008

Назарбаев: “Демократия? Біздің өз жолымыз бар”

 Демократия жолына бір күнде емес, көп жылдан кейін түскен батыс елдерінің бізге жөн сілтейтін реті жоқ.

Біз өз тарихымызға, дәстүрімізге, тіліміз бен дінімізге сүйене отырып, демократиялық құндылықтарды бойымызға сіңіріп жатырмыз. Бұл туралы президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жаңа оқулық» жобасы аясында шыққан алғашқы оқулықтардың тұсаукесерінде айтты. 

Қазақ елінің өз сара жолы бар

 
«Әркім өз тағдырына өзі жауапты. Мен тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап елдің жүгін арқалап келе жатқан адаммын. Қанша рет батыстан келіп, «біздегі сияқты демократия қылыңдар» деп айтады.
Біз қазақпыз, біз америкалық, неміс, ағылшын емеспіз. Біздің өзіміздің тарихымыз, тіліміз, дініміз,  дәстүріміз бар.
 
Біз бүкіл әлем секілді демократия жолымен келе жатқан халықпыз», — деді президент.
 

Бірақ, мемлекет басшысының айтуынша, бір күннің ішінде мың жылдық шаруаны аттап кете алмаймыз.

«Америка құрама штаттарына 250 жыл болды.

 

Осыдан елу жыл бұрын бұл елде қара мен ақ бір автобусқа отырмайтын. Әйелдер сайлауға қатыспайтын. Оны неге ұмытып кеттіңдер.

Батыстағылар католиктер ғой, оның ішінде протестанттар. Протестант дегендер өзіме ғана жауап беремін, ініме, бауырыма қарызға ақша бере алмаймын, берсем несие ретінде беремін дейтіндер. Оларда ағайын-туысқан деген жоқ, бала 16 жастан үйден кетіп, өзін-өзі асырауы керек.

Біз қазақ олай бола алмаймыз ғой. Өзіміздің дәстүріміз бар.

Үлкенді, әйелді сыйлап, баласы әкесін, әкесі атасын қадірлеген халықпыз.

Біз қазақпыз, деп мен ылғи оларға түсіндіріп келемін», — деген Назарбаев Сингапурдың көшбасшысы болған Ли Куан Ю-дың тағдырын еске алды.

«Менің жақсы досым болған марқұм Ли Куан Ю де солай алысып өтті. Ол туралы не демеді? Диктатор, автократ деді. Қандай автократ?

«Бес жыл сайын сайланып отырған адамды қалай диктатор, автократ деп атауға болады?» деп, ол да дәлелдеп жүрді.

Сондықтан біздің өзіміздің жолымыз бар дегенім сол. Бірақ бүкіл өркениттен алшақтап кетіп, басқа жерге барамыз деген сөз емес. Өз жолымызбен басқа өркениет, өскен елдермен тең боламыз деген сөз», — деп түйді сөзін президент.

Дереккөзsputniknews.kz

Пікірлер

пікір