот басталғалы бері бірнеше рет жүрек талмасына ұшырадым. Жарым да, бала-шағам да уайым-қайғыға батты. Егер алда-жалда жеңілер болсам… айта алмаймын. Мұндай әділетсіздікке төзе алмаймын.

– Осы жылдар ішінде қатты ерегескен, өштескен адамдарыңыз болып па еді?

– Ешкіммен ренжісіп, жауласқан емеспін.

– Банк неге сонша соңыңызға түсіп алды? Оларға Сіздің компанияңызды арзанға сатқаннан не пайда түседі?

– Бұл жағы маған да күңгірт.

– Үшінші бір тарап бар ма дегенім ғой…

– Болуы да мүмкін. Нақтылы дәлелім жоқ. Банктің алдында үш азаматтық тұлға қарызбыз: «Тұз», мен және әйелім С. Тоқтыбаева. Менің түсінбейтінім, «Тұзды» сатсын, бірақ менің және әйелімнің құқын неге сатады деп шырылдап жүрген жоқпын ба? Негізгі жарғылық капиталды сатуға олардың қақы жоқ еді…

Айтпақшы, осы шу басталған шақта Алматыдан бір кәсіпкер жігіттер хабарласып, несиеңізді төлеп берейік, компанияның 70 пайыз акциясын бізге беріңіз деген ұсыныс айтқан. Олармен де келіспеген болатынмын.

НОҒАЕВ БІЛЕДІ. БІРАҚ…

– Осы оқиға басталғалы бері облыс әкіміне мән-жайды түсіндіріп, өтініш айтып кірдіңіз бе?

– Облыстың бұрынғы әкімі Ізмұханбетовке де, қазіргі әкім Ноғаевқа да бірнеше рет кіргенмін. Ноғаев барлық мән-жайды біледі. Бірақ…Талай мәрте хат та жаздым. Олар сотқа бұл істің ақиқатына жетіңдер деген сыңайда хат жазады. Бітті. Менің хат жазбаған адамым, мекемем қалмады. Ешқайсысынан қайран болмай тұр. Атырау жұртшылығының дені бұлдаудан хабардар. Жергілікті жердегі атқамінерлер көзжұмбайлыққа салынбай, әлі де облысты тәртіпке шақырар деген сенімім өшкен жоқ.

Ендігі үмітім Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Бас прокурор Жақып Асанов мырзада. Елбасы үнемі еліміз өркендеуі үшін кәсіпкерлікті дамытуға тиіспіз деп айтып отырады. Бұл секілді бассыздыққа жол бермес деген ойдамын. Осы компанияны құрып, күн-түн демей жұмыс істедім. 60-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтыдым. «Ас тұзы» өңірге емес, распубликаға танымал брендке айналды. Ешкімнің алажібін аттап, қулық-сұмдықпен күн көрген емеспін.

Жақып Асанов мырза да елшіл, халықшыл азамат қой, менің жанайқайымды естір деген үміттемін. Бірнеше мәрте хат та жаздым. Бір күні болмаса бір күні менің басыма түскен жағдаймен танысып, араша түсер деген арманым бар.

Әңгімелескен, Т. ҚАМАЛБЕК

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *