008

Жириновский: “Қарашаңыраққа қайтып оралыңдар…”

Жоқ, Жириновский “жынды” емес. Кремль екеуінің ым-жымы бір екені баяғыдан белгілі. Қой демейді бұған. Айтақтатады. Айта түскенін қалайды деп жазады DalaNews.kz. 

КСРО құлағалы бері бүтін бір буын алмасса да Ресей өзгерген жоқ. Өзегін өртеген өкініші бар. Онысын Жириновскийдің аузымен айтқызады аракідік. Өлген империяның жұртында қалған жалғыз ел келмеске кеткен дәуірді аңсайды да тұрады әрдайым. 

Армениядағы толқулардың ауанынан сезіктенсе керек кезекті рет Жириновскийді сөйлетіпті Кремль.

“Бір кездері Қызыл империяның қол астында болған мемлекеттер Ресейдің құрамына қосылыңдар. Біз сендерді “ішкі қантөгістен құтқарамыз”. Бұл бірінші кезекте – Грузия, Әзірбайжан, Арменияға қатысты”

– деп шатып-бұтыпты Жириновский.

Бәлкім, алжыған адамның әңгімесі дерсіз. Бірақ бұл жәй Жириновский емес қой. Либералды-демократиялық партияның жетекшісі, Мемлекеттік дума депутаты. Жүйенің адамы әрбірден соң.  

“Армениядағы оқиғалар бұл сөзсіз мемлекеттік төңкеріс”, – дейді ол тағы да. 

Төңкеріс? Ресейдің фобиясы. Наразылықтың кез-келген формасы Кремльдің ұстанымына қайшы. Өлердей қорқады бұдан. Билікке қарсы бағытталған кез-келген наразылықты теріске шығарғысы келеді Кремль. Өзгерістен өлердей қорқады Кремль. 

“Армяндар да біз сияқты ғой. Оларда да жемқорлық бар, бола да береді, кедейшілік, басқа да мәселелері бастан асады. Қазіргі билікті төңкергенмен, оның орнына келгендер жағдайды жақсартады дейсіздер ме? Құдай біледі, армяндар бұдан бұрынғы билікке зар болып қалуы мүмкін” – дейді Кремльдің дауылпазы. 

Мұнымен тыйылса бір жөн.   

“ТМД аумағындағы мемлекеттерді ішкі қантөгістен құтқаратын жалғыз ел – Ресей. Уақыт бар, ойланыңдар. Қарашаңыраққа қайтып оралыңдар өз еріктеріңмен. Ресей Федерациясында Тбилиси, Баку, Ереван, Киев, Одесса губерниялары пайда болуы тиіс. Сонда ғана тыныштық табамыз… “, – депті Жириновский. 

Ол Қазақстанға да талай соқтыққан. Ұмытшақтық ауруы бар. Айтпадым дейді артынша. Арандатты дейді. 

Бір сұхбатында: “Қазақстан менің кіші отаным. Алматыдағы Масанчи көшесін менің атыма берсе қарсылығым жоқ.  Мен оқыған №25 мектепке менің атымды берсе тіпті қатып кетер еді. Мен тұрған үйді мұражайға айналдырса…Болашақта дегенім ғой. Есесіне сіздерге туристер келеді. Бұл сіздерге пайда” – деп бөскен еді ол.

Қосанов не дейді?

Аузына қақпақ қоя алмасымыз белгілі оның. Жауап қата аламыз бірақ. 

Айталық, саясаткер Әміржан Қосанов әлеуметтік желідегі бір жазбасында былай деген: 

Мәскеуде Жириновскийге ескерткіш қойылыпты. Соған қатысты бір ой.

Неге біздің билік өз қолымен Жириновскийдің Қазақстанға қатысты айтқан ойларын дәл сол стильде Ресейге қатысты айта алатын өзіміздің «жириновскийлерді» қалыптастырмайды?

Оның пиарына Кремль секілді іштей рұқсат беріп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Анау есуас «Ә!» десе, біздікілер «Мә!» деп отырар еді ғой.

Ең болмағанда, айызымыз қанып отырар еді. Ресей жағы да ойланып қалар еді… 

Қолдан жасалған әрі түк пайдасы жоқ қуыршақ партияларға ақша шығындағанша, осылай істемей ме?!”. 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ

 

Пікірлер

пікір