008

Президент «Жетісу» саябағын аралап көрді

Мемлекет басшысы Астана қаласындағы жаңа нысандармен танысу барысында елорданың 20 жылдығына орай Алматы облысы әкімдігі қайта жөндеуден өткізген «Жетісу» саябағына барды.

Облыс әкімі Амандық Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа саябақта Алматы облысының көрнекті орындарының бәрі көрініс тапқанын айтты. Оның кіре берісінде Жетісуді бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан, сондай-ақ тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған «Тенгри» алаңы, шаған аллеясы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар.

Қазақстан Президенті мен көрермендер үшін сахнада Алматы облысының танымал әртістері және этномәдени орталықтарының өкілдері өнер көрсетті.

Шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы Астананың мерейтойына керемет саябақ тарту еткенін және оның елорда тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналатынын атап өтті.

– Бүгінде барлық облыстар көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Өйткені, Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі. Бас қала құрылысына өңірлердің бәрі атсалысты және қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген адамдар өмір сүреді. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал, біз салдық! – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында облыс басшылығы мен құрылысшыларға ризашылық білдірді және шараға қатысушылардың бәрін алдағы елорда күнімен құттықтап, бақ-береке тіледі.

Пікірлер

пікір