008

Қытайдағы қазақтарға қысым күшейіп келеді

Қытайдың Шынжаң өлкесіндегі қазақтардың жергілікті әкімшіліктен түрлі қысым көріп жатқаны соңғы кездері халықаралық баспасөзде жиі айтыла бастады. Қазақстанға келіп-кетіп жүргендердің паспорттары жиналып, зейнетке шыққандар Қазақстанға келіп азаматтық алатын болса зейнетақылары берілмейтіндігі ескертілген. Сондай-ақ, Қазақстаннан ықтиярхат алып, әртүрлі салада еңбек етіп жүргендерШынжаңдағы жергілікті биліктің  арнайы шақыруымен Қытайға кеткендігі жайында біраздан бері Қазақстан баспасөзі де әртүрлі тақырыпта мақалалар жариялай бастаған. Қытайға барғандардың ішінде Қазақстанға қайта алмай қалған деректер де еміс-еміс айтылады. Олар паспорттарынан айырылып, өздері әртүрлі сұраққа тартылған. Кейбірінің нақты себебі түсіндірілместен, түрмеге қамалғаны туралы ақпараттар да кезігеді.

Осыған дейін Алматыдағы Қытай Бас консулдігінде Қытайдан келген арнайы делегация мен «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен бірлікте оншақты өкіл (Қазақстанға көшіп келген соң зейнетақысын ала алмаған немесе басқа да түрлі кедергілерге жолыққан нақты азаматтар) арасында дәл осы түйткілді мәселе талқыланғаны хабарланған еді. Кейін белгілі болғандай Қытайдың Шынжаң өлкесінен делегация құрамында келген әртүрлі деңгейдегі билік өкілдері өздерімен жолыққан топтың айтқан ұсыныстарын мүмкіндігінше қарастырып, бір шешім шығаруға уәде берген. Соның нәтижесінде, бірталай азамат паспорттарын қайта алып, Қазақстанға келгендігі, енді бірі белгілі мерзімге шетелге (Қазақстанға) туысшылап шығуға рұқсат алғаны айтылады. Алайда Шынжаңдағы жергілікті биліктің қысымы әлі де тиылмай тұр деп дабыл қағушылар баршылық.

«Жұма мүбарак болсын» деп айтуға болмайды

Қытай билігі Шынжаңды діни терроризм қаупі жоғары аймақ ретінде қарайды. Соңғы оншақты жыл бойы Шынжаңдағы ұйғыр этносы мен жергілікті билік арасында жүздеген жанжалдар, қантөгістер, қарулы қақтығыстар болған. Жоғары билік мұның бәрін «діни экстремизм» деп түсіндіргенімен, аракідік шетел баспасөзі мен шетелге қоныс аударған ұйғыр эмигранттары биліктің ұйғыр ұлтына жасаған себепсіз қысымының салдары деген уәж айтады. Уақыт өткен сайын Шынжаңдағы қауіпсіздік шарасы күшейіп, ірі қалалардағы орталық алаңдарда әскери техникалар мен қару асынған әскерилер саны күрт көбейген. Кәмелетке толмағандар мен мемлекеттік қызметкерлерге және партия мүшелеріне (Қытай коммунистік партиясы) мешітке баруға, намаз оқуға, ораза ұстауға тиым сала бастаған. Бұрын ұйғыр ұлтының өкілдерін барынша тергеп-тексеріп, әртүрлі қысым көрсеткен билік енді қазақтарға да қырын қарай бастады дейді Шынжаңның ішкі саясатын жетік білетіндер.

Кенжебай Әліхан

Бізге өз атын Арман деп таныстырған алматылық тұрғын «діни еркіндікке тиым салу бұрыннан бар болса да, дәл бүгінгідей деңгейде емес еді. Қазір ол жақтағы қазақтар «жұма мүбарак болсын!», «ораза айт қабыл болсын!» деп те айта алмайды. Кезінде жергілікті биліктің келісімімен мешітке имам боп сайланғандардың көбі қазір түрмеде отыр» дейді.

