008

Валентин күні тойлаудың еш сөкеттігі жоқ

Бізде мереке көп. Соның бірі – әулие Валентин күнін біреу ұнатса, біреу ұнатпайды.

Ұлтшылдықты осындай болмашы дүниелермен өлшейтіндер осы мереке жақындағанда түлен түрткендей болады.

Желіде көлдей-көлдей жазбалар жазылады. Болған, біткені осы.

Жалықтық. Шегі мен шеті жоқ әңгімелер жүйкемізге тигесін «осы  Валентин күнін тойлау қажет пе?» деген сұрақты өзімізге қойып, өзіміз жауап іздедік.

Кез-келген мереке қуаныш сыйлауы керек қой. Мұны «бір» деп қойыңыз. Сонымен қатар қазіргі заманда мереке қарсаңында халықтың тұтынушылық қабілеті артып, мемлекеттің экономикасына азды, көпті игілік әкелетінін де естен шығармаңыз. Осы тұрғыдан қарағанда әулие Валентин күнін тойлаудың еш сөкеттігі жоқ екенін түсінесің…

Бәлкім, кейбіреу «мына антұрған не деп тұр?!» дейтін болар. Сәл сабыр етіңіздер. Шындығында – өзімді Валентин күнін тойлаушылардан гөрі, оны тойламауды қолдайтын топқа жақынбыз. Бірақ қазіргі өмір-дағдымызға, қоғамның талабына тура қарап көрейкіші. Көп нәрсеге көзіңіз жетеді.

 

Базарға барсаңыз…

Валентин күні жақындағанда кез-келген базарға бас сұқсаңыз, сізді Ғашықтар мерекесінің таяп қалғанын әйгілейтін әдемі құттықтау хаттар қарсы алады. Қай жаймаға қарасаңыз да, Валентин күнінің қыр астында тұрғанынан хабар беретін заттардан көзіңіз сүрінеді.

Он жерден ұлтшыл, тоғыз жерден патриот болсаңыз да Ғашықтар күні қарсаңында базарға барсаңыз ғашығыңызға деген сүйіспеншілігіңіз бойыңыздағы қарсылықты жеңіп, бір гүл мен Ғашықтар күніне арналған ашық хаттың біреуін (қазақ тілінде жазылған ашық хатты базардың бас-аяғынан шығып көп іздеп, әрең тапқаныңызды айтып ұялтпай-ақ қояын) алып шығасыз.

Содан үйге келіп, келіншегіңізге сыйлығыңызды тапсырып, ғажайып бір сезімнен… айығып болған соң, әулие Валентиннің кім болғанын, оның қазақы дәстүрге үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын әлеуметтік желіге етектей қылып жазып тастайтыныңыз және бар.

 

Кім қолдайды?

Ал суық ақылға салып ойланыңызшы, еліміздегі баспаханалар (оның қожайыны да әулие Валентин күніне мойындамауы мүмкін) бір-бірімен бәсекелесіп, түрлі құттықтау хаттарын шығарып, мол пайда табады.

Гүл сататын кәсіпкерлер де Ғашықтар мерекесін асыға күтетінін ішіңіз сезіп отырған шығарсыз. Айтпақшы, мереке күні кафе, мейрамхана, қонақүйлерде «аншлаг» болатыны тағы бар.

Ал еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің де бұл мерекені қазақтың қолайына жақпайды екен деп өзекке тепкенін көрмедік. Тіпті, христинадарды айтпаған күнде өзіміздің мұсылман бауырларымыз – түрік, өзбек, ұйғыр, татарлардың «бұл мұсылмандыққа үйлеспейтін мереке» деп бір ауыз әңгіме айтқанын естімедік.

Демек, бұл мерекеге ұзыннан өшіміз, қысқадан кегіміз кеткендей соңына шам алып түсетін жөніміз жоқ екенін там-тұмдап болса да түсінген шығарсыз.

 

Биліктен қолдау таппаған ұсыныс

Анау бір жылдары еліміздегі жастар ұйымы әулие Валентин күніне қарсы 15 сәуірді «Қозы мен Баян» күні деп қазақтың ғашықтар күні деп атап, тойлай бастағаны белгілі. Бірақ бұл мереке әлі күнге дейін әулеи Валентин күнінің көлеңкесінде қалып келеді. Өз басым базарлардан «Қозы мен Баян» күнін әйгілейтін бірде-бір ашық хат көрген емеспін.

«Қозы мен Баян» күнін Алматыдағы ҚазҰУ мен ҚазҰПУ-дің филология факультеттерінің студенттері атаусыз қалдырмай, іс-шаралар ұйымдастыратынын білемін. Ал қалған ЖОО-ның студенттері қазақтың ғашықтарға арналған төл мерекесі бар екенін де білмейді.

«Қозы мен Баян» күні отандық ақпарат құралдарына құлақ түрсеңіз, бұл мереке жайында ләм-лим деген әңгімені естімейсіз. Ал әулие Валентин күні радионы қоссаңыз Алматыдан Атыраудағы ғашығын, Шымкенттен Астанадағы сүйіктісіне ыстық сәлем жолдаушылардың тілектерінен құлағыңыз тұнады. Неге бұлай?

 

«Қозы мен Баян» және «Нан күні» мерекесі хақында

Меніңше, бірінші кезекте Мәдениет және спорт министрлігі 15 сәуір «Қозы мен Баян» күні болып белгілеуі керек. Әрбір мәдени ошақтар, білім ордалары осы күнді қазақы дәстүрге сай атап өтсін деп бұйрық шығарса, «Қозы мен Баян» күні әулие Валентин күнінің алдына түсіп кетпесе де онымен бәсекелесетіндей маңызды мерекеге айналатына сенімдімін.

Егер «Қозы мен Баян» күнін тойлауды министрлік деңгейде бекітсек, бұл күн халықтың сипат алатыны анық. Осыдан біршама уақыт бұрын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәжілісмен Владислав Косаревтың депутаттық сауалына орай «Нан күнін» мерекесі енгізіп, оны елімізде жыл сайын атап өту туралы идеясын қолдағанын білеміз.

Сондықтан әулеие Валентин күні әдеуметтік желіде «Валентиннің кім болғаны» жайында пост жазатын патриоттар 15 сәуірде «Қозы мен Баян» күні деп атап өту турасында Арыстанбек Мұхамедиұлының атына ашық хат жазыңыздар.

«Қала мен Дала» газеті арқылы министрге алғашқы құлаққағысымызды жасадық. Қолдау мен қосымша ұсыныстарды ұлт патриоттарынан күтеміз.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист, блогер.

 

Қазақ зиялыларын балалары неге сыйламайды?

Пікірлер

пікір