008

ШҚО «ЭКСПО-2017» көрмесіне 140 жоба ұсынып, оларды іске асыруда

“ЭКСПО-2017” халықаралық мамандандырылған көрмесінде “жасыл экономика” бағыты бойынша Шығыс Қазақстан облысынан 140 ғылыми жоба ұсынылған болатын. Бүгінде сол маңызды ғылыми жобалардың біразы іске асып жатыр.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов журналистермен кездесуінде жақын болашақта республика тұрғындары Шығыста өндірілген электр қуатын өзіндік құны бойынша тұтына бастайтынын алға тартты. Бұл қуат көзін жоғары деңгейде үнемдеуге мүмкіндік беретін  “Электрбелдеу – Орталық ШҚ” жобасы аяқталғаннан кейін іске асуы мүмкін. Шығыс Қазақстан облысы аумағында халықты арзан қуат көзімен қамтамасыз ететін бұдан басқа да жобалар іске асып жатқанын облыс басшысы алға тартты.

– Күн энергиясы бойынша маңызды “Жаңғыз солар” жобасы қазіргі таңда жүзеге асып жатыр. Бұл бағытта біздер Испанияның ARESOL компаниясымен тізе қосып, жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Шетелдік инвестормен әріптестік бағытта іске асып жатқан жоба аяқталғанда 35 МВт қуат көзін өндіруге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Бұдан басқа жел энергиясын дамыту бағыты бойынша қуаты 62,5 МВт болатын екі жобаның мүмкіндігін 200 МВт-қа дейін ұлғайту бағытында қарқынды жұмыстар жүріп жатқанын атап айтуға болады. Желден қуат көзін өндіретін нысандар Жарма ауданында орналасқан. Бірінші жобаны іске асыруға “ВЭУ Шар” ЖШС ұсыныс жасағаннан кейін облыстық әкімдік серіктестікке 33 гектар жер телімін берген. Жобаның жалпы құны 68 млн. долларды құрайды. Ал екінші жел қалақшаларын тұрғызуға бағытталған жобаны құны 18 млрд. теңгені құрайды. Аталған жобалар алдағы жылдың екінші жарты жылдығында аяқталады деп жоспарлануда.

– Біз үшін гидроэнергетика саласын дамытудың да маңызы зор. Бұл сала бойынша өңірде нақты жұмыстар жүріп жатыр. Айталық, “Тұрғысын ГЭС-1” жобасы табысты іске асуда. Қазіргі таңда гидротехникалық нысанның су жинайтын қоймасы толықтай аяқталған.  Жобаның бас мердігері “Қытайдың мемлекеттік су энергетикасы компаниясы” болып табылады. Бұл жобаға мемлекеттік сараптау жұмыстары жүргізілген. Осылайша облысымызда “ЭКСПО-2017” көремесінде басты тақырыпқа айналған “жасыл экономика” бойынша 5 жоба іске асуда. Болашақта олардың қатары өзге де жобалармен толыға түсетіне сенімдімін, – деді Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов.

Пікірлер

пікір