Ол Қытайдың Іле аймағына қарасты қазақтар ең көп қоныстанған Күнес ауданында соңғы үш-төрт ай көлемінде оншақты имам-молдалар мен намаз оқитын азаматтардың ұсталғанын, оларға туыстары жолыға алмайтынын, іздеп барғандардың өздерін сұраққа алатынын айтты. Тіпті туыстары қамалғандар мұндай жағдайды елге айтудан да қорқады дейді. Оның сөзінше, жергілікті қазақ имамдарын қамау бұдан ертерек басталыпты.

– 2014 жылы Күнес халқына танымал молда, талай жыл аудандық діни мекеменің тұрақты мүшесі болған Кенжебай Әліхан деген имам 5 жылға сотталып кетті. Оның нақты қандай қылмыспен ұсталғаны айтылмаған. «Саяси қателік жіберді» деген жалғыз ауыз түсініктемені ғана ел естіді. Оның ұлы да қамалып, жуырда босады. Қазақ молдаларды қудалау сол кезден басталып еді, – дейді.

Арманның айтуынша, Кенжебай молда ұзақ жылдар бойы жастарды діни сауаттылыққа тәрбиелеген. Жергілікті қазақтар арасында оның ықпалы да едәуір болған көрінеді. Ол жуырда Күнес ауданы Нарат қалашығында имамдық қызмет атқарған Нәби есімді қаридың да ұсталғанын айтады. Оның да нақты қандай себептен қамалғаны белгісіз.

Кенжебай Әліхан ұсталардан бұрын Қазақстанға бірнеше мәрте келіп кеткен көрінеді. Молданың екі ұл, бір қызы Қазақстанда тұрады.

Алтай аймағы Қаба ауданында сотталған Өкен молда

Кітап үшін 15 күн қамалған қазақ қайта ұсталған 

Шынжаңның Буыршын ауданының тұрғыны Манапхан 2017 жылдың сәуір айында жергілікті молдалардың біріне сыйға тартқан діни кітабы үшін 15 күнге қамалған. Жуырда екі ұлы Еркеш пен Бекішпен қоса оны қайта ұстаған. Бейресми ақпарат көздері оларды жеті жылға бас бостандығынан айырған десе, жергілікті билік бұл ақпаратты терістеп, нақты қандай үкім кесілгенін білмейтіндіктерін айтқан. Әзірге олардың қанша уақытқа ұсталған белгісіз. «Азат Азия» радиосының хабарлауынша, Манапхан биыл жыл басында Қазақстанға келген әрі кетерінде «Құран кәрім» кітабын алып өткен. Оған шетелден діни кітапты заңсыз әкелді деген айып тағылған болуы мүмкін. «Азат Азияға» шағын сұхбат берген ауылдық партия комитетінің хатшысы олардың не себепті ұсталғанын білмейтінін жеткізген. Тілшінің мұндай себептермен ұсталғандар көп пе деген сұрағына Манапханнан өзге Берік, Абылайхан, Ерік секілді оншақты адамның ұсталғанын растайды.

Тілшінің зерттеуі бойынша мұндай оқиғалар Шынжаңдағы барлық аймақтарда қайталанып отыр.

 

3 жасар баланың паспортын бермей қойған

2007 жылдан бері Қазақстанда тұратын Берік (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) Қазақстанда туған 3 жасар ұлын Қытайдың Күнес ауданына қарасты ауылдардың бірінде  тұратын ата-анасының қолына аз уақытқа жіберген. Көктемдегі паспорт жинау науқаны кезінде баласының паспортын жергілікті әкімшілік жинап алған. Әкесі ұлын алып кетуге барғанда өзі де паспортынан айырылып, екі ай дегенде сонда мемлекеттік қызмет істейтін бір туысының кепіл болуымен әзер алғанын айтады. Ал ұлының паспортын қайтарып бермеген.

