008

12 раундқа сыймаған шайқас!

Кеше АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жекпе-жегін арнайы барып тамашалаған қазақстандықтар қатары да көп болды. Белгілі спорт журналисті, қаламгер Несіп Жүнісбайұлы осы жекпе-жекті көргенін жазып, мұхиттың арғы бетінен елге ыстық сәлем жолдапты. Біз Несіп ағаның әлеуметтік желіде салған ақжарма ойын оқырманға ұсынып отырмыз. 


Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Мұхит асқан қара балаңыз тағы да сіздермен байланысқа шығып тұр. Бұл жолы қос қоржынымды тең ұстап, қолдау білдірген Генадай балаларыңыздың ерлігін айтуға шығып тұрмын. Әрине, бөркімізді атып, сүйінші сұрамадың деп сөкпеңіздер. Жеңістің шашуы шашылмаса да, жеңістен кем түспейтін кездесу болды, жеңіске бергісіз ерлік көрсеткен Геннадий балаларыңызға риза болдым. Жат жерде жүріп, елдің намысын құлатпаған ұлдарыңызға менен гөрі сіздер ерекше құрмет көрсетіп жатқан боларсыздар. Әлбетте, солай болуға тиіс. Майқұдықтың майталманы қандай құрметке де лайықты, қалай мақтаса да болады. Сонымен, алғашқы амандасу сөзімізді түйіндеп, негізгі бокстың қалай өткеніне тоқталайын.

Гимн шалқыған кез! Ғасыр жекпе-жегі басталатын уақыт та жетті. Геннадий мен Альварестің шайқасының алдындағы кездесулерге тоқталып, сіздердің уақыттарыңызды алмайын. Біз де, сіз де, күллі әлем күткен бокстан бір-ақ бастайын.
Сонымен, екі мықтының жұдырықтасуы басталмас бұрын, екі елдің мемлекеттік Гимні шырқалды. Құдай-ау, қандай ғажап десеңізші?! Тәуелсіз Қазақ елінің Гимні мұхиттың арғы бетінен шырқалғаны. Бұған дейін де талай дүбірлі дода да Көк байрағымыз қалықтап, ән ұранымыз шырқалды емес пе. Ал, бүгінгі Гимін мүлде ерекше десем артық айтпағаным. Талантымен талайды таңғалдырып жүрген Геннадий Головкиннің құрметіне орындалған Гимннің «Т*mobile» кешеннің ішін тамаша бір күйге бөлегендей әсер қалдырды. Көңіл толқытатын Гимннің дауысын естіген біздің көзімізге ыстық жас іркілгендей әсер қалдырды. Қазақтың шапанын киіп, ортаға сымдай тартылған қазақтың сымбатты жігіті шығып ұрандағанда төбеміз бір елі көкке жеткендей болдық. Әр тұстан, көк киімді киген қазақ жанкүйерлерінің де дауысы шығып, елінің Гимнін қосыла шырқағанын жиырма мың жанкүйердің ішінен естіп те тұрдым. Бұл біз үшін қуанышты жайт. Шіркін, соңғы раундтан кейін дәл осылай шырқалып жатса деген тілегімізді іштей қайталап тұрдық. Сонымен екі мемлекеттің Гимні орындалып, соңынан әлемге аты әйгілі Майкл Бафердің дауысы саңқ ете қалды. Ортаға боксшыларды шақырды. Шаршы алаңға жеткенше атақ-даңтарын таныстырып, қос мықтының есімдері айтылды. Қазақтың оюлы шапанын жамылып, Геннадий Головкин мен қолдаушылары шұбыртып, Сауль Альваресте жетті. Шаршы алаңның әр қапталына барып, ойнақшып жүрген Сауль жанкүйерлеріне құрмет көрсетіп жүр. Тығыршықтай жұмыр денесімен бабында екені алыстан-ақ байқалады. Біздің Гена да қалысар емес. Оның да жақтаушылары жетерлік. Елден келген жанкүйерлерді қоспағанда Генаны жақсы көретін өзге де жанкүйерлер есімін айғайлап, дуылдатып қоя берді.
1-раунд. Гена әдеттегідей қарсыласын тықсыртып шаршы алаңда қуып жүр. Айтарлықтай жойқын соққы жұмсамаса да, джеп соққыларын бағыттап сақ қимылдауда. Альваресте бірден беріле қоятын осалдар санатынан емес екені анық. Генаның соқысынан сытылып шығып, тигізетін емес. Әйтсе де, біздің жігіттің үш соққысы Саульдің бетіне тиді. Мексикалық жігітте қарап қалмады. Раундтың соңына қарай ол да қарымта қайтарып, бір-екі соққысын дарытып үлгерді. Жалпы, бірінші раунд барлаумен болатынын ескерсек, екі боксшы да сол үрдістен тайқымады және өте сақ қимылдады. Көбіне қорғанысқа көңіл бөліп, бір-бірінің соққысына түсіп қалмауды ойлады. Менің ойымша бірінші раунд тең дәрежеде өтті және солай деп баға беремін.
2-раунд. Неге екені белгісіз Генаның қарқыны бәсеңдеу. Бұған дейін болған кездесулерінде қарсыластарын төмпештеп алатын Гена бұл жолы ондай қадамға бармады. Керсінше, Альварес қауіпті соққыларымен шабуылдап, бір-екі соққысын да өткізіп үлгерді. Ал отандасымыз болса, көбірек қорғанысқа көңіл бөлуде. Тіпті барған сайын мексикалық боксшы қарқын алып бара жатқандай. Жүрегіміз аузымызға тығылып, қарсы соққыға тап келіп қалмаса екен деп тілеп отырмыз. Ә, міне, екінші раунд та аяқталды. Қауіпті сәттен аманбыз. Шамамен тең аяқталды деп есептеймін.
3-раунд. Тақым қысып, жанымды шүберекке түйіп отырмын. Гена бұл жолы тым сылбыр. Қорғанысы да сыр беріп жатыр. Альварестің бірнеше ауыр соққысы өтіп кетті. Құдай оңдағанда құлап қалудан аманбыз. Осы уақытта қарсыласын шаршы алаңда бір аунатып алатын Генаның бұрынғыдай қарқынын байқай алмай отырмын. Керсінше қарқынына-қарқын қосқан Альварес басымдық танытуда. Оң қолымен бағыттаған соққылары қорғанысты бұзып жатқандай көрінеді. Қалай болғанда да жастың аты жас, аяғымен де ширақ қимылдап, жұдырығын да жылдам жұмсап, ұпай еншілеуде. Кейбір соққыларына тіпті көз ілеспей, қай жерінен сарт ете қалғанын да байқай алмаудамыз. Өйткені өте жылдам, тым шапшаң. Боксшы үшін ең керектісі де осы шығар. Ашық тұсты тез байқап, сарт еткізу. Сонымен үшінші раундта аяқталды. Бұл жолы бір басы басым болса да, Альварестің қанжығасында кетті деп ойлаймын.
4-Раунд. Менің көзім өзіне-өзі сенбей отыр. Бұған дейін қарсыласына жарқ етіп тиетін Генаның соққысын іздейтіндей. Баяғы комбинация, шапшаңдық, өгізді құлататын жойқын соққының барлығы төртінші раундта жоқ. Альварес болса үсті-үстіне төпелетіп соққылап жүр. Гена тек қорғануда. Қорғаныстың өзі көңілге медет дегеніміз болмаса, арагідік бұзылып қалып, қарсы соққыларды бетіне тигізіп алуда. Кей тұстар да Саульдің бауыр тұстан жұмсалған жұдырығы Генаны теңселтіп жібереді. Қуанышқа орай құлап қалмай, шаршы алаңда жүр. Әрине, мені Саульға жақтасып отыр деулеріңіз мүмкін. Бірақ мына бокс мен үшін қиынға соғуда. Дәл осы кездесуді Генаның еншісіне жазып жатса, онда мен сіздерден кешірім сұраймын. Дәл қазіргі раунд Саульдің басымдығы байқалады. Спорт болғасын нақты ақпарат пен шындықты айту керек. Әйтпесе, сонау қазақ ауылынан Генаға жақтаспағанда Мексиканың сары шегірінің шаш бауын көтеріп келді дейсіздер ме. Сауль дәл соққан соққыларымен кімді болса да еріксіз өзінің жетегіне ертіп кететіндей. Сонымен бұл раундты да мен Саульға бергенді жөн санап отырмын. Әрйне, бокстың тағдырын шешетін, жеңісті анықтайтын мен емес. Мен тек, өздеріңіз секілді жанкүйермін, екі мықтының арасындағы шайқас жайлы ақпарат таратуға елден келген жалғыз журналиспін. Ал, ұпайды есептеу төрешілердің еншісінде.
5-раунд. Бұл раундта Генаның еншісіне жазуға болады. Саульді бұрышқа тығып алып сабады. Соққылары да дарыды. Осы тұста айта кетейін, Гена әдетте бұрышқа тығып қарсыласын сабаған тұста, бірнеше сериялы соққы жұмсап, әсіресе бауыр тұстан соғатын әдемі бір соққылары бар еді. Бұл жолы оны біз байқай алмай отырмыз. Арасында сол әдісіне салып қояды. Дегенмен, әлсіз. Тіпті Саульің ойын көріп жүргендей. Генаның соққылары тиіп жатса, басын шайқап, бар болғаны осы ма, маған еш әсер етпеді дегендей ишара танытып жүр.
6-раунд. Геннадий өзінің бабына енді келе жатқандай. Шиыршық атып, атойлап шапты. Бірнеше сериялы соққыларын жұмсап, Саульді әбігерге түсірді. Өгіз құлататын бір-екі соққысы дәл тиді. Бірақ, Сауль да мықты екен. Қатты тисе де тізерлеген жоқ.
7-раунд. Бұл раундты да Генаға беремін. Саульдің алдындағы батырлығы бәсеңдеп қалғандай. Жүзінде бір қорқыныш пайда болды. Бір қарағанда шаршап та қалғандай. Кездесудің соңына қарай Геннадий жігерлене бастап, өзінің мәнеріне көшті. Әрине, Саульдің сағы мүлдем сынып кетті деуге келмейді. Кездесудің тағдыры бұл раундпен шешіліп кетпесі анық. Алда әлі раундтар бар. Ол да жақсы бабын да, әбден толықсыған уақыты. Оның үстіне Генаны өте жіті зерттеп, тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр.
8-раунд. Өмір деген алма-кезек емес пе. Бұл раундтың басын Сауль белсенділікпен бастады. Аз да болса тынығып алғасын ба, алғашқы жұмсаған жұдырықтары Генаға өтіп кетті. Бірақ, біздің Гена да жұдырыққа-жұдырықпен жауап қайтып, осалдық танытпады. Әсіресе алыс қашықтықтан жасаған джептері дәл тиіп жатты. Тактикаға да көңіл бөліп, жақын шайқасқа бармай, қарымта қайтарып, ұмтылған тұста жақсы күтіп алды. Бұл Генаның бұрынғы әдістерінің бірі болатын. Гена раундттың соңғы секундтарын жақсы аяқтап, жойқын болмаса да, дәл бағыттаған жұдырығы діттеген жеріне тиді.
9-раунд. Бұл раунд та өте қызықты болды. Шым-шытырық соққыларды жұмсап, бір-бірін төмпештей жөнелді. Генаның бүркітше бүріп алатын кезі осы раундта орын алды. Анау жігіт те табаны жерге желімделіп қалған ба, ауыр соққыны қанша қабылдаса да құламай қалды. Оның үстіне көптеген мамандар мен жанкүйерлер Гена Альваресті осы тоғызыншы раундта құлатады деген пікірлер болған. Сол айтқандары дәл келмесе де, сәл ғана қалды және расында да осы раундта Гена атой салды.
10-раунд. Кездесудің көмбесі көрінген сайын боксшылар қарқын алып келеді. Тіпті осы раундта бір біріне бағыттаған соққыларын мен қабылдағандай болдым. Есеңгіреп, миым ауып қалғандай күй кештім. Шым-шытырық жұмсалған жұдырыққа көз ілеспейді. Бір-біріне ауыр соққылармен жауап қайтарып, берілетін емес. Қай жеңгенің менікі дегендей, соққылар дәл тисе айызы қанған жанкүйерлер орнынан бір тұрып отыр. Мен де Генажан, кезің келді, ұр, ұра түс, сенің қолыңнан келеді, талай мықтының жігерін құм еттің емес пе деген сөзді іштей күбірлей жөнелдім. Бірақ, екі мықты да бір-бірін құлата алмады. Меніңше, бұл раунд тең аяқталды десем, ешкім дауласа қоймас. Алда нағыз чемпиондардың раундты күтіп тұр және ол да басталды.
11-раунд. Біз күткен шайқас бұл жолы болмады. Екі боксшымыз да шаршап қалғандай көрінді. Кім біледі, мүмкін, күштерін соңғы раундқа сақтап жүр ме, әйтеуір, аса тартысты болмады. Жойқын соққылар жұмсамады. Бір сөзбен айтқанда тең дәрежеде өткізді.
12-раунд. Құшақтасудан басталған раунд сартылдаған соқылармен жалғасып кетті. Гонг берілген бетте Сауль бірнеше ауыр соққыларды бағыттап үлгерді. Дәл осы тұста, жүрегіміз аузымызға тығылып Гена, шыда, құлама, сен де соқ деп тақым қыстық. Мықтыны – мықты деу керек. Талай шайқаста ысылған Геннадий соққысына соққымен жауап беріп, ашық айқасқа шықты. Нағыз чемпиондардың шайқасы енді басталғандай. Жанкүйерлер де дуылдап қоя берді. Бұл раунд көп нәрсені шешеді. Төрешілердің бұған дейінгі раундта қандай баға бергенін білмеймін. Бірақ, соңғы раунд чемпиондықтың тағдыры шешілетін кез. Мұнда соққы мен қоса, белсенділік, дәлдік есептелетінін естен шығармауымыз керек. Оны менен гөрі боксшылар жақсы біледі. Соған қарай екеуі де тынбай қол сермеп жатыр. Міне, 12 раундтың бітуіне 40 секунд қалды. Гена да қарқынға басты. Соққылап жатыр. Саульда қалысар емес. Дәлдік жағынан Генаның басымдығы байқалады. Иә, міне, 5 секунд, 4 секунд, 3 секунд, 2 секунд бітті. Әй, жарайсың! Жасың 35-ке келгенде жап-жас Мексиканың қабыланымен арыстанша айқастың. Шын шайқасты көрсеттің. Ол сенің мықтылығың. Соңғы секунқа дейін соққыларыңды қарша бораттың. Меніңше төрешілер тең деп шешер. Әйтсе де, бір соққы болса да Генаның еншісіне жазылу керек, бұл раунд. Бірақ, соңғы толық шешімді тосайық.

ТҮЙІН:
Ұлы шайқастың шешуші кезі де келіп жетті. Мен бұған дейінгі репортаждарымда айтқан болатынмын. Егер екі боксшы тең түсіп жатса таңғалмаңыздар деп. Екеуі де нағыз батырға лайық бокс кешін сыйлады. Иә, төреші кімнің қолын көтереді. Хабарлау басталды. Әп, бәрекелді! Екеуі тең түсті, тең шешім шығарды. Міне, менің айтқаным дәл келді. Әрине, бұған біз қуануымыз керек. Жеңіліс жоқ, алда әлі шайқас бар. Қуанышымызға орай біздің Геннадий өзінің чемпиондық атағын қорғап қалды. Басымыз жерге қараған жоқ. Тәубе, еңсеміз тік. Лайым солай болғай! Мексикалық сары шегір қарымта қайтарам дейді. Оған біздің мықты да тастүйін дайынмын деп жатыр. Нағыз чемпион сол кезде анықталар. Мүмкін, үшінші кездесуде… Қалай болса да, алда әлі шайқас бар екенін көкейге түртіп алайық. Бұл жолы неге анықталмады дегенге келсек, оның бірнеше себебі бар. Оны мен келесі жазбама қалдырайын. Гена мен Саульдің шайқасындай чемпиондықты жұмбақ күйінде қалдырғандай тамсандырып қана аяқтайын. Ал, ағайын, мен осымен Лас-Вегастағы репортажымды уақытша доғарайын. Елге барғасын уәде еткен себептерді жазатын боламын. Амандықта жүздескенше!

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, АҚШ, Лас-Вегас.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *