008

Теңізшевройл – дерек пен дәйек

Тарих

  • Әлемдегі ең терең және ірі мұнай кеніштерінің бірі болып саналатын Теңіз мұнай кеніші 1979 жылы ашылды.
  • «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (әрі қарай – ТШО) 1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасында жасалған келісім негізінде құрылды.
  • ТШО-ның қазіргі кездегі серіктестері: «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 20%, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» – 25% және «ЛукАрко Б.К.» – 5%.

 

Өнім өндіру/Қорлар.

  • Жалпы барланған қоры жөнінен Теңіз кенішінде 3,2 миллиард тонна (25,5 млрд. баррель), ал Королев кен алаңында 200 миллион тонна (1,6 млрд. баррель) шамасында мұнай бар деп есептелінеді.
  • Теңіз және Королев кеніштерінен алынатын мұнай қоры 890 миллионнан 1,37 миллиард тоннаға дейінгі мөлшерді (7,1 – 10,9 млрд. баррель) құрайды.
  • Теңіз коллекторының ені 20 шақырым (12 миль), ұзындығы 21 шақырым (13 миль).
  • ТШО 2008 жылы Шикі газ айдау және Екінші буын зауыты (ШГА/ЕБЗ) жобасын аяқтап, нәтижесінде мұнай өндірудің тәуліктік көлемі шамамен 75 000 тоннаға немесе 600 000 баррельге, ал, табиғи газ 22 миллион текше метрге немесе 750 миллион текше футқа жетті.
  • 2017 жылы мұнай өндіру көлемі 28,7 миллион тоннаны (229 миллион баррель) құрады.

 

Денсаулық сақтау, өнеркәсіп қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау

  • 2000 жылдан бері ТШО қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған жобаларға 3 миллиард АҚШ доллар көлемінде қаржы бөлді.
  • Қазіргі таңда ТШО өндірілген газдың 98%-дан астамын кәдеге жаратуда.
  • Жабдықтың сенімділігін арттыру шараларына жұмсалған инвестициялар 2000 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта зауыттардағы техникалық ақаулар санын және алауда жоспардан тыс және технология бойынша шарасыз жағылатын шикі және қышқыл газ көлемін 99%-ға азайтуға мүмкіндік берді.
  • 2000 жылдан бері өндірілген мұнайдың бір тоннасына шаққандағы атмосфераға жіберілген шығарындылардың көлемі 70%-ға азайды. ТШО күрделі жобаларды жүзеге асыру және жабдықтардың сенімділігіне жасалған инвестициялар нәтижесінде аталған мерзім ішінде жылдық мұнай өндіру көлемін 2,7 есе арттырды.

 

ТШО өнімінің өзге түрлері

  • 2017 жылы ТШО сұйытылған газ сату көлемі шамамен 1,38 миллион тоннадан асырып, құрғақ газ сату көлемін 7,45 миллиард текше метр, ал күкірт сату көлемін 2,49 миллион тоннаға жеткізді.

 

Қазақстан үшін артықшылықтар

  • 1993 жылдан 2017 жылға дейін ТШО-ның Қазақстан Республикасына тікелей қаржы төлемдері 125 миллиард АҚШ долларынан астам соманы құрады. Бұған ТШО-ның жергілікті қызметкерлеріне төленген еңбекақы, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың өнімдері мен қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржы, мемлекеттік кәсіпорындарға аударылатын тарифтер мен төлемдер, қазақстандық серіктеске бөлінген тиісті дивидендтер, сонымен қатар мемлекеттік бюджетке аударылған салық және роялти түріндегі төлемдер кіреді.
  • 2017 жылы Қазақстан Республикасына төленген тікелей төлемдердің көлемі 8,5 миллиард АҚШ долларынан асты.
  • 2017 жылы ТШО қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 2,5 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсады, оның 1,12 миллиард АҚШ долларынан астамы ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында жұмсалды.
  • 1993 жылдан бастап ТШО қазақстандық компаниялардың 24 миллиард АҚШ долларын құрайтын тауарлары мен қызметтерін пайдаланды.

Қызметкерлерді шыңдау

  • Қазіргі таңда ТШО-да жұмыс істейтін қазақстандық қызметкерлердің үлесі 1993 жылғы 50% көрсеткішпен салыстырғанда 83% құрайды.
  • ТШО-дағы жергілікті ұлттық басшылардың, жоғары және орта буын жетекшілерінің үлесі жалпы басшылық құрамның 67% құрайды. Кадрларды оқыту және шыңдау жөніндегі тұрақты бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде жауапты басшылық лауазымдарға тағайындалған жергілікті қызметкерлер қатары көбейе түсуде.

