008

Ақышевті «әскерге» жіберейік, қазақшаны сонда үйренер…

Күні кеше ғана Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевты қабылдаған сәтінде “Парламент пен Үкіметтің қызметі тек қана мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс” екенін айтып, қазақтілді ортаның көкейінде жүрген мәселені қозғады.

 

Қазақ тілінің шоу-бизнестегі жеңісі

Президенттің бұл сөзді айтуына не түрткі болды? Мемлекет басшысы айтар сөзін әрқашан сараптап, қоғамдық ортаға қалай әсер ететінін болжап, білгеннен кейін ғана айтатыны анық. Біздер осы мәселе төңірегінде ойымызды ортаға салғанды жөн санадық.

Қазір күн өткен сайын қазақ тілі күш алып келеді. Қазақ тілі мәдениет пен шоу-бизнесті толықтай жауалап алды. Қазір телеарна біткеннің бірі қазақтың шоу-бизнесіндегі өсек-аяңды көрсетіп, бір-бірімен жарысып, рейтинг қуып жүргені баршаға мәлім.

Жетекші телеарналардың өздері Қайрат пен Төреғалидың концертін баяғыдай түн ауғанда көрсетпейді. Бәсекеде бақтары жануы үшін танымал әншілердің концерттерін прайм-тайм уақытқа қояды. Мұны бәріміз білеміз. Бұл Қазақстанда орыс тілінің күні өтіп бара жатқанының айқын белгісі..

 

Әскерге  қазақтар ғана барады

Сол сияқты әскер, құқық қорғау саласында да қазақ тілінің мерейі үстем болып тұрғанын мойындаған жөн. Қазір қазақ тілін білмейтін өзге ұлт өкілдерінің балалары әскерге мүлде бармайды.

Осыдан екі-үш жыл бұрын аудандық әскери коммисариатта істейтін танысым, әскерге баруға ынта танытқандардың бәрі қазақ жігіттері екенін, ал өзге ұлт өкілдерінің жастары өте сирек екенін айтқан еді. Сондықтан соңғы уақыттары әскер мен құқық қорғау саласында қазақ тілі үстемдік құрып келеді десек артық айтқандық болмас еді.

Айтпақшы, әлгі танысым әскерге барған өзге ұлт өкілдерінің балалары он жыл мектеп қабырғасында үйренбегін қазақ тілін бір жарым жылдың ішінде әскер қатарында жүріп, тұрмыстық деңгейде меңгеріп қайтатынын да айтқаны есімде.

Біздер тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін арнайы агенттік, комитет құрып, оған қыруар қаржы жұмсап, билік басындағыларға қазақ тілін үйретуге күш салдық. Бірақ осы жылдар ішінде қазақ тілін үйретуде «армиядай» тиімді жұмыс істеген мекемені көрмедік.

Сондықтан әскердегі тіл сындырудың тәсілдерін біздің тіл мамандары зерттесе, артық болмас еді.

Егер қажет болса, Парламентте қазақ тілінде қойылған сұрақтың мағанасын түсінбей қазақтарды жерге қаратқан Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев сынды жас шенділерді топтап, «Отар» мен «Сарышағандағы» әскери бөлімшелерге жіберіп, тіл сындырып алуды ұсынамыз. Өз басым жас шенділерге қазақ тілін үйретудің бұдан басқа оңтайлы жолын көріп тұрған жоқпын. Оның үстіне әскер тілі сындырудың тиімді жолы болып тұр.

Нұрлан Жұмахан, журналист, блогер.

 

 

Ақышев не дейді?

Пікірлер

пікір