008

Ресей «Жаңа Қазақстанға» қарсы ақпараттық шабуылға көшті

Күткен едік мұны. Кремльдің қашаннан бергі әдеті ғой. Көрші елдің ішкі ісіне араласу Ресей үшін түк өрескел емес. Талқылайтын тақырып табылды Ресей үшін.

Мылтықсыз майданның бар мүмкіндігін сарқа пайдаланып отырған Кремльдің ұзынқұлақтары “Жаңа Қазақстан” форумының мүшелерін АҚШ-қа дейін аңдып барғанға ұқсайды. 

Түнеукүні Вашингтонға барып, сол жақтағы конгрессмендер, сенаторлар, тілшілермен жүздескен «Жаңа Қазақстан» форумының делегациясын Еуразиялық одақтың үгіт-насихатын жүргізетін «Содружество» сайты жетер жеріне жеткізе сынапты. 

Сын емес-ау, сырттан тон пішу деп бағаладық мұны біз. 

Сын емес-ау, қағынарға қара таппаған адамның әрекетіне көбірек ұқсаттық мұны.

Айтақ! 

Ресей президентінің жеке қорынан қаржыландырылатын “Содружество” (және жалғыз бұл емес) делегация мүшелерінің қазақты баудай қырған Ашаршылықты Геноцид деп тануды Конгресс төрінде көтергенін естіп талағы тарс айырылғанға ұқсайды 

“Қарашы бұларды. Брюссельдің астауынан ас ішіп отырғанын тағы бір аңғартты осы арқылы.

Елге орала сала жиын өткізген «жаңақазақстандықтар»  шетелдік жолсапардың неліктен жиілеп кеткенін түсіндіріп, қара терге түсті. 
Форум белсендісі Дос Көшімнің айтуынша делегация мүшелері алдағы уақытта аймақтарды араламақ екен. Жұртпен жүздеспек екен…

Бәрін қойшы Конгресс қабырғасында Ашаршылық туралы айтқандары қызық болды. Міне, жаңалықтың көкесі қайда жатыр! – деп мысқылдапты ресейлік сайт.

Бұдан бұрын «Жаңа Қазақстан» форумының мүшелері Конгрессмен Энди Харристің өкілдерімен жүздескенін, Харристің бір кездері Украинадағы Ашаршылықты жаһандық деңгейде тануға қатысты заңнамаға бастамашы болғанын айтқан. 

Ресейлік сайт (және жалғыз бұл емес) осыны естіп күйіп кетсе керек.  

«Бұлар Конгресспен шектелсе бір жөн ғой. Қазақстандағы ашаршылықты Геноцид деп тану туралы Меморандумды Мемдепартаментке, Сенатқа, Хельсинки комиссиясына, ЮСАИД, Атлатника кеңесіне, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығына апарған екен.

Сонда дейміз де, айдаладағы АҚШ-тың Қазақстандағы Ашаршылыққа не қатысы бар?

Одан бұрын, қазақ ұлтшылдарының бұл идеяны кімнен ұрлағанын білесіздер ме? Украинадан. Украин ұлтшылдарынан. Солардың ізімен жүргісі келеді…», – депті мақала авторы ашуы терісіне сыймай. 

Олардың ойы

 Мұнымен шектелмепті. Шымбайына батқан тағы бір мәселенің шетін шығарған екен Путиннің атындағы қордың қаржысымен амалдап отырған ресейлік сайт. 

“Құдай біледі, форум мүшелері білекті түріп тастап Ресей мен Қытайға қарсы жұмыс істесе таң қалмаймыз.

Қазақстан мен Ресейдің арасындағы қыл өтпес достыққа дақ түсірмек ойы бар бұлардың.

Бұлардың әзіргі әрекетінен-ақ осындай күрестің табын байқаймыз. Батыс пен АҚШ-тың әлі тіркеліп те үлгермеген ұйымға ерекше құлық танытқаны да тегін емес, демек, –  депті «Содружество». 

Тоқ етерін айтқанда Жаңа Қазақстанды Батыстың жобасына, АҚШ-тың құралына балапты.

Анығы, осы арқылы Ресей «Жаңа Қазақстанға» қарсы ақпараттық шабуылды бастап кетті. Одақтасының АҚШ-ға жолап кеткенін қаламайтын Кремль Қазақстандағы еркін ойлы азаматтармен алысады алдағы уақытта. 

Арандатудың, жала жабудың, жалған ақпарат таратудың түрлі амалын меңгерген Ресей «Жаңа Қазақстаннан» және оның делегаттарынан қауіптенетінін аңғартып алды.