– Мен ықтиярхатпен жүрмін. Отбасымызбен Қазақстан азаматтығын алуға құжат жинап, Қытайға ұлымды алып кетуге барғанмын. Менің де паспортымды алып қойып, елге әзер келдім. Бір айға рұқсат берді. Өзің қайтып келіп, ұлыңды Қытайдың тұрақты тіркеуіне отырғызасың. Сонан кейін оның паспортын береміз деді. Қытай пропискасына тұрғызу үшін туғаны туралы анықтама сұрады. «Туу туралы куәлікті» нотариустан өткізіп беріп едім, мұндай құжатты танымаймыз, Қазақстанда тіркелген жеріңнің әкімшілігінен арнайы анықтама әкел деді. Екі ай бойы ұлым мен өзімнің құжатымды алу үшін ауылдық әкімдіктің табалдырығын тоздырдым, – дейді Берік.

Ол «Қазақстан азаматтығына құжатымды өткізіп болсам, Қытайға баруым керек. Бармасам ұлымның паспортын бермейді және маған кепіл болған туысқанымды қысымға алуы мүмкін» деп алаңдайды. Өзім барсам, тағы да жібермей қоя ма деген қорқынышы барын да жасырмайды. Отбасымен бірге азаматтыққа өткізейін десе Қазақстандық Ішкі істер бөлімі баласының паспортының түпнұсқасын сұрап отырғанына күйініп, екі жақтың да қағазбастылығынан шаршағанын айтып шағынды.

Жайлауда мемлекеттік ту шығару шарасы

«Ұлттар ынтымағы» аясында «бір үйлі жан болу»

Қазір Шынжаңда «Ұлттар ынтымағы аясында бір үйлі жанға айналу» саяси үгіті қарқынды жүріп жатқанын жергілікті басылымдардан, телеарналардан байқауға болады. Қазақ, ұйғыр, сібе, дүнген секілді аз ұлттар хансу ұлтының бір отбасымен «туысқандық-достық» қарым-қатынас орнатады. Екі отбасы бірін-бірі шақырып, бір-біріне жәрдемдесуге міндетті. Олар апта, кейде ай сайын бірінің үйіне бірі барып, жастары қарттарын күтіп, мерекелерде сыйлықтар ұсынып, өзара жарасымды «ағайындар» екенін дәлелдеуге тиіс. Әсіресе, мемлекеттік қызметте істейтін кадрлар үшін бұл міндет.

Шәуешек қаласында тұратын Есімхандар отбасы жергілікті қытай әулетіне айына бір рет барып, өзара қонаққа шақыратынын айтады. Бізбен Қытайдың «Вичат» желісі арқылы байланысқа шыққан отағасы басында олармен (қытай отбасын айтады) араласу қиынға тигенімен, бірте-бірте үйренісе бастағандарын әңгімеледі. «Қазір бұрыннан таныс адамдардай болып кеттік, аз күн көрмесек сағынамыз» дегенімен, сөзінің астарында әлдебір кекесін мен мысқыл барын да байқадық. Өзінің және «жаңа туысқандарының» суреттерін жарияламауды өтінді. Аталмыш әлеуметтік желіден «достық-туысқандықты» айқындайтын суреттерді жиі көруге болады.

Мұндай науқандық шаралар жыл сайын көбейе түскенін байқау қиын емес. Аз ұлттар мен қытайлар арасындағы аралас неке телеарналар арқылы дәріптеліп, жас отауға жергілікті үкімет тарапынан мол сыйлық беріледі. Соңғы жылдары қытаймен некелескен қазақ жастары көбейе түскен. Бізге Кенжебай молданың жағдайы туралы әңгімелеген Арман аралас неке қалыпты жағдайға айналып барады дейді.

– Бүгінгі Шынжаң – бұрынғы Шынжаң емес. Мен 2000 жылдардың басында Қазақстанға көшіп келгенмін. Біз көшіп келгенге дейін мүлдем басқа еді. Қазір барсаң, өз қазағыңды өзің танымайсың. Қазақстаннан келді дегендерден қашық жүруге тырысады. Жуырда барып, екінші бармастай болып келдім, – дейді ол.

Ол әр апта сайын мемлекетті ту шығару рәсімі ауылды жерлерде орындалатынын, бұл шараға қатыспағандар тізімге алынып, жергілікті биліктің түрлі сынына ілігетінін айтады.

– Тіпті жайлаудағылар да әр апта басында Қытай әнұранын шырқап, ту шығаруға жиналады екен. Шағын ауылдардағы әр көшеге «қоғам тыныштығын» күзететін сақшылар бекітілген. Оларға қарсы бір сөз айтсаң, «қара тізімге» ілінуің мүмкін. Қазір Шынжаңда 1960 жылдардағы «мәдениет төңкерісі» қайта басталғандай, – дейді ол.

 

«Жарқын жеті»: «Қытай шекара келісімін қайта қарастырғысы келеді»

Қытайдағы қазақтарға жасалған қысымның себебін сан түрлі жорамалмен түсіндіретіндер көп. Бұрын тек ұйғырларға қолданылған шаралар енді қазақтарға да бағытталған. «Діни ұшқарылық» желеуімен сотталғандардың саны күрт көбейіп, «ұлтараздықты қоздырды», «саяси көзқарасы дұрыс емес» деген секілді түрлі желеумен қуғындауға ұшырағандардың молая түскені байқалады. Оның үстіне, ішкі Қытайдан «арзан еңбек күші», «Шынжаңды дамытуға келген халық қосыны», «Батыс өлкені дамыту (ашу)  үшін келген мамандар» секілді арнайы бағдарламамен жылына миллиондаған қытай еңбекшілері Шынжаңға ағыла бастаған. Бұл үрдіс жергілікті байырғы халықпен арадағы түрлі әлеуметтік шиеленістерді ушықтыра түскені жиі сөз болады.

Watssap әлеуметтік желісінде «Жарқын жеті» атымен Қытайдағы қазақтарға танымал блогердің аудиоүндеулері жиі жарияланып жүр. Ол Қытайдағы қазақтарды қуғын-сүргінге ұшырату жиілеп кеткенін халықаралық басылымдар  үнемі жазғанымен, отандық (қазақстандық) ақпарат құралдарының немқұрайдылық танытып отырғанына қынжылады. Қытай мен Қазақстан арасындағы әріптестік-достық қарым-қатынастың нығайып келе жатқанына қарамастан, Қытай билігі сол жақтағы этникалық қазақтарға түрлі сылтаумен қысым көрсетіп отырғанын айтып, бұған жоғары биліктің назарын аудару өте маңызды қадам деп біледі. «Бір-біріне Қазақстанға көшейік» деп әлеуметтік желіде сөйлескен ағайындыларды «тыныш отырған елді үгіттеді» деп соттауы, жауапқа тартуы, «жұма қабыл болсын» дегені үшін қамап тастауы, Қазақстанға келгендерді тексеріп-тергеуі Қытай билігінің әдейі істеп отырған қысастығы» деп білетіндігін жасырмайды. Шынжаң билігі үшін Қазақстан сенімсіз, қауіпті елдердің санатында екенін түрлі деректермен дәлелдегісі келген блогер осыдан бес-алты жыл бұрын ұйғырларға қандай қысым көрсетсе, тура сондай қысымды қазақтарға да жасай бастағанын айтып, шетелдегі диаспорасын құқықтық тұрғыдан қолдауға Қазақстан үкіметі нақты қадамдар жасауы керек деп біледі. Оның ойынша, Қытай билігі екі ел арасындағы шекара келісімін қайта қарастырғысы келуі мүмкін. Блогер Қытай ұлтшылдарының 2002 жылы қол қойылған Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара келісімін заңсыз деп тануды баспасөз арқылы талай жылдан бері айтып келе жатқанын нақты мысалдармен түсіндіруге тырысады.

