008

Әбдібақыт Мақұлбаев: «Кентауға газ келіп, кен өндірісі дамитын болады»

Оңтүстікке жасаған сапарымызда халық саны 70 мыңнан асқан Кентау қаласы дамудың даңғыл жолына түскенін байқадық. Өз кезегінде Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев қаладағы кәсіпкерлік, коммуналдық шаруашылық саласы, инфрақұрылымы Үкіметтің моноқалаларды дамыту бағдарламасының арқасында жан-жақты дамығанын әңгімелеп берді.

– Әбдібақыт Тілләбайұлы, Кентау қаласы Үкіметтің моноқалаларды дамыту бағдарламасына енген Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірден-бір қала екенін білеміз. Бүгінде аталған бағдарламаның қабылданып, жүзеге асқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Осы бағдарламадан қала қандай игілік көргенін айтсаңыз?

– Дұрыс айтасыз. Кентау қаласы – 2013 жылдан бастап еліміз бойынша моноқалаларды дамыту бағадарламасына енген Оңтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз қала. Осы бағдарламаның арқасында қаламыз көркейіп, халықтың әлеуметтік жағдайы нығая бастағанын ерекше атап айтуға болады. Үкіметтің моноқалаларды дамыту бағдарламасы Кентау қаласының экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік туғызды. Кеңес заманында кен өндіруші қала ретінде танылған қаламыз – қазір шағын және орта бизнесі өркендеген қала ретінде де танылып отыр. Бұдан басқа осы бағдарламаның арқасында қаланың коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мүмкін болғанын баса айтуға болады. Моноқалаларды дамыту бағдарламасының игілігін әлі көріп келеміз.

Кентау қаласындағы ең үлкен мәселе жылу жүйесі болды. Аталған бағдарлама аясында Кентау қаласындағы тозығы жеткен жылу жүйесінің магистралдары ауыстырылды. Жалпы қаламызда негізгі жылу жүйесі магистралдарының ұзындығы 38 шақырымды құраса, соның 17 шақырымын толықтай ауыстырып, оған 1,4 млрд теңге жұмсадық. Бұдан басқа116 шақырымды құрайтын орама құбырлар да жөнделді. Магистралды жылу жүйесінің қалған екінші бөлігін моноқалаларды дамыту бағадарламасы аяқталғанша, яғни, 2020 жылға дейін толықтай ауыстырып алуды жоспарлап отырмыз. Жалпы моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде Кентау қаласына күні бүгінге дейін 5 млрд теңгеден қаржы бөлініп, қала халқы оның игілігін көріп отыр.

Айталық, «Болашақ батыс жұлдыз» ауданындағы үш мөлтек ауданның инфрақұрылымын толықтай жасақтап алғанымызды мақтанышпен айтуға болады. Бұл іске 1,9 млрд. теңге жұмсалып, 19,5 шақырым жолға асфальт төселініп (38 көше), 25 шақырым электр желісі және 29 шақырым кәріз жүйесі тартылды. Осылай үш мөлтек аудандағы 800-ден астам тұрғын үйдің тұрғындары моноқалаларды дамыту бағдарламасының игілігін көрді деп айтуға болады.

– Моноқалаларды дамыту бағдарламасы қаланың экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік  туғызғанын айттыңыз. Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар екенін сезіп те отырмыз. Қаладағы бизнестің өркендеуін тарқатып айтып берсеңіз?  

–  Кеңес заманында Кентау қаласы негізінен кен өндіру ісіне бағытталған қала болғаны баршаға мәлім. Нарықтық қиыншылықтар мен 1998 жылы жер астындағы кен көздерінің концентраты азайғаннан кейін кен өндіру ісі тоқтады. Міне, осыдан кейін қаланың экономикасын көтеруде шағын және орта бизнестің маңызы арта түсті.

2014-2015 жылдар аралығында қаладағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін 740 млн теңге қаржы бөлінді. Бұған қосымша 57 жоба бойынша 83 млн теңге берілуі де шаһарда кәсіпкерліктің кең қанат жаюына ықпал еткенін айта кетуіміз керек. Сонымен қатар бұған дейін несиеленген 23 жобаның несиесінің 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидиялануы да  қаладағы кәсіпкерліктің кең тыныстауына жол ашты десем болады.

Бүгінде қала құраушы негізгі кәсіпорын Кентау трансформатор зауыты болып табылады. Қазіргі таңда қаламызда шығатын өнеркәсіп өнімдерінің 70-80 пайызы осы зауыттың еншісінде. Моноқалаларды дамыту бағдарламасының шарапатын аталған кәсіпорын да көрді. Өз кезегінде Кентау трансформатор зауыты несие алып, қаламызда құрылған индустриялық парк аумағынан қосымша екі өндірістік нысанын іске қосқан-ды. Кәсіпорынның 11 пайызбен алған несиесінің 10 пайызы моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша субсидияланды. Бүгінде аталған кәсіпорын Кентау қаласындағы 1200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, қаламыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына айтарлықтай үлес қосып отыр. Былтыр зауыт 16 млрд теңгенің өнімін өндірсе, биыл оның көлемін 24 млрд теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр.

– Кентау ұзақ жылдар бойы кен өндіру ісіне маманданған қала болғанын өзіңіз де айттыңыз. Қала тұрғындарының байырғы кәсібімен қайтадан айналысуы үшін қандайда бір мүмкіндік бар ма?

– Әрине. 2014 жылы қала іргесіндегі Қызылата кен орынын Үкімет конкурсқа шығарған кезде оны  «Байқоңыр» деген компания жеңіп алған болатын. Қазіргі таңда жеңімпаз компания барлау жұмыстарымен айналысып жатыр. Кен өңдейтін кәсіпорын құру оңай шаруа емес. Оған біраз уақыт қажет. Барлау жұмыстарының қорытындысымен танысқанымызда Кентау қаласы маңында кен өндіру ісін қайта жандандыруға болатынына көзіміз жете түсті. Алдағы уақытта Кентауда кен өндіру ісі маңызды орынға шығып, көптеген адамды жұмыспен қамтитынына сенімдімін.

– Қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда моноқалаларды дамыту бағдарламасынан бөлек республика және облыс тарапынан да қолдау, көмектер көрсетіліп жатқан шығар?

– Әлбетте. Нарықтық қиыншылықтар кезінде көптеген адам қаланы тастап кетсе, қазір керісінше, қаламызда пәтер алуға өтініш берген азаматтардың саны артуда. Айталық, бүгінде Кентау қаласында пәтер кезегінде тұрған 1500 адам бар. Осы мәселені шешу үшін республика мен облыстық бюджеттен бөлінген қаржының біразын жұмсадық. Қаламыздың іргесінде «Шұғыла» деп аталатын шағын мөлтек аудан бой көтерді. Сол жердің су, кәріз және электр жүйесін тартып, 692 жер теліміне қажетті жағдайды жасап қойдық. Бұдан басқа 2016 жылы 60 пәтерлі бір үйді салып, пәтер кезегінде тұрған қала тұрғындарына табыстадық. Биыл 60 пәтерлі екі үйдің құрылыс жұмыстарын аяқтап, иелеріне тапсыруды көздеп отырмыз. Ал келесі жылы бірден 60 пәтерлі бес үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отырған жайымыз бар. Осылайша қаламыздағы баспана мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді.

Тағы да айта түссек, биыл қаламыздағы ауызсу құбырларын жақсартудың үшінші кезеңін жүргізілді. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 1,1 теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жалпы қалада ауызсу мәселесі толығымен шешілген. Кентау – жер асты су көздеріне өте бай. Қазіргі таңда көршілес Түркістан қаласының бірнеше елдімекеніне ауызсумен қамтып, көмек көрсетіп келеміз. Бұдан басқа қазір Кентау қаласына қарасты Қарнақ 14 мың халық тұратын ең үлкен елдімекенді ауызсумен толықтай қамтамасыз етудің жобасын былтыр бастаған едік. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алдағы жылы Кентау қаласы мен оған қарасты елдімекендерде ауызсумен қамту мәселесі толықтай шешілді деп нық сеніммен айтатын боламыз.

– Кентау қаласы мен оған қарасты елдімекендерді газдандыру ісі қолға алынғанын естідік. Осы жұмыс жайында әңгімелеп берсеңіз?

– Иә, облыстық бюджет тарапынан бөлінген қаржыға Кентау қаласын газдандыру ісінің қолға алынғанына 2-3 жылдың көлемі болып қалды. Осы уақыт аралағында ауқымды жұмыстар атқарылып, Түркістан қаласынан бері ұзындығы 56 шақырым болатын магистралды газ құбырын тартып, оның ұшын Қарнақ ауылында салынғанда газды отынды автоматты түрде тарататын стансаға дейін жеткізіп қойдық. Бұл жұмысқа облыстан 4 млрд. 50 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда Кентау қаласының ішінде газ тарату жүйелерін жүргізіп жатырмыз. Бірінші кезекте Кентау қаласы мен Байалдыр елдімекені толықтай газдандырылатын болады. Бұдан кейін газды қалған елдімекендерге тарта бастаймыз.

– Егер газ келіп жатса, қала халқы үшін үлкен қуаныш болғалы тұр екен. Бұдан басқа кәсіпкерліктің жандануына да көгілдір отын өзінің септігін тигізетін шығар?

– Сөз жоқ, газ халықтың тұрмысын жақсартып қана қоймай, сонымен қатар кәсіпорындардың да жұмысын жандандыруға септеседі. Жалпы алғанда Кентау қаласы мен оның айналасындағы елдімекендері әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты дамып келеді. Өткен жылдары қаламыздағы үлкен Мәдениет үйін жөндеуден өткізіп, халықтың пайдалануына бердік. Биыл қаламыздағы Орталық саябақтағы күрделі жөндеу жұмыстары бітуге таяп қалды. Алдағы уақытта Құралбаев атындағы стадион мен кеңес заманында салынған ұзындығы 50 метр болатын олимпиадалық бассейнге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Соңғы жылдары 4 жаңа мектеп бой көтерді. Қазіргі таңда Кентау қаласы мен оған қарасты елдімекендерде үш маусым бойынша бала оқытатын мектеп жоқ. Сол сияқты балабақша мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Өткен жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 46 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Биыл Кентау мен Түркістан арасын жалғайтын 26 шақырымдық жолды жөндеуге 548 млн теңге бөлініп, күре жолдың асфальт жабыны толықтай ауыстырудың сәті түсті. Қазір халық облыс орталығына ешқандай қиындықсыз жететін мүмкіндікке ие болып отыр. Осындай маңызды жұмыстарды атқаруға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барынша қолдау көрсетіп келе жатқанын айтқым келеді.

– Әбдібақыт Тілләбайұлы, бүгінде еліміз үшін шағын қалалардың жылу маусымына дайындығы маңызды мәселе болып тұр ғой. Қысқа дайындықтарыңыз қалай?

– Қала халқын қыс мезгілінде жылумен қамтамасыз ету – біз үшін өзекті мәселелердің бірі. Қалаға әкімі болғалы бері жылу маусымына дайындық мәселесіне баса мән беріп, 3 жылдан бері қала халқына ешқандай төтенше оқиғасыз жылу беріп келеміз. Сәтін саласа, биыл да жылу беру маусымын ойдағыдай өткіземіз деп ойлаймын. Жалпы біздің Жылу беру стансамыз 1934 жылы салынған. Одан кейін оның маңызды қондырғылары 1952-1954 жылдары ауыстырылған-ды. Сондықтан жылу беру орталығын қысқы маусымға дайындау біз үшін маңызды мәселелердің бірі болып саналады. Биыл жылу орталығындағы үш қазандық пен су ысытатын екі қондырғыға тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 160 млн теңге жұмсадық. Қазан айының бірінші жұлдызында жөндеу жұмыстары толықтай аяқталады деп күтілуде.

Жылу маусымында жағып шығатын 87 мың тонна көмірдің 26 мың тоннасын дайындадық. Сонымен қатар 138 тонна мазутымыз да бар. Таяу күндері мемлекеттің жеңілдетілген бағамен тарататын 600 тонна мазутын алатын боламыз. Жалпы, көмірдің сапасы жақсы болса, мазутты айтарлықтай үнемдеуге болады. Қалған отындарды алдағы уақытта шетінен тасып алатын боламыз.

Қазіргі таңда «Кентау сервис» МКК-де 386 адам жұмыс істейді. Жылу орталығына 327 көп қабатты тұрғын үй, 2030 жер үй және 100-ден астам бюджеттік мекемелер қосылған. Алдағы жылу маусымында осы нысандарға ойдағыдай жылу беруге бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.

– Әңгімеңізден Кентау қаласының кеңейіп, айналасында шағын мөлтек аудандар пайда болып жатқанын естідік. Болашақта қалаға қосымша жылу орталығы қажет пе?

– Қажет. Бұл – біздің назарымыздағы мәселе. Қаламызға газ келіп жатқандықтан газбен жұмыс істейтін жылу орталығының жобасын дайындап жатқан жайымыз бар. Қазіргі таңда технологиялар жан-жақты дамып жатыр. Сондықтан қаланың шағын аудандарын жылумен қамтамасыз ететін шағын жылу орталығын салу жоспарымызда бар. Бұл өз кезегінде байырғыдан келе жатқан жылу орталығының жүктемесін азайтып, халыққа тиімді жылу беруге жол ашатыны анық.

– Жылу орталығы жылумен қатар электр қуатын өндіретін шығар?

– Әрине. Жылу орталығы өндірген электр қуатының әр киловатын электр қуатын таратушы «Кегок» компаниясына 8 теңге 40 тиыннан сатамыз. Ал электр қуатын таратушы мекемеден әр киловатын 22 теңге 62 тиыннан сатып аламыз. Бұл – жалғыз бізде ғана емес, тұтас Қазақстанда қалыптасқан жағдай. Біздер Үкеметтен жылу орталығы өндірген қуат көзінің біраз бөлігін  орталық пайдалану үшін рұқсат алдық. Бұл үшін қазір жоғары қауатты электр қаутын төмендететін станса салуымыз керек. Біздің жылу орталығында негізінен 3-ші және 6-шы турбина жұмыс істейді. Былтыр негізгі 3-ші турбинаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оның қуат өндіру мүмкіндігін бір жарым есеге көтердік. Соның арқасында біздер электр қуатын таратушы мекемеге 5-6 мегават электр қуатын сататын деңгейге жеттік. Соның арқасында жылу орталығының экономикалық жағдайы да жақсарып келеді. Жылу ақысын жинау 94 пайызды құрап отыр. Осы бір көрсеткішке қарап-ақ Кентауда халықтың тұрмыс жағдайы жақсарғанын байқауға болады.

– Қазір аудан мен қалалардың жанынан индустриалды парктер құрылып, ел экономикасын өркендетуге септігін тигізіп жатқанын білеміз. Дәл осындай арнайы аймақ Кентау қаласында бар ма?

– Бар. Қазіргі таңда Кентаудың индустриалды паркінде Кентау трансформатор зауытының екі жобасы іске асып, 80 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар бір асфальт зауыты жұмыс істеуде. Алдағы уақытта оттегі өндіретін және медициналық құрал-жабдықтар шығаратын екі кәсіпорын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Жалпы индустриалды аймаққа қажетті инфрақұрылымдардың бәрі тартылған 25 шақырым жолы, электр қуатын беретін станса салынған. Айталық, электр қуатын тартушы мекеме кәсіпорындардың жұмысы алға басу үшін қуат көзінің әр киловатын 16 теңгеге төмендетіп отыр. Алдағы уақытта аймаққа газ жеткізсек, индустриалды аймақтың жұмысы жандана түсетіні анық.

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН.

 

 

Кентаудан кәсіпкерлер саны артып келеді

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *