008

В. Шимборская: «Соғыс ортақ тілдің жоқтығынан басталмайды»

Нобель сыйлығының иегері, Польша ақыны Вислава Шимборская әр жылдары әдеби басылымдарда жүргенде оқырманнан келген түрлі хаттарға әртүрлі сипатта жауап жазып отырған. Хат алмасудың ерекшелігі туралы ақынмен сыншы, әдебиеттанушы Терраса Валяс сұхбат өткізіпті. Біз сол сұхбатты әрі ақынның оқырмандарға жазған хаттарын ықшамдап ұсынып отырмыз.

Терасса Валяс: Жицелитерацкідегі «хат сандықты» ойлап тапқан кім деп ойлайсыз?

Вислава Шимборская:   Оны ойлап табатындай қажеттілік болды дей алмаймын. Дегенмен, бұл әдеби журналдардың баяғыдан қалыптастырып келе жатқан дәстүрі. Енді қалам тербей бастаған авторлардың барлығына бірдей хат жаза алмайтынымыз анық. Әйткенмен де, оларға қалай жауап қайтару керек? Әрине, «жариялай алмаймыз» немесе «тағы бір қарап шығуыңызды сұраймыз» деген сияқты сөздермен шектеуге тура келеді ? Кейде біздің өз шешімдерімізді де дәлелдеуге тура келетінін түсіндік…

Т. В.: Кез келген шығарманы, автордың дәрменсіздігіне қарамастан, лақтырып тастағанда сіз өзіңізді тас жүрек сезінбейсіз бе?

В. Ш.: Тас жүрек дейсіз бе ? Кезінде мен өзімде нашар өлеңдер мен әңгімелерден бастағанмын. Сондағы түсінгенім, мұздай суды төбеңнен құйып жіберудің өзі өте пайдалы екендігінде. Ал кейбір өздерін ерекше «ұстаз» санайтындардың теңескісі келіп, бәлсінгендеріне аяусыздық танытатыным рас.

Т. В.: Бұл енді өнермен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жай сауатсыздық қой.

В. Ш.: «Хат сандық» дегенде өнерді сөз етпеген болатынбыз. Мен тек қарапайым нәрселерді ұғындыруға тырыстым, жазарыңды жеті рет өлшеп бір рет кесуге, өз-өзіңе кішкене де болса сыни көзбен қарауға кеңес бердім. Әрине, кітап оқуға шақырдым. Мүмкін, мен қателестін шығармын, дегенмен, әлдекімде бұл әдет өмір бойына сақталып қаларына сенемін.

Т. В.: Сен өзіңнің берген бағаларыңа әрдайым сенімдімісің?

В. Ш.: Барлық уақытта емес. Тек графоманияның* шектен шыққан кезінде ғана.

Т. В.: Графомания — өте ауыр сөз.  Басқа салада бұдан өткен жағымсыз бағалау бар ма жоқ па оны білмеймін. Мысалы, «халтуршикте»  жағымысыз естілгенімен, ол «графоманның» шаңына да ілесе алмайды.  Нашар ұсталар мен нашар құбыр жөндеушілер немесе  білімі таяз сағат жөндеушісі ешкімнің алдында кішіреймей  өз алдарына тыныш өмір сүріп жүре береді. Ал бұдан тек жолы болмаған жазушылар ғана зардап шегеді . Және, тәжірбиесіз ғашықтар мен «дәрменсіздер» де «графоманның»бір түрі.

В. Ш.: Ия, бірақ графоманның да қолынан біраз нәрсе келеді! Ол өте көп жазады! Егер мен қателеспесем, «хат сандықта» мен ешкімді графоман деп атамаған болуым керек. Тек шектен тыс жазушылық белсенділігін басқа арнаға бұруға тырыстым. Мысалы, хат немесе күнделік жазуға ұсыныс жасадым. Сол сияқты жақындарына да арнап өлеңдер жазуға болады, кім білсін…

Т. В.: «Хат сандықты» оқып отырып мынаны түйдім: енді қалам ұстаған жазушыға таланттың маңызы туралы айтуың екінің бірі бара бермейтін ерлік. Іргелі сыншылардың өзі қазіргі таңда бұл сөзді қолдана бермейді.

В. Ш.: Мүмкін, олардың «талант ғылыми анықтамаға сыя бермейтін ұғым» дегені жөн шығар: дегенмен, бұл дегеніміз, нақты анықтамасы берілмеген ұғымдарды жоққа шығармайды. Мен сыншы болмағаннан кейін кейбір ойларымды еркін жеткізуге міндеттімін. Талант…Ол біреуде бар болғанымен, біреуде жоқ. Дейтұрғанмен, соңғысының жолы болмайды деуге келмейді. Мүмкін, ол атышулы биохимик атанар немесе Солтүстік полюсты ашатын шығар.

