008

ARTиШОК-тағы қойылым: “Айна” қандай шындықты айтты?

Оқушылар кәсіби актерлерден кем ойнамайды екен. Осыған көзіміз жетті. “Айна” деп аталатын спектакльді сахналаған оқушылар мектептегі өмірдің шындығын суреттеді.

Бұл спектакль “Болашақ – менің таңдауым” атты жобаның аясында өткізілді. Айта кетсек, аталған жобаға “Шеврон” компаниясы қолдау көрсетті.

Картинки по запросу шеврон компания

“Шеврон” компаниясы өкілдерінің айтуынша, жастардың дұрыс жол таңдауына көмектесу, әрі олардың тұлға ретінде қалыптасуына жол ашу компанияның әлеуметтік инвестицияларының ішіндегі басты бағыттардың бірі. 

“Шеврон” өзінің білім беру бағдарламалары аясында өсер ұрпақтың өмірден өз орнын табуына, талантын ашып, қабілетін көрсетуіне барынша жағдай жасайды”

– дейді компания өкілдері. 

Енді тікелей спектакль туралы әңгімеге көшсек. 

Идеяны “Салауатты көшбасшылық уақыты” лагерінде жазғы демалысын бірге өткізген жеткіншектер ойлап тауыпты. Жаз бойы, құрбы-құрдастары демалып жатқанда, балалар бірлесіп спектакль сценариін әзірлеген. 

Бұған “АРТиШОК” театрының кәсіби актері Дмитрий Копылов жетекшілік етіп, балаларға театр өнерінің қыр-сырын үйретеді. 

Спектакль не туралы? 

Қойылым Алматы мектептерінде білім алатын оқушылардың өмірін суреттейді. Иә, мектептің де тіршілігі бар. Проблемалары көп. Ата-аналар, ұстаздар біле бірмейтін…Қатарластарынан әлімжеттік көргенін оқушының көпшілігі айта бермейді. Мектептегі сыныптастарымен арадағы кикілжіңдерді өз күшімен шешкісі келеді. 

Мектепте үздік атануға, ұжымның көшбасшысы болуға тырысу, тетелестермен арадағы қырғи-қабақ мұның барлығы бар. Көп айтыла бермесе де, күнделікті кездесетін жайт. 

– Айталық, жаңа мектепке, жаңа сыныпқа келген оқушы алғашқыда қысылып жүреді. Қиналыңқырайды. Менің мұндайда берер кеңесім, өз-өзіңе сенімді болу керексің. Басқалардың алдында өзіңді жаман жағынан емес, жақсы жағынан көрсетіп, біліміңді дәлелдеуге тиіссің, – дейді осы спектакльде басты рөлдердің бірін сомдаған 10-шы сынып оқушысы Лиза Захарова. 

Лиза осы қойылымдағы тәкаппарлау, өзін басқалардың алдында жоғары ұстайтын кейіпкердің рөлін сомдайды. Сыныпқа жаңадан келген қызды кемсіткісі келіп, жөнсіз соқтығысады. Бұл рөлді Диана Бергман есімді оқушы сомдаған екен. Айтпақшы, Диананың өзі өмірінде төрт мектеп ауыстырған, содан да шығар мұндай мәселенің бар екенін жасырмайды. 

– Мен өзім сияқты жиі мектеп ауыстыратын құрбыларыма мынадай кеңес берер едім: “Әрдайым сабыр сақтаңыз. Сыпайы болыңыз. Құрбыларыңыз қойған сұраққа жауап беруге тырысыңыз”. 

Қойылымның сценарийі өмірден алынған. Жеткіншектер қойылымды әзірлей отыра өздерінің бастан кешкен жағдайларын мысалға алған. 

Содан да шығар спекатль шынайы шығыпты. 

Сыныптағы ұрыс-керіс, құрбыларынан көрген шетқақпайдың ақыры трагедиямен аяқталады. Жеткіншіктер осы арқылы мектептегі сабақтан тыс мәселелерді көрсеткісі келген әрі оларға назар аударудың қажеттілігін айтқан. 

Осылайша “Айна” спектаклі біздің көңілімізден шықты. “АртиШок” көрерменге толы болды. Қойылымды көруге ата-аналар мен қатар жеткіншіктер де көптеп келді. Қойылымның көп адамның көкейіне ой салғаны анық.

 

Пікірлер

пікір