008

Билікпен соттассаң ұтыласың. Неге?..

Сот пен құқық саласына қатысты қоғам ішіндегі сенімсіздік пен күдік сейілер емес. Неге?

Егер Қазақстан бүгінгі тығырықтан шықсын дейтін болсақ, кезек күттірмейтін реформалардың бастысы – құқықтық реформа екені хақ. Бұл туралы бас судьямыз да, бас прокурорымыз да ашық мәлімдеп жатыр. Алайда қағаз бен сөздің шындығымен қатар, өмірдің шындығы бар екенін жақсы білеміз.

Осы өмірдің шындығы, басымыздан өткерген азды-көпті тәжірибеміз елімізде қордаланған көптеген мәселенің қарапайым ғана «әділеттілік» деген сөзге барып тірелетінін айқайлап айтып отыр.

Алдағы онжылдықта дүйім қазаққа қандай ортақ ұран бар, жұртты алаңдататын қандай тақырып бар деп сұрасаңыз, тағы да осы «әділеттілікті» айтар едім.

Барша саяси үдерістер, барша әдеби не мәдени процестер, қоғамдық талқылар осы бір сөздің, ұғымның айналасында жүретін болады.

Әділдік…

Шарасы, амалы таусылған қарапайым адамдар, азаматтар «әділеттілікті» қайдан іздейді? Әрине, соттан, прокуратурадан іздейді. Бұған дәлелді Жақып Асанов мырзаның өзі айтып отыр.

Соңғы бес жылда еліміздегі сотқа жететін азаматтық істердің саны 200 мыңнан шамамен 1 миллионға дейін жеткен екен. Ойлап қараңыздаршы: бес есе артқан. Бұл нені көрсетеді?

 Азаматтардың заңға бағынып, құқықтық санасының артқаны ғана емес, бұл – еліміздегі көптеген мәселенің адами, азаматтық, қазақтық тұрғыда шешіле алмағанының белгісі.

Ең қиыны, ең сұмдығы – біз тек сотқа, заңға ғана сенуден қалған жоқпыз, өз-өзімізге, өз дәстүрімізге, мәдениетімізге, ақылымызға сенуден қалып жатқан ұлтпыз. Соңғы жылдары осының алдын алатын институттар, кәсіптер, мамандар дайындалып, енгізіліп те жатыр. Ал оларға жүгінетіндер саны некен-саяқ.

Сот пен прокуратураның жағдайы қалай? 

 Ол да белгілі. Біздің соттар мен прокуратура тәуелсіз құрылымдар емес. Олардың атқарушы билікке тәуелді екенін бесіктегі бала да біледі.

Егер сен билікпен соттассаң, билікке шағымдансаң – ұтыласың. Бар мәселені Конституция мен заң емес, «телефон құқығы» шешеді.

 Егер билікке қарсы келсең, ұтылып қана қоймайсың, өзің тұтыласың, өзің қудалауға түсесің. Егер бай мен кедей сотта кезігер болса, кедейдің ұтылатыны белгілі.

 Сонда «әділеттілікті» қайдан іздеп табуға болады? Іздегенін таба алмағандар, осындай шырқырап тұрған әділетсіздікті көргендер не істемек? Оның да жолдарын көріп отырмыз: бірі – өзін-өзі өртеп жатыр, бірі – елден шетелге безіп жатыр, бірі – жемқорлыққа салынып, пара беріп, тамыр-таныс іздеп, өзі сол жемқор жүйенің құрамдас бөлігіне айналады, енді бірі – әділетті жоғарғы соттан емес, мүлдем жоғарыдан іздеп, Құдайдың атын айтып, өзін де, өзгені де жаруға дайын жағдайға жетіп қалды. 

Осындай күймен алысқа бара аламыз ба? Әлемдегі үздік 30 елдің құрамына кіреміз деп үміттенген «мәңгілік» мемлекетіміз 30 жыл емес, 30 айға шыдай ма екен?

Айналып келгенде, соттың түзелуі, реформалануы тек Жақып Асановтың шекпенінің ғана мәселесі емес. Барша ел мен қоғам болашағының мәселесі.

Бүгінгі президент Н.Назарбаев құрған саяси жүйе мен режимнің қалу-қалмауының да мәселесі.

Осы жүйенің қайшылықтары мен қаны-жанына сіңген қитұрқылары сот пен прокуратураны реформалауға мүмкіндік бере ме екен? Кеңірек айтатын болсақ, «Бұл жүйе өз-өзін реформалай ала ма, әлде оны өзгерту үшін жүйені түбегейлі құртып, жаңадан салу керек пе? Жаңадан құратын болсақ, ескі жүйенің қирауы мемлекеттің күйреуіне алып келмей ме?» деген үлкен, аса күрделі саяси-философиялық сұрақтар да туындайды.

Жақып Асанов пен Қайрат Қожамжаров бастаған реформалар мен өзгерістер, олардың іске асу-аспауы осы сұрақтарға нақты жауап беруі тиіс сияқты.

Қателікті мойындау қажет

Шынайы, шыншыл реформа қателіктерді айқын мойындаудан басталады. Бүгінде сот пен прокуратура жүйесіне біраз сын айтылып та жатыр.

Бірақ, шынын айту керек, қос басшы да бүгінгі жүйені ішінен өзгерте аламыз деп сенеді. Жақып Асанов өз сөзінде «біз реформалар ұсынбаймыз, президенттің айтқанын жүзеге асырамыз» деп қалды.

Менің ойымша, шынайы реформалар, шынайы модернизация – қашанда өмір мен өлім арасындағы таңдау. Я боламыз, я жойыламыз. Я өзгереміз, я құримыз. Я жасаймыз, я атыламыз деген таңдау.

Бүгінгі сот пен прокуратура жүйелері сталиндік-тоталитарлық жүйенің ізбасары, соның менталитеті мен психологиясын қанына сіңірген институттар.

Сол менталитет пен психологиядан арылмай, соны ашық мойындамай, оларды өзгертеміз деудің өзі қателік. Өкінішке қарай, екі басшы да осы туралы мардымды ой айтпайды.

Бүгінгі сот пен прокуратура жүйелері өзгермесе, еліміз дамымайды, керісінше, энтропия мен іріп-шіру жолына түсіп кетеді. Түсіп те жатыр.

Біздегі реформалардың көптеген жағдайда іске аспай қалуы адам факторына барып тіреледі. Біз мәселені шешу үшін әдіс-тәсіл іздемейміз, адам іздей бастаймыз. Және де адам іздеуіміздің өзінде көптеген шикіліктер бар.

Май-май, кір-кір болған картаны оңды-солды сапыра береміз, сапыра береміз. Жақсы адам келсе аз да болса іс оңалғандай болады, кетсе бітті – бәрі де тоқтап, кері қайтады.

Мысалы, бас прокуратурадағы Жақып Асановтың кезінде басталған ашықтық, технологиялық жаңалықтардың біразы жаңа басшылық келген бойдан үзілді де қалды.

Соны бастаған азаматтардың бір тобы сыртта қалды, бір тобы Жақып Асановтың соңынан ілесіп кетті. Сонда бұнымыз не реформа? Қандай реформа?

Бүгінгі сот пен прокуратура жүйесі бір мезетте жүздеген, қажет болса мыңдаған қызметкерін жұмыстан шығаруға әзір ме?

 Мысалы, бір аудандық сотта не прокуратурада бір қызметкер қылмыспен, парамен ұсталып жатса, сол сотта істеген барша адамды жұмыстан шығаруға әзір ме? Егер Асанов пен Қожамжаров мырзалар «иә, дайынбыз» деп қана қоймай, осыны іс жүзінде жүзеге асырса, өз басым осы екі ведомствода шынайы бір реформалар басталып жатыр дегенге сенер едім.

Судьялар мен прокурорлар 

Мәселе –судьялар мен прокурорлардың өздері кешегі болмысы мен тірлігіне жиіркеніп қарай білуінде. Жаңадан келген немесе қатаң сұрыптаудан өткен судьялар мен прокурорлар «Біз ешқашан да бұрынғы әріптестеріміздей болмаймыз! Біз үлкен елдік миссияны атқарып жатырмыз. Біздің парақор болуға қақымыз жоқ, жемқор болуға арымыз жібермейді!» деп ұрандап қана емес, сол принциптерін іске асыра білуінде.

Мысалы, ертеңгі күні жас судья я прокурор «менің басшым пара алады екен, заңды аяққа басады екен» деп қоғамға дәлелін келтіріп жар салса, я басшылығына арызданса, оның күні не болады? Ол «стукач» деген жаман атпен жұмыстан қуыла ма, әлде оның басшылары тұтқындала ма?

Бұрын-соңдыболмаған жаңа жүйені алыстан емес, Астанадан бастауға бола ма? Астананың үш ауданы ғана бар, мәселен. Сол үш ауданда идеалды, Асановтың арманынан туындаған, атына шаң жуымайтын, әділ де, әділетті де сотты құруға бола ма екен?

Сол Астанада былыққа батқан, соңында әңгіме жүрген, фактісі бар судьялар мен прокурорларды топ- тобымен жұмыстан кетіріп, қажет болса соттап, құқық жүйесіне ешқашан да жолай алмайтындай ету мүмкін бе? Егер мүмкін болса, оған көп уақыттың да қажеті жоқ.

 

Тоқетер

Баяғыда Грузиядағы реформаларды жүзеге асырған, жоспарлаған азаматтардың бірі – Каха Бендукидземен танысып, бір апта бойы араласуға мүмкіндік алған болатынмын.

 Бір реті келгенде «Грузиядағы реформаларды басқа жерде жүзеге асыру үшін не істеу керек?» деп сұрақ қойған болатынмын.

Сонда Бендукидзе мырза: «Кез келген реформаны жүзеге асыру үшін үш-ақ адам қажет. Бір адам осы реформалардың тізбегін, концепциясын жасап, соған жеке жауапкершілікті өз мойнына алуы керек.

 Екінші адам осы реформаларды қайткен күнде де, ешкіммен, ешқандай қиындықпен санаспай іске асыруы тиіс. Ол адамның қолына қажетті билік, ерік-жігер берілуі тиіс.

Үшінші адам күні-түні отырып, істеліп жатқан жұмыс туралы халыққа түсіндірме жұмысын жүргізуі керек. Егер осы үш адам табылса, олардың қажетті құқықтары мен мүмкіндіктері болса, кез келген реформаны кез келген елде іске асыруға болады», – деген еді.

Кезінде Совет Одағындағы ең жемқор, ең парақор атанған грузиндер сот реформасын жасай білді. Грузиннің қолынан келген нәрсе қазақтың қолынан келмей ме сонда?…

Дереккөз: “Жас Алаш” газеті,

ықшамдалып алынды

Пікірлер

пікір