008

Жас ақын Назарбаевты Құдайға теңеді

Назарбаев пен оның әулетіне ода жазумен елге танылған ақын, “Шабыт” фестивалінің жеңімпазы Балтабек Нұрғалиев Президентке кезекті рет өлең арнапты. Ақын Назарбаевты құдайға теңеген екен.

Президенттің атына мақтау мен мадақтаулар жаудырған Б.Нұрғалиев «Нұрсұлтан» сөзінің қасиетті Құраннан алынғанын, Алланың екі есімінен біріктіріп қойған ныспы екенін жазыпты.

Әділет ақ жолындай адал із бар,
Әрдайым адал ізден аламыз нәр.
Біз деген – шын бақытты Мәңгілік Ел,
Данышпан Елбасымыз – Данамыз бар!

Нұрсұлтан Ұланына ырза дала,
Елменен түсті бірге күн жаңара.
Әжесі Ер есімін қойған екен – 
Әлдиін әуелеткен Мырзабала.

Әжесі қойған сырын біліп тұрып,
Киелі Ер есімін үміт қылып,
Құраннан «НҰРСҰЛТАН» деп атын берген,
Құдайдың қос есімін біріктіріп!

НұрСұлтан – ерек есім, ерен есім,
Кеңейткен Қазағының керегесін.
Танытып тағылымды тектілігін, 
Еліне үлгі қылған өнегесін!

Сіңіріп салауатты дәріс дара,
Баласын баптап қосқан жарысқа да.
Бас идім Әруағыңа, Әлжан Әже,
Бас идім Әруағыңа, Әбіш Баба!!!

Жұлдыз боп ӘЛЕМ ҮШІН тағдыр жанған,
Айналдым, АҚ ПАТШАМНАН алғыр жаннан.
АСЫЛЫ АДАМЗАТТЫҢ НҰР-АТАМЫЗ,
Меккеге барғанында жаңбыр жауған.

Арылтқан жанардан жас, қабақтан мұң,
Нығметін, шапағатын таратқан мың.
НҰРСҰЛТАН деген есім БІЗДЕР ҮШІН,
ЖҮЗІНШІ ЕСІМІНДЕЙ ЖАРАТҚАННЫҢ!!!

Бұған дейін ол Назарбаевты құдайға теңеп, тағы бір өлең жазған еді. 

Райымбектей рақымды бола білген ылайым,
Нұр-Атамды мен ғажап Әулие деп ұғайын.
Қабыл алған халқының армандарын, мұратын,
Ерен тұлға Елбасы – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚҰДАЙЫМ! — деп жазды жас ақын өз одасында.

Айта кетейік, осыған дейін Балтабек ақын Қазақстанды тек Назарбаевтар әулеті билеуі керек, Нұрсұлтан Әбішұлынан кейін “таққа” оның қызы Дариға Назарбаева отыруы тиіс деп те өлең жазған еді. Бұдан сырты, оның шығармалар жинағында Президенттің анасына, әкесіне, жары Сара Назарбаеваға және қыздарына арнаған жеке-жеке өлеңдері бар.

Пікірлер

пікір