008

Әуезов халқын ойласа, балаларын орыс мектебіне бермес еді

Редакциядан: Бұл мақала DalaNews.kz – тың ұстанымы болмауы да мүмкін. Бірақ мұндағы айтылған дүниелер әзір де өзекті екенін жасыра алмаймыз. Мақала авторы Төлеубек Сейітқалиұлы былай депті: 

Мұхтар Шахановтың жазғаны – «бүгінгі кезеңде бүкіл қазақ халқын рулық сезім жаулап алды» дегені – бұл шындық. Нақтылап айтқанда жершілдік, Батыс Қазақстандағы кейбір қазақтардан және Оңтүстік Қазақстанда байқалады.

Мысал келтірейін, осы 2018 жылы Сегіз серінің (Мұхаметқанапия Баһрамұлы) «Елім-ай» жырын шығарған Қожаберген жыраудың шөбересінің туғанына 200 жыл толды. Бүкіл қазақ халқының ұлы тұлғаның мерей тойын өткізу турасында ақпарат құралдарында үн жоқ. Сегіз серінің нұсқасында бізге жеткен дастандары «Қыз Жібек», «Айман Шолпан», «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» қалың қазақ еліне авторын айтпайтын болды.

Бүгінге дейін қазақ халқына кең тараған Сегіз серінің әндері – «Ақбақай», «Алқоңыр», «Гауһартас» сынды көп әндерін халық әндері деп айтылады. Сегіз серінің асыл мұрасынан магистрлік, кандидаттық диссертациялар қорғалып, кітаптар шығып жатыр.

Сегіз серінің өмірі мен шығармашылық туындылары туралы 260-тан астам мақала, 45 кітап жазылыпты («Ақиқат» журналы №6,2015ж.). Осы күнге дейін композитор Илья Жақанов «Аққулар қонған айдын көл» атты өз кітабында 1988 жылы Сегіз серіні тұлға ретінде көрсетсе, 2000 жылдан бастап қазақтың ән, музыка өнерінде Сегіз серіні жоқ қылып тастады («Жұлдыз» журналы №10,2003 жыл).

Жазушы Мереке Құлкенов «Жәнгір хан» кітабынде Сегіз серіні суырып салма ақын екенін көрсетті. Ал 2000 жылдан бастап «Ана тілі» газетінде Ақтөбелік мұғалімі Бөрібай Кәртеннің мақалаларынжариялап, Сегіз сері жоқ ойдан шығарылған тұлға деп атады.

Ал 2001 жылы ауыз әдебиетін зерттеуші Қаратай Биғожин «Ана тілі» газетінен Медеу аудан сот арқылы 80 000 мың тенге алды және «Ана тілі» газеті кешірім сұрады. Бірақ, осы күнге дейін И. Жақанов пен М. Құлкенов өз кінәларын сезінген жоқ. Сонда Сегіз серінің бар «жазығы» ол Батыстан емес Солтүстік Қазақстанның, Орта жүзі Керей елінің перзенті болғаны ма? Ол бүкіл қазақ ұлтына ортақ пенде деп Сұлтанмахмұт Торайғыров:

Керейде Қожаберген, Сегіз өткен,

Қазақтың шежіресін жырқып шерткен.

Үш жүзге өлеңменен үндеу тастап,

Олар да бірлік үшін еңбек еткен.

Біржан сал:

Сегіздей асыл адам жарлмайды

Халқына болып өткен тым жағдайлы

Керейден жүз мың әйел ұл тапса да,

Ешбірі Сегіз сері бола алмайды.

Ұстазым Сегіз сері, Ниязсері;

Солардан үлгі алған мен Біржан сері.

Мұхтар Шахановтың «Мұқағали Мақатаев пен Жұқағали Бұқатаев туралы ойтолғау» деген жырын әзіл өлең екені анық.  Өз басым ақынды ешқандай кемітуді көріп тұрған жоқпын. Мені Мұқағалидың рулас-жерлестері әзілді ажырата алмай дау көтергені таңқалдырды.

Осыған дәлел Мұқағалидың Мұхтарға жауабы:

«…Мейлі билік көрсетсе де саған ылғи кекесін,

Тек шындығың аман тұрса, мақсатыңа жетесің!

Кешір мені айналайын, жүрген болсам ұсақтап… –

Деп көзіне жас алды да, ұзақ тұрды құшақтап.

Мен сорлыны қаншама адам өсектепті, ұқпапты,

Мұқаңның сол қолдау сөзі әлі есімнен шықпапты…

Көп жыл бұрын өтті-кетті пенделік, рух шатысы,

Мұқаңды енді кінәлауға жоқ ешкімнің хақысы…

Билікке де, халыққа да әр қырынан сән құрып,

Мұқағали даңқы солай тұра берер жаңғырып.

Айыра алмау қайғы емес пе қалайы мен жақұтты?

Қарасаздай ауылы бар әрбір ақын бақытты!..»

Енді «Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов бастаған жазушыларға тағылған кінә немесе Зылиха апайдың мұңы» деген М.Шахановтың жыры туралы. Жалпы айтқанда бұл жыр ащы шындықты айтып тұр. Сондықтан мен жырды қолдаймын. Енді нақты айтқанда:

«Үш әріптің» адамдары Мағжанды ұстап жатқанда,

Олардың зор жұлқуынан құлай кеп,

Зылиханың құлағына сыбырлапты ол былай деп:

– Кей тұлғалар мен үшін жай шөп болды.

Айналды олар рухсыздың күш, қаруына.

Ал бүгінгі ұсталуыма,

Есіңе тұт, Әуезовтің пенделігі сеп болды…

Бізге белгілі, Мағжан Абайдан кейінгі екінші ақын, өз халқының тағдырын ойлаған. Мұхтар Әуезов өз халқының тағдарын шын ойласа балаларын орыс мектептерге бермес еді.

Ал, Сәбит Мұқановқа келсек, ол туралы Мұхтар Шахановтың айтқанын өткен ғасырдың аяғындағы буын түгел қолдайды.

«Жамбылдың «дара ерекшелігі» және  оның туған ауылында болған кездесу» атты жырға келсек, Жамбылға қандай, кімге өлең шығар десе, ол ойланбастан ағылып шығара берген.

Егер Жамбыл Сталиннің миллиондаған қазақты жасанды аштықпен қырғанын, қазақ халқының қаймағы 1937-1938 жылдарында атылғанын және Рейхстагқа жеңіс туын 1945 жылы бірінші көтерген қазақ Рахымжан Қошқарбаев пен Булатовтың орнына грузин Кантария, орыс Егоровты дүниежүзіне жариялағанын білсе, Жамбыл Сталинге өлең армақ тұрмақ, атын да атамас еді.

Қорытып айтқанда – Мұхтар Шахановтың осы мәлімдемесінің өзектілігі ешқандай дау туғызбау керек. Нақты фактілер келтіріп, пікірімнің басында көрсетіп, кеткен қазақ жерінде, жиіркенішті құбылыстарды тізбектеп айта беруге болады. Бірақ нақты мәлімдемеге пікірімді айтқаныммен тоқтайын.

Мұхтар Шахановты ойы дұрыс – атақты адамдардың кемшілігін ауызға алу керек, тек жалаң мақтағанды қою қажет. Елімізде шындық арнасы орын алса, сонда ұлтымыз бейшара күйге түспейді. Қазіргі ақын-жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлерінің  орден алғандарының саны көп, сапасы жоқ. Қысқасын айтқанда қазақ қоғамы шіруге бет алды.

 

Төлеубек СЕЙІТҚАЛИҰЛЫ, 

Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының 1995-1996 жж.төрағасы,

ҚР Сәулетшілер және Журналистер одақтарының мүшесі.

 

 

Пікірлер

пікір