 

Әлеуметтік салаға үлес

  • 1993 жылдан бастап ТШО өз қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 1,4 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады.
  • 2017 жылдың «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрады. Аталмыш қаржының негізгі үлесі Атырау облысында балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалады.
  • 2017 жылы Атырау облысының денсаулық сақтау және білім беру салаларына қолдау көрсету мақсатында ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына 1,06 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалды.

 

Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы

  • 2016 жылы ТШО серіктестері Теңіз мұнай кен орнының өндірістік қуаттылығын арттырудың келесі кезеңі болып табылатын Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыру жөніндегі ақырғы шешімнің қабылданғаны туралы жариялады.
  • ККЖ-ҰЕҚБЖ нысандарының құрылысы барынша тиімділікті арттырып, қаражатты үнемдеу мақсатында бір уақытта орындалып жатыр.
  • Өндірістік қуатты арттыру мақсатында табысты түрде жүзеге асырылған ТШО-ның алдыңғы ЕБЗ/ШГА жобасы тәжірибесін негізге ала отырып, ККЖ өндіріс қуатын жылына шамамен 12 миллион тонна немесе тәулігіне 260 мың баррельге арттырып, осылайша, мұнай өндірісінің жылдық көлемін шамамен 39 миллион тоннаға немесе тәулігіне 850 мың баррельге жеткізуді көздейді.
  • ҰЕҚБЖ атқылайтын ұңғылардың ернеулік қысымын төмендетіп, қолданыстағы алты кешенді технологиялық желінің кіре берісіндегі қысымды арттыру арқылы Теңіз кен орнында жұмыс жасайтын зауыттардың толық қуатпен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
  • ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында 30 мыңнан астам қазақстандықтар ел ішінде жұмысқа тартылды, бұл жобада жалпы қызмет етіп жатқандар санының 92%-ын құрап тұр.
  • ТШО қазақстандық жабдықтаушыларды ККЖ-ҰЕҚБЖ үшін жобалау, сатып алу және модульдерді дайындау қызметтеріне белсенді түрде жұмылдыруда. Қазіргі таңда 2000-нан астам қазақстандық компания алдын-ала іріктеуден өтті.
  • Жобалау мен материалдық-техникалық қамту жұмыстары модульдерді теңіз арқылы алғашқы тасымалдауды бастауға және Теңіз кен орнындағы нөлдік цикл жұмыстарын орындауға бағытталуда.
  • ККЖ-ҰЕҚБЖ жабдықтарының негізгі бөлігі Қазақстан, Оңтүстік Корея және Италияда жасалады. Модульге алдын ала құрастырылғаннан кейін олар соңғы құрастыру үшін Теңіз кен орнына жеткізіледі.
  • 2016 жылдың қазан айында Маңғыстау облысында орналасқан ЕРСАЙ өндірістік алаңында құбыр эстакадаларын жасау басталып, қазіргі таңда жұмыстар жоспарға сәйкес орындалуда. Италияда газ турбиндік генераторларды жасау және Оңтүстік Кореяда модуль жасау жұмыстары жоспарға сәйкес орындалуда.
  • Модуль жеткізуші кемелерді жасау жұмыстары Вьетнам мен Румынияда жалғасуда. Алғашқы 10 модуль жеткізуші кеме суға түсірілді.
  • Жүк тасымалдау бағдары аясындағы теңіз каналының құрылысы аяқталды. Каналдың жағалық аймағындағы және бұрылу алабындағы түп тереңдету жұмыстары, сондай-ақ бұрылы алабын бақыланбалы түрде толтыру жұмыстары аяқталды. Барлық құрылыс кенттерінің құрылысы аяқталды.
  • Теңіз кен орнындағы инфрақұрылымды салу жұмыстары жоспарға сәйкес қарқынмен орындалуда. ҮБЗ және ШГАҮБ құрылыс алаңдарындағы жалпы құрылыс және жерасты жұмыстары әрі қарай қарқын алуда.
  • Ұңғы алаңдары бойынша жұмыстар аяқталып, алаңдар бұрғылау тобына тапсырылды, ал жоғары қысымды жинау жүйесінің алғашқы кезеңіне арналған құбырлар мен өлшеу қондырғыcының құрылысы жалғасуда.

Пікірлер

пікір