008

Тайжан: “Аттандаса, сол кезде қайда қалды?”

Қазір ел арасына алып-қашпа сөз таратып, ши жүгірту боп жатыр. Әсіресе әлеуметтік желідегі қазақтілді ортада.

Бұл туралы қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Facebook-тегі жеке парақшасында жазды. Ол «Жер жаппай сатылады және шетелдіктерге жалға беріледі» деген мағынадағы әлеуметтік желіде тараған ақпараттар жалған екенін баса айтады.

«Соңғы күндері әлеуметтік желілерде

«ақпанның 14-нен кейін жер жаппай сатылады және шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі» деген арандатушы ақпараттар пайда болды. Әлеуметтік желідегі қауымның шымбайына батқан бұл — өтірік, арандатушы ақпарат.

Өздеріңіз қараңыздаршы, жер туралы заңға 2016 жылы мораторий жарияланды. Содан бері оның талқысына қатысып, қызу айтыстардан өтіп, бүгінгі заң жобасын әзірледік. Оған мен бір жарым жыл бойына үздіксіз қатыстым. Міне, сол кезде жалған ақпаратты таратушылар қайда болды? Танадай тыныштық. „Сен жер мәселесімен айналысып жүрсің, қалай боп жатыр„ деген біреуі болмады ғой сонда.

Өткен жылдың қараша айында біз дайындаған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Аттандаса, неге сол кезде аттандамады?

Бәлкім, бұл билік үшін тартыстың салдары шығар, бәлкім, қазір біреулерге халықты көшеге шығару қажет боп тұрған шығар. Басқаша мұны қалай түсіндіруге болады? Жалған ақпаратты таратушы менмін деп ортаға шықпады. Аноним. Осының өзі күдік туғызады әрі оның жалғандығын паш етеді.

Енді заңның өзіне келейік.

 

Біз қараған заң жобасында керісінше, халықтың мүддесі мейілінше ескерілді. Мысалы, жайылымдық жерге, 10 сотық жер теліміне қатысты, латифундизмге қарсы нақты нормалар бар онда.

Сондықтан, біздің заңымыз қабылданғаннан кейін «жер жаппай сатылады немесе шетелдіктерге жалға беріледі» деген сөз жалған», — деп жазды Мұхтар Тайжан.

Ол жер туралы заңға қатысты ақпанның 16-сында үлкен жиын, қоғамдық талқылау өткізілетінін де атап өтіпті.

«Жан-жақтан, аймақтардан беделді, салмақты азаматтар келеді. Білікті заңгерлер тәуелсіз сараптама дайындап, қоғам талқылауында баяндап береді. Сондықтан, бұл заңда еш халықтан жасыратын немесе халыққа зиянды нәрселер жоқ. Мұны мен сенімділікпен айтып отырмын», — дейді Мұхтар Тайжан.

Айта кетсек, қазіргі уақытта ҚР Парламент Мәжілісінің жұмысында «Жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы қаралуда.

Дайындаған, Кәмшат СӘТИЕВА 

Пікірлер

пікір