008

Рыспаев мырза, Рысқұлов көшесіндегі құжынаған халықтың жайын қашан ойлайсыз?

Алатау ауданы әкімі Шахмерден Рыспаевтің назарына!

8 наурыз әйелдер күні –  көңілді мерекелердің бірі. Дәл осы күні албұртқан көңілімізге кірбің ұялатқан жайттар да кездескенін жасырып қайтеміз.

 

Қойша қуды

Мереке жақындағанда Алматының көшелерінде гүл сатушылар көбейеді. Қай көшенің бойымен жүрсеңіз де құшақ-құшақ гүл сатқан жұрт көзіңізге оттай басылады.

Соңғы бірнеше жыл Алматыдағы Рысқұлов көшесінің Сайын көшесіне ұласып кететін тұсындағы (нақтырақ айтсақ, «Домилион» сауда үйінің маңы) жолдың екі қапталында жұрт гүл сатып, мәре-сәре болатын жақсы дәстүр қалыптасқан.

Бірден айтайық, халық көп жүретін Рысқұлов көшесінің бойында жұрттың бірнеше күн бойына гүл сатуына Алатау ауданы әкімдігі рұқсат берген.

Үйіміздегі отанасын құттықтау үшін біз де Рысқұлов көшесінің бойына көлігімізді тоқтатып, гүл таңдай бастағанда, жол полициясы қызметкерлері «мигалкасын» жарқылдатып, орыс тілінде «көліктеріңді жол бойынан әкетіңдер» деп жұртты қойша қуаламасы бар ма?!

Иә, жол бойында гүл саудалаудың заңға қайшы екенін білеміз. Бірақ бүгін мереке емес пе?

Жол сақшылары көлігін жол бойынан алмағандардың темір тұлпарын айыппұл тұрағына тоғытамыз дегеннен кейін гүл сатып алуға келген жұрттың бәрі тұра қашты.

Осылайша полиция қызметкерлері әп-сәтте жүздеген адамның көңіл-күйін су сепкендей басып тастағанына куә болдық. Бұдан нені аңғаруға болады?

Өз басымыз осы бір қарапайым оқиғадан біздегі жол сақшыларының мәдени деңгейінің қаншалықты екенін аңғарғандаймыз.

 

Алатау ауданы әкімдігі қайда қарап отыр?

Жүздеген адамға гүл сатуға рұқсат берген Алатау ауданы әкімдігінің қызметкерлері гүл сатушылар мен сатып алушылардың қауіпсіздігін неге ойламағанын тағы түсіне алмадық.

Егер олар қала тұрғындарының қауіпсіздігін ойласа, Алматы қалалық Ішкі істер басқармасымен бірлесіп, бірінеше жол сақшысын тартып, Рысқұлов көшесінің бойындағы гүл сатып алып жатқан халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болар еді ғой.

Әдетте Алматының кең көшелерінде ауылшаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырғанда жол полиция қызметкерлері жолдың бас-аяғын жауып, халықтың алаңсыз жәрмеңке аралап, сауда жасауына жағдай жасайтынын білеміз. Дәл осындай тірлікті Алатау ауданы әкімі Шахмерден Рыспаев бастаған шенеуніктер неге ұйымдыстырмайды?

8 наурызда Рысқұлов көшесінің бойынан гүл алуға барғанымызда мұндай салауатты тірлікті байқамадық. Есесіне гүл алуға келген жұртты қойша қуған жол сақшыларының әрекетін көріп қарнымыз ашты.

 

Бәле-жала аяқ астында

Құдай бетін ары қылсын, егер Рысқұлов көшесінің бойымен жүйткіген біреу рөлге ие бола алмай нөпір халықты қақса, онда заматта отыз шақты адам мерт болатынын біз айтпасақ-та түсініп отырған шығарсыздар.

Біздіңше, әкімдік қызметкерлері халықтың қауіпсіздігін мүлде ойламаған. Ойласа бірнеше күннен бері гүл сататын базарға айналған Рысқұлов көшесінің бойында жол сақшылары, жедел жәрдем, өрт сөндіру мәшинелері оқыс оқиғаның алдын алу үшін сақадай сай тұрар еді ғой.

Сонда Алатау ауданы әкімдігі үшін қарапайым халықтың көк тиындық құны болмағаны ма?

Мереке кезінде біраз халықтың гүл сатып, бір айлық нәпақасын тауып алғанына қарсылығымыз жоқ. Кез келген мереке кәсіпкерлікке дем беретін қозғаушы күш екенін түсінеміз. Бірақ екі-үш күндік сауда орындарын ұйымдастырғанда жергілікті билік орындарының халықтың қауіпсіздігіне де баса мән беруі керек еді.

Әдетте еліміздегі ат төбеліндей оппозиция «Сарыарқа» кинотеатрының артында митинг өткізгенде Алматының бүкіл полициясы жиналып, халықтың «қауіпсіздігін» қамтамасыз ететінін білеміз.

Болмаса, «Алматы Аренаға» шетелдің әншілері келіп концерт қойғанда жүздеген сақшылар, курсанттар әрбір 10 метр сайын тік тұрып, жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеуші ме еді?

Алдағы жылы Алатау ауданы әкімдігі 8 наурыз кезінде Рысқұлов бойындағы осы «тірлікті» реттеп, гүл сатушы мен сатып алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе екен деген тілегіміз бар.

 

 

Нұрлан ЖҰМАХАНжурналист, блогер

 

Бауыржан Байбекке Мұқағалидың әруағы риза болған шығар?

 

 

Пікірлер

пікір