008

Зайытов: «Айтыстың обалына қалған адамды дүйім Қазақстан таниды»

“Ақындардың сөзiнен және кейбiр телеарналардағы қызметкерлердiң әңгi­месiнен байқағаным – айтыстың обалына қалған адам үлкен зиялы азамат сияқты”. Осылай деген Зайытов бұл сұхбатты бірнеше жыл бұрын берген. Ақынның ойлары әлі де өзекті, алайда. Ринат Зайытов – аламан айтыста талай мәренi бұзып, ақиқатқа алдаспан суырып жүрген шайыр. Ақынның «ДАТ-қа» шыққан сұхбатын барынша ықшамдап назарларыңызға ұсындық.


«Арқадан ауған арқармын…»


– Ринат, өзiңнiң Семейден Алматыға бiржола қоныс аударғаныңды естiдiк, қоныс құтты болсын!

– Рақмет! Жетiскен қазақ көшшiл болушы ма едi…

– Ендiгi айтыстарда Алматының жыртысын жыртасың ба, жоқ әлде туған жердiң туын ұстап қаласың ба?

– Қазақта «Ит – тойған жерiне, ер – туған жерiне» деген мәтел бар. Осы күнге дейiн өзiм қайда жүрсем де, айтысқа туған жерiм Семейдiң атынан шығып келдiм. Осыдан бес-алты жыл бұрын Астана қаласында жүрген кезiмде де аламанға Семейдiң ақыны ретiнде шығып жүрдiм. Ендiгi жерде де Семейдiң атынан сынға түсемiн. Алайда жалғыз Семейдiң емес, дүйiм алашқа ортақ ақынмын.

– Ақынның елден кетуiне не себеп болды екен, әлде Өскеменге өгей болып, тозығы жеткен Семеймен бiрге «тозып» кеттiң бе?

– «Арқа жайлы болса, арқары ауып несi бар?» – демей ме, халық. Семейдiң күйi Өскеменге қосылып, өзгергенi шамалы. Бiреулер Өскемен Семей арқылы қазақыланады деп жүрдi. Бiрақ одан түк шыққан жоқ.

Қайта Семейдiң бұрыннан жалғасып келе жатқан қазақы мәдениетiне қылаң түстi. Айтыс бар кезде Семейде жүргеннен артық бақыт жоқ болатын. Айтыс кеткен соң, кәрi шаһардан мән кеттi.

Қазiр Семейде қазақылықтың ныспысы, ұлттық мәдениеттiң ұшқыны қалған жоқ. Егер қазағы көп Шымкент сияқты қала болса, онда туған жерде жүргеннен артық не бақыт болсын?!

– Әйтеуiр, қоныс ау­дарған соң, майшелпекке бөккен Астанаға тартпадың ба? Қазiр Астана Алматыға «күндес» болды ғой…

– Ол сөзiңнiң жөнi бар. Бiрақ Астанада бiраз жылдың алдында болғам. Астана бiз бен сiз сияқты қарапайым адамдардың қаласы емес. Ол – шенеу­нiктерге арналған қала. Ол жерде өмiр сүретiн адамдардың да қалтасы қалың болуы керек. Әйтпесе табиғаты да, өзi де суық қала шеттен барғандарды есiр­кей қоймасы анық.

Астананың Алматыға «күн­дес» болатын жөнi бар ғой. Өйт­кенi Алматы – Қазақстанның бұрынғы орталығы.

Сондай-ақ өнер мен мәдениеттiң, әдебиет­тiң, зиялы жұрттың басы түйiс­кен жұмақ жайы. Тәуелсiз­дiктiң арғы-бергi сыры мен құпиясын қойнына түйген ше­жi­релi жерi, тарихи мекенi.

– Астана демекшi, осыдан екi жыл бұрын Астананың он жылдығында Рүстем екеуiң ашық айтысып, тақырдағы қаланың қоясын қотарып тастаған едiңдер. Бiлетiндердiң айтуына қарағанда, айтыстың «ажалына» сол айтыс себепкер болған сияқты…

– Себепсiз нәрсе болмайды. Бiрақ қазақ айтысының «ажалына» Рүстем екеумiздiң жекпе-жегiмiздi кiнәлаудың ретi жоқ шығар. Өйткенi шөлмектiң мың күн емес, бiр күнде сынатыны сияқты, бұл айтыстың да «өлiмi» бiр жекпе-жекте қорытылған жоқ. Ол – бiраз уақыт iште пiсiп, жетiлiп, соңынан жарылған «жара».

Халық қазақ айтысының дамып, ақиқатты тiлiп айтатынын өз көздерiмен көрiп жүрдi. Мәселен, от тiлдi Айбек, Бал­ғынбек, Бегарыстың жырлары билiктi мың рет аударып салатындай ұран бола бiлдi. Айтыстың «ажалы» осындай шындықты аңырата айтып жүрген ақындардың сөзiнен, ақиқаттан болуы мүмкiн…


Айтыстың обалына қалған зиялы кім?

 
– Айтысты ауыздықтауға кім мұрындық болды, Ринат?

-Астана тойы мен прези­дент­тiң мерейтойына байланысты айтыс өтетiнi туралы хабар естiдiк. Бiрақ онда айтысатын ақындар бұрын Жүрсiн Ерманов iрiктеп, додаға салып жүрген шайырлар емес екен.

Жүргiзу­шiсi де Ермановтан басқа бiреу көрiнедi. Сонымен бiрге ол айтыста Астана мен президенттi, Қазақстан саясатын мақтайтын шарт бар сияқты.

Өз басым, ондай аламанға түсiп, күлкi бол­ғым келмейдi. Әрiптестерiм де ондай жасанды, сайқымазақ айтысқа қатыспайды деп бiлемiн.

Ал осы киелi өнердiң шамының өшуiне себепкер адамға келер болсақ, ол Саудабаев та, президент те болмауы мүмкiн. Өйткенi бiз Саудабаевтың «ақындар сайысы» деп аталатын айтысқа қойған шартымен толық танысып шықтық. Оған қарап, Саудабаевты кiнәлағым келмейдi. Саудабаев бiреудiң айтқанын орындап отыр ғой. Ал президент айтысты тоқтатты деген сөз миға сыймайды.

Өйткенi ол кiсi мұндай ұсақ тiрлiктерге араласатын болса, бiздi – ақындарды әлдеқашан жер жастандыратын едi.

Олай дейтiнiм, тәуелсiздiктен бергi жылдардағы айтыстарда президент жа­йында ешкiм (оппозиция да) айтып көрмеген ащы өлеңдер айтылып жүрдi. Бiрақ оған Назарбаевтың тулағанын естiген жоқпыз. Сондықтан айтыстың тоқтауына президенттi кiнәлай алмаймын.

– Сонда бұл киелi өнердiң обалына қалған кiм болуы мүмкiн?

– Қолмен ұстап, көзбен көргендей, бiреудi кiнәлауға негiзiм жоқ. Бiрақ ақындардың сөзiнен және кейбiр телеарналардағы қызметкерлердiң әңгi­месiнен байқағаным – айтыстың обалына қалған адам үлкен зиялы азамат сияқты. Оны дүйiм Қазақстан таниды. Бiрақ қолымда «тiрi» дерек болмаған соң, оның атын атап, түсiн түстей алмаймын, кешi­рiңiз!

– Республика көлемiнде өтiп жүрген аламан айтыстың тоқтағанына екi жылдан асты. Осы жылдың көктемiнде «қашып-пысып» жүрiп, бiр айтыс өткiзген едiк, оның өзiн көрсетуден телеарналар ат-тондарын ала қашты. Өнердiң төресi – өлеңнiң босаға жағалап қалған жетiм күйiнiң тағы басқа себебiн бiле алдыңыз ба?

– Иә, бiрде-бiр телеарнасыз осы жылдың көктемiнде Алматыда үлкен айтыс өттi. Өлеңге сусаған халықта сан жоқ. Ақи­қат пен өнердiң өлмейтiнiне сол кезде көзiмiз жеттi-ау!

Ағылшынның бiздiң айтысты зерттеп жүрген бiр журна­лисi: «Қазақтың ақындар айтысынан кемел­дi, еркiн, әдiл демократия көр­ген жоқпын», – деген екен. Жөн сөз.

Қазақтан басқа қай халық сөзге тоқтап, сөздiң қадiр-қасиетiн түсiнген едi? Жоқ қой.

Сондықтан өлең сөзден өрнек салған қазақтай дана халық жер бетiнде кемде-кем. Бiрақ осы киелi өлеңiмiзге де қиянат жасадық. Оны сөздiң қасиетi тегiн жiбере қоймас. Қиянатқа алуан түрлi себеп айтуға болатын едi. Алайда оның көбiнiң негiзi жоқ. Сондықтан қазiрше соңын күтейiк. Бiз – қазақтар кез келген қиянаттың соңын шыдап күтуге үйрендiк қой!

– Осы күнге дейiн өлеңдегi өткiрлiгiң үшiн құқай көрсеткен әкiм-қара, шенеунiктер болды ма?

– Болды. Бiрақ газет бетiне, сұхбат берiп айтуға тұрмайтын ұсақ дүниелер ғана. Жалпы, құқай көрсету ақынды мұқалта алмайды. Қайта батылдандыра түсуi мүмкiн. Кез келген адам өз өтiрiгi ашылған кезде ғана оған қарсы жұмыс iстейдi ғой.

 Ендеше, ақындар бiреудiң өтiрiгiн ашқан кезде немесе сөзi жанына батқан шақта ол дөң-айбатын бетiне шығарады. Бiрақ бұл – қорқаудың iсi.

– Ринат, өзiңдi «Хабар» арнасындағы ойын-сауық бағдарламаларынан көрiп жүрмiз. Асылы, өзiң сөз қадiрiн бiлетiн, қазақылығың басым азаматсың. Саған мұндай жеңiл-желпi дүние емес, қазақтың рухын көтерiп, санасын серпiлтетiн «ояу», «тiрi» хабар керек едi… Бұйырғаны осы болды ма?

– Иә, қазiрше бұйырғаны осы болып тұр. Өзiм де «келе салып, төр менiкi» дейтiн өң­мең­деуге барған жоқпын. Алдымен телеарнаның «кух­н­я­сын» көрiп, сонан соң табиғатыма келетiн бiр жобамен айналысатын шығармын.

Қа­зiр­ше ойын-сауық хабары болса да, журналистикадағы алшысы түскен жұмыс осы болып тұр. Негiзi, бiздiң теле­жур­налистика саласында орайын тапсаң, алуан түрлi тақырыпты қамтып, қызықты хабар жасауға мүмкiндiк көп.

 Бiреулер қазiргi жағдайда қоғамдық-саяси бағыттағы хабарлардың бәрi ақиқаттан алшақ кетедi деген сыңаржақ пiкiрлер айтады. Алайда ебiн келтiрiп, хабарды беру формасын тапсаң, қандай бағдарлама болса да, тақырыпты, ой-идеяны ашуға әбден мүмкiндiк бар.

– Ойға алған жұмыстарың орындалсын! Ендi, амал жоқ, айтыстан ажарды кетiрген соң, Айнұр апаң (Тұрсынбаева) «Екi жұлдызды» жағалап жүр, бiраз ақындар жоғары оқу орындарына мұғалiм болып кеттi, ендi бiр тобы тамада болып жүр. Сен «Хабардан» тұрақ таптың. Ал «екi қолға бiр күрек» таппай қалған ақын бар ма?

– Ақындар айтыс тiзгiн­делерден бұрын да жұмыссыз емес болатын. Айтыс тоқтағаннан кейiн де өз орындарын та­уып жатыр. Жоғары оқу орындарындағы ұстаздық қыз­меттерi осыдан бiраз жылдардың алдында басталған, қазiр олар соны жалғастырып жатқан жайлары бар. Ал тамадалық кәсiп ақындардың о бастағы табыс көзi екенiн жасыра алмаймын. Қысқасы, «екi қолға бiр күрек» таппай қалған ақын жоқ-ау!


«Дін дендеген жастарға обал»


– Ринат, өзiң ақын, көзiң ашық, көкiрегiң ояу азаматсың. Бiреулер: «Осы қазақққа не жетпейдi: мемлекетi, Астанасы, байлығы, халқы бар», – деп жатады. Шынымен, қазаққа не жетпейдi, осы?

– Бiрауыз сөзбен түйсек, қазаққа алдымен рух, сонан соң ұлттық намыс жетпейдi. Әйтпесе, Құдайға шүкiр, басқа жағымыздан кемдiк көрiп отырған жоқпыз.

Егер қоғамда қазақтың қор өмiр сүрiп, халықтың кедей тұрмысы болса, онда осының бәрi қазақтың өзiн-өзi тануының жетiспеуiнен. Рухы кемiген халықтың жастары да «солқылдақ» келедi. Яғни бiздiң жастардың әсiре дiнге берiлiп, өмiрлiк жолдарынан адасып бара жат­қандарын айта кеткен жөн сияқты. Исламның жолына түсу қылмыс емес. Тек өзiмiздiң кө­рiн­­ген келiмсек дiнге есiк ашып отырғанымыз – қылмыс.

– Онда басты қылмыскер келiмсек дiнге кiрген жастар емес, сол келiмсек дiндердi «кеу-кеулеп» отырған өзiмiз болдық қой…

– Иә, басты қылмыскер – осы дiндердiң елiмiзде еркiн өмiр сүруiне орай жаратып отырған өзiмiз.

Қазiр өзiмiз сенетiн исламның бiр ағымы айтысқа, ән, өлең айтуға, беташар сияқты ұлттық дәстүрге қарсы келiп жүр.

Маған бiр таныс имам Пайғамбардың: «Дiн арабтан басталса, оның бұзылуы да арабтан болады», – деген сөзiн айтқан болатын. Бiздегi қазiргi жаппай белең алып келе жатқан дiн – сол арабтың бұзылған дiнi ғой.

– Жөн сөз. Ал ендi соңғы рет ауылға қашан бардың?

– Ауылға үнемi барып тұрамын. Шыны керек, ауылдың қазiргi жағдайы тым нашар. Айтыскер ақын Балғынбек Имашев:

«Кезiнде Дiнмұхамед -дана басшы,

Қазаққа қырық қала сыйлапкеттi.

Бiз жалғыз Астананыбiтiргенше,

Далада төрт мың ауылқирап кеттi», –

деген болатын бiр айтыста.

Шындық осы.

– Әңгiмеңе рақмет!

СұхбаттасқанЖұқамыр ШӨКЕ

Пікірлер

пікір