008

Жетісуда Елбасы тапсырмасын орындау жоспары таныстырылды

Алматы облысы әкімдігінде облыс басшысы Амандық Баталовтың аудан, қала әкімдерімен, облыстық басқармалар басшыларымен өткізген жиынында Президенттің жуырда өңірге келген сапарында берген тапсырмаларын орындау бойынша әзірленген іс-шаралар жоспары таныстырылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында ашқан облыс әкімі А. Баталов:

– Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, оң бағалаған Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті, әсіресе туризмді дамытуға ерекше назар салды. Алакөл көлі қазақстандықтардың сүйікті демалыс орнына айналуы керектігін айтылды, соған байланысты инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлінеді. Жуық арада Талдықорған – Үшарал, Үшарал – Достық жолдарының құрылысы басталады, Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу жолақтары ауыстырылып, ірі әуе судналарын қабылдауға әзірленеді. Жағалауды бекемдеуге, тазарту құрылғыларын орнатуға, арнайы коммуналдық қызмет құру ісіне маңыз беру керек. Бізге нақты ұсыныстар қажет. Әр жоба бүгінгі заман талаптарына сәйкес болуы тиіс, – деп атап өтті.

Аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширату қажеттігін ескерте келе:

– Аудандар дамуының ара қатынасындағы теңгерімсіздікті жою керек. Бұл – біздің алдымызға Мемлекет басшысы қойып отырған маңызды міндет. Ол үшін өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті әсіресе ауылды жерлерде дамытуымыз керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – басты бағыттарымыздың бірі болып қалуы тиіс, – деді А. Баталов.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасарлары әрқайсысы өзі жетекшілік ететін салалар жайында сөз етті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов аудан, қала әкімдеріне өз өңірлерінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасын ерекше назарда ұстауды тапсырды.

– Бірыңғай сәулеттік стильді сақтамай, тұрғын үйлер құрылысын бей-берекет жүргізіп жатқандар да бар. Жеке тұрғын үй үшін берілген учаскелерге әлі күнге үй салынбаған жағдайлар да кездеседі. Мұндай жер учаскелері қайтарылып алынуы керек. Осындай жұмыстың барлығын аудан, қала әкімдері бақылауына алуы тиіс, – деді Л. Тұрлашов. Сондай-ақ бірінші орынбасар азаматтардың мәртебесін анықтау мәселесіне де назар аударып, Сарқан, Панфилов, Қаратал аудандарының бұл ретте артта қалып келе жатқанын тілге тиек етті. «Тұрғын үй құрылысы, шағын несие беру, төтенше жағдайлардың алдын алу, әскерге шақырту да үнемі назарда тұрсын», – деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров негізінен екі мәселеге тоқталды. Біріншіден, жыртылған жерлердің электронды карталарын minagro.gov.kz веб-порталының электронды мәліметтер базасына енгізу ісін жылдамдату керектігін айтты. Сондай-ақ жайылым жерлерді басқару жоспарларын дайындап, бекітуге де асығу керек. Қазіргі кезде Қаратал, Панфилов, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласында осы жоспарға қатысты жұмыстар аяқталмаған. С. Бескемпіров өз сөзінде қауіпті шегірткелер маусымы басталғанын да атап өтті. Сондықтан жағдай бақылауға алынып, қауіп тудырған ошақтар болса, бірден әрекет етуге дайын болу керектігі ескертілді.

Өңірдегі газдандыру, санитарлық тазалық, жол жөндеу жұмыстары туралы облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, санитарлық тазалық жөнінен Талғар, Кербұлақ, Ақсу, Іле аудандарында көп кемшіліктер бар. Сонымен қатар Текелі, Талдықорған және Қапшағай қалаларында жолаушы тасымалын субсидиялау мен электорнды билет жүйесін енгізу негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Автобус бағыттарын реттеуге, арнайы тұрақтар қоюға мән беру керек.

Осы жылы ашу жоспарланған шағын және орта бизнестің 100 нысанының қазіргі кезде 12-сі ғана ашылған. Бұл бағытта Ақсу, Панфилов, Іле, Кербұлақ аудандары мен Қапшағай қаласы белсенді жұмыс істеуде. Басқа аудан, қалалар осы істі ширатуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов айтты. Аумақты дамыту, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша да тиянақты жұмыс қажет. Индустриалды аймақтар мен өнеркәсіптік алаңдарды дамыту мәселесі қашанда басым бағыттардың қатарында болуы керек.

Әлеуметтік салаға келсек, барлық қажетті материалдар бола тұра «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» бойынша түсіндіру жұмыстары аудандарда баяу жүруде.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, студенттерге жатақхана салу, ҰБТ-ға дайындық және оны өткізу, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру т.б. мәселелер облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың баяндамасына негіз болды.

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов осы айтылған мәселелердің барлығын да айрықша бақылауға алу қажеттігін айтты. «Облыстағы жұмыс істеп тұрған базарларды ретке келтіру – кезек күттірмейтін мәселе. Оған қоса жол жиегіндегі қызмет көрсету нысандарының талапқа сай болуы да ұмыт қалмауы тиіс», – деді А. Баталов.

– Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары дайындалып бекітілді. Бұл жоспар қазір аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының қолдарына беріледі. Өз жұмыстарыңызды осы жоспарға сәйкестендірулеріңіз керек. Мұнда Алакөл маңы, сүтті және етті мал шаруашылығы, бау-бақша, өнеркәсіп, ШОБ, жасыл энергетика және басқа да бағыттарды дамытудың жолдары, жауапты тұлғалар мен орындау мерзімі айқын көрсетілген. Енді білек сыбана іске кірісіңіздер, – деді Амандық Баталов.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Пікірлер

пікір