Ілгерідегі жазылған жай жалғыз «Содружествоның» көзқарасы емес, неге десеңіз.

Ертең мұның артынан ілескен тағы бір шоғыр мақала жарық көреді. Уақыт өте келе Соловьевтің сыңаржақ бағдарламасында талқыға түсуі де ғажап емес «Жаңа Қазақстанның». 

Дүр көтеріледі 

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың сөзі әзіргі әңгіменің өзегін ашып тұр. Сайтымызда жарияланған сұхбатында Сәтпаев былай деген:

«Кремльдің Қазақстанға деген өкпесі қара қазандай. «Ресейді бәлен жерде, түген жерде қолдамады, қалыс қалды» дейді. 

Қазақстан латынға көшіп еді тіпті лақты: «бұлар орыс әлемін тастап барады, тағы да сатқындық жасады…»  десті. Біз тәуелсіз мемлекет емеспіз бе? Ресей мұны біле ме өзі? Біз ғана емес, өзге де одақтастары егемендік алғанынан хабардар ма?

Ресейдің ауруы 2014 жылдан кейін асқына түсті. Біз мұны білдік. Бәрібір қосылдық осы одаққа…

Қазақстанның қателігі: жүзіп үйренбей жатып, суға секіріп кетті. Соның сорын тартып отырмыз. Рубль құлдыраса, айдаладағы АҚШ санкция енгізсе салдарын біз сеземіз. Неге? Себебі, ойлаған жоқпыз бұлай болады деп. Өз-өзімізге қақпан құрдық. Бұдан шығу қиын. Ешкім бізді жан алқымнан алған жоқ, маңдайымызға тапанша да тақамады…

Одақтан шыққымыз келсе тағы да бәлеге қаламыз. Ресей мұны жаугершілікке балайтын болады. Бір кездері Украинаны да сөйткен олар…

Ресей билігінің бүгінгі болмысы: «бізбен бірге болмасаң, дұшпансың» дегенге сайып тұр.

Одақтан шығатынымызды айттық екен, ертесіне-ақ ресейлік ақпарат құралдары дүр көтеріледі.

Алдымен саяси тұлғалары төбе көрсетеді.  Сөйлейді. Сынайды.

 «Қазақстан сатқындық жасады, екі елдің арасындағы сыпайы байланысқа сына қақты. Орыс әлемінен оқшауланбақ ойы бар. Билікте Кремльге қарсы күштер отыр.  Мемлекетті басқа бағытта қарай бұрып тынбақ…» дейді олар.

Тоқ етерін айтсақ, Украинаға қарсы тәсілді қолданады. Мұның еш қиындығы жоқ. Ресей кез-келген уақытта Қазақстанға қарсы ақпараттық айқасқа шығуға әзір”.

 

Халық қажыды

«Жаңа Қазақстан» форумы делегациясының қатарында Әміржан Қосанов, Дос Көшім, Ермұрат Бапи, Айдос Сарым, Расул Жұмалы сияқты танымал тұлғалар бар.

Әміржан Қосанов форумның ұстанымы, ұраны туралы айта келе: 

«Қоғамда әділеттілік болса, жемқорлық азайса, екі қолға бір күрек табылса… Меніңше, халықтың қалайтыны осы. Ал, жасанды, жалған ұрандардан бұқара жалықты, қажыды.

«Жаңа Қазақстанның” ұраны – Жаңа Қазақстан. Осы 27 жыл бойына елде орын алған барша ескі кемшіліктер мен қауіп-қатерлерден құтылып, дамыған өркениетті мемлекеттердегідей саяси жүйе құрып, Қазақстан халқының өмірін жаңа сапаға көшіру!

«Жаңа Қазақстан» дегеніміздің артында жаңа, олигархтардың емес, халықтың қажетіне жұмыс істейтін экономика, жаңа, бай елде кедейлерді жоятын әлеуметтік саясат және

жаңа, халық бақылауында болатын, жүйелі түрде ауысып отыратын, жауапты билік жүйесін құру тұр!

«Жаңа Қазақстан» сонымен бірге жаңа форматтағы демократиялық ұйым болмақшы. Яғни, қоғамдық жұмыста заманауи әдіс-тәсілдерді, коммуникация құралдарын пайдаланамыз. Өзіміз ұмтылып әрі билікке ұсынып отырған билікпен жаңаша қарым-қатынасты да мен «Жаңа Қазақстанның» бір ерекшелігі деп санар едім», – деп түйіндеген-тұғын.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ

 

Пікірлер

пікір