Енді бір топ блогердің мұндай болжамдары дәлелсіз пікір деп қарайды. Олар мұндай байбаламнан гөрі Қытаймен дипломатиялық тұрғыда сұхбат өткізіп, қандастар мәселесін оң шешуге тиіспіз деген пікір ұстанады. Ол үшін Қазақстан билігі мәселенің мән-жайымен жүйелі танысып, Қытай елшілігі және мемлекетаралық келісімдер кезінде нақты әрі сауатты ұсыныстар жасауы тиіс. Қазақстан азаматтығын алған қазақтардың ішінде Қытайға барып сотталғандар болса, олардың құқығын қорғау жауапкершілігін Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен Сыртқы істер министрлігі өз мойындарына алуы керек. Ол үшін белсенді азаматтардың сауатты әрі нақты фактілермен жұмыс істеп, тиісті мемлекеттік органдарға жүйелі ұсыныс жасаулары аса маңызды.

Орда Елдес: «Қытай ұлтшылдарының қысымы»

Фэйсбук әлеуметтік желісінде Қытайдағы қазақтар тарихын және Шынжаң қазақтарының бүгінгі ахуалын жүйелі әрі нақты деректермен жазып жүрген Орда есімді қолданушы дәл осы мәселеде Қытайдың жоғары билігі арасындағы айтыс-тартыстың салқыны да бар деген пікір білдірген. Ол жоғары лауазымды қызметте жүрген Қытай ұлтшыл-демократтарының атқарушы билікке едәуір ықпал етіп отырғанын жазады. Оның пікірінше, қытай ұлтшылдары Қытайдағы аз ұлттар санының тым аздығына қарамастан, автономиялық өлкелер құрып, оларға құқықтық тұрғыдан үлкен мүмкіндіктер беріп отырған партия басшыларын үнемі сынаумен келеді. Олар жүз мыңдаған адамның қолын жиып, ұлттық автономиялы бес регионның статусын жоюы талап еткен. «Кейбір автономиялық өлкелердегі аз ұлттардың үлес салмағы сол жердегі қытайлардың санынан әлдеқайда аздығына қарамастан, оларға саяси және мәдени-әлеуметтік үлкен жеңілдіктер қарастырылуы ұлы державаға айналуы тиіс Қытайдың дамуына кедергі болып отыр» деп санайтын ұлтшылдар санының көптігі Шынжаң, Тибет, Ішкі Моңғол автномиялы өлкелеріндегі жағдайды ушықтырып отырған болуы мүмкін деп есептейді. Ол Шынжаңдағы соңғы оқиғаларда сол ұлтшылдардың қолтаңбасы барына шүбә келтірмейтіндігін жасырмайды.

 

P.S.  Жуырда өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында германиялық қазақ Өмірхан Алтын Президент Назарбаевқа Қытайдағы қазақтардың қиын жағдайға тап болғаны жайында айтқан болатын. Президент Назарбаев өзінің бұл істен хабарсыз екенін жеткізіп, ҚР СІМ мен елшілік арқылы нақтылы жағдайды анықтап, тиісті деңгейде көңіл аударуға уәде берген еді.

2 пікір

  1. Балталы

    Қытай қазақтары қытайдың тастаған азғантай ақшасына алданып, заман жылымық кезде келіп азаматтық алып алмады, кергіді, ойбай, Қазақстан андай екен, мындай екен деп! Келетін патриот қазақтар келіп үлгірді, ізгі де білімді қазақтар! Қалған қазақтардың көбі жалтақ қазақтар! Келсе де әлі азаматтық алмай екі арада жүріп сауда істеуді өмірге айналдырған. Енді, арқада қыс болса жыламсырайды. Мұның бәрі қазақтың бір бекімге келе алмайтын екіұдайылығынан болған. Ал, Қытай деген әлемге белгілі жегі құрт, олар адам емес, шайтан! Олардан алаңдамаған халық ол құрып жоғалуға беттеген халық. Қытай ұлттарды құртып, өзіне қосып алудың майталманы, Ол өзі сондай сатқындардан құралған халық.Абайлаңдар, қазақтар, сендер-ақ ауырдың астынмен, жеңілдің үстімен жүргіш екенсіңдер!

  2. Батырхан

    Баяғы жартас сол жартас. Əттең қолдан келер не шара? Аштық кезінде босқан атабабалары болашақ үшін кетіп еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *