008

Мәңгілік елдің мәңгілік тілі

Талдықорған қаласында  Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдер күніне арналған салтанатты шарасы осы тақырыпта өткізілді. Жеті жұрттың тілін білмекке ұмтылған белсенділер бұл күні жырдан шашу шашып, тілге деген құрметтерін асқақтата түсті. 

Оқушылар сарайында өткен биылғы шараның форматы да өзгеше. Салтанатты жиынның шымылдығын облыстық «Жетісу» газетінің жас журналистері жырмен ашты. Қоңыр үнімен киелі сахна төрінде көрермен жүрегін өлеңмен әлдилеген Құралбек Сәбитов, Айдар Қалиев, Мұхтар Күмісбек, Асыл Сұлтанғазы сынды жас ақындар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал «Анамның тілі, айбыным менің» деп ән салған сегіз жасар Рамазан Оспан тіл мерекесінің шырайын тіптен аша түсті.
«Тілге құрмет – елге құрмет». Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында Алматы облысында ауқымды тірліктер атқарылуда. Мекемелер мен кәсіпорындарда, ұйымдарда мемлекеттік тілде іс жүргізуді жетілдіру, сонымен қатар мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынған. Бұл турлы салтанатты жиында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев мәлім етті.
Басқарма басшысы салтанатты жиынға ана тілімізді қадірлеп, қастерлейтін қоғам өкілдері жиналып отырғанын айтты.
Елбасымыз айтқандай «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн». Бір айта кететін мәселе – тілдер күні әлемнің ешбір мемлекетінде атап өтілмейді. Бұл – еліміз үшін тіл саясатының қаншалықты маңызды екенін айғақтайды», – деген Айдар Карбозұлы өз сөзінде еліміздің латын қарпіне көшу мәселесін де тілге тиек етті. Латын қарпіне көшуде ұлтымыздың ұтары көп екенін, жаңғырудың өзі жазудан басталатынын, бұл мәселеге ел болып қолдау білдіру қажет екенін баса айтты.
Салтанатты шара барысында басқарма басшысы тілімізді дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген азаматтарға ҚР мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Құрмет грамотасын, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын және Тіл басқармасының Құрмет грамоталарын табыс етті.
Мұнан кейін киелі сахна төріне қазақтың қара домбырасымен «Текті сөздің төресі терме » атты облыстық байқаудың жеңімпазы, қараша айында өтетін республикалық байқауға жолдама алған Нариман Әбдірахманов шығып, тілдер мерекесіне орай ақын Жұматай Әміреевтің сөзіне жазылған Асулар» атты арнауын орындады.
Көпшілікке терең ой салған тамаша арнаудан кейін сахна төріне ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев шығып, мерекеге орай жылы лебізін білдіріп, тіл мерейін асқақтатуда сүбелі үлес қосып келетін азаматтарды департаменттің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Салтанатты жиында облысымыздағы қазақ тілін меңгерген этнос өкілдері де өздерінің ақ жарма тілегін білдірді. Арнайы бейнежазбада айтылған ұлт өкілдерінің «қазақ тілі – өз тілім», «ұлтым орыс болса да, тілім – қазақ» деуінің өзі мемлекеттік тілді құрметтеуі деп білеміз.
«Тіл — татулық тірегі». Олай болса, көп ұлт пен ұлыстар мекендеген елімізде тіл қадірін жете түсініп, оның мерейі мен мәртебесін өсіру жолында бірлік таныту – өзекті.
«Кіл жүйріктен, кім жүйрік». Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында қазақ поэзиясының көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиев жырларын ұрпаққа өнеге ету, мол мұрасы арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы және «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» интернет-жобасының ұйымдастыруымен «Жүрегі жырдан жаралған» атты жазба ақындардың республикалық онлайн-мүшәйрасын өткізген болатын.
«Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты салтанатты шарада онлайн-мүшәйрасына қатысып, оза шапқан ақындар марапатталды.
Басқарманың арнайы жүлдесін «Жетісу» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін табыс етті.
Мүшәйраның бас жүлдесі Алтынғадыс Күнтуғанұлына ( 100 000 тг.) табысталса, бірінші орынды Оразай Жеңісұлы ( 80 000 тг) иеленді. Жүлделі екінші орын Мәрлен Ғилымханға (70 000 тг) бұйырды. Ал жетісулық жас ақын Мағрипа Сандуғаш үшінші орынға (60. 000тг) лайық деп табылды.
Кітап – ғажайып қазына, кітап – өмірсерік. Кітапты сүймеген, Құдайды да сүймейді (Ш. Мұртаза).
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты «Букроссинг» облыстық жобасы қолға алынған болатын.
Қоғамдағы «уақыт жоқ» деген стереотипті бұзып-жарған жаңа бастама – «БУККРОССИНГ» – еркін кітап алмасу акциясының өткізіліп жатқанына екі айдың жүзі болды. Бүгінде көшпелі кітапхана халықтың кітапқа деген қызығушылығын оятуға айтарлықтай үлес қосуда.
Жылжымалы кітапхана сөрелеріне қойылған 700-ден астам кітаптың 100-ге жуығын оқырмандар үйдегі кітаптарын алып келіп, ауыстырып алса, 70-тен аса кітап «оқып, қайта алып келемін» деген оқырмандарға берілді. Мәселен, тек «Қаратал» жағалауы бойында орын тепкен көшпелі кітапханаға екі ай ішінде қала тұрғындары 200-ге жуық кітапты сыйға тартты.
Аталмыш жоба аясында белсенділік танытқан қала тұрғындарын тілдер мерекесі күні марапатталатынын осыған дейін әлеуметтік желіде құлағққағыс етіп, жазып келдік.  Мерекелік шара барысында жоба аясында белсенділік танытқан қала тұрғындары арнайы үш номинация бойынша марапатталып, сый-сияпат табыс етілді.
«Ең үздік жас оқырман» номинациясымен Талдықорған қаласындағы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 мектеп лицейінің 3 сынып оқушысы Жанна Қасен, «Ең үздік кітапқұмар оқырман» номинациясы бойынша облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Қозыбай Құрман, ал осы акция аясында ең көп кітап өткізген қала тұрғыны Гүлзада Сыдықова «Ең көп кітап өткізген оқырман» номинациясымен жүлделі болды.
Осы шара аясында өлеңін өмірбаянына, өмірбаянын өлеңіне айналдырған, әдебиет айдынында өзіндік қолтаңбалары қалыптасқан Жетісудың дарынды да, жалынды ақындары Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасен, Жангелді Немеребаев, Торғын Тұрлыбаева, Азамат Нұрмұханов жүрекжарды жырларын оқып, көшпелі кітапханаға өз кітаптарын тарту етті.
«Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты салтанатты шараны «Алтын қалам», «Алтын тобылғы» әдеби сыйлықтарының иегері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, жазушы Есболат Айдабосын және Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тіл бөлімінің бас маманы Әсем Кенжеғұлова жүргізді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *