008

“Досым…”. Саясаттанушы Сәтпаев туралы не білеміз?

Досым Сәтпаев. Кім ол? Неткен адам?

Ол – саясаттанушы. Тәуелсіз маман. Аты бар, заты жоқ жиындарда төбе көрсетпейді. Жоғарыдан әлдебіреу телефон соқса, Астанаға жетіп бармайтынын, мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істемейтінін айтады. Онысы рас. Жалтақтықты жек көреді. Өткір. Тікке айтатын мінезі бар. Бұқаралық ақпарат құралдарына ашық. Ешкімді бөліп-жармайды. Қоғамдағы саяси-экономикалық, әлеуметтік өзекті мәселелерге қатысты ұдайы пікір білдіріп отырады. Орысша да, қазақша да. Шынын айтады. Бипаздап, мәймөңкелемейді.

Баз бір әріптестері секілді ақшасын төлесе болды, кез келген жобаның тұтқасын ұстап, шапқылай бермейді. Ұстанған өзіндік позициясы бар, соған адал. Содан кейін де ол бәріне ұнамды. Өйткені маман түгілі, бізде ондай адамдардың өзі өте қат.

Ол жоғары сұранысқа ие маман.  Бәрі оны пайдаланғысы келеді. Бірақ ол өзін пайдаландырмайды, керісінше ол өзін жақсы пайдаланады, өйткені нарық тілін жақсы меңгерген. Өтімді өнім жасайды. Қалай дейсіз ғой?..

Замана ағымынан қалыспайды. Трендтерді жібермейді. Әлеуметтік желіде белсенді, беделді. Содан соң да тәуелсіз түрлі атақ пен сыйлықтарға ие. Мысалы, ол «Ел тұлғасы» жобасының тұрақты иегері.

 2012 жылы «Жыл меценаты» атағын жеңіп алса, ал 2016 жылы «Қоғамдық қызмет» номининациясын қанжығылады.

Бірақ соңғысында Досымның өзі: «Негізі, бұл марапатқа Атыраудағы Макс Боқаев лайық еді», – деді. Онысы да дұрыс. Керек кезде керек сөзді таба біледі.

Ол

Тілі орысша. Бірақ баз біреулер секілді «орысшамын, ал қайтесің» деп бетпақтанып, бөлінбейді. Ақталып та жатпайды. Әйтеуір қазаққа келгенде ниеті түзу, пиғылы жақсы.

«Қазақ тілі үстемдік құрады, шалақазақ мәселесі жойылады, 2025 жылы мемлекеттік тіл қолданысы 90 процент болады деп болжайды ол. Бастысы, балаларын қазақшаға беріпті. Өзі солай айтқан бір сұқбатында. Демократия жаршысы.

2002 жылы «Тәуекелдерді бағалау тобы» сараптамалық ұйымын құрған. Соның басшысы. Саяси және инвестициялық тәуекелдердің қауіп-қатерін бағалауға маманданған. Оның жарық көрген 300-ге жуық ғылыми еңбегінің көп бөлігі осы бағытқа арналады. Демек,  саяси және экономикалық деректердің тереңіне бойлай білетін адам.

 Шынын айтқанда, мәселен, зейнетақы жүйесіндегі былықты бүге-шігесіне дейін демей-ақ қоялық, бірақ біразының бетін ашып берген бұл – еліміздегі екінші адам.

Біріншісі – Есеп комитетінің бұрынғы төрағасы, қазіргі кезде депутат Омархан Өксікбаев. Одан соң – осы жігіт. Болды!

Досым ұлт, идеология, тіл, қазақ сынды жалаң әдемі сөздерден бойын аулақ ұстайды. Өйтіп ұрандатпайды. Ұрандағандарға көп ілеспейді. Көп күшін цифрларды қаузауға жұмсайды. Себебі ол шикізатқа бай елдің халқы да бай болу керек деп санайды. Халыққа жағдай жасау керек дегенді жиі айтады.

Төбе би

Негізінен, Досым ел ақшасын оңды-солды жұмсап үйреніп қалғандар жемқор жуандардың арасына басын сұғып көрген бөтеннің біреуі! Бірегейі десе де болады. Естеріңізде болса, былтыр Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының төрағасы Руслан Ерданаев ұсталған.

 5 млрд теңге көлемінде қомақты ақша жымқырды деп оған айып тағылды. Артынан зейнетақы жинағының тағы бір қомақты бөлігі құнды қағазына салынған Әзірбайжан банкі банкрот болатыны жарияланды. Өстіп зейнетақы жинағына қатысты дау бұрқ етті.

Үкімет Ұлттық банк жауап берсін деп жалтарды. Бас банкир Данияр Ақышев болса, ол да жалт кетті. Бар айыпты алдындағы басшыға жапты. Яғни, Қайрат Келімбетовке. Ол да өзінше ақталды. Ешкім алғанын мойындамады, бірақ зейнетақы жинағындағы орасан ақша жоқ. Бұл – нақты факті. Зейнетақы қорына қайтарылмай „тұрып„ қалған иесіз ақша да болған секілді ол арада.

Сөйтіп саяси топтар арасында таза тартыс басталды. Бір-бірін тыңдағысы да, аяғысы да жоқ. Бір парасы Ақышевқа жабылды, бір парасы Келімбетовке жабылды. Арасында дүрбелеңді пайдаланып, бұған қатысы жоқтар өз алдына бір айқасып алды.

Мақсат – оңтайлы сәтте опырып қалу секілді. Түрлі сыбыс кетті. Шыны бар, өтірігі бар. Қоғам кәдімгідей дүрлікті. Үшінші тарапсыз болмады. Қайсысының сасқаны, білмедік. Ақыры Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жанынан қоғамдық кеңес құрылды. Оған тәуелсіз мамандар тартылды. Тартылған адамдар төбе би қып араларынан Досым Сәтпаевты сайлады.

Бұл арада саяси топтар осы кеңесті пайдаланып, арам ойымызды жүзеге асырамыз деген болуы керек. Бірақ Досым оңай шағылатын «жаңғақ» емес. Керісінше, нағыз әңгіме, осы кеңес құрылғаннан басталды. Кеңесті құрғандар ақырында оны тарата алмай әбден әлек болды ғой өйткені. Неге дейсіз бе?.. «Троя аты»  деген атауға ие болған бұл кеңес бәрін ит қылды. Министрден бастап, Үкімет басына дейін…

Досым іркілмеді, бірден қамшыны басты. Ешкімге қарамады. Келе салды да, «халықтың ақшасынан тартыңдар қолдарыңды» деді. Бәрін біліп тұр ғой өйткені. Сөйтіп, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаға түрлі мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға мораторий енгізуді ұсынды.

«Өзінің зейнетақы жинағын қайда инвестициялау керектігін қатардағы салымшының өзі шешуі керек, ал шенеуніктердің онда шатағы болмасын!.. Мораторий, ең алдымен, осы үшін керек!».

Тура осылай айтты. Бәрі тосылып қалды… Бірақ бұл Досымның салған «сәлемі» ғана болатын.

Дау

Картинки по запросу данияр акишев

Одан соң зейнетақы жинағы инвестицияланған мемлекеттік құрылымдардан жауап алынды. Тура бір-бірлеп. Олардың берген жауабы бірден БАҚ беттеріне жарияланды. Бәрі жария жүрді. Кім құрбандыққа шалынғысы келеді дейсіз? Жан керек бәріне. Әне, пышағын жалаңдатып отырған саяси топтар анау. Мына жақта, қыдың-қыдың еткен түсініксіз біреу, сауал жолдап, жауап күтіп отыр. Берді еріксіз жауаптарын. Бірінен соң бірі…

Бірақ, қайдан білсін, Үкімет басының, Парламенттің алдынан еш іркіліссіз өте беретін том-том қағаздың ол арадан өтпей қалатынын. Иә, бір министрлік масқара болды. Оны айтасыз, аннан-мыннан мың құрап дайындаған баяндамалары өздеріне бәле боп жабысты. Ақырында министрдің өзі ағайыншылап Досымға звандап, кешірім сұрапты. Қоя ғой, енді, әкетай-көкетай десе керек. Аузынан қағынып жүрген орынбасарым – Альберт Рау депті. Зейнетақы қорынан бөлінетін 50 миллиард теңге туралы қателесіп, мәлімдеме жасаған сол десе керек.

Жалтақтықты ит етінен жек көретін Досым бұған көне ме?  Ертеңінде бұл туралы әлеуметтік желіде жазба жариялады. Дұрыс қой. Елдің шындықты білуге толықтай қақы бар.

Сөйтсе зейнетақы жинағының 50 млрд (!) теңгесін Ұлттық банк теміржол саласына инвестициялағалы отыр екен. Табыс табу үшін болса, бір сәрі ғой. «Инвестиция мақсаты – осы саланы сауықтыру» деп тұр дейді министрлік құжатында. Бұл қалай сонда?..

 «Сауықтыруға арналған мемлекеттік бағдарламада зейнетақы жинағы ақшасын пайдалану кімнің ойына келген? Бұл ақша көбейту үшін инвестициялауға беріледі, сауықтыру үшін емес. Сондықтан Үкіметтің бұл шешімі зейнетақы салымшыларының мүддесіне қайшы келеді„ – деп жазба жариялаған Сәтпаев бұл шешім кімдікі деп ортаға сұрақ тастайды.

 Осылайша кінәлі іздестіріле бастайды ғой. Апалақтап жүріп министрдің Досымға звандап жүргені де сол. Ақырында «бұл ақша теміржол саласына түкке керек емес» деп Үкімет басын ала қашты. Сөйтіп, зейнетақы жинағының 50 млрд теңгесі орнында қалды.

Бастысы, осылай абыр-дабыр боп жатқанда MEGA Silk Way «Байтерек Development» арқылы алынған 5 млрд теңге қарыз мерзімінен бұрын жабылады ғой. Сөйтсе бұл да зейнетақы жинағының ақшасы боп шыққан. Соған қарағанда оны жапқандар Сәтпаевқа түсініктеме беріп, әуре болғысы келмеген секілді. Құрысын, бірдемеміз шығып қала ма деді ме екен? Арты таза болса, бүйтіп жанталаспас еді ғой… 

Ақиқат

Осы кезде Қазақстан Даму банкі өзі арқылы инвестицияланған зейнетақы жинағының 117,5 млрд теңгесінің жай-күйі туралы мәлімет жария болды. Қоғамдық кеңес сұраған соң, әрине.

Осылайша зейнетақы жүйесінің тамырын басып көрген Досым өзі қойған «диагнозды» жариялай бастады. 

«Біріншіден, мына құрған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры дегендерің дұрыс емес. Бұл дап-дайын «әмиян», басқа ештеңе емес. Зейнетақы ақшасымен бірыңғай қор айналыса бастаған кезде-ақ «зейнетақы қазанына» Үкімет, түрлі министрліктер, квазимемлекеттік құрылымдар «қасықтарын» ала жүгірді. Бұған зейнетақы ақшасын депозит түрінде сақтап, пайда табатын банктерді де қосыңыз. Мұны біз білмейді, аңғармайды деп ойлайсыздар ма?..

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бәрін біріктірген соң, аяқ-астынан 90 млрд теңге зейнетақы жинағы жойылатынын (списанияға кететіні) мәлім еттіңіздер. Бұл – Қазақстан халқының адал еңбегімен тапқан ақшасының 10 проценті.  «Тесік шелектен» әзірге осылай тонап жатырсыздар», –  деп бір қайырғанда ,бірнеше шендінің жүрегі тоқтап қала жаздады.

Мынау бір дүлей ғой десті. Бірақ оған тоқтаған Досым жоқ.

«Үкімет басы, зейнет жасын ұлғайтуға кезең-кезеңмен кірісіп кетіпсіздер, үн-түнсіз ғана. Сіздерге мұндай құзырды кім берді?.. Халықтан сұрадыңыздар ма, келісесіздер ме бұған деп. Жоқ. Ал демократиялық қоғамда мұндай әрекетке жол жоқ» деп тағы бір салды.

Онысы рас енді. Биыл, яғни 2018 жылы әйелдердің зейнет жасы алты айға көтеріліп, 58 жас алты айда шығатын болды. Ал келесі жылы әйелдер 59-дан екі ай асқанда шықпақ. Бұған қоғам түбегейлі наразы.

Бірақ онымен санасып жатқан билік жоқ. Осыны шыжғырып беттеріне басты. Жалқыдан басталған сын жалпыға осылай көшкенде Үкіметтің өзі де саса бастады.

«Бөлісіңдер ақшаны халықпен! Толықтай қақысы бар оған. Бәріне бер демеймін, бірақ бірлі-екілі жағдайды жасауға болады ғой. Не болды сонша?..». Өстіп үстелді тоқпақтаған қоғамдық кеңес өз ұсыныстарын алға тартты.

«Мысалы, егер салымшы өте ауыр дертке шалдықса. Ол бәрібір зейнет жасына жете алмайды, онда оны неге күтуі тиіс? Қазірден жинағын өз еміне пайдалансын!

Әрине, үкімет денсаулық сақтау саласындағы парақорлыққа сілтеп, бұл ұсыныстан басын ала қашуы мүмкін. Алайда балық басынан шіриді емес пе? Егер шенеуніктердің өзі жемқорлыққа жол беріп отырса, онда ел азаматтарына айып тағудың қажеті қанша?

Үкімет өз жүйесіне сенімсіздікпен қараса, онда олар салымшыларды  зейнетақы жүйесіне иек артуға қалай шақырады?

Осындай белгілі бір себебі бар топтарға зейнетақы жинағындағы ақшасын мерзімінен бұрын шешіп алуға мүмкіндік берсін. Онсыз да қазір бұл ақша тәжірибе кезінде жоғалып, құнсызданып жатыр. Оған қоса, оның болашақта сақталып қалатынына да ешкім кепіл бере алмайды. Рас қой. Ең құрығанда, шотында 5 млн теңгесі барлардан бастасын.

Сонда адамдар зейнетақы төлемі қандай да бір қосымша салық емес, ауырған кезде, басқа қиын күндер туғанда пайдалануға болатын өз ақшасы екенін түсінеді. Ондайда жұмысшыларда көптеп еңбек етуге, жинақ жасауға деген құлшынысы пайда болады. Ал қазіргі түрімен алысқа бара алмаймыз!».

Осылай былш еткізді. Бірақ бұған қарсы тарап шыдамады. Шыжбалақтай бастады.

Үрей

Ақыры бұл бәлені сұңқылдатпай көзін құртайық деп шешкен секілді. Әрине, ашық кетуге ешкім бел бумады. Бәрі жабылып, оған Нұрбибіні айтақтады. Нұрбибі дегеніміз алдында жемқорлық дауына байланысты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кеткен басшы. Соған қарамастан, қалай екені белгісіз, осы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры басқармасының тізгінін ұстапты. Толық аты-жөні – Нұрбибі Наурызбаева (төменде суретте).

Картинки по запросу нурбиби наурызбаева

Әрине, осы қор жанынан құрылған кеңес болған соң олар сол басшысымен тікелей жұмыс істеді. Арада нақты не болғаны белгісіз.

Белгілісі, Досым Сәтпаев «Кетем» деп шорт кетті. Кетті де. Досым ғана емес, онымен қоса осы кеңеске мүше, экономист Рахым Ошақбаев пен «Қаржылық еркіндік» қамқорлық кеңесінің басшысы Бота Жұманова да кетті.  Бір айға жуық Досымның «шоковая терапиясынан» өткен жуандар, әрине бұған қуанды. Арқаларынан жүк түсіп, кәдімгідей кеуделерін керіп тыныстап қалды. Күдік те, қорқыныштары да ақырындап сейілді.

Әрине, бұл жайт Үкіметке жайсыз болғанмен жақсы жарнама болды. Ел құлағын түріп отырды. Біреуі де тысқары қалмады.

 Желіде осы тақырып талқысына тайлы-таяғы қалмай бар қазақ атсалысты. Бәрі айтты өз ойын. Орысша сөйлейтіні де, қазақша сөйлейтіні де. Дамыл болмады.   Досымның жазбасын бөліскендерді көрсеңіздер. Барлық БАҚ көшіріп басты оны. Қазақшалары минут-секунд салмай аударып беріп отырды. Бұйрық келіп, күні түсіп тұрғанда госзаказды осындай құлшыныспен орындамаған шығар бір де бір БАҚ. Міне, бұл ешқандай да жоба емес. Саяси алаңдағы таза ойын, таза тартыс…

Бір қызығы, Досым кеткен соң бұл кеңестің үні шықпады. Зейнетақы жинағына қатысты сөзтартыс та сап тыйылды. Бірақ біразға дейін ғана…

Міне, өткен айдың соңынан бастап зейнетақы жинағындағы былық тағы бықси бастады. Кеше ғана зейнетақы жинағының миллиардтары салынған АБДИ компаниясы техникалық дефольтқа ұшырады. Ал әлгі Руслан Ерданаев «ұрламадым, банк шотында сол күйі тұр» деген 5 млрд теңге со күйі қайтпаған. Ортадан біреулер қарпып кетті ме, ол жағы белгісіз. Белгілісі, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұрынғы басшы Ерданаевтың үстінен тағы арызданбақ.

 Себебі қор дер уақытында қайтпаған ақшаның кесірінен 1,7 млрд теңгеге шығынға ұшыраған көрінеді. Енді соны да төлесін деп дікіңдеп жатыр. Иә, зейнетақы жинағына қатысты дау қайтадан шиеленісіп, күрделене түсуде. Қазірдің өзінде қор 20 эмитенттен жалпы сомасы 41,1 млрд теңгені қайтара алмай, аңырып отыр. Бұлар қайдан шыққан ақша? Неге мұнша көп сома? Ел түсініп болмайды.

Бір Досым керек боп тұр бұл араға. Бәрін жіпке тізгендей етіп түсіндіріп, әр шимайды ерінбей бір-бірлеп шиыратын. Бәлкім, әлгі қоғамдық кеңеске Досым қайтып келер? Бірақ, қайдам?..

Қазір Досым не істеп жүр дейсіздер ме сонда? Ол босқа жүрген жоқ. Жекеменшік мәдени-ағартушылық қор құрып алған. Сол қордың қолдауымен жақында отандық кинотеатрларда «Ыстамбұлдан шыққан қазақ» деректі фильмінің тұсауы кесілді.

Тағдыр қалауымен отанынан жырақтап қалған қазақтар жайында. Осы секілді руханиятқа беретін азықты бір жерге жинақтап, ол ел мәдениетіне үлес қосып жатыр…

 

 

 

 

 КӘМШАТ САТИЕВА

Арнайы “Қала мен Дала” газеті үшін

Пікірлер

пікір