008

Қытайда қазақ имамның 100-ге жуық жақтастары ұсталған

Қытай билігі Шыңжаңда полиция тергеуінде қаза тапқан қазақ имамның жақтастарын қудалай бастады деп хабарлады «Азат Азия радиосы». Билік имамның өлімін «өзіне-өзі қол жұмсаған» деп түсіндірген.

Санжы билігі тұтқындаған Ахмет есімді қазақ имам 4 шілдеге қараған түні полиция мекемесінде көз жұмған. Содан бері полиция оның өлімі туралы айтқан жүздеген адамды қудалауға салды деп хабарлайды «Азат Азия радиосының» сол елдегі дереккөзі.

– Полиция әлден [имамның] 100-ден астам адамды – достары мен бұрын бірге оқыған жолдастарын ұстады. Олардың кейбірі – Шыңжаң ислам колледжінің түлектері. Қазір ондағы курстастарының бәрін ұстады, – дейді оқиғадан хабардар адам.

Оның сөзінше, полиция марқұмның жаназасын шығаратын имамды келтіртпеген, зиратына ешкімді жолатпай күзет қойған.

Қытайдағы дереккөздердің айтуынша, ондағы қазақтар кейінгі кездері «шетелмен байланысы бар» деген айыппен ұсталған мұсылман ұйғырлардың жолын құшқан.

Мамыр айында Тарбағатайдағы Құрманбек есімді қазақ бизнесмен Қытайдан Қазақстанға көшкен қазақтарға көмектескен соң жоғалып кеткен. «Азат Азия» радиосы сейсенбі күні Құрманбектің Дөрбілжіндегі ауылына хабарласқанмен ешкім жауап бермегенін жазады.

Қытайдағы "жұртты тәрбиелеудің" бір амалы - мемлекеттік туға құрмет көрсету шарасы. Көктоғай ауданы, Алтай аймағы, Қытай. (Көрнекі сурет.)

Қытайдағы «жұртты тәрбиелеудің» бір амалы — мемлекеттік туға құрмет көрсету шарасы. Көктоғай ауданы, Алтай аймағы, Қытай. (Көрнекі сурет.)

​25 маусымда полиция Қарамай қаласының тұрғыны Қаманижитті (Kamanijit) шетелдегі қазақтармен жиі байланыс жасағаны үшін және интернетте көші-қон жайын талқылағаны үшін ұстаған. «Полиция оны себебін түсіндірмей қамаған» дейді дереккөзі.

Бұлайша ұсталған адамдар көбінесе «саяси қайта тәрбилеу орталықтарына» жіберіледі. Ондай орталықтың бірі Душаньцзыдағы мұнай-химия кәсіптік колледжінде ашылған. Мәлімет беруші адамның сөзінше, ондай орталыққа жіберілетін адамдардың екі түрі бар.

– Біріншісі – Түркияға қыдырып барған не ол жаққа балаларын жіберген ұйғырлар. Екіншісі – қазақстандық ықтиярхаты бар ұлты қазақ азаматтар не балаларын сол елге жібергендер, – дейді ол.

Қытай билігі этникалық азшылық өкілдерінің әйелдеріне «ұзын етекті киім» киюге де тыйым салған.

Гүлжайна Тұсақ есімді 52 жастағы қазақ әйелі етегі қысқа киім киюден бас тартқаны үшін қайта тәрбиелеу орталығына жіберілген дейді дерек берген адам. Оның сөзінше, полиция жергілікті мұсылмандарды ондай орталықтарға 15 күннен 1 жылға дейінгі мерзімге сотсыз жібере береді. Билікпен тіл табыспаған кез келген адам ұсталып, қылмыстық жазаға ілінуі мүмкін.

Шыңжаңдағы қазақтар "Қыз қуу" ойнап келеді. Қытай, 12 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Шыңжаңдағы қазақтар «Қыз қуу» ойнап келеді. Қытай, 12 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

​Бұған дейін Алтай аймағындағы Қаба соты Оқан есімді қазақ имамды жаназа шығарғаны үшін 10 жылға соттаған дейді жергілікті жұрт. Олардың сөзінше, бұдан үш жыл бұрын Үрімжі маңындағы мешіттің Қабыл есімді имамы да ұсталған.

Шыңжаңда ұйғырларға қатысты көптен бері бар діни тыйымдар қазақтарға да жеткен. Ондағы қазақтардың кейбірі шетелдегі туыстарымен байланысуға тыйым салғанға наразы болған.

«Билік олардың сөзін аңдып, исламға қатысы бар дәстүрлі сөз тіркестерін айтқандарын қылмыс деп көреді» дейді сұхбаттасымыз.

Ресми есепке қарағанда, Қытайдағы бір жарым миллиондай қазақтың көбі Іле қазақ автономиялық округінде тұрады. Қытай бұған дейін қазақтардың Қазақстанға көшуіне оң қабақпен қарайтын. Бірақ қазір ол қарқын азайып кетті.

Дереккөз: «Азаттық» радиосы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *