008

Ол неге түрмеде отыр?..

Жолда… 

Семейге жаздың аптап ыстығы, қыстың бораны демей қатынап жүргеніме 6 жыл болыпты. Алты жылдан бері Семей – менің Астанадан кейінгі ең жиі қатынайтын қалама айналды. Автобус, такси, ұшақ, поезд демей, көліктің қандай түрі бар, ыңғайыма қайсысы келіп қалады, сонысымен жүре бергем, жүре бергем. Бүгін ғана ойлап отырсам, осылайша жүргеніме алты жылдан асып барады екен…

Биліктің профессор, математик Саят Ибраевты 2010 жылдың 1 қазаны күні қауіпті қылмескерді қолға түсіргендей ұстап, қамағандарына 8 жыл болса, тергеуі бар, соты бар 2 жылдан соң, Семейдегі қатаң режимдегі колонияға тоғытқалы да 6 жыл болыпты.

Алты жыл бойы әлемге әйгілі ғалым, ғылымға бергенінен берері көп адам, кісі өлтірген аса қауіпті қылмыскерлермен бірге түрмеде отыр.

Солармен бірге тұрады, жаңадан енгізілген тәртіп бойынша бірге шагатьттап әнұран айтады, «мен түзелемін» деп жындыларша айқайлайды, солардың түкке татымайтын әңгімелерін тыңдайды, әңгімелеседі, шындығында әңгімелесуге мәжбүр болады. Сөйте тұра, елдің тыныштығын, өздерін түрмеге тоғытқан билік басындағылардың амандығын, Президенттің денінің саулығын ойлайды. Сөйте тұра, түрме жағдайында өз саласында үш бірдей ғылыми кітап жазады. Нонсенс. 

Түрме, ол – қоғамға қауіпті адамдардан оқшаулайтын арнайы орын. Бізге Университет қабырғасынан солай үйреткен. Бірақ, өмірде нені көріп жатырмыз? Керісінше, қоғамға еш зияны жоқ, қайта пайдасын тигізетін адамдар да түрмеде отырады. Саят аға, Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, халық батырлары Макс пен Аян т.б. тізімді жалғай беруге болады…

Бұлар ортамызда жүрсе Сіз бен Бізге қандай қауіп болуы мүмкін, адам өлтірер ме еді, әйел зорлар ма еді?

Қайта бүкіл қоғам биліктен осы адамдарды бостандыққа шығаруын талап етуде, билік соны естімей, білмей отыр ма? Естісе, көрсе, білсе бұл биліктің мақсаты не, көздегені не?

Кейде осындай жауабы жоқ, ауыр ойлар шаршатып та жібереді…

Жалпы, мен әлсіз адамдар қатарынан емеспін, керісінше, әлсізге демеу, қорғансызға қамқор болып жүретін әлде шын табиғатым, әлде өз-өзіме таңып алған образ кейпім, өзіме сондай ұнайды. 

Бірақ… Қатаң режимдегі колониядағыларға арналған қара киімдегі, өңшең рецидивисттер мен садисттердің арасында көзәйнегі мен маңдайы жарқырап шагатьттап келе жатқан, менің келгенімді хабарламаққа шақырған дауыс жаққа қалбалақтай жүгіріп, «осужденный Ибраев по Вашему вызову прибыл» – деп тұрған Ағаның кейпін қайта-қайта көру…

Шынымды айтсам, саясатқа келгенде философ бола қалатын пәлсапашымен диван батырларға жыным келетін. Алайда,

Саят ағаға қатысты билік тарапынан жасалып жатқан осынша әділетсіздікке, осынша жыл бойына куә болып келе жатқан өзімнің, жарылып кетпей, шыдастық танытып келе жатқаныма кейде таң қаламын.

Маған қарағанда, айтарын айтып, тарс еткізіп жарып, ана дүниеге кете баратын террористерің әлдеқайда артық! Еш өкініш жоқ, өкінуге уақыттары да жоқ…

Жәй, жолда келе жатқандағы көңілдің кейбір сәттері, так сказать, мысли вслух…

Абзал Құспанның фэйсбуктағы жазбасынан

Пікірлер

пікір