008

Диктатордың бәрі талантты…

Олар елден ерекше жаратылған. Олар жер басып жүрген сіз бен бізден биік тұр. Олардан асқан талант иесі жоқ, түсінгеніміз.

Бүгін көрдік. Түркімен президенті Гұрбанғұлы Бердімұхамедов таққа отырғалы бері уақытта 40 кітап жазып тастапты. Ойлап көріңіз, 40 кітап. Білсек, әйгілі Джек Лондон қысқа ғұмырында осынша кітап жазған. Жазып үлгерген. Ал Бердімұхамедов енді қызған сияқты. Бауырын енді жазған түрі бар. 40 кітап басы ғана, демек…

Жазумен шектелсе бір жөн ғой. Жоқ. Ол оған аз. Оған кітаптарының мектеп бағдарламасына енгені, эфирден көрсетілгені, жоғары оқу орындарында дәріс ретінде оқылғаны керек.

Кім қой дейді? Ешкім. Бұл мақсатына да жеткен. Қазір түркімендер диктатордан бөлек, оның қаламынан туған кітаптарына да табынады. Адамға табынады, анығы. Тірі адамға…

Байқайсыз ба, диктаторлардың барлығы шетінен талантты, талапты. Мемлекет басқарудағы дарыны өз алдына, олар өнерде де, ғылымда да, спортта да озық. Топжарған. 

Айтайық дегеніміз, түркімен президенті жалғыз емес. Ол сияқты «талантты» диктаторлар толып жатыр. Мысалы?

1994 жылы Солтүстік Кореяның көсемі Ким Чен Ир алғаш рет гольф ойнайды. Өмірінде гольф таяғын ұстап көрмеген Ир гольфтың 18 шұңқырын рекордты 38 соққы жасап жүріп өтеді! Тіпті ең үздік деген гольфшының өзіне бұл аралықты жүріп өтуге 25 соққы артық жасау қажет…

«Халқымыздық қалаулысы алғашқы соққыдан-ақ таңғалдырды. Допты бір емес, қатарынан бес мәрте көздеген шұңқырға дәл кіргізді» деген хабар таратты солтүстік кореялық ақпарат құралдары. Ойлап көріңіз бес мәрте! Өмірі гольф ойнамаған адам…

Айттық қой, диктаторлар шетінен дарынды деп. Ирдің сонымен бірге жерлестеріне шабыт сыйлайтын құдіреті болған. Иә, басқа теңеу табу қиын бұған.

1999 жылы жеңіл атлетикадан өткен Әлем чемпионатында солтүстік кореялық Чон Сон Ок алтын алады. Жеңістен кейін журналистерге берген сұхбатында Ок: «Жүгіріп келе жатып көз алдыма көшбасшымыздың суретін елестеттім. Бұл маған шабыт берді» дейді.

Уганда диктаторы Иди Амин тіпті әріге кетеді. Бокстан өз елінде өткен Африка чемпионатында Амин: «Жарыстың шымылдығын өзім ашсам, қалай-былай? Ұлттық құрама бапкері Питер Серуваги екеуміз жұдырықтасайық. Алғашқы кездесу осы болсын» дейді. Ерке диктатордың өтініші орындалмай қалсын ба? Қалай ойлайсыз, бұл кездесуде кім жеңді? Кім жеңімпаз атанды? Әрине, Амин. Ұлттық құраманың білдей бапкерін нокдаунға жібереді.

Келесі күні елдегі барлық газет-жорналда: «Жыл боксері» деген мақала жарияланады. «Төреші екінші раундта кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Қарсыласының жойқын соққыларына шыдас бере алмаған Серувагиді құтқару қажеті еді…» делінген мұнда.

Енді ілгеріде айтқан түркімен диктаторы Гұрбанғұлы Бердімұхамедовке қайтып оралайық. Білсеңіз, бұл кісі каратэ мен тхэквандодан қара белбеудің иесі.

2012 жылы түркімен жерінде ел тарихында алғаш рет автобәйге ұйымдастырылмай ма. Төсегінде тыныш жата алмаған Бердімұхамедов жарысқа қатысуды жөн деп табады. Диктатор жарыс өтетін жерге әлемдегі ең қымбат әрі диктаторлардың сүйікті көлігі саналатын Бугатти Вейронмен келген. «Мен де қатыссам бола ма?» дейді Гұрбанғұлы. Кім жоқ десін, кім қой десін?

Кімнің қашан, қалай дайындап қойғаны белгісіз, әйтеуір жарысқа қатысуға қажетті спорттық киім де Бердімұхамедов үстіне құйып қойғандай қона кетеді. Жарыс көлігіне қонжиған диктатор бәйгеде…иә, қателескен жоқсыз, бірінші келеді. Тіпті, жалпы жарыс қорытындысында ең үздік нәтиже көрсетеді. 57 шақырымды 26 минут 10 секунд жүріп өтеді. Гұрбанғұлы тізгіндеген көлікті келер күні Президент мұражайына апарып қойған…

Олар осындай. Олар ерке. Еліне еркелейді. Елінің төзімі таусылмайтынына, сабыры сарқылмайтынына көздері жеткен әбден. Олар диктаторлар. Олар тағында өледі…

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ

(жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *