008

Аллаға сенбеу Асанәлі Әшімовке лайық па?

Ашынғасын айтамын да. «Евразия» телеарнасында «Кешкі кездесу» жүріп жатыр. Атақты Халық әртісі Асанəлі Əшімов 80 жаста.   Атақ-абыройы бір басына жететін абызымыз құрмет биігінде. Шалқып отыр. Өмірдің түрлі соқпағынан өтіп мүжілмеген, қызығы мен шыжығына еңсесін түсірмеген тұлғаға бәрі жарасып-ақ тұр. Еркін сөйлейді. Қиядан шалады. Ойнақы сөзбен тұла бойыңды тербейді. Тек көзі құрғыр жасаурай бергені болмаса…  Еңсесін тік ұстауға тырысады.

Ең алдымен рейтинг қуған, арзан сөзге құмар журналиспен жеке отырып коньяк ішті. Ұмытпасам, «60 жыл бойы арақ ішіп келемін» деп, араққа жарнама жасады. Арақты ақылмен ішуге кеңес берді. Ақылмен ішілсе, емге дәрі, бойға қуат береді екен…

Алабұртқан журналиске: «Мына коньягің «Асанəлі» емес пе?» деп бір күлдіріп алды. Өз атының арақ-шараппен байланысы барына қуанғаны ма, мақтағаны ма бұл?.. Ол – ол ма, жедел сұрақтарға жауап беру барысында: «Құдайға сенесіз бе?» – деген журналист сауалына:

«Бір күш бар, ол анық. Бірақ ана дүниеге барған ешкім жоқ қой. Меніңше, жұмақ деген – осы өмір. Тозақ – тіршілікте көрген қиындығың! Сондықтан Құдайға деген көзқарасым нақты емес», – деп, айды аспанға шығарды атақты актер. Тізе берсек, тырнақ астынан кір іздегендей боламын-ау….

Ата сақалы аузына түскен қарияның «қабір азабы» туралы түк сезінбеуі – оны бұрмалап келекелеуі исі мұсылман баласына жат қылық. «Кеудемнен жанымды алсаң да, жүрегімнен иманымды алма» деген даналардың тұяғы, жазық жерде шалыс басатындай не көрінді?! Атеистік көзқарастың сүйекке мұншалықты сіңетінін кім білген?! Дүниенің жалған екенін бір кісі білсе, осы кісі білуі керек еді.  Əттең!..

Баяғының оқымаған шалдары «баратын жері» туралы бөстекі сөйлемей, дайындығын жасап отыратын еді. Арақты татып алмаушы еді. Өлім жайлы жиі əңгімелеп, жастарға ұлағатты ісімен үлгі еді. Сонысымен де қадірлі еді… ал қайран Асанәлі көкем…

Бүгінгінің шалдары бір түрлі болып барады. Аллаға сенбейді, көпіріп сөйлейді. Көз алдынан басқа еш нəрсені көрмейді… Əттең, бір кем дүние!..

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК, журналист

Дереккөзі: elana.kz

 

3 пікір

  1. Рабиға апай

    О, Алла сақтай гөр! Мал құлағы саңырау демеуші ме деі мұндайда? Кеудені басу қиын боп тұр ғой. Алла-ай! Алла-ай !

  2. Нағашыбай Қабылбек, өз ойыңызды басқаға тықпалау орынсыз, адам атеист бола ма, агностик бола ма, діндар бола ма, өз еркі! Мен құдайға сенемін, сенбегеннің бəрі қателескен деген пікірдің өзі қате!

  3. Асанали Гумаров

    А что такого я с ним согласен. Ясно что бог есть, но вот загробную жизнь придумали религии чтобы иметь влияние на массы. То есть ты терпи-терпи, а дальше будет продолжение банкета.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *