008

Назарбаев неге айнып қалды?

Саясаткер Әміржан Қосановтың «zonakz.net-ке» берген сұхбаты шағын болғанмен, біраз дүниенің басын шалып үлгеріпті. Армениядағы жағдай Қазақстанда қайталанса билік қандай қарекет қылады? «Нұр Отан» кімнің арқасында «жан сақтап» отыр? Назарбаев билікті парламентке тапсырудан неге айнып қалды? Dalanews.kz осы және өзге де сауалдарға жауап берген Қосановтың ойын оқырман назарына ұсынып отыр.

 – Билік Армениядағы жағдайдан сабақ алуы тиіс. Пашянян бастаған халық алаңға шыққанда билеуші партия қайда болды? Биліктің саяси идеологтары ше? Олар не істеді? Не істеп жүр? Армян билігі ашуға булыққан халықпен қандай да бір диалог құрды ма? Әрбірден соң билік мұны болжай білу тиіс еді. Бұл билік идеологтарының жұмысы-тұғын.

Армениядағы 100 мыңдаған мүшесі бар билеуші партия не бітірді? Бұқара алаңға шыққанда қайда болды? Көшбасшысын неге қорғамады, қолдамады?», – дейді Қосанов.

Айтуынша бұл жағынан армян билігі біздікіне ұқсас. Ал біздің билік қандай? Мылқау. Меңіреу. Жалтарып жүреді. Жағдаймен, қоғам пікірімен санаспайды.

– Халық қарап жатпайды ғой. Өзге елдердегі билік пен үкіметтің ауысып жатқанын көріп отыр олар. Өзге елдердегі өзгерістерге де куә.

Халық бізде заңды түрдегі оппозицияның жоқ екенін көріп отыр. Биліктің сыңаржақ саясат жүргізіп отырғанын сіз бен бізден жақсы біледі, – дейді саясаткер.

Нұр Отан…

Қосанов бұл арада билеуші партияны мысалға келтіріпті. «Нұр Отанды»….

– Қазір бұл классикалық түсініктегі партия емес, құбыжық. Бір адамның абырой-беделінің арқасында ғана «жан сақтап» тұр.

Бізде дебат деген атымен жоқ. Ел өміріндегі түрлі түрлі мәселелерді, даулы заңнамаларды тікелей эфирде талқылау түсінігі қалыптаспаған. Қалыптастырмай отыр.

Жарайды, бұл дебатқа Назарбаев қатыспай-ақ қойсын, бірақ оның «Нұр Отандағы» орынбасары келіп белгілі бір заңнамаға сын айтқан сарапшылармен пікірталастыруына болады ғой?

«Нұр Отанның» жергілікті жердегі филиалын басқарып отырған әкім-қаралар сол жердегі белсенділермен жүздессе, өңірдегі өткір мәселелерді ашық талқыласа өздері де өсер еді. Саяси түсінігі, мәдениеті қалыптасар еді.

Бірақ, бұған бара алмайды олар. Індеріне тығылып алған. Шенеунік деген шекпенін шешкісі келмейді. Шенеуніктердің партиясына топтасып алған олар, – дейді Қосанов.

Саясаткердің болжамынша, ертең аяқтасты билік ауысса, «Нұр Отан» Еревандағы республикалық партияның кебін киюі мүмкін.

Бірақ Армения парламенттік, Қазақстан – президенттік мемлекет емес пе?  Ол мұны мұны неге айтып отыр?

– Соңғы сайлауда президенттің айналасы Назарбаевты премьерге мейлінше еркіндік, парламентке барынша басымдық беруге, Конститутциялық реформа жүргізуге иландырды. Мұның өзекті екенін, маңызды екенін дәлелдеуге тырысты. Бұл реформаны қолдап, мақала жазғаным да есімде.

Президенттік таққа таласпаса да, премьерліктен, Бас прокурорлықтан, Парламент төрағасы қызметінен дәмелі кландар бар. Бұлардың тәбеті ашылған сайын, саяси талас-тартыс та қыза түссе керек.

Назарбаевқа мұнымен санасуға тура келді сол кезде. Президент бұлардың аптығын басу үшін билікті үлестіріп беруді ойластырды.  Айнып қалды ақырында…

Суперпрезиденттік билікке қайта ойыстық. Аз-маз елеусіз өзгерістер енгізумен ғана шектелді Назарбаев, – дейді бұл ретте Қосанов.  

Жүзеге аспады  

Бірақ, бұл формула Арменияда жүзеге аспады. Неге?

Қосанов былай дейді:

– Армения парламенттік басқару үлгісіне көшкен. Президент Конституция кепілі ретінде орынтағында отырса да, негізгі билік Үкіметбасының қолында шоғырланды.

Саргсян қайдан қателесті? Билеуші партия бұл қызметке оны емес, оған қарағанда әлдеқайда жастау, танымалдау, тартымдырақ үміткерді ұсынса  жеңер еді.

Халық 10 жыл бойы тапжылмай билік құрған Саргсяннан қажыды. Билікке емес, Саргсянға қарсы еді әуелде. Таққұмарлығы құртты бәрін. Наразылықтың арты билеуші партияға, билікке деген қарсылыққа ұласып кетті.

Саясаткердің айтуынша, егер алдағы уақытта біздің ел бүтіндей парламентік басқару үлгісіне көшсе, билік «үкіметті кім басқарады?» деген мәселемен бетпе-бет келеді.

– Бұл қызметке коррупциялық дауға қатысы бар, сөз еркіндігін тұншықтыратын, әрі бұрынғы жүйемен шатылған адам отырса, халықтың қарсылығына ұшырауы әбден мүмкін.

Міне, сол кезде «билікте Үкіметбасы қызметіне лайықты адам бар ма?» деген сауал туындайды. Шынымен, бар ма?

Міне, сол кезде қазақстандық Пашиняндар пайда болуы мүмкін. Бұған кім кінәлі болады? Биліктің өзі.

Ойлап қараңыз, оппозицияны саяси сахнадан тықсырып шықты. Тықсырғаны өз алдына, саяси партия, қозғалыс құрудың өзі қауіпті қазір. Бір кездері оппозиция сапында жүргендер тарыдай шашырап кеткен, – дейді ол.

Қосанов «Жаңа Қазақстан» форумының белсенді мүшесінің бірі. Бірақ, оның да болашағы тұманды екен. Билік мұны да тұншықтыруға тырысуы ғажап емес.

– Билік елдегі жағдайға шынайы баға беруден жалтара берсе, күндердің күні алаңға шығады халық. Шенеуніктер мұндайды түсінде де көргісі жоқ. Қорқады. Өмірдегі ең үлкен үрейі осы олардың.

Саргсянды қанша сынасақ та, халыққа қарсы оқ атқан жоқ. Ақаевтың, Шеварнадзенің қателігін қайталамады. Тыныш кетті.

Армениядағы толқулар Қазақстанда қайталанса, біздің билік қайтер екен? Жаңаөзендегі жағдай көп нәрсеге көзімізді ашты ғой…– деп тоқ етерін айтыпты Қосанов.

ДайындағанДуман БЫҚАЙ

Пікірлер

пікір