Т. В.: Егер мен жаңылыспасам, Солтүстік полюс ашылғалы біраз болды.

В. Ш.:  Дұрыс айтасыз, мен жай айтқаным ғой. Айтпағым, талант дегеніміз әдебиетте ғана емес, басқа салаларда да кездеседі.

Т. В.: «Хат сандықты» тағы бір қайта шолып шыққанда қандай күйде болдың?

В. Ш.: Маған ол дидактиқалық тұрғыдағы пайдасына қарағында, өте күлкілі секілді.Әрине, оның жауапкершілігі менің мойнымда.

 

АҚЫННЫҢ ОҚЫРМАН ХАТТАРЫНА ЖАУАБЫ

Бақылаушыға. Сіз бізді қайырымсыз жас дарындар деп айыптайсыз. «Бұл дәрменсіз өскіндердің әлсіздіктерін бетіне басып, жеміс бермегеніне кінәлаудан гөрі қамқорлыққа алып баптау керек». Біз баптауға қарсымыз. Әдеби дарын, табиғи жағдайда өсіп, қалыптасуы тиіс. Кейбір өскіндердің өзінен болашақ еменді көретінін біз кездестіргенбіз. Алайда, оның қарапайым шөп екені,тіпті, қандай жағдай жасаса да емен болмайтыны тайға таңба басқандай көрініп тұр ғой. Бұлардың қаулап өсуіне біз кедергі жасап, түп тамырымен қоса жұлып тастаудан аулақпыз. Өссін, күндердің бір күнінде біздің дұрыс еместігімізді дәлелдесе, біз,әрине, қуана-қуана мойындауға әзірміз. Егерде ден қойып оқыған болсаңыз, біз лайықты деп тапқан дүниелерімізден қошеметті аямаймыз. Жиі мақтамасақ ол біздің кінәміз емес. Әдеби талант — түсінікті дүние.

Е.Кристинаға. Қымбатты пани К.Е., біз идея сатып алмаймыз, сатпаймыз да. Тоқ етерін айтар болсам, алып-сатарлықпен айналыспаймыз. Тек бір-ақ рет танысымызға, адамгершілік ниетпен ғана, өзін өзі жарып жіберген сатушы туралы романның идеясын ұсынған болатынбыз. Танысымыз бұны тым өрескел деп танып, өз болашағынан үміт күтпейтінін айтқан. Сол оқиғадан бері, бұндай іске бармайтын болдық.

Ерлі-зайыпты Магроларға. Құрметтілерім, сіздер бізден көп нәрсе талап етіп отырсыздар. Екеуіңіз де өлең жазады екенсіздер және соған біздің тарапымыздан кімнің қабілеті басым екендігіне әділ баға күтіп жүрген боларсыздар. «Көп нәрсе осы шешімге тиесілі…» деп жазған хаттан шошынғанымыз сонша, сіздердің өмірлеріңізге араласпауға бел байладық. Жұбайлық өмірдегі бақталастық тек комедия киноларында ғана жақсы тәмәмдалады. Оның үстіне екеуіңіздің өлеңдеріңіздің бір-бірінен айтарлықтай айырмашлығы да жоқ, сондықтан бірдеңе деу қиын. Айрандай ұйыған отбасының жақтастары ретінде біз осы шешімге тоқтауды жөн көрдік.

ОЛ. Егер сіздің бізге келіп өлеңдеріңіз жөнінде бетпе-бет сөйлесуге батылыңыз жетпесе, батылыңыз жетпеген күйде келе берсеңіз де болады. Біз жасқаншақтарды жылы қабылдаймыз. Әдетте, олар өздеріне тым талапшыл болып келеді, табандылық танытып, батылдарға қарағанда ақылымен еңбектенеді. Аталған дүниелері өз алдарына мағынаға ие бола алмағандарымен, тума таланттылықтың арқасында иесін біраз шыңға алып шығары шүбәсіз. Қабілетті талантқа айналдыру хақында сөйлесеміз. Редакция келушілерді күндіз қабылдайды.

