008

Әкім мақта өңдейтін зауыттың жұмысымен танысты

Оңтүістік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданында болып, Елбасы міндеттеген тапсырмалардың ауданда жүзеге асырылуын бақылады. Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламалар аясында ісін өрге дөңгелеткен бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысып, шаруалармен кездесті.

Сапары барысында аймақ басшысы Асықата кентіндегі «Ақ алтын» мақта зауытының мақта шикізатын дайындайтын технологиялық процесімен және дайын өнім түрлерімен танысты.

Құрылғанына жарты ғасыр толған Оңтүстіктегі іргелі кәсіпорынның ұжымы биыл 50 жылдығын атап өтуде. Мұнда 265 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 60 мың тонна мақта шикізатын дайындап, оны ТМД мемлекеттеріне экспорттайды. Қазақстандағы тұқымдық шиттiң 70-80 пайызын дәл осы кәсіпорын дайындайды. Кооперация иелiгiндегi 400 гектар жерге мақта, жүгерi, жоңышқа, тағы да басқа дақылдар егiлген, сондай-ақ, кәсіпорынға қарасты тауарлы-сүт фермасында 200 асыл тұқымды iрi қара мал өсiріледі.

– Мақтарал ауданының облыс ауыл шаруашылығын дамытуға қосып отырған үлесі орасан. Осы ретте диқандар мен шаруаларға мемлекет тарапынан тиісті деңгейде қолдау білдіріліп отырғанын айта кетуге тиіспіз. Облысымыздағы шаруа қожалықтары кооператив боп бірігіп, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микро қаржы ұйымының қаржылай қолдауына ие болып, табыстарын еселеуге мүмкіндік алды, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, жұмысшылардың әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайын жақсарту, өмiр сүрулерiне барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында 50 жыл ішінде 100-ге тарта тұрғын үй, бiрнеше екi қабатты коттедждер салынған. Сонымен қатар, кәсіпорынның демеушілігімен 140 орынды балабақша бой көтердi. Қазiргi кезде Асықата кентіндегі «Зауыт» мөлтек ауданында 220-дан астам отбасы тұрады. Газ, ауыз су, жол мәселесi толық шешiлген.

Мұнан кейін әкім Асықата кентіндегі «Ақ алтын береке» сүт өнімдерінің цехын аралап көріп, жұмысшылардың ахуалымен танысты. 2008 жылы құрылған кәсіпорын жылына 400 тонна өнім өндіреді. Сүт, қаймақ, ірімшік, айран т.б. өнімдер облыс аумағына таралып, оңтүстік тұрғындарын экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз етеді. Амангелді Сүттібаевтың басшылығындағы кәсіпорында 20 адам жұмыспен қамтылған. Мұнан соң облыс әкімі Мақтарал ауылдық округіндегі «Жарқын» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 1997 жылы құрылған шаруа қожалықта  92,2 гектар жер бар.  2017 жылы 72,2 гектарға күріш, 15 гектарға мақта дақылын еккен.

Сондай-ақ, Ж.Түймебаев дәл осы ауылдық округтегі «Бағдат» шаруа қожалығындағы мақта жинау науқанына куә болды. Жер көлемі 287,5 гектарды құрайтын қожалық биыл 187,5 гектарға мақта дақылын еккен. 36 адамды жұмыспен қамтып отырған қожалықтың иелігінде 30-ға жуық техника бар.

Жалпы биыл Мақтарал ауданында 94 мың гектарға мақта дақылы егілген. Оның  бүгінде 63 мыңнан астам гектарындағы жиым-терім жұмыстары аяқталуға жақын. Шаруалар гектарына орташа есеппен 20 центнерден өнім алып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *