008

Даниал Ахметов Алакөлге барды

Таяуда Үржар ауданына жұмыс сапармен барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Алкөл жағасына ат басын бұрып, қасиетті көлдің жағасында туризмнің қалай дамып жатқанымен танысты. Өз кезегінде аймақ басшысы еліміз бойынша Алакөлдің тартымдылығын арттыру және туристерді көптеп тартудың жолдарына қатысты ойларымен де бөлісті.

Бүгінде Даниал Ахметов Алакөлдің Шығыс Қазақстан аумағындағы жағалауында туризмді дамыту мәселесін жеке бақылауында ұстап отырғаны белгілі. Бұл жайында газетіміздің 21 шілдедегі санында («ҚмД» №27 /136/) «Даниал Ахметов – Алакөлді туризмнің орталығына айналдырды» деп жазған болатынбыз. Облыс басшысы жұртшылықпен кездесуінде Алакөл жағасында туризмді дамытуға барынша қолдау көрсететінін тағы да нықтап айтты:

– Біздер биыл Алакөл жағасында туризмді дамыту мақсатында 2 млрд. теңге бөліп, оның 550 млн. теңгесіне жағажайды абаттандыру ісіне жұмсадық. Атқарылған жұмыстың нәтижесіне көз сүйсінеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады, – деді әкім.

Жұмыс сапары барысында аудандағы кәсіпкерлермен кездескен Даниал Ахметов Алакөл жағасында сауда нысанын заман талабына сай жаңғыртудың екі жолы бар екенін айтты. Біріншісі – облыс қазынасынан Алакөлдің  жағасына түрлі нысандарды салып, оны кәсіпкерлерге жалға беру болса, екіншісі – кәсіпкерлердің көл жағасындағы инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салып, жағажайды абаттандыруға ат салысуы керек екенін айтты.

Облыс басшысы алдағы жылы жергілікті тұрғындар «арбат» деп атап кеткен саябақты 500 метрге дейін ұлғаятынын және Алакөл жағасында демалуға ниеттенген шығысқазақстандықтарға арнап әуетасымалында жеңілдік жасауды қарастырып жатқанын да алға тартты.  Бұдан басқа «Өскемен-Шар-Жалаңашкөл» бағытындағы темір жол қатынасын жандандыру мәселесі қызу талқыланып жатқанын көпшілікке жеткізді.

Өз кезегінде жергілікті тұрғындар да облыс әкімдігінің тікелей қолдауының арқасында Алакөлдің ажарланып келе жатқанын айтып, Даниал Ахметовке ризашылықтарын білдірді. Қазіргі таңда Алакөлдің Шығыс Қазақстан аумағындағы қауіпсіз, жанға жайлы демалыс кешендері бой көтеріп, еліміздегі туристердің қызығушылығын оятуда. Жаңадан бой көтерген құрылыс нысандары заң талаптарына сай бой көтеріп жатқанын да айта кетуіміз керек.

Бұрынғы жабайы сауда орындарының орнын заман талабына сай сауда павилондары мен бағасы қол жетімді сәулетті мейрамханалар бой көтерген. Осы жұмыстардың бәрі аудан тұрғындарының келер күнге сеніммен қарауына негіз болуда. Бүгінде туризм Үржар ауданының негізгі кіріс көзіне айналып келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрмысы жыл өткен сайын жақсаруда.

Өз кезегінде Даниал Ахметов Қазақстанның рестораторлар қауымдастығының өкілдеріне Алакөл жағасында еуропалық типтегі жазғы мейрамханалардың жобасын дайындауды тапсырды.

– Демалушылар көл жағасындағы әрбір нысанға кіргенде сапалы қызметке ие болып, демалып жүргенін барынша сезінуі керек. Бұл үшін өзге елдердің тиризмді дамытудағы іс-тәжірибесін пысықтап, пайдаланудың маңызы зор, – деді облыс басшысы.

Иә, қазіргі таңда Алакөл жағасы адам танымастай өзгеруде. Бұрығыдай жүйесіз құрылыстар жоқ. Демалыс кешендерінің айналасы жасыл желекке бөленіп, көздің жауын алатын жарықтар тартылған. Жаңадан бой көтерген автобекет, жаңа автотұрақтар демалушыларға сапалы қызмет көрсетуде. Осы ауқымды жұмыстардың нәтижесінде жыл өткен сайын Алакөлдің Шығыс Қазақстан облысы аумағында демалушылардың саны артып келеді. Жоспарлаған жұмыстар жүйелі жүретін болса, алдағы 2-3 көлемінде шетелге баратын туристердің басым бөлігі Алакөлді бетке алады деп нық сеніммен айтуға болады.

Нұрлан ЖҰМАХАН

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *