008

Өскеменде көшелері қазақыланып, «Толағай», «Жерұйық» деген аудандар пайда болды

Өскеменде ешбір сын көтермейтін, идеологиялық тұрғыда ескірген, жалпыұлттық деңгейде танылмаған тұлғалар есімдері берілген көше атаулары өзгеріп, оның орнына әлемге әйгілі тарихи тұлғаларымыздың есімдері берілді.

Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға байланысты баспасөз конфнрециясында облыс басшысына журналистер тарапынан көше атауларын өзгертуге байланысты сауал қойылған болатын.

Бұған облыс әкімі Даниал Ахметов оң көзбен қарап, мәселені жақын күндері шешуге уәде берген еді. Міне, бүгін бұл мәселе де өз шешімін тапты.

Сонымен, КШТ мен 20 тұрғын үй ауданы аралығы Әл-Фәрәби даңғылы деп аталатын болады. Ауданның өзіндегі ірі көшелерге жазушы Анатолий Иванов, хоккейші Борис Александров, жоңғарлармен шайқаста ерлік танытқан Байқошқар батыр, Еңбек даңқы орденінің иегері Қайырбек Айжігітов, еңбек сіңірген дәрігер Андрей Кошкаров және педогог Құсайын Жаманбаев сынды әйгілі тарихи тұлғалардың есімдері беріледі.

Сондай-ақ, 20 шағын ауданында Ақбауыр, Толағай, Жерұйық, Өсиет, Ақжол, Шапағат, Думан және Қазына көшелері пайда болады.

16-шы тұрғын үй ауданында үш көше Арасан, Аялы және Ақшоқы атауларын иеленеді.

Ал, Ахмер ауылына жаңақұрылыс арқылы Саламат, Серпін, Қанағат, Балауса көшелері болады.

Енді қалалық мәслихаттың көше атауларын өзгерту туралы жарлығы республикалық ономастикалық комиссияға бекітуге жіберіледі.

Өзіміз өмір сүріп жатқан ортаға, тілге, мәдениетке, тіпті көше атауларына дейін қай тұрғыдан алып қарасақ та жауапкершілікте екенімізді сезіне білуіміз керек. Бүгінгі таңдау ертеңгі бейнеміз, ұрпақ еншісіне айналар жәдігер боларын ұмытпауға тиістіміз.

Пікірлер

пікір