008

Әбілязовтың әлсіз жері неде?

Хабар 24″ арнасынан Франциядағы Қазақстан елшілігінің Париждің әйгілі Лувр алаңында Наурыз мерекесін ұйымдастырғанын көріп қуанып қалдық.

Жан дүниесін ашу-ыза мен кек кернеген…

Бұған «әзір Парижде бой тасалап жүрген Мұхтар Әбілязов неге қатыспады?» деген ой келді.

Әбілязов өкпе-ренішін уақытша ұмытып, осы шараға қатысуына болар еді ғой. Оны ешкім қумас та еді. Бірақ қатыспады. Түрі қазақ болғанымен жаны орыс оның. Басты кемшілігі осы.

Әблязов қазіргі Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуалдың қай бағытқа бет бұрғанынан білмейді. Ол саяси билік үшін күреске шыққан кез келген тұлғаның ендігі кезекте қазақ тілін білуі бұлжымас заңдылыққа айналғанын әлі түсінген жоқ.

Сондықтан алыста отырып, орыс тілінде сайрайды.

Оның жан дүниесін Назарбаевқа қарсы өшпенділік сезімі билеп алған.

Егер ол ғайыптан тайып билікке келсе, оның билік басындағы алғашқы кезеңі өш алу, қарсыластарын тұншықтырумен өтетінін түсіну қиын емес.

Ойлаңызшы, бізге көкірегін ашу-ыза мен кек кернеген саясаткер керек пе? Керегі жоқ. Айналамыздағы елдер дамуға бет бұрғанда біздің азаматтардың Әбілязовтың қолшоқпарына айналып кек қуып жүргенін кім қалайды? Ешкім де қаламасы анық.

Бізге мемлекетті алға бастайтын жаңашыл, билікпен ауыз жаласпаған (тіпті істес болмаған) халықтың мүддесін бәрінен де жоғары қоятын жаңа тұлғалар керек. Мұндай жарқыраған ондай тұлғалар халықтың арасында бар.

Егер гуманизм жағынан салыстырсақ, Әбілязовқа қарағанда Нұрсұлтан Назарбаевтың анағұрлым гуманист екенін байқайсың.

Әбілязов Назарбаевқа қарсы келіп, саяси амбициясын көрсеткенде Президент оны кешіріп, түрмеде босатты. Бизнеспен айналысуына мүмкіндік берді.

Егер Әблязов билікке келгенде ол өзінің қарсыластарына осындай мүмкіндік бере ала ма? Біздіңше, бере алмайды.

 

Ішкен-жегенін айту қызық емес

Бүгінгі билікті он жерден сынасақ та ол Әбілязовқа қарағанда қазақы. Қазақ тілінде сұрақ қойсаң, қазақ тілінде жауап ала аласың. Ал Мұхтарға қазақ тілінде сұрақ қойсаң қазақ тілінде жауап ала ала алмайсың.

Өйткені Еуропаның төрінде отырған Әбілязов қазір Қазақстанда саясатпен айналысқысы келген кез келген адам үшін қазақ тілін білуі саяси жауапкершілікке айналғанын сезіп, біліп отырған жоқ.

Ол әлеуметтік желі арқылы қазіргі биліктің ішкен-жегенін айтып, саяси оппонеттерінің артын ашуды саяси күрестегі басты қару санайды.

Бүгінде қарапайым халық биліктің жемқорлықтың шырмауына шырмалғанын біледі. Олардың ішкен-жегені көпшілік үшін жаңалық емес. Кезінде Әбілязовтың өзі де сол ортада жүріп, қыруар ақша мен дүние-мүліктің иесі атанғанын бәріміз білеміз. Сондықтан қазақы орта Әбілязовтың сөзіне елтімейді.

Бүгінде биліктің ішкен-жегенін айтып, “қарапайым халықтың қолдауына ие боламын” деген саясаткер қатты қателеседі.

Биліктен үміті бар саясаткерлер халыққа ой пайымына, ұғым түсінігіне назарға алып, әр қадамын аңдап басуы керек. Бір сөзбен айтқанда халыққа қарай икемделуі керек.

Бұл үшін Қазақ мемлекетінің негізін құрайтын қазақ халқының тілінде сөйлеуі тиіс. Айтар ойларын қазақ тілінде жеткізіп, жұртпен қазақ тілінде емен-жарқын сөйлескені маңызды.

 

Ақпараттық кеңістікте қазақ тілі үстемдік құрып келеді

Жақында билік басында жүрген бір ағамызбен сөйлесіп қалдық. Ағамыз:

“Енді төрт-бес жылда Қазақстанның ақпарат кеңістігінде қазақ тілі толықтай үстемдік құрады. Қазір орыс тілді ақпарат құралдары қазақ тілді ақпарат құралдарының алдында тізе бүгіп келеді” – деді.

Иә, бұл көрер көзге көрініп тұрған шындық. Мұны “соқыр-мылқау” адам ғана көріп, естімеуі мүмкін. Ал қоғамдық саяси жағдайлардың астарына үңілген адам қазір ақпараттық кеңістікте күн өткен сайын қазақ тілінің үстемдік құрып келе жатқанын байқайды.

“Қазақстан” Ұлттық арнасының толықтай қазақ тіліне көшуі, шетелдік сериалдардың орнын отандық сериалдар басуы бұл қазақ тілінің үстемдік құрып келе жатқанының белгісі емес пе? Мұны қалай елмеуге болады?

Иә, олардың сапасы жайында таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады. Осыдан 4-5 жыл бұрын қазақ тілінде ешқандай телехикая түсірілмегенін ескерсек, бұл үлкен жеңіс емес пе?

Қазіргі түсіріліп жатқан телехикаяларды қарапайым халыққа араналған, жұртшылық көреді, ал билік басындағылар көрмейді. Олар каблдік телеарналардағы шетелдің фильмдері мен бағдарламаларын тамашалайтыны жасырын емес.

Бұрындары отандық арналар билік басындағылар көретін орыс тіліндегі бағдарламалар түсіретін. Қазір еліміздегі негізгі ақпарат құралдары халықтың игілігіне жұмыс істеп жатыр.

Орталықтан шет жатқан ауылдағы халықтың өмірі қазіргі қазақ киносының өзегіне айналды. Өзіңіз ойлаңызшы, осыдан он жыл бұрын Баян Мақсатқызы “Қозы көрпеш Баян сұлу” жырның негізінде фильм түсіреді десең ешкім сенбес еді. Керек десеңіз, Баянның өзі қазақ ауыз әдебиетінің інжу-маржанына арнап фильм түсіретіні болжап, білмегені анық.

Бүгін түсірілген телехикаялар сапасын сын көтермейтінін айттық. Бірақ 2-3 жылдан кейін олардың сапасы артады.

Бүгінгі кинотуындыларда мамыражай ауыл өмірі, махаббат, әзіл-қалжың негізгі тақырып болса, болашақтағы қазақ киноларында саяси тартыс пен коммерциялық мүдде негізігі тақырыпқа айналатыны сөзсіз.

Бұл көріністер қазақ қоғамының қалыптасып жатқанын айқындайтын көріністер. Саясаткерлеріміз де осы үрдістермен үндесетін қадамдарға баруы керек. Ол үшін қазақша сөйлеп, қазақша ойлауы керек.

 

 

Ол – орысша сөйлеп, орысша ойлайды

Бүгінде жоғардағы элита қазақша сөйлегенімен орысқа ойлайтыны жасырын емес. Ал оппозицияның серкесі санайтын Әбілязов әлі күнге дейін орысша сөйлеп, орысша ойлайды.

Бұл ретте қайта біздің билікте алға жылжушылық бар екенін байқайсың. Олар орысша ойлағанымен қазақша сөйлеуге тырысады. Ал халыққа бір табан жақын болуы тиіс оппозицияның серкесі әлі күнге дейін орысша ойлап, орысша сөйлеп келеді.

Дәл қазір Әбілязовтың қазақ тілін үйренуге толық мүмкіндігі бар. Қазақстаннан қазақ тілін жетік білетін бір маманды алдырып, бір жылдың ішінде қазақ тілін үйреніп алса болар еді ғой. Үйренбеді. Ол тіл үйреніп жанын қинағысы келмеді.

Демек ана тілін үйренуге ықылас танытпаған саясаткердің сөзіне қалай сенуге болады. Сонда Қазақстанда билік құрып, ел басқару жақсы да, сол халықтың тілінде сөйлеу жаман ба?

Әбілязов неге қазақ тілін үйренбейді? Кезінде мемлекеттік қызметте, одан кейін бизнесте жүріп, тіл үйренуге мүмкіндігі болмады делік. Ал қазір ең қолы бос адам Әбілязов қой. Қазақстаннан қазақ тілін білетін бір емес он маман жалдаса да ақшасы жетеді.

Түрмеде жатып талай адам тіл үйреніп, тұтас роман жазып тастағанын білеміз. Ал Әбілязовтың көкейін тескен дүние тек қана билік. Ашығын айтсақ, Әбілязовтың қазақ тілін үйренуге ешқашан құлқы болмады.

Демек оны қазақтың тағдырына басын ауыртпайды деп кесіп айтуға болады. Мемлекетті басқаратын тұлғаның туған ұлтын сүйетін, сол ұлттың тілінде сөйлейгені маңызды.

Қалған білікті банкир, кемеңгер экономист сырттан жалдап алуға болады. Ал қазақ тілінде сөйлейтін, қазаққа жаны ашитын саясаткерді еш уақытта сырттан таппайсың. Сондықтан Әбілязовтың қазақты ұшпаққа шығарамын деген сөзіне сену қиын.

 

Ол – қазақ тілді БАҚ-ты саяси күрестің құралы деп санамайды

Ол билікке қарсы саяси күресті бастаған сәтте орыс тілді ақпараттарға қаржыны аямады. Орыс тілінде журналистерге қыруар айлық төледі. Ал қазақ тілді ақпарат құралдарын саяси күрестің құралы деп есептемейді.

Ол әлі күнге дейін саяси күресін орыс тілінде жүргізіп келеді. Осы бір жайттан-ақ оның қазақ тіліне деген көзқарасын аңғаруға болады.

Бүгінде халық қазақ тілінде сөйлемейтін саясаткердің соңынан ермейді. Сондықтан Әбілязовты қазіргі билікке саяси тұрғыдан бәсекелес болатын тұлға деп айтуға ауызың бармайды. Ол бар болғаны қойны-қонышы ақшаға толған, жан дүниесін ашу-ыза мен кек кернеген шарасыз жан. Ал мұндай адам кез келген қоғамды анархияға бастайтынын ұмытпаңыз.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист, блогер.

Пікірлер

пікір