008

Алматы облысында «Абай оқулары» өтті

Талдықорғанда  Тіл сарайында  Алматы  облысының  тілдерді   дамыту жөніндегі басқармасының  ұйытқы  болуымен  Абай атындағы  көркемсөз  оқу шеберлерінің облыстық байқауы  өтті.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген ұлт  жастарының ықыласын арттыру мақсатында  өткізілген шараға 17 мен 29 жас аралығындағы 17 үміткер қатысып, бақ сынады.

Байқауды  ұйымдастырушылардың сөзінше, өскелең ұрпақты  Абай Құнанбайұлының мұраларына қызықтыру,  поэзияға баулу кезек күттірмейтін  мәселе. Жалпы әдебиетке деген құштарлықты бүгіннен бастап қалыптастыру керек.  Мұны облыстың әр ауданынан келген үміткерлер  де жете түсінсе керек, олар бойындағы  барлық өнерін ортаға салып, қазыларға өздерінің осал емес екендігін дәлелдеуге тырысты.

Қазылар алқасы демекші, байқауға  қатысушыларға  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті   филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сайлау Қожағұлов, Талдықорған қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Мәрия Сәдуақасова, Алматы облысының  тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев төрелік етті.

Байқауды ашқан басқарма басшысы Айдар Карбозұлы : «Абай әлемі бізді жеті түне адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап, тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сарапатй аламыз. Өз  халқын «өссін-өркендесін» дейтін әр азамат  әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын» деген  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  сөзін жан-жүрегімен түйсінген азаматтар  қатары жыл сайын Абай оқуларына қатысқан саналы ұрпақпен толығып келеді. Дәстүрге айналған  «Абай оқулары» биыл да өз жалғасын тауып отыр.  Білекке емес, білімге сенетін ғасырда қоғамның іргетасына берік кірпіш болып қаланар өздеріңіздей азаматтар ұлы Абай армандаған биіктен көрінеріне бек сенімдімін. Өздеріңізге тек сәттілік тілеймін» деді.

Екі кезеңнен  тұрған байқау өте тартысты  өтті деуге болады. «Сен тұр мен айтайын» деген қатысушылар  арасынан үздікті  анықтау  оңай болмады. Дегенмен, қазылар алқасының төрағасы Сайлау Қажыбекұлы  байқау болғаннан кейін жеңімпаздың болатынын тілге тиек етіп, бағы жанғандардың аты-жөнін анықтады.

Сонымен, «Абай оқулары» облыстық  байқауының бас жүлдесін  Қаратал ауданынан келген  Салтанат  Байбосынова  еншілеп, республикалық абай оқуларына қатысуға  жолдама алды. Ал  бірінші орынға  Панфилов ауданынан  қатысқан Ерқанат Зәкенов лайық  деп табылды.  Екінші орын  екі қатысушыға бұйырды. Нақтырақ айтсақ, Салтанат Өтебай (Қарасай ауданы) мен Сұлтан  Жақыпбеков ( Ақсу ауданы) иеленді.Үшінші орын үш адамға тиесілі болды:  Мөлдір Жұмабаева ( Еңбекшіқазақ  ауданы), Меруерт  Әубәкірова (Сарқан ауданы) және кеншілер қаласынан келген  Медет Тутеев алды. Ынталандыру сыйлығы  ақындар мен батырлар елі Жамбыл ауданынан келген  Гүлмарал Темірәлі  мен Айдана  Мұсағұловаға (Кербұлақ ауданы) берілді. Барлық жеңімпазға басқарманың арнайы дипломы мен ақшалай сыйлығы табыс етілді.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *