008

Бельгер: “Назарбаев туралы шындықты менің шығармаларымнан ғана табасыз”

Әзіл-шынын араластырып, «қазақ деген – қу халық. Өзінің айтқысы кел­генінің бәрін маған айтқызып қояды» дейтін марқұм Герольд Бельгер бір сұхбатында Назарбаев туралы айтқан. 

“Ол туралы пікірім жоғары. Десе де, оның тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөлі туралы шынайы, сауатты пікір әлі күнге айтылған жоқ. Бәрі шетінен мақтау. Жалпы бізде бәрі мақтау. Бәрі тұлға. Бізде Бель­герден басқасының бәрі тұлға.

Ал Назарбаев мақтауға кенде емес.

Болашақ ұрпақ Назарбаев туралы әділ бағаны менің шығармаларымнан ғана табуы мүмкін. Кемшілігі болуы мүмкін, бірақ жағымпаздану, өтірігі болмайды. Оның біразы күнделіктерімде айтылған”, – деген еді жазушы “Айқын” басылымына берген сұхбатында.

Сол сұхбаттағы Гер-ағаның кесек – кесек ойларын оқырманымызға ықшамдап ұсынғанды жөн көрдік.  

Бұл зиялы – қай зиялы?

Қайшылықтарға бастайтын кез келген іс-әрекеттің алдын алу, ескерту де зиялының міндеті еді. Бізде қазір ол жоқ. Мен мұны неге айтып отырмын? Cебебі, мен­де өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дарында өмір сүрген қазақтың зиялылары мен бүгінгі зиялылардың келбетін салыс­тыру мүмкіндігі бар.

Ал олардың арасы – жер мен көктей. Мен бұл жерде Сәбит пен Ғабит, Сырбайлардың көзі тірі кезін айтып тұрмын. Ұлы Мұхаңмен араласпасам да, кө­зін көріп, дәрісін тыңдадым.

Мен таны­ған, мен білген зиялы қауымда жібектей есіліп тұрған бекзаттық болды.

Анығы, билік өткінші дүние де, ал әдебиет, мәдениет, фи­лософия мәңгілік ескірмейтін құнды­лықтар. Осы ұғым бізде жоқ. Біздің ақын-жазушылардың көбісі уақытша әкімдердің алдында өздерін төмен ұстайды, бағасын тым арзандатып алады. Менің ызамды келтіретіні сол.  

 

Олжас жайлы

Гер-аға бұдан бөлек Олжас Сүлейменов те сөз еткен сол сұхбатында. 

 “Олжас ұлттық тамыр­дан қол үзіп кеткендей көрінеді. Бұл – ХХ- ХХI ғасырдың қасіреті. Бұл қазақтың ғана қасіреті емес, мұндай немісте де, еврейде де бар. Бұл, әсіресе, ТМД елдері немістеріне тән қасірет. 

Мен ана тілінде сөйлеуден бас тартқан­дарды, ана тілін үйренуге ықылас танытпа­ғандардың бәрін ұлттық тамырдан қол үзіп кеткендер деп бағалаймын.

Бұл – адам үшін трагедия. Оларды мен сынамаймын, таба­ламаймын, тек аяймын… 

 Әуезовты алыңыз. Тіл қандай, ой қандай, тереңдік қан­дай… Ұлттық тамырдан қол үзіп алған­дардың кемшілігі әр жерден көрініп тұрады. Олар Абай сипаттап кеткен толық емес адамдар тобына жатады, – дейді Бельгер.

Қазақ хақында

Біз туралы, қазақ туралы Бельгер былай деген: 

“Қазақты айтқанда, өзімнің немісім еске түседі. Германиядағы емес, ТМД елде­рін­дегі немістер.

Қазақтың басындағы трагедия ТМД немістерінде де бар.

Тіл мәселесі, орыстанып кеткендігі, тегінен, тілі мен ділінен ажырап, алыстап бара жат­қандығы екі ұлтқа да ортақ қасі­рет. 

Қазақтың бүгінгі кемшілігін сіз де біліп отырсыз. Қазақ барлық салада тойшыл бо­лып барады. Басы артық мал шашу – нағыз дарақылықтың көкесі. Мұны Абай айтып кеткен.

Халыққа барды айту керек. Халыққа «Сыртқы қарызың 134 млрд АҚШ долла­рына жетті, беліңді бекем буып жүр» деу керек. Халық сол кезде ширығады. Ширығу бар жерде өсу бар. Бізге тоқмейілсуге, бо­саң­суға болмайды. Өз-өзіне көңілі толған күні адам баласы өсуге емес, өшуге бет ала­ды.

Біз қазір халықты өтірік сөйлеуге бейім­деп жатырмыз.

Халық өз қиялына өзі сеніп, босаңси бастады. Кімді алдаймыз? Қазақтың оянатын кезі келді.

 Қазақтың қулығы…

Айналамдағы жігіттер, мен сияқты шалдар маған қоңырау шалып, тақырып береді. Өздері солай ойлай тұра, мені алдына салады да, өздері тасада қала­ды. Қазақтың қулығы сонда.

«Сенен басқа ешкім шындықты айта алмайды» деп мақтап-мақтап, астыма қырық қабат көпшік салып кетеді.

Олар менің басқа ұлттың адамы еке­німді, немістің орденін алғанымды, жасым­ның келіп қалғанын, жалғыз қызымның Мәскеуде жүргенін есіме салып: «Сен қор­қа­тын ештеңе жоқ. Саған не істей алады? Біздің балаларымыз бар, олардың мансабы бар, біз олардың болашағын ойлауымыз ке­рек» деп мені алдына салып, айтақтай­тындар да бар. 

 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ 

Пікірлер

пікір