008

Қажыгелдин: “Шенеуніктер шетелде жасырған байлықтың ізіне түстік…”

Нью-йорк банкіндегі 22 млрд. доллар бұғатталған бұдан бұрын. Ертеңгі күнге деп сақтаған сыбағамыз еді. Алапат ақша. Ұлттық қордың 40 пайызы… Сергей Дувановқа сұхбат берген әйгілі Әкежан Қажыгелдин әлгі ақшаның Қазақстанға қайтар-қайтпасына қатысты болжам жасапты.

 Билікке тісін батырған дәнеңесі жоқ, тек осыншама ақшаның аяқасты шетел банкінен бір-ақ шыққанына қайран қалыпты Қажыгелдин.   

«Билік әбден былғанған. Жемқорлықтың ұшар басына шықты. Халық мұншама ақшаның шетел асқанынан хабарсыз. Мұндай шешімді кім қабылдап жүр? Бұл – салым. Демек,  түскен түсім бар. Жылына жарты миллиард. Бұл кімнің қалтасында кетті?», – дейді Қажыгелдин.

Айтуынша, Ұлттық банктің қазіргі басшысына сенім артудың өзі ақымақшылық. Ұлттық қор мен бюджеттің ақшасын сүлікше сорып жатыр бұл құрылым.

«Ораз жүр ғой, Ораз! Жандосов жарға шықпайды. Өз пікірі бар оның. Мылқау емес. Мүлгімейді. Бас шұлғымайды» , – дейді экс-премьер.   

Бұдан бұрын Назарбаев шетел банктерінде жатқан бірнеше миллиардты елге қайтару қажеттігін айтқан.

Ал, Әкежан аң-таң.

«Бірнеше миллиардыңыз не, бір ғана Нью-йоркте 22 млрд. жатыр. Ұлттық қордың, ұлттың ақшасы. Қалған 60 пайыз қайда сонда? Ұлттық банкке сенім жоқ. Ұлттық қордың қаржысын қадағалаймыз деген халық қалаулылары қайда?

Қазақстанның сыртқы қарызы 167 млрд-қа жетті. Бір жылдың ішінде бұл қарыз 14 млрд-қа өсті.

Енді қайтеміз? Енді қайтеді? Халық хабарсыз мұның бәрінен…», – дейді Әкежан Қажыгелдин.

Пікірінше, жауырды жаба тоқуды доғару керек.

«Ұлттың мүддесі» үшін деген желеумен Қазақстанның қазба байлығын тонағанды доғару керек.

Қазба байлық «ҚазМұнайГаз» бен «Самұрық-Қазынаның» жекеменшігі емес, елдің еншісі. Бұлардың төбе басында отырғандар мұны естен шығарған, өкінішке орай.

«Қазір қазақ шенеуніктерінің бұғатталған активтерін іздестіру үстіндеміз. Халыққа жария қыламыз оларды. Халыққа қайтару керек оларды…».

Айтуынша, қайтару оңай соқпайды. Мемлекеттің өзі коррупциядан біржолата, мәңгілікке бас тартпайынша қайтпайды бұл қаражат.

«Мәселе мемлекет өзгере ме? Бір құдай біледі…Билік басындағы жемқорларды тағынан тайдыру керек.

Парламенттің өз пікірі жоқ. Сот билігі де әлжуаз. Ендеше жемқорлармен күресті Назарбаев өз қолына алғаны жөн. Иә, солай…Қашан Назарбаев астыртын жолмен сыртқа шығарылған алапат ақшаны ішке қайтарады, міне сол кезде экономикаға жан бітеді…

Билік не десе, о десін. Сөзі мен ісі сай келмей отыр. Бұрынғы қарқын жоқ. Тұрмыс төмен. Жастардың арасында ертеңге деген сенім аз», – дейді ашынған Қажыгелдин.

Экс-премьердың болжамынша әрекет етпесе, енді бірнеше жылдан кейін Қазақстан африкалық үлгідегі «дамушы мемлекетке» айналып тынады.

Дамудың «ақыры» да осы болмақ.

Қажыгелдин бұл орайда мынадай ұсыныс айтып отыр.

«Биліктің қолға алар бір амалы – шенеуніктердің, олигархтардың, мемкомпания басшыларының, былайша айтқанда күдікті-ау деген атқамінерлердің шетелдегі капиталының соңына шам алып түсу. Комиссия құру. Бұған қатысты шын ақпарат тарату. Шынайы мәлімдеме жасау.

Комиссия күдігіне іліккендерге екі ұсыныс жасау.

 Бірі – қымқырғаныңды, жымқырғаныңды қазынаға қайтарасың. Нәтижесінде кәмпескеге ұшыраудан, қылмыстық қудалаудан құтыласың. Активіңнің едәуір бөлігін мұраға қалдыруға  мүмкіндік аласың.

Келіспедің екен, өзіңнен көр. Жауапқа тартыласың. Қазақстан жүрсең де, шетелде жүрсең де тыныштық таппайсың. Активтерің біржолата бұғатталады.

Шетелдегі капиталды Қазақстанға қайтару үшін құрылатын комиссияға тағы сол шетелден қымбатты заңгер шақырудың қажеті шамалы.

Биліктің бұған кеткен шығыны онсыз да көп. 1 млрд. доллар әлгіндей «жалдамалылардың» қалтасында кетті…

Көмек керек пе? Мен-ақ берейін. Экономикалық қылмысты көш жерден көретін екі-үш мықты маманды ұсынуға әзірмін.

Бірнеше айдың ішінде шенеуніктер шетелде жасырған кем дегенде 100 млрд. долларды анықтаймыз», –  дейді Әкежан Қажыгелдин.

 Халықаралық агенттіктердің дерегінше

2004-2015 жылдардың ішінде Қазақстаннан 167 млрд. доллар шетел асқан. Жымқырылған. Бармақ басты, көзі қысты болған…

«Қазба байлықты оңды-солды сатудан түскен қаржы бұл. Бір шеті ғана. Шетелдегі жалпы жасырылған қаражат 250 млрд. доллардан асып жығылады. Біздегі астыртын олигархтардың барлығында Батыста «сыбайласы» бар. Атқарған жұмыстары үшін қомақты сыйақы алады бұлар.

Бұлардың кімнің «сыбайласы», кімге қызмет етерін анықтауға, артынша жариялауға биліктің ерік-жігері жете ме? Мәселе сонда… Ерік-жігері жетсе әлгі байлардың барлық капиталы: өнер туындылары, жылжымайтын мүлкі, кемелері, алтын-күмістері бәрі-бәрі де әшкере болады,  – дейді Қажыгелдин.

Сөзінің соңын экс-премьер саяси сарында аяқтапты.

«Өз пікірі бар партия, бостан парламент, саяси еркіндік болмайынша ешқандай тәртіп жоқ.

Халық билікке сенуден қалған әлдеқашан.

Билік бұл жағдайды құтқарып қалғысы келсе қарекет қылсын. Әлі де уақыт бар…», – дейді ол.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ

Пікірлер

пікір