008

Қазақ ақыны: “Назарбаевтар монархиясы Тәуелсіздікті мәңгілік етпек…”

Әлеуметтік желіде Назарбаевқа, оның әкесі Әбіш пен анасы Әлжанға, үлкен қызы Дариғаға жеке-жеке өлең арнап, аты шыққан ақын бар. 

 

“Уа, Елбасы – Нұр-Атам,
Әр ісіңді ұнатам.
Дональд Трамппен достасып,
Жарқын атты мына таң!”

немесе

“Қайтарып Әбіш Әке кәлимасын,
Қаратқан құбылаға қари басын.
Ағайын, әдеппенен ӘЗ БАБАНЫҢ,
Қолдайық біздер бірге Дариғасын!”, – деп жырлайтын Балтабек Нұрғалиевтің өлеңдерін әлеуметтік желідегі парақшасынан шолып шығуыңызға болады, негізінде. 

Күні күше өз турасында, өзінің ұстанымы турасында бірнеше сайтқа сұхбат берген Балтабек бұл жолы Қазақстанда монархия құруды ұсынған екен. Автордың желідегі жазбасын қаз-қалпында жариялағанды жөн көрдік.

Ол не дейді? 

Монархиялық биліктің тоғыз басымдығы 

“Монархия деп мемлекеттің жоғарғы өкімет билігі жеке-дара, бір ғана билеушінің қолында болып, ол әкеден балаға мұра ретінде қалатын түрін айтатынын бәріміз жақсы білеміз.

Менің арманым – болашақта Егемен Еліміздің монархиялық мемлекет болғандығы.

Неге дейсіз бе? Мен өз ұсынысымның дұрыстығын дәлелдеу үшін монархияның тоғыз тиімділігін алға тартамын:

Біріншіден, Монархия біздің Мәңгілік Ел болуымыздың кепілі бола алады.

Екіншіден, Монархия Ұлы Істердің ұйытқысы болып жүрген Елбасымыздың Тәуелсіздік тарихында тындырып келе жатқан ұлағатты істерінің өшпеуіне жол ашады.

Үшіншіден, Монархия болашақ тақ мұрагерін бала кезден тәрбиелеп, елдегі тұрақтылықтың, тыныштықтың, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етіп, саяси төңкерістердің орын алмауының алдын алады. Тәжірибе тектілікпен жалғасады. Бейбітшілік пен келісім басты бағдар болады.

«Басқару мектебі» – атадан балаға өмірлік өнеге боп сіңеді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ бекер айтпаған.

Текті елбасқарудың тиімді тетіктері – тек монархияда.

Төртіншіден, Монархия жарлықтың жедел әрі сапалы орындалуын қадағалайды. Толассыз талқылаулар, таластар, айтыстар-тартыстар тыйылады.

Бесіншіден, Монархия мемлекетте ұзақмерзімді, ұстанымы берік, берекелі бастамалар мен жүйелі жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік туғызады. Демократиялық жағдайда Мемлекет басшысының ауысуы елдің көпжылдардан бері әрең қолжеткізген қағидаларының өзгеруіне, қоғамдық ахуалдың құбылуына, рухтың құлдырауына, асыл мұраттардың адасуына алып келеді. «Боранды күні берілген уәде тынық күні ұмытылады» дейді ағылшын ақыны У.Шекспир.

Алтыншыдан, Монархиялық жүйедегі ел басшысының мемлекет мүддесінен ауытқуға, өзге мақсаттарға алаңдауға мұршасы болмайды. Себебі ол – мемлекеттің дәл өзі болып табылады.

Жетіншіден, Монархия билік жүйесінің біртұтастығын ұлықтайды. Мызғымайтын мемлекеттік билік жүйесі тек монархия жағдайында ғана мүмкін.

Қалған жағдайларда Мемлекеттің құлауы, тіпті құрып кету қаупі басым.

Сегізіншіден, Монархия елді Мемлекет басына билікке қол жеткізуді ғана мақсат тұтқан көрсеқызар «көлденең көк аттының» келуінен қорғайды.

Тоғызыншыдан, Монархия біздің экономикалық тұрғыдан зор жетістіктерге жеткен ең дамыған мемлекеттердің дара қатарынан табылуымызға бастайды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы негізін қалаған Тәуелсіздікті монархия ғана мәңгілік баянды етпек”, – деп жазған екен Балтабек Нұрғалиев.

Ал сөзінің соңын ақын екі шумақ өлеңмен түйіндепті: 

Монархия – бабасы мен баласы,
Монархия – алып шынар ағашы!

Мәңгі жасыл, мәңгі асыл шынардың,
Қасиетін, тектілігін ұғар кім?

Өркен жайып, өссек біздер боп шынар,
Одан асқан бақыт, сірә, жоқ шығар?!”,

Құрметпен, Балтабек Нұрғалиев

Пікірлер

пікір