П. З. В. «Не жарияланатынына үміттеніңіз, не өзіңізді жұбата беріңіз…» Сонымен, өзіңізді жұбата отырып, назар салыңыз. Сіздің өлеңдеріңізбен таныса отырып біз мынаған тоқталдық. Сіздің жолыңыз керемет. Сіз жоғарғы деңгейдегі оқырман боласыз. Сіз бен әдебиеттің арасында  ықпалы мол махаббат оты тұтануы ғажап емес: ол сізді жаулап алады. Асқан қызығушылықпен әртүрлі кітаптарды парақтайсыз. Автордан ештеңе күтпестен, бар дүниені дәл сол күйінде қабылдайсыз. Өзі жазуға қабылетті оқырманға қарағанда, сіз ой құшағына берілмейсіз, сізде қызғаныш сезімі деген болмайды, түсініспеушіліктен қайғыруға да сіздің санаңызда орын жоқ. Басылым орындарында қолтаңбасы болғанына қарамастан, Данте сіз үшін Данте болып қалады. Түнімен сізді, неге Иксаның ұйқассыз өлеңдері жарияланады да, менің әрбір ұйқасқа терең мән беріп, буын-буынын талмай санаған өлең жолдарыма мән берілмейді деген сынды сұрақтар ендігәрі мазаламайды. Сіздің (тіпті) редакторлардың тыржиған түрлеріне де түкіргеніңіз бар. Жазушыларды оп-оңай «жолы болмаған» деп айдар таға саларсыз. Әрине, кітаптарымен бір арнаға тоғыспайтын, бір қазанда қайнамайтын оқырмандар жоқ емес. Ал сіз, әлбетте, ол санаттан емессіз. Бұл олардың жайлы өмір сүруіне кесе көлденең тұрмайтыны анық. Ал,егер жазушы жолынан аздап тайған болса оны бетіне басуға сізге себеп табыла кететіні анық. Кейде,тіпті, өз жан жарыңыздан да қолдау көре алмауыңыз мүмкін. Қалай? Себебі өзіңіздің бұл орайда жолы болғыш адам екеніңізді сезініп көрдіңіз бе ? Солай деп үміттенемін.

В.Халинаға. Сізге жағымсыз нәрсе айтуға мәжбүрміз: Сіз жақсы жазу үшін тым қарапайым әрі ақ жүрексіз. Талантты адамның жан-дүниесі сұрқия жын-шайтандарға толы. Жазушы қолына қауырсынын алғанда не нүкте қойғанда бұлар ұйқыға кетсе де жазу барысында олар елеулі қызмет етеді. Олардың көмегінсіз автор кейіпкерлерінің күрделі жан-дүниесін ашып бере алмаған болар еді. «Адамға тәннің бәрі жат болмас» – о,бұл енді күнәсіздер туралы емес. Құрметпен…

Улаға. Бір ауыз сөзбен поэзияға анықтама беріпсіз… Біз, кем дегенде, бес жүзге тарта анықтама білеміз.  Соған қарамастан олардың ешбірі нақты әрі ауқымды емес. Оған қоса әрқайсысы өз дәуірінің тілінде сөйлейді. Күмәншіл көзқарасымыз да бізге жаңа анықтама ойлап табуға кедергі болған болар еді. Есесіне біздің есімізде Карл Сэндбергтың афоризмы қалыпты: «Поэзия – бұл құрлықта өмір сүретін теңіз жануарының ұшу туралы күнделігі». Осы емеуірін жарап қалар?

Хелиодорға. Сіз былай деп жазыпсыз: «Білемін, менің жырларымның олқылықтары аз емес, қайтейін, алайда енді ештеңені түзетуге тырыспаймын». Неліктен бұлай дейсіз құрметті Хелиодор мырза? Поэзия киелі болғандықтан емес пе?  Мүмкін, бел шешіп кіріспегендіктен шығар? Екеуі де дұрыс емес: ең жаманы поэзияға енді қадам басқан ақындарды еңбек міндеткерлігінен айыруында тұр ғой. Таныс адамдар жұма күні сағат 0.45-те белгісіз күшпен құлағыма әлденені сыбырлады, үлгергенімше жазып алдым деп айту, әрине, жағымды болар еді. Тіпті танымал ақындар да өздерінің достарын осындай әңгімелерімен қайран қалдырған. Бірақ олар да үйлерінде отырып өзге ғаламшарлықтар туралы диктанттарын шимай-шатпаққа былғаумен айналысатыны жасырын емес. Поэзияның да өзіндік прозаға тән қырлары жоқ емес.

К. К. Әрқашан сіздің шығармаларыңыздың жүйесіз, қарапайым, астарсыз екенін қайталап айта беру бізге де жағымсыз екенін түсініңіз. Сонымен қатар біздің құзырымыздағы шығармалардың барлығы Нобель сыйлығына үміттеніп жүргендерге арналмағанын ескерте отырып, тек уақыт өте келе Стокгольмға жолдама жасауға ғана арналғаны туралы айтқымыз келеді. Сіздің ұйқасы жоқ өлеңдеріңіздің күнделікті қабылдана береді деп түсінетініңіз біздің көңілімізді қатты қалдырады. Өлең жолдарын ерсілі-қарсылы шашып тастап, оны қарама-қарсы орналастырып, оңды-солды ермек қылыпсыз. Поэзияны шындығында үлкен ойын деп түсініңіз және солай болып қалатынына сеніңіз. Ережесіз ойындарды сіз қайдан көріп едіңіз? Неліктен, осы ересектер балаларға да аян нәрсені жиі ұмыт қалдырады екен?

Ч. Б.  Қымбатты Чесек, біз үшін шын мәнінде кімнің қылмыскер екені соншалықты қызық болды, – біз ең соңғы сәтке дейін қобалжыдық. Аяқ асты өлген адам табыттан түрегеліп қылмыскерді көрсетеді. Ал, саған керек болса! Міне, тосын сый! Алдағы уақытта сенің жіберген шығармаларыңды асқан қызығушылықпен оқитын боламыз. Тек баға беруді әлі біраз жыл күтуіңе тура келеді. Жан тебірентер тарихты тек Агата ғана жазбаған, Гомер мырза да,  Шекспир мырза да,  тіпті Достоевский мырзада солай және солар секілді әлдебіреудің баршылық екеніне сіздің көзіңіз жетеді деп сенеміз. Ең ізгі тілекпен…

М. О. « Зүбәржаттан құйылған аппақ парсылардай, жыл, қоштасарында қалықтап шықты…» Көкейде көп сауал қалдырады: неге парсылардай? Неге міндетті түрде ақ? Неге қалықтап шығады? Бұдан арғысы да біздің күдігімізді сейілте қоймады. Соңында жыландардың арбауына ұшыраған Адам ата пайда болады… Батыл қадам. Дегенмен бұл ойдың адамзат санасына орныға қоюы неғайбыл. Өйткені, адамдар Хауа ананы әлдеқашан кінәлі ретінде санаға берік түйіп қойған.

В.Камиллаға. Адамдарды дүниеде не бөліп тұр? Көзге көрінбейтін алып жар. Алып шаһарларды не нәрсемен салыстыру керек? Джунгли немесе омартамен. Бос кеңістік туралы не айтса болады? Оның жеміссіз екенін. Созылған ғасырлар қандай күйге ұшырайды? Әлбетте, үзіледі. Редакторды көңілін қалдырған не? Міне, осы.

Эл. М. Т. Бес беттен тұратын «Ақын» атты поэмаңыз әдеби бағасына ие бола алмағанымен, танымыладылыққа деген үміттің жолына төселген раушан гүлдері бар байлыққа ие болудағы еңбегіңіз Муза туралы аңызға жақсы мысал болыпты. Пани Эля, сіз мұндайды қайдан көрдіңіз? Бұл жартықұдайдың тегі мен мекенжайын айтыңызшы. Қай баспа оған әр жолына таза алтыннан қаламақы төлеп, тағы да оны талмастан гүлге орап қойып отырғанын  және  оның өмірде тек тәтті түстер көруінің сыры неде екенін білгіміз келеді. Бізге белгілі барлық ақындардың түсіне кірмейтін пәле жоқ, оның үстіне, олар қаражаттың жетіспеушілігінің кесірінен тіс ауруынан да азап шегіп жүргендері тағы бар. Сондықтан, әрдайым тағдыр оларға күліп қарай бермейді. Бірақ әлдекімдерге кейде бақытты сәттер орнайтыны бар, дегенмен ол да мәңгілік емес, бір күні сарқылады.

Роб. И. Жо-жоқ,  ешкім ешқашан шығарманы «өзі үшін» жазбайды, қателесесіз. Барлығы да қабырғаға бормен «Йоськобалван» дегеннен бастап «Иосиф және оның достарымен» аяқтап, өз ойыңды әлдекімге айтуға деген талпыныстан туған. «Өзіміз үшін» біз тек күнделік жазамыз.

В. және К. Авторлық кештерді немен жарықтандыру туралы сауалға тосқауыл қоюды сұраған өтінішке жауап ретінде, біз лампаларды қолдайтынымызды айтқымыз келеді. Көңіл-күй-жақсы нәрсе, дегенмен май шамдар тым жасанды әрі әзірге Польшада байқала қоймаған цивилизацияны еске салады. Оның үстіне, автор тыңдармандармен әңгімелесіп қана қоймай, шығармаларын да оқып береді, ал мұның мұндай тым әлсіз жарықта мүмкін еместігі анық.  Автордың бетіне төменнен түскен жарық, румын фильмдеріндегі дұшпан бейнесін еске салатынын айтпай-ақ қойса да болады. Екеуіңізге де бар жақсылықты тілеймін.

М-Л. Біздің эсперанто үшін арнайы айдар бөлуге деген ниетіміз жоқ. Бұл жасанды қоғамның әрінен айырылған әрі бәзбіреуді ойландыратын немесе қолданысқа енгізетін тіл емес. Сондықтан бұл тілде жазылған шығармалардың өмірлік мәніне күдікпен қараймыз. Алайда, сіздің бәріне ортақ тілге деген арманыңыз құрметтеуге тұрарлық. Әр ұлт тілдерінің дамуы түбі осыған алып келеді деп сенеміз. Біле жүріңіз, соғыстың басаталуының  басты себебі ортақ тілдің жоқтығында емес. Оған тарих пен күнделікті өміріміз дәлел екені анық. Мысалы: дәл қазір А. есімді азамат Б. есімді азаматты басынан полякша сөйлегені үшін бір қояды деу ақылға сыймайды.

Л. И. П. Атақты адамдардың дүниеден озған екінші күні-ақ ол туралы естелік өлеңдер толассыз келе бастайды. Бір жағынан, бұл автордың жақсы мінезі туралы хабардар етсе, екінші жағынан, оның әдеби құндылықтарын шын мәнінде сақтап қалғанына күмәнмен қаратады. Асығыстық, сирек жағдайда болмаса, жартылай шаруларды өмірге әкеледі. Бірінші кезекте қағазға сұранып тұрған не деп ойлайсыз? Әрине, әдеттегі жауыр болған метафоралар мен кәдімгі пафос. Шындығында ол туралы естеліктер құлыптаспен бірге жоғалары сөзсіз. Құлыптас: «Сен кеттің, енді бізбен бірге емессің, бірақ, сенің шығармашылығың тірі». Бақилық болған жанға «сен» деп және оның есімін атау өте танымал тәсіл. Бізге Ксаверия Дуниковскийдың өліміне қатысты көптеген өлеңдер келіп түсті. Барлығы да оны Ксаверий деп атап, оның ескерткіш болып қалатынын алға тартқан. Шындығында осы сөзді автордың өзіне қарата айтатын болса өзгеше сыйпат алар ма еді?

К. Томашқа. «Аяқ асты жиырма шақты өлең жаздым. Жәй ғана баспа бетін көргенін қалар едім…», – депсіз. Өкінішке орай, бұл әзірге мүмікін емес ұлы Пастер.

Э. Ц. «Өмір сүру қолымыздан келмесе де, өмірді аңсаймыз (аңсаймын),/ Сыра ішу қолымыздан келмесе де, сыраны аңсаймыз (аңсаймын)»… Жақша ішіндегі нұсқаларды сәтсіз деп таптық.

Т. К. Әңгіменің басы яки аяғы болмауы орынды, бірақ ортасы міндетті түрде болуы керек.

А. К.  Ия, Люда. Элюар полякша сөйлей алмағанымен, өлеңдерін аударғанда осыншалықты оны еске түсірудің қажеті қанша?

Маркус. Поэманың бірінші бөлімінде әйел кейіпкердің кеудесінен жүрегін жұлып алып, оны көртышқандардың талауына тастайды. Соңында осы кейіпкер дәл сол әйелге оның жүрегінің соғысы өзіне арналатынын айтады. Қосалқы жүрек, мүлдем сирек құбылыс. Ғылымның назарын аударатын шығар деп сенетін боламыз.

Пегес. Өлеңдердің жүйесінде өмірдің мәні бар ма депсіз. Ал орфографиялық сөздік мүлдем олай ойламайды.

З. Малина. «Шығарманы қалағаныңызша өзгертіңіз, тек жарияламаңызшы!» Біз елеулі жаңалық енгіздік: «Лозанның лирикалық миниатюралары», өкінішке орай, жарияланып қойған.

 

*Графомания: жазушылыққа құмарту (бірдеңені ойынан шығарып жазамын деп құр босқа әлектену)

Аударған: Айгерім СЕРІКБАЙ,

Солақайлар әдеби клубы,

Польша

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *