008

Байлық өз еңбегіңмен келіп жатса халқыңнан неге жасырынасың?

 Сабыржан Махметовтың сұхбаты осыдан шамасы төрт жыл бұрын «Парасат» журналында жарияланған екен. Ықшамдап ұсынып отырмыз.  

Өзгелерді қазаққа үлгі етеміз

Қазақ мемлекеті ең әуелі қазақты қолдауы керек!» деген қарапайым қағиданы түсінбейді төбедегі төресымақтар. 

 Мына іргедегі Түркімен мен Өзбекстанда осындай мәселе бар ма? Ешкімнің басын жарып, көзін шығарған жоқ, бірақ, өз тілін, өз ділін, өз дінін, сөйтіп барып өз ұлтын алдыға шығарды. Өзгелер өкпелеген жоқ, қайта соларға ұқсауға, соларша назарға алынуға талпынды.

Ал біз өзгелерді қазаққа үлгі етеміз, қазақтың өзгелерге еліктегенін, солардың тілінде сөйлеп, қонақтың алдында құрақ ұшқанын қалаймыз.

Үйдің иесі екенін ұмыттырмақпыз… Міне соның жемісі: Тәуелсіздік алғалы 23 жыл өткенде қазақ баласы көше сыпырып, қыз-жігттер құл болып жүр. Неге!? Осындайларды ойласам көңілім құлазып, жігерім құм болады…

 

Қазақты жуасыту механизмі

Бізде намыс бар! 89-жылы Жаңаөзенде таулықтарды, 90-жылдары Оралда казактарды тәубесіне келтірдік, Семейде  шешендерді орнына қойдық… Қазақтың төрге шығарса да төбеге  шығармайтынын түсіндірдік.

Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақтардың рухы көтеріліп, ауызбірлігі күшейіп еді. Ал одан соң… Содан соң қазақ рухын жасыту, жуасыту механизмі іске қосылды.

Тепсініп келгенді тіксініп қарсы алатын, қазақ азаматтарының ұйытқысы болған жігіттердің көбі абақтыға жабылды. Атылды!

 2006 жылдары мені өзім бас болып «Халық дабылы» деген ұйым құрдым. Ұлттың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын, бұралаңсыз тік жүретін бір ұйым осы болса екен деп армандадым.

Үкіметке «Президенттікке сайланатын адам қазақ тілін білуге міндетті, емтихан тапсырады! Демек, министрлер де мемлекеттік тілді білуге міндетті!» деген талап қойдық, «Анасы сырқаттың – ұрпағы сырқат» деп базарда сауда жасап жүрген, телім-телімі шыққан қыз-келіншектер, аналар мәселесін қозғадық…

 Бірақ биліктің құрығы ұзын. Айналамдағы адамдардың пейілі бұзылды, кедергі көп болды. Шошындым!  Арқасүйер санағаның әлдекімдердің әуеніне төңкеріліп шыға келеді. Содан кейін қоя қойдым.  Қаншама есіл еңбек, қаржы кетті. Садақа!

 

Ұят емес пе?

Шынын айтсам, ен байлықтың үстінде, аш-жалаңаш жүрген халық бар дегеннің өзі ұят емес пе? Сатылып жатқан көмірдің өзімен-ақ халықты ешкімнен кенде етпей асырауға болар еді…

Ал, біз миллиондап, миллиардттап, мұнай, газ бен алтынды да сатып жатырмыз! Қайда кетіп жатыр сол қаржы? 23 жылда толмайтын ол не деген құрдым-құлқын!? Өндіріс орындарын ашып, өндіруші мемлекеттер сапына қосылмадық.

Жеткен жетістігіміз Ресеймен одақтасу  болғаны ма?

 Көршіміздің жаман машинасы кімге керек? Неге қазақты жапонның «арғымақтарына» отырғызуды армандамаймыз? Неге біздің мақсат-мүдде тым ұсақталып кетті?

 Мұсылман адам үш нәрсеге асығу керек деген қағида бар. Қайтыс болған адамды жерлеуге, бойжеткен қызды ұзатуға, қарыздан құтылуға асық. Біздің басекеңдер бәрімізді қарыз етіп қойған. Қазақтың бәрі қарыз.  Қазақ еліндегі қыруар ақшаны азсынғандар шетелдерден миллиардттап қарыз алып жатыр. Оны өтейтін – халық! Сондықтан салықты үстемелейді, алымды көбейтеді! 

 Ал, байлар зәулім үйлер салып, оның сыртын алып қамалдармен қоршап, оққағар жалдап, өмір сүріп жатыр. Мұның бәрі үрейдің белгісі. Бар байлық өз еңбегіңмен, біліктілігіңмен келіп жатса несіне өз халқыңнан жасыранасың, қамалдың тасасына тығыласың…. Бәрібір ол байлықты өзіңмен алып кете алмайсың. Саған бұйырары екі метр жер мен бөз ғана!

Енді…

 Енді көзбен арбаған бикештей жанарлары  жылтырап Ресейдің қолтығына кіріп барады. 

45 миллион халқы бар Укринаны оңдырмаған Ресей ат төбеліндей қазақтың маңдайынан сипайды деп ойлай ма?! Алыстан сыйласайық.

 Әлемдік үрдіспен геосаяси қарым-қатынас орнатуымыз керек. Тақырбастарын айтақтап, ел шетін арандатса  қазақ жігіттері баршылық. Жүз қорқаудың бір көкжалдан ығатынына шүбәм жоқ. Ешкім шүбәланбасын!  Атой салса, қан оянады

Айтпақшы, анау «қазақта ел жоқ, жер болмаған» деп жүргендермен кездеспей жүрмін. Кездесіп қалса… Обалдары өздеріне!

Пікірлер

пікір