008

«Зауытбек Тұрысбеков дәуірі» бола ма?

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы туралы сөз болса, ел екіұдай пікірде қалады. Бірі қауымдастық Қалдарбек Найманбаев кезіндегі беделінен айырылды десе, енді бірі Мамашев кезін еске түсіріп, бұл ұйымнан елге келер пайда аз дегенді көлденең тартады. Шетелдегі қазақтар болса, әлі күнге бұл ұйымды өздерінің қамқоршысы сезілетіні байқалады. Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің іскерлігіне сенетін жұрттың да қарасы мол.

Анықтама

 Зауытбек Тұрысбеков әр жылдары мемлекеттік қызметтің әр сатысынан өткен. Ол бір кездері Жоғары кеңес депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, ҚР Көші-қон және демография жөніндегі агенттік төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, Ішкі істер министрі, Өзбекстан, Ресей, Украина, Молдова елдерінде Төтенше және өкілетті елші болып қызмет атқарған.

Осы жылдың 25-27 маусым аралығында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің орнына белгілі қоғам қайраткері, «Нұр Отан» партиясының сол кездегі хатшысы Зауытбек Тұрысбеков келген болатын. Содан бері төрт айдан астам уақыт өтті. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Астанаға көшіп, жаңа қарқынмен, тың жобамен жұмыс істейді деген сөз шындыққа айналды. Ел Зауытбек Қауысбекұлын қауымдастық жұмысын жаңа деңгейге көтереді деген үмітпен қарсы алды.

Қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы түгелдей Астанаға көшкендігі белгілі болды. Қауымдастықтың Алматыдағы ғимараты «Отандас-ел» республикалық қоғамдық бірлестігіне берілген. Бірлестік мүшелері ұзақ жыл жөндеу көрмеген ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп жатқандарын хабарлады. Алматыда қауымдастықтың филиалы жұмыс істейді әрі қауымдастықпен бірлесіп, шетелдегі қазақтар және отанға оралған қандастардың рухани-мәдени, әлеуметтік мәселелерімен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандас-Ел» – екі тарап бірлікте айналысатын болады.

Найманбаев, Мамашев, Тұрысбеков…

«Тәуелсіздік ала салып шетелдегі қазақтарды елге шақыруды, отанға орналастыруды құп көріп, Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайын өткізуге бірден бір мұрындық болған тұлға – Назарбаев», – дейді 90 жылдардың соңында елге оралған ақсақал Заман Алтынбеков. Ол өзі туып-өскен Өзбекстан шетелдегі өзбектер үшін мұндай мүмкіндік бере алмағанын, тіпті ТМД елдерінде шеттегі отандастарын шақыруды жүйелі жүргізген тек Қазақстан ғана екенін айтып, «бұл – біздің елдің бақуаттылығын көрсетеді» деген пірі білдірді.

Сарапшы, қоғам қайраткері Рахым Айыпұлы болса, қауымдастықтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Қалдарбек Найманбаев басқарып тұрған шақта едәуір беделді болғанын айтады. Шетелден елге оралған қандастардың құжат бітіру, квота алу, елге орналасу істеріне Найманбаев басқарған қауымдастық жиі араласып, қазақ көші-қонының жандануына, заңның кемелденуіне оңды ықпал етті деген пікірде.

– Ал Мамашев тұсында ешқандай жүйелі жұмыс болмады. Шетелде қазақтардың кіші құрылтайын өткізуден аспады. Онда да мемлекеттен тендер алып, Еуропа қазақтарының қонағы болып қайтудан арыға ұзамады. Оның қандай нәтиже бергенін ешкім есептеген жоқ. Мамашев тұсындағы қауымдастық – шалажансар ұйымның бірі болды. Мұндай ұйымның бар екенін Дүниежүзі қазақтары құрылтайы өтетін кезде ғана ел білетін, – дейді Рахым Айыпұлы.

Сарапшы Найманбаевтың ұзақ жылдық тәжірибесімен қоса, қоғамдық беделі болғанын айтады. Ал Мамашев болса министр болғанына қарамастан қоғамдық ортада беделді болмағандықтан мемлекеттік мекемелерге, министрліктерге сөзі өтімсіз болды деп қарайды.

– Жуырда Астанада Зауытбек Қауысбекұлының шақыруымен арнайы кездесуге бардық. Ол кісі қауымдастықтың алда атқарар жұмыстарымен таныстырды. Өз жоспарларымен бөлісті. Шынымды айтайын, Зауытбек мырзаның іскер басшы екеніне көзім жеткендей болды. Бұл шақ Тұрысбеков үшін тарихи мүмкіндік. Әлемдегі қазақтарды елге әкелу – Отан үшін істелер ең басты жұмыс. Бізге олар, оларға біз керекпіз, – дейді Рахым Айыпұлы.

Оның пікірінше, ертеректе көші-қон және демография агенттігін басқарған Тұрысбеков бұл саланың қыр-сырын әбден біледі.

Ол өзінің Тұрысбековтың жоспарларын ұнатқанын айтады. «Отандастар» қоры арқылы шетелден келген қазақтарды ел өміріне бейімдеу, жұмыспен, баспанамен қамту, Солтүстік облыстарға орналастырудың жүйелі мехнизмдерін ойластырып, соны қолға алуға күш салып жатқанына қуанулы.

«Тұрысбеков дәуірі» бола ма?

«Қауымдастық жай ұйым емес, Президент Назарбаевтың өзі төраға болып саналатын санаулы ұйымның бірі. Бұл ұйымның деңгейі керек болса, Қазақстан Халықтары Ассамблеясымен тең болуы тиіс».

«Отандас-ел» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұқан Мамытханның пікірі осыған саяды. Қалдарбек Найманбаев кезінде қауымдастықта ұзақ жыл қызмет еткен Мұқан Мамытхан қауымдастықтың қолында көп мүмкіндік бар деп біледі.

– Қауымдастық Найманбаевтың кезінде белсенді жұмыс істегені шын. Мамашев кезінде атқарылған істер Найманбаев бекітіп кеткен іс-шаралардың бір бөлігі ғана болды. Найманбев қазақ көп шоғырланған Қытай, Өзбекстан, Моңғолияға жиі барып, ондағы зиялы қауым өкілдерімен үнемі пікірлесіп, оларды елге шақыратын. Меніңше, Зауытбек Тұрысбековтың зор мүмкіндігі бар. Еліміз Тәуелсіздіктің 26 жылында экономикалық жетістіктерге жетті. Алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе жинақтады. Тұрысбеков мырза – еліміздің көші-қон саясатының негізін қалағандардың бірі. Ол кісі ұзақ жыл Өзбекстан мен Ресейде елші болды. Біздің шетелдегі қазақтардың көп бөлігі осы екі елде тұрады. Егер өзінің дипломатиялық тәжірибесін іске қосар болса, қазақ көшіндегі «Тұрысбеков дәуірі» басталуы мүмкін. Кімде-кім қазақ көші үшін, шетелдегі қазақтарды елге оралту үшін аздап болса да,  еңбек етер болса, ұлтқа жасаған айрықша үлесі деп білген жөн. Біреулер ұрандатып, енді біреулер үнсіз іс тындырады. Зауытбек Қауысбекұлы – соңғы топқа жатады, – дейді бірлестік төрағасы.

Сонымен қатар ол, Қауымдастық пен «Отандас-ел» бірігіп, алдағы уақытта елге келген және шетелде тұратын қазақтарға негіздеп мәдени-рухани, білім, спорт, бизнес саласында көптеген шараларды қолға алуды жоспарлап отырғандарын айтады.

– Мысалы, әр жылы әлемдік экономика форумы, аймақтық экономика форумы, инвесторлардың форумы деген секілді көп шаралар өтеді. Шетелдегі қазақтар арасында ірі бизнесмендер, кәсіпкерлер, зауыт-фабрика иелері баршылық. Біз соларды елге шақырып, өзіміздегі «Атамекен» палатасының іскер тобымен неге кезіктірмейміз? Оларды елдің көркеюі үшін инвестор болуға неге үгіттемейміз? Мұндай шараны ұйымдастыруға  кім қарсы? Зәкең (Зауытбек) бұл секілді көптеген ойымызды қолдап отыр. Біздің мақсат – Қауымдастық жұмысын жандандыру арқылы елге пайдалы жұмыс істеу, – дейді Мұқан Мамытхан.

Қытайдағы қазақтарға араша түсе ме?  

Соңғы бір жыл көлемінде Қытайдағы қазақтардың түрлі қысым көріп жатқаны туралы БАҚ беттерінде үзбей жазылып келеді. Дүниежүзі қазақтардың V құрылтайында бұл жағдай туралы Германиядан келген делегат Өмірхан Алтын Президент Назарбаевқа айтқан болатын. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай жағдайдан хабарсыз екенін жеткізіп, тиісті орындарға тапсырма беріп, бұл іс жөнінде арнайы зерттеу жүргізетінін жеткізген еді. Жуырда Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайдың Шыңжаң районында қалыптасқан күрделі жағдайды зерттегендері, шынымен де құжат алу, Қазақстанға шығу қиындағанын айтқан еді. Ол «Шетелдегі қазақ диаспорасының мүддесін қорғау – біздің міндетіміз» деген болатын.

Алматыдағы белсенді жастар бұл іске қауымдастық тарапының тіс жармағанына таңырқайтынын жеткізеді. Олар бұл іспен айналысу тікелей құзыреттеріне жатпаса да, қауымдастық тарапынан қолдау көрсетіп, тиісті мекемелерге хат жазып, туыстары сотталған қандастарды қабылдап, ақыл-кеңес көрсетсе деген үміті барларын әрі Зауытбек Қауысбекұлының мұндай жағдайға селқос қарамайды деген ойлары барын айтады.

– Қауымдастық мемлекеттік емес ұйым екенін білеміз. Алайда жеке адамдардың атынан хат жазғаннан гөрі, тиісті мекемелерге қауымдастық атынан хат жазсақ, әлдеқайда тиімді болар еді. Егер бізді қабылдаса, онда нақты пікірімізді, Қытайдағы туыстарымыздың қандай қиындыққа тап болып отырғанын дәлелмен түсіндірер едік. Зауытбек Тұрысбеков мырза бұл жайдан хабары бола тұра, әлі күнге Қытайдағы қазақтар туралы пікір білдірмеді. Тым құрыса, Қытайда туыстары  қамалған қамкөңіл кісілерді де қабылдаған жоқ, – деп кейістік танытты өзін Арман деп таныстырған азамат.

Ол өзінің жақын туыстарының Қытайда жазықсыз қамалып жатқанына алаңдаулы.

Түйін:  

Шетелдегі әр қазақтың тағдыры – бар қазақтың тағдыры. Өйткені, қазақтың үштен бірі шетелде тұрады.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *