008

Билік пен халықтың арасы қалай алыстайды?

Алматы қаласының тұрғындары жылуды күткеніне біраз болды. Қалыптасқан жағдай, хатқа түскен уәделі мерзім бойынша алматылықтар 15 қазанда жылуға қол жеткізуі тиіс. Бірақ табиғат әкімдік секілді 15 қазанды күтіп отырмайды ғой. Әп-сәтте Алтаудың басына ақ шәлісін орап, оның ызғары етектегі шаһар тұрғындарын бүрсеңдетіп қояды.  

Сондықтан шығар алматылықтардың көпшілігі қысты мұрны бітіп, көзі жасаурап тұмаумен қарсы алады. Мұндайда әлі мәслихат депутаттары мен әкімнің уәделі мерзімі бәйге атындай жеткізбей қоятыны жасырын емес. Бұл жылда қайталанатын (кең байтақ еліміздің барлық жерінде солай шығар) жайт қой.

Мәңгі елдің пұшпағынан қылышын сүйретіп қыс келген сәтте жылуды әскердегі ғашығын күткен бойжеткендей зарыға күтетініміз рас. Неге бұлай? Мүмкін біздің билік қара халық жылудың қадірін білсін деп осылай істейтін шығар?

Қыркүйектің аяғында еліміздегі қала мен аудандардың әкімдері бір-бірімен жарысып, қысқы жылыту маусымына дайын екендерін айтып жатады. Ал көшеде жағдай басқаша. Ірі қалаларда коммуналдық жылыту құбырларын жөндеу жұмыстары қар түсіп, жердің бетіне тоң басқанға дейін жалғасады. Бұған де етіміз үйренген. Жөндеу жұмыстары қақаған қыстың ортасына дейін жүрсе, түсіністікпен… қарайтын жағдайға жетті қой, несін айтасыз?!

Жалпы, нарықтық қоғамның бір талабы кез келген әкімдік, кәсіпкерлік нысан болсын өзінің жұмысына шығармашылықпен қарау керек. Сол кезде жұмыс жанданып, алға басады. Айталық, Алматыда жылуды 15 қазанды күтпей-ақ ерте беруге не кедергі? Осы аралықта қаншама адам тұмауратып, қаншалықты шығындалады десеңізші. Әрине, бұл дәріханалар үшін пайдалы болғанымен, тұтас қаланың экономикасымен өлшем жасасақ қып-қызыл шығын.

Ал шенділеріміз болса қағазбастылыққа салынып, халықты бүрсеңдетіп қояға құмар. Қағазбастылық демекші, суық түскен қазан айында көшеде дірдектеп тұрсаңыз алдыңыздан алау қызыл түске боялған коммуналдық мекеменің су шашатын абажадай көлігі көшенің «шаңын басу» үшін (жерге тоң жүріп қойғалы қашан) су шашып жаныңыздан өте шыққандан «мына шопырдың ақылы кем бе?» деп жол жиегінен қаша жөнелесіз.

Артынан сәл ойланысаңыз, коммуналдық мекеме әкімдікпен белгілі мерзімге дейін қала көшелерінің шаңын басып, су шашу үшін келсім-шартқа тұрғаны есіңізге түседі. Олар бір түйір шаң көктемге дейін ауаға көтерілмейтінін білсе де, су шашуға мәжбүр. Егер шашпаса қазына қаржысын қол салған жемқор болып шыға келуі мүмкін. Мұндайда коммуналдық мекемелер көшеде су емес, салық төлеушілердің ақшасын шашып жүргендей әсер етеді.

Біздің айтпағымыз не? Жалпы қалаға жылу беру, көшеге су шашу бұл ауа-райына байланысты дүние ғой. Сондықтан бұл мәселе талқыға түскенде әкімдіктердің жанындағы коммуналдық шаруашылық саласына жауапты басшылар жанға жайлы кабинеттерінен шығып, ауа-райын бақылап, «Қазгидрометке» хабарласып шешім қабылдаса, олардың өз жұмысына шығармашылықпен қараған болар еді.

Ал біздің шенділер болса, Кеңес заманындағы ескі құжаттарды тауып алып, соның негізінде шешім қабылдайды. Бұдан кейін ол заман мен уақытқа үйлеспей жұрттың сынына қалып жатқаны. Осыдан кейін билік пен халықтың арасы алыстай береді, алыстай береді. Соны білесіздер ме?

 

Нұрлан ЖҰМАХАН 

(жазба автордың Фейсбукатағы парақшасынан алынды)

2 пікір

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *