008

Жақсылық Омар: “Жаңғырудың тамыры – тілде, әдебиетте, мәдениетте жатыр”

Талдықорған қаласында жас әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» форумы облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып өткізіліп отыр. Форум барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде өткізілген «Мәңгілік елдің мұраты» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталып, жеңімпаздарға «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі тапсырылды. «Рух» байқауының қорытындысы бойынша жарыққа шыққан кітаптардың тұсауы кесілді. Осы басқосуда Жазушылар одағына мүшелікке бір топ қаламгер салтанатты жағдайда қабылданды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Республикамыздың әр өңірінен келген қаламгерлерге құттықтау тілегін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Ж. Омар:

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық сананы жаңғырту идеясының түп тамыры – тілде, әдебиетте, мәдениетте жатыр. Сондықтан бағдарлама аясында Алматы облысында бір жылдан бері 8 мыңнан астам шара өткізіліп, 200 жоба жүзеге асырылуда.Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен былтыр бір мезетте 39 кітап жарыққа шығып, оқырманға жол тартты. Алдағы уақытта облыстағы барлық ауылдық мәдениет үйлерін жаңғыртып, жаңартатын боламыз. Сонымен қатар әдеби байқаулардың, шығармашылық шаралардың да маңызы зор. Бүгінгі форумға облыстың, республиканың әр өңірінен талантты жастар жиналып отыр. Форумға қатысушыларды осынау айтулы шарамен шын жүректен құттықтап, баршаңызға шығармашылық шабыт тілеймін! – деді Ж. Омар.

Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сөз алып, облыстың әдебиетті қолдаудағы игі бастамасына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ақындар – Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, белгілі ақындар Қалқаман Сарин, Бақытгүл Бабаш, жас дарын Мұхтар Күмісбек ізгі тілектерін жеткізді.

Форум жұмысы мұнан әрі «Рух» бәйгесінің қорытындысы бойынша жарық көрген кітаптардың тұсаукесерімен жалғасты.

Шарада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Мәңгілік елдің мұраты»атты облыстық байқаудың қорытындысы жария етілді. Марапаттау рәсімін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар атқарды.

Поэзия жанры бойынша І орын «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегері, мемлекеттік грант иегері Сағыныш Намазшамова иеленсе, прозада І орын жас жазушы, «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері Қанат Әбілқайырға берілді. Қос жеңімпазға облыс әкімінің «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі, ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Поэзия бойынша ІІ орынды Ерлан Жүніс пен Аршын Нұрбақыт, ІІІ орынды Қозыбай Құрман мен Мұхтар Күмісбек иеленді.

Проза жанрында ІІ орынды Есболат Айдабосын және Гүлжан Амангелдіқызы, ІІІ орынды Асхат Өмірбай мен Данагүл Берекет алды. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлықтар мен дипломдар берілді.

Осы жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет одақ мүшелігінің қатарына қабылданған жастарға салтанатты жағдайда куәлік тапсырды. Мүшелікке қабылданған арасында Алматы, Атырау облыстарының, Астана және Алматы қалаларының жастары бар.

Атап өтсек, екі күнге созылған «Жетісу көктемі» облыстық форумы аясында жас қаламгерлер Қарасай ауданындағы Президенттің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын, «Батыр бабалар» мемориалы мен «Анаға құрмет» музейін, Кербұлақ ауданында Шоқан Уәлихановтың мемориалдық музейін аралады. Сол сияқты Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінің жағалауында поэзия кешін өткізіп, Сүйінбай, Мұқағали ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ Тіл сарайында әдебиеттің сан салалы тақырыптарын талқылаған секциялық жұмыстар ұйымдастырылғанын айта кету керек.

«Мәңгілік елдің мұраты» облыстық байқауына қысқаша тоқталсақ, байқауға жас қаламгерлер бүркеншік атпен қатысты. Поэзияда «Рухани жаңғыру» тақырыбы, Жетісу өлкесінің тамаша табиғаты және еркін тақырып ұсынылса, прозада туған өлкеге арналған туындылар қабылданған.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Жақсылық Омар: “Латын әліпбиіне көшу емес, оралуы деп айтсақ орынды”

 

Пікірлер

пікір