008

Дулат Исабеков Елбасыға не айтты?

Редакциядан: «Әдебеиет» порталына сұхбат брген белгілі жазушы Дулат Исабеков Президентпен кездесуінде көптеген мәселелерді қозғағанын, бірақ оның көпшілікке жете бермейтінін айтты.

 

Газет-журналдардан «Исабеков Президенттің алдында түк айтпады ғой» деген пікірді мен де оқыдым. Бұған жауап та бердім. Айтуын айттық қой, оның бәрі көрсетілмеді… Екі жарым сағатқа созылған әңгімеде не айтылмады дейсің, бәрі айтылды. Мақтанғаным емес, өткір пікірді мен ғана айттым.

Бексұлтан Нұржекеев өз ауылындағы Орбұлақты, Қастеевті, Жаркенттегі көшелердің аттарын өзгерту сияқты жергілікті мәселелерді ғана көтерді. Смағұл Яссауи, сопылық туралы әңгіме қозғады. Ал мен болсам: «Бұрын өзіңізге айтқан мәселені қайталап айтамын. Елімізге қытай көп келіп жатыр. Бізге Ресейден гөрі Қытай қауіпті. Халқының саны 145 миллионды құрайтын Ресеймен араласып жүргенімізге 300-400 жыл болды. Ал халқы 1,5 млрд Қытай – соғыссыз, күлкімен ғана басып алатын мемлекет. Қазақ өз жерінде отырып мұнайымызға келген қытайдың құлына айналып бара жатыр. Оларға кеңдікті көптеп беріп қойғанбыз. Екіншіден, демография – ушығып тұрған мәселе. Өзбектер 32 млн. болды. Өзбектей болмасақ та, 20 млн-ға жетсек, қазақ тілінің мәселесі өзінен-өзі шешіліп кетер еді. Өзбектер біздің тіл мәселесін көтере беретінімізге таңғалады», – дедім.

Содан кейін, латын тілі туралы көбірек айтылды. Өту керек пе, жоқ па? «Сіздің идеяңызды қостайық, бірақ оның арғы жағында не тұр? 100 жыл ішінде орыс алфавитімен талай тарихымыз жазылып қалды. Оның бәрін кім көшіріп береді? Бұл да қиын мәселе. Содан соң, ауылға деп жыл сайын бірнеше млрд ақша бөлінеді. Менің ауылым сол күйінше, Нұреке. Жылына екі-үш рет барамын, ешқандай өзгеріс жоқ. Қырғызда ешнәрсе жоқ дейміз, бірақ тіршілігіміз бірдей. Неге бензин Қырғызстанда Қазақстанға қарағанда арзан? Олар астық өндірмейді, бірақ наны біздікінен арзан. Бішкегінде де бір баға, Қарабалта деген шалғай өңірінде де бір баға. Нарық, жеке меншік дейміз, арасы 150 метрлік екі заправкада екі түрлі баға. Мұның бәрі қандай жүгенсіздік? Сіз базарды аралағанда бәрін арзан етіп қояды, сіз кеткен соң баяғы қымбат бағаға өзгертеді. Сізге жалған ақпарат беретін штаттағылардан өзге тұрақты қоғамдық комиссия құру керек. Орташа жалақы дегенді қайдан шығарып алдық? Егер орташа жалақыға сенер болсақ, әр адамның жалақысы 250-300 мың болар еді. Менің айлығым – 110 мың. Келінім – ғылым кандидаты, 90 мың алады. Ал ортақ жалақыны банкирлер мен депутаттардың, Самұрық қазынада істейтіндердің айлығынан шығарады. Бұл нағыз өтіріктің өзі ғой! Неге өз елімізде емделмей шетелде емделеміз? Қазақстан үлгілі мемлекет дейміз, осы жағынан неге үлгі алмаймыз? Неге жеңіл өнеркәсіпті дамытпаймыз? Неге өндіріс орындарының бәрі шетелдіктердің қолында? Бұрын Кеңес үкіметі кезінде шетелден көшіп келген қазақтар мал бағатын. Қазір ондай мал жоқ. «Дипломмен ауылға» деген ұран құлағыма кірмейді. Ал мысалы, мен бітірдім. Дипломмен ауылға барамын, ол жерде не істеймін? Менің ауылымда 8000 адам тұрады. Аудан орталығымен бірдей. Жұрттың барлығы жекеменшік фермерлік шаруашылықпен айналысып жатыр. Сырттан барған адамға айлық керек, жағдай керек. Оны алып не істейді? Ауылдағы мұғалімдердің өзі мектепке әрең орналасады. Ашығын айтайын, өзім бір адамды орналастыру үшін, абыройымды салдым. Менен ұялғанынан әрең алды. Бірақ маған айтпа деп, орналастырған адамымнан 400 мың теңге алыпты. Міне, осындайлардың бәрі ұлтымызды бұзады», – дедім.

– Бұл айтқандарыңызға Президент қалай жауап берді?

– Бәріне дұрыс жауап береді ғой. «Қытайлықтардан қорқуға болмайды, олардың әрбір адамы менің блокнотымда жазылған. Жұмыстарын бітіреді де, кете береді», – деді.

Сосын мен: «Нұреке, қазақтың бәрі бастық болғысы келеді. Бір үйдегі бес баланың бесеуі де академияға түседі, университеттерге оқуға тапсырады. Соңында бәрі жұмыссыз жүреді, сауда жасайды. Сондықтан Кеңес Үкіметі кезіндегідей түрлі мамандық алып шығатын училище, колледждерді көбейтуіміз керек. Монтер, электрик секілді мамандықтар беретін айлық, жылдық курстар ашу керек. Жұмысшы табы қалыптаспай, мемлекет болмаймыз. Қазір теледидарың бұзылып, маман шақырсаң, орыс келеді. Тоңазытқыш жөндеуге де орыс кеп тұрады. Осының бәрін қазақ үйренетін кез келді. Содан соң сырттан келген қазақтарды орналастыру мәселесін қолға алу керек. Бұрын жақсы еді, қазір бұл мәселе тоқтап қалды. Көптеген қазақ осында жүріп-жүріп, мал қора таба алмай, квотасын ала алмай, жинап әкелген ақшасының бәрін жеп қойып, Моңғолияға қайтып кетіп жатыр. Қайта Монғолияға рахмет, оларға азаматтығын қайта берді. Ал азаматтығын бермесе қайтеді? Міне, осының бәрі шешімін табуы тиіс мәселе. Шетелдегі қазақтарымызды оңтүстікке қоныстандыра бермей, 2 млн егістік жері бар Павлодар секілді аймақтарға орналастыру қажет. Оларды жан-жаққа шашып-шашып тастамай бірге қоныстандырған жөн. Солай үйренісіп, кірігуі керек. Әйтпесе, жергілікті қазақтар арасына барса, Қытайдан келгенді «қытай» деп, Моңғолиядан келген қазақты «моңғол» деп естерін шығарады, мазақтайды. Баяғыда Ираннан көшіп келген қазақтартың түркістандықтармен араласып кеткені есімде. Өздері орысша білмейтін, онымен қоймай біздің қазақтың көрсетпегені жоқ, кілемдерін ұрлап, базарға барса сабап, заттарын тартып алып жүрді. Әйтеуір, қиындыққа көніп, қазақтың бір елі болып кетті ғой. Кеңес Үкіметінің кезінде, 1962 жылы, мына Қабдеш Жұмаділов бір айда 200 мың қазақты бастап өтті. КСРО-ның КГБ-сы қандай қатал? Сондай қаталдыққа қарамастан, оларға сенім артты, қолдарына жұмыс берді. Ал біз басымызда егемендігіміз бола тұра, оларға жансыз деп қарайтын сияқтымыз. Қазір азаматтық алу үшін 4 жыл бойы жұмыс істеуі керек екен. Төрт жыл қалай күн көреді? Бір ғана квотамен берілген бір 50-60 мың теңге неге жетеді? Сіз 17 млн қазаққа ғана емес, сыртта жүрген 11 млн қазаққа да Президентсіз. Солардың бәрін бауырға басу керек, ішке тарту керек. Бізде ұлттық кадрлар неге жоқ? Анау Илья Ильинді айтамыз, оған мен қуанбаймын. Өйткені, ол менің қаным емес. Мен қазақтан шыққан Дәулет Тұрлыхановқа, Бекзат Саттархановқа қуанам. Сіз оған ренжімеңіз. Мен солай жаралғанмын. Сіз де ішіңізден сөйтіп ойлайтын шығарсыз», – деп ойымдағының бәрін айттым.

Елбасының өзі де «Сыртта күңкілдегеннен гөрі осында ойларыңды ашық айтыңдар, үшеуіңді сол үшін шақырттым», – деп басынан ескерткен еді.

 

11 пікір

  1. Саят

    Пікірге қосыламын. Ауыл шаруашылығын дамыту қажет. Шет елден келген қандас бауырларымызды жұмыспен қамтып азаматтығын алғанша көмек көрсету қажет. Жұмыссыз жүргендер қаншама.

  2. Темирлан

    Ауыл шаруашылықты дамыту керектігіне келісемін. Бірақ бір ғана соған және мұнайға сеніп отырған болмас. Елімізде білімді жастарды көбейту керек, инновациялар мен техникаға көңіл бөлу керек. Елбасымыз да жолдауында қозғағанына қуаныштымын.

  3. жібек

    бірі саясаттың, бірі әдебиеттің жілігін шаққан азаматтарымыз ғой, сөздерінде мән, ойларында халықтың қамы, аман болсын!

  4. Шолпан

    Шындықты айтқан дұрыс әрине, бірақ бұлай асыр сілтеуге де болмас, барлық жұмыстар атқарылып, жағдайды жақсарту жолға қойылды, еңбек етіп, талаптанудан танбайық!

  5. Жексен

    Ауыл дамымай еліміз алға жылжи алмайды. Сондықтан нағыз көмектерді, қаржылай және материалдық жағдай жасау қажет. Əрине Президент Д. Исабековтың əңгемесінен кейін нақты жұмыстар, іс шаралар жасамаса онда бұл баяғы жартас, сол жартас болады…Дегенмен де менің өз пікірім Қазақстанға Президенттік жүйе тиімсіз, барлық партиялармен жəне халықпен ақылдасып басқа тиімді, өзімізге қолайлы, Ел басқаратын тұлғаны қатаң қадағалау жүйесін құру керек.

  6. Омар

    Мұндай кездесу барысында ел үшін маңызды мәселелердің қозғалатыны анық. Үлкен мемлекеттік мәселенің барлығы да бақылауда тұр деген ойдамын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *