008

Ринат Зайытов: “Әблязов? Қазақты ойлайтын адам емес ол…”

 Ринат Зайытов желідегі жұртпен тілдескен екен. Тікелей эфирге шыққан ақын халықтың көкейіндегі өзекті деген сауалдарға жауап беріпті. Әсіресе, Әблязовке ерекше тоқталған екен  деп жазады DalaNews.kz. Сонымен, Зайытов не дейді? Оны қандай мәселелер толғандырып жүр?

Ол ма ол…

 «Маған Әблязовта нең бар?  Екіжүзді екенсің өзің. Биліктің табанын жалайтын әдетің жоқ еді ғой, бауырым. Одан да домбыраңды қолтықтап тынышыңа жүрмейсің бе?» дейді кейбіреулер.  Жүрмеймін. Жүре алмайды екенмін. Ұлтқа, мемлекетке қауіп төндіріп отырған адаммен қалай алыспайсың, айтыңыздаршы? Намысым жібермейді. Әблязовтың әрекетіне қарап, жайбарақат жата алмаймын.

Неге білесіз бе? Әблязовтың қазақты ел қыламын деген уәжіне сенбеймін, себебі. Әблязов қазақты қолшоқпар ретінде ғана пайдалануы мүмкін. Арандату, айдап салу ғана келеді оның қолынан.

 Сосын мені екіжүзді дейтіндерге, алдымен мұның мағынасын түсініп алғандарыңыз абзал.

Адам қашан екіжүзді атанады? Бір сөзі бір сөзіне қарсы келетін тайғанақ адамды бірден танисың.  Әблязов? Мен ол туралы ешқашан жақсы сөз айтқан адам емеспін. 

Ілгеріде айттым, менің түсінігімде Әблязов қазақты ойлайтын адам емес. Ойламайды да.   

Сіздерден өтініш: Әблязовты марқұм Заманбек ағамен, Алтынбек ағамен салыстырмаңыздар. Бұл енді тіптен қисынсыз. Иә, олар күрескер болды. Бірақ, халықты арандатқан, айтақтатқан кездері болды ма олардың? Олар биліктің сипатын жақсы білетін. Біздің билік адамды аямайды. Бұған Жаңаөзендегі жағдай дәлел…

Ал Мұхтар ше? Мұхтар мұны білмейді емес, біледі. Соған қарамай екі сөзінің бірі алаңға шығу, төңкеріс жасау.

Мен де митингіге шыққан адаммын. Кез-келген толқудың топ басшысы болуы керек. Алаңға шыққан халықтың арызын айтатын, мақсат-мұратын жеткізетін, арандатушылардан аулақ ұстайтын.

Күні кеше 10 мамырда болған митингіні көріп жүрегім қан жылады. Алаңға шығу шыққанмен, адасқан халық. Қазақты қой құсатып сүйретіп әкетіп жатыр. Бейшараларды қорғайтын не заңгері жоқ, не басқасы жоқ. Адам мұндай митингі ұйымдастыра ма?

Мұхтарды айтамын. Өзі жырақта жүріп жұртты айтап салғаны несі?

Айтыңыздаршы, дәл Әблязов қазақ үшін не істеді? Қандай жақсылық жасады? Билікте болды, банк басқарды, саудамен айналысты, ақша жинады. Болды. Бітті. Кетті.

Әблязовтың айналасын қараңыз. Құдасы кім? Храпунов. Таза жемқор. Ұры. Ал Мұхтар болса, оны саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адам дейді. Храпуновтың саяси қуғынның құрбаны екеніне кім сенеді?

Әблязовтың сөзіне алданып алаңға шыққан азғантай жұртты билік босатады деп ойлайсыздар ма? Босатпайды. Айттым ғой, біздің билік адамды аямайды деп.

Сосын биліктің былығын біліп отырған жалғыз Мұхтар емес, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біздің биліктің қандай екенін. Анығы, қазіргі биліктің де, Әблязовтың да ешқашан, ешуақытта қазаққа бүйрегі бұрылмайды, жаны ашымайды. Екі жақтың көксегені де билік. Бірі биліктен айырылғысы жоқ, бірі билікке ұмтылып әуре.

Дәл қазір қазақтың қолынан келетін жалғыз дүние әліптің артын бағу. Күту.  Шыдау. Жәй ғана күтпей саяси сауатымызды арттыру, саны мен сапамызды өсіру. Бұдан басқа амал жоқ қолдан келер…

Саяси ахуал өзгеретін кез жақын. Бізде бәрін Назарбаевтан көретіндер көп. «Назарбаев кетсе жағдай түзеледі» дейді. Жоқ, қателеседі. Қазақты өзара қырылыстырып қою сыртқы күштерге қолайлы болуы мүмкін. Осыны ескеріңіздер. Оны қалай жасайды?

Әблязовты жақтаушылардың құлағына алтын сырға: Мұхтар митингіні неге 10 мамырға жоспарлады? Себебі, оның алдында ғана әскери парад өтті. Әскери техника алысқа ұзаған жоқ. Әблязов осы арқылы қантөгісті қалады.

Сондықтан ағайындар, төзгеннен басқа қолдан келер қайран жоқ қазіргі уақытта.

Әблязов демекші, Қытайдағы қандастардың, ағайын-туыстың жағдайы аса ауыр қазір. Осы жағдайды мемлекеттік деңгейде көтеріп, Қытайдың қысымына қарсы митинг ұйымдастырайық деген адамды көрмедім. Ешкім жоқ.

Әблязов «айлықтарыңды 300 долларға өсірем» деп еді елдің бәрі Мұхтарды сөзін сөйлеп шыға келді. Айналып келгенде көкейді тескен ақша. Санамызды жаулаған ақша. Тәуелсіз ел болдық, ендеше бай болуымыз керек деп қабылдайды көп адам. Ең үлкен адасу осы…

Әблязовтың айтып жүргені жаңалық емес? Он жыл бұрын айтыста айтылған дүниелер. Иә, солай. Бұл биліктің оңбайтынын, бұл биліктің жемқор екенін, бұл биліктің халықтың сөзімен санаспайтынын айтыста осыдан 10 жыл бұрын айтылған.

Мұхтардың бұған алып қосқаны болса, айлықтарыңды көбейтем дегені шығар. Соған бола біздің қазақ бір күнде құбылып шыға келді. «Әблязов дұрыс айтады» екен десті. Оның сөзіне алдануға болмайды, ағайын.

Өзгесі…

Билік? Маған керегі жоқ оның. Ешқашан билікке ұмтылған адам емеспін. Батпаққа батып, бақаға айналғым жоқ.

Оғыз Доған? Дұрыс. Өте дұрыс. Қазақ тілін қорлайтындарға қарсы осылай күресу керек. Әрбір қазақ осындай әрекетке баратын болса мемлекеттік тілдің мәртебесі де өседі.

Бекболат Тілеухан? Өнер адамы ретінде жалынды жырларын сүйіп тыңдаймын ол кісінің. Ал саясаткер, депутат ретіндегі пікірім аса жақсы емес. Оны өзі де біледі. Бекболат ағаның өнерге оралғанын қалаймын өз басым.

Сағадиев? Қазіргі мектеп бағдарламасы бала тұрмақ, ересек адамның өзі түсінбейтін дәрежеде. Дәреже де емес бұл, дәрежесіздік. Таң қаламын. Сөйтсем қазір «отыз пайыз ұстаз оқытады, жетпіс пайыз баланың өзі оқиды» деген қағида бар екен. Не сандырақ бұл сонда? Мұғалім өзі үйретпеген нәрсесін баладан қалай сұрайды? Соны түсіне алмай-ақ қойдым. 

Білім саласындағы былықтың реттеудің жалғыз жолы қазіргі министрді орнынан кетіру және бұл салаға жани ашитын, саланы бүге-шігесіне дейін білетін бір адамды әкелу.

Қазіргі министрлік бүтін бір ұрпақты дүбәра қылуда. Айналып келгенде мұның бәріне Сағадиев жауапты.

Латын әліпбиі? Орыстан тәуелсіздік алғанымыздың дәлелі бұл. Кириллица құтылудың ең басты алғышарты осы.

Жириновский? Соловьев? Естіп жүрміз не дегендерін. Аузына келгенін айтуда екеуі. Қазақта мемлекет болмаған дегенге дейін барды. Анығы, мұның артында жалғыз Жириновский немесе Соловьев емес, күллі Ресейдің ұстанымы жатыр.

Орыс асып таспасын, бірақ. Таза орыс ұлтының еш күші жоқ қазір. Ресей ыдырайтын болса орыстың тас-талқаны шығады. Ал бізге олардың айтқанынан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, осы арқылы орыстың бізбен көрші болса да, дос болмасын түсіне түсеміз.